Бейсенбі, 8 Қаңтар 2026
46 - сөз 667 0 пікір 7 Қаңтар, 2026 сағат 14:18

Тибеттегі қазақ руларының орналасуы

Сурет: автордың жеке архивінен алынды

Ақсай қазақ автономиялы ауданындағы ең басты қазақ руларының картасы

Ақсай қазақ автономиялы ауданы – Ганьсу өлкесінің солтүстік-батысында, Тибет үстіртінің солтүстік-батыс қабырғасы болған Шөлен(祁连山) тауында орналасқан аудан. Цзюцюань(Сорбұлақ) аймағына қарасты. Жер көлемі біздің Бейнеу, Шу, Жаңа-Арқа, Қарақия, Балқаш аудандарының жерімен шамалас. 31.4 мың шаршы километр аумақты алып жатқан бұл ауданда 5 мыңға жетпейтін қазақ тұрады. Әлемдегі ең қазақи әрі бай-қуатты адамдар тұратын аудан. Оспан батырдың ең соңғы күндері өткен жер.

Аудан қазағының көбі Жыңғылды кентінде. Қалашықта ең көбі Жәнтекей(Тасбике, Шақабайды негіз еткен, Базарқұл, Секелі араласқан), Сарбас, Жәдік, Молқы, Ителі. Жыңғылды кентінің қапталдарындағы Дабатыда негізінен Сарбастар, Бесбастауда негізінен Шақабайлар, одан кейін Молқы.

Айнакөл(Қайыз) ауылында 300-дей қазақ бар. Ауылдың Үлкен Айнакөлінде негізінен Жәдіктер, Кіші Айнакөлінде(Сертін деп те аталады) негізінен Сарбастар, Ақтамда белгілі ру басым емес, Шұбар Керей.

Қалтын ауылында 300-дей қазақ бар. Қалтын, Нұқтыл деген елді мекендері бар. Ең басты руы – Тасбике.

Ақши(Қанамбар) ауылында 300-дей қазақ бар. Ең басты руы – Жәдік.

Қорыта келгенде, аудандағы 4 мыңның айналасындағы қазақтың 1500-ден астамы Жәнтекей, 1200-дейі Сарбас, мыңға жуығы Жәдік болып табылады.

Сурет: автордың жеке архивінен алынды

Мақай қазақ кентіндегі ең басты қазақ руларының картасы

Мақай қазақ кенті — Цинхай өлкесінің Ақсу(Хайси) моңғол, тибет автономиялы облысының солтүстік-батысындағы Маңай ауданының батысына орналасқан. Бұл кентте 600 шамалы бай қазақтар тұрады. Мақай ауданының оңтүстік-шығысындағы Қолымты(郭勒木德镇) кентінде аздаған қазақ тұрады. Қолымты атауы моңғол тілінде Голмуд деп дыбысталып, екі өзеннің арасындағы қылы, бұғаз деген мағынаны береді. Қолымты(格尔木市) қаласына қарасты Алтыншоқы қазақ ауылы 1954 құрылып, 1984 жылға дейін тұрған. Бұл аумақта 1700 қазақ болған. 1984 олар жаппай атажұртқа — Шығыс Түркістанға көшкен. Ол кезде елдің көбі Секел, Шақабай рулары еді. Секел, Шақабайдың дені Шіңгілге, Жәдіктің дені Қабаға кетті.

1990 жылы ол жақты жерсінбеген 100 отбасы қайтадан Қолымтыға көшіп келгенімен, бұрынғы жерлерінің бәрі моңғолдарға бөлініп кеткендіктен, бұлар жерсіз біраз жыл отырып, үкімет оларды батысқа қарай 300 шақырым жердегі Маңай ауданына қарасты Мақай кентіне апарып орналастырады. Бұл өзі Сайдам ойпатының құшағындағы, Қарақорым тауының Алтынтау жүлгесіндегі иен, тың жер еді. Малға да, егінге де қолайлы. Мақай қазақ кенті Ганьсудағы Ақсай қазақ автономиялы ауданының оңтүстік-батысында 90 шақырым жерде орналасқан.

Мақай қазақ ауылындағы 120 отбасының көбі Барқы, Есдаулет рулары. Қалғандары: Жәдік, Найман, Қарақас, Секел, Молқы, Ителі.

Қолымты қаласындағы аздаған қазақ отбасылары Секел, Шақабай, Найман, Жәдік аталарынан тұрады.

Қорыта келгенде, Цинхай өлкесіндегі 700 қазақтың 30 пайызын Барқы руы, 22 пайызын Есдаулет руы ұстайды.

Біз жинақтай келіп, Тибет үстіртіндегі 5 мыңға жуық қазақтың 2 мыңға жуығы Жәнтекей, 1200-дейі Сарбас, 500-дейі Жәдік екенін анықтадық.

Сурет: автордың жеке архивінен алынды

Зерттеген: Көкбөрі Мүбарак

Abai.kz

0 пікір