ТҮРКИЯДАҒЫ ТӨҢКЕРІСТІ ҰЙЫМДАСТЫРҒАН КІМ?
Вейсел Айханның мақаласы
24 қараша, 2016
15 шілдедегі төңкеріс әрекетіне қатысты жүздеген сұрақ өзінің жауабын күтуде. Бұл сұрақтарға жауап берілгендіктен күдік-күмәндар еселеніп көбейе түсуде. Шынымен де төңкеріс жасалмақ болды ма? Алдын-ала ақпар бола тұра сақтық шарасы алынбады ма? Әлде әскер мен қарапайым халықтан жүз мыңдаған адамның көзін жоюды мақсат еткен сахналық қойылым болды ма?
Міне, жауабын көпшілік күтіп отырған 25 сауал:
1-сауал: Егер басқа уақыттарда төңкеріс бола қалса, «Неге алдын-ала ескертпедіңдер?» деп Ұлттық қауіпсіздік комитетіне айып тағылатын еді. Тіпті оның төрағасына «ескертпеді, демек, төңкерісті ұйымдастырушылармен бірге әрекет етті» деген айып тағылып, тергеуге алынатын еді. ҰҚК 15 шілдеге дейін төңкеріс жайлы ешбір ақпар бермеген. «Қызмет» мүшесі болғаны үшін түрмеге жабылған Х.А. ескертпегенде, ҰҚК-дегілер құзыретті органдарға 15 шілде күні 16:00-де де хабар бермейтін еді. Солай бола тұра біздің ҰҚК төрағасының сотталуы былай тұрсын Түркия жоғарғы мәжілісінің төңкерісті зерттейтін комиссиясына да шақырылмауы және төрағаның әлі күнге дейін Эрдоғанның ең сенімді адамы болып қалуы күдік туғызбай ма?
2-сауал: Ресей Президенті Путиннің бас кеңесшілерінің бірі Александр Дугин Төңкеріс әрекеті болатындығы жайлы құпия мәліметті Түркия Президенті мен Премьер-министріне 14 шілдеде жеткізгендігі рас па?
3-сауал: Төңкеріс арнайы бұйрық бойынша жасалмаған болса, төңкерісті жасамақ болған топ қандай есімдерден құралды? 15 жыл бұрынғы Қорғаныс министрі Хилми Өзкөк Түркия Жоғарғы мәжілісінің төңкерісті зерттейтін комиссиясына шақырыла тұра, барлық оқиғалардың басы-қасында жүрген Қорғаныс Министрі Хулуси Акар неліктен шақырылмады?
4-сауал: Егер 15 шілде арнайы бұйрық бойынша жасалған болса, Х.Акар неліктен сотталмайды? Неліктен бұрынғы қызметін жалғастырып жатыр?
5-сауал:Егер 15 шілде арнайы бұйрық бойынша жасалмаған болса, қол астында Әскери барлау бөлімдері бар Қорғаныс Министрі қаншама күн, не ай дайындалуды қажет ететін төңкеріс әрекеттерінен қалайша хабары болмады?
6-сауал:Төңкеріс әрекетін ұйымдастырған генералдардың кейбірінің Гүлен жамағатымен байланысы бар екендігі ҰҚК-тің мәліметтеріне сүйене ме? Нақты дәйек бар ма? Нақты дәйек-дәлелбар болса, неліктен көпшілікке айтылмайды?
7-сауал: Ең дамымаған елдердің өзінде қылмыспен айыпталған адамдарға сөз сөйлеу құқығы беріледі. Түркия Жоғарғы мәжілісінің төңкерісті зерттейтін комиссиясынан «Фетхуллаһ Гүленнен де жауап алынсын» деген шешім шыға тұра бұл шешімді кім өзгертті?
8-сауал:Төңкеріс әрекеті басталғанына 10 минут өткеннен кейін Президент, Премьер-министр және оларға тікелей қарайтын барлық телеканалдар бір ауыздан «Фетхуллаһ Гүлен мен оның жамағаты ұйымдастырды» деп мәлімдеме жасау үшін қалай шешім шығарылды? Бұған нұсқауды кім және қалай берді?
9-сауал:Қорғаныс министрлігі тарапынан сағат 18:00-ден бастап «ешбір ұшақ әуеге ұшырылмасын, әскери бөлімшелерден ешқандай әскери транспорт сыртқа шығарылмасын, ешқандай қарудан оқ атылмасын» деген бұйрық бола тұра, әрі бұл Қарулы Күштерге қарасты бүкіл бөлімдерге белгілі бола тұра, белгісіз бір әскери топтарды көшеге шығару керектігі жайлы бұйрықты кім берді?
10-сауал:Төңкеріс әрекеті үшін саны өте аз әскеришенділер, әскери академия курсанттары мен бір-екі батальон, 10-15 танк және шу шығару үшін 3-5 әскери ұшақтың қолданылуы, сондай-ақ Боғаз көпірінің ғана жабылуы күдік туғызбай ма?
11-сауал:Дүниежүзілік тарихта барлық төңкерістер таңға қарай жасалғанына қарамастан, бұл төңкеріс үшін адамдар ең ояу болған сағаттың (prime time) таңдалуын қалай түсінуге болады? Сондай-ақ үкіметтегі саяси лауазымды тұлғалардың ешбірі (Президент, премьер-министр, министрлер, депутаттар…) тұтқындалмаған немесе тұтқындауға әрекет етілмеген қандай да бір төңкеріс болған ба?
12-сауал:Төңкеріс жайлы ақпараттың сағат 16:30-да Қорғаныс Министрлігіне жеткеніне қарамастан, Қарулы Күштер басшыларының тойға баруының және тойда бірнеше сағат болуының түсініктемесі бар ма?
13-сауал:Сағат 18:00-ден бастап төңкеріс әрекетін Қорғаныс Министрлігі, ҰҚК және Үкіметтегі құзырлы органдар біле тұра, ТРТ-нің (мемлекеттік телеканал) қорғалмауы, біреуі шенді, 5 әскер тарапынан басып алынуы және түн жарымда төңкеріс мәлімдемесінің оқытылуы, кейінірек төңкерісшілердің ТРТ қызметкерлері мен халық тарапынан қолға түсірілуі күдік туғызбай ма?
14-сауал:Жүздеген жоғары дайындығы бар қауіпсіздік қызметкерлері (security) жұмыс істейтін және ең жетілген қару-жарақтармен қорғалған Эрдоғанның Сарайына үшеуінің шені бар13 әскердің басып кіруі және олардың қақпадан кірмей жатып тұтқындалуы күдік туғызбай ма?
15-сауал: Төңкеріс Эрдоғанға қарсы жасалып отыр. Төңкерісшілер Түркия Жоғары Мәжілісінің ғимаратын бомбалайды, бірақ лазер технологиясымен жабдықталған ракеталары бар ең соңғы әскери ұшақтар Эрдоғанның 450 000 м2 Сарайының тек бақшасының бір бұрышын ғана бомбалайды. Мұндай қарама-қайшылықтың түсініктемесі бар ма?
16-сауал: НТВ-де 15 шілде күні кешке «өкінішке орай, түстен кейін Түрік Қарулы Күштерінің ішінде бір нәрселер болып жатты» деп айтқан және 16:00-да төңкеріс әрекеті жайлы ҰҚК-ден ресми түрде хабар алғандығын айтқан Эрдоған дереу әрекетке кірісіп, ең кеш дегенде 19:00-да телеэфирге шығып, төңкеріс жайлы ашықтан-ашық мәлімдеме жасағанда, бірде-бір әскер өз бөлімшесінен сыртқа шықпас еді, бәлкім, 241 жауынгер шейіт болмас еді. Ендеше, Эрдоған неліктен 6,5 сағат күтті?
17-сауал: Сағат 14:45-те төңкеріс әрекетін ҰҚК-ге хабарлап айтқан майор Х.А. неліктен тұтқындалды?
18-сауал: Бір жақтан «төңкерісті Гүлен ұйымдастырды» деу, бір жақтан төңкерісті хабарлаған майор Х.А.-ны «жамағат мүшесі»деген айыптаумен тұтқындау қаншалықты қисынды? Осындай қарама-қайшылықтың түсініктемесі бар ма?
19-сауал: Төңкеріс әрекетінің дәл артынша Британдық барлау қызметі GCHQ-нің Түрік Үкіметінің телефон және e-mail жазбаларын қолға түсіргенін және «Ертең «тазалық» операциялары бастатылсын және төңкерістің бас ұйымдастырушысы Фетхуллаһ Гүлен деп жариялансын» деген жазбаны қолға түсіргенін 2016 жылғы 24 тамызда Германияның танымал журналы FOCUS жариялады, әрі бұл ақпарат Түрік Үкіметі тарапынан теріске шығарылмады. Ендеше, бұл ақпарат рас па?
20-сауал: Ең қарапайым тергеудің өзі бірнеше айға созылатын Түркияда Анкара Бас Прокуратурасы дәл сол күні түнде 04:30-да төңкеріс әрекетінің ақ-қарасын анықтап, нәтижесін шығарып, «Көлеңке Үкімет құрылымына қатысы бар сот шенеуніктері және генерал, адмирал, полковник, подполковник, лейтенант, сержанттар тұтқындалсын» деген шешім шығаруы күдік туғызбай ма?
21-сауал: Түркиядағы ең қарапайым лаңкестік оқиғада БАҚ-та тыйым салына тұра, төңкеріс әрекеті кезінде неліктен тыйым салынбады? Неліктен сол түні Twitter және басқа әлеуметтік желілер өшірілмеді және интернеттің жылдамдығы түсірілмеді?
22-сауал: Ең қарапайым күдіктілердің өзі тұтқындала тұра, төңкеріс әрекетінің №1 ұйымдастырушысы деп табылған Адил Өксүздің Акынжы базасының қасында ұсталып, бірінші сот қарауында-ақ босатылуы және Өксүз хақында оппозиция (ЖҺП) бас төрағасы Кемал Кылычдароғлуның біршама астарлап жеткізген сөздерінің ақ-қарасы неліктен анықталмай жатыр?
23-сауал: Бұрынғы Пентагон лауазымды қызметкері Мишель Рубин (Michael Rubin) айтқан «15 шілдедет үнде қарапайым халықты Эрдоғанның Сарайына қарайтын Садат сардарлары өлтірді» деген ақпараты рас па? 15 шілдедегі қарапайым халықтың өлімі жайлы түпкілікті тергеу жұмыстары жүргізілді ме? Неліктен олардың ешқайсысына otopsi (вскрытие трупа) жасалмады?
24-сауал: Қорғаныс Министрі Хулуси Акардың көмекші Левент Түркканның бүкіл түсініктемелері толық қабылдана тұра, генерал-майор Мехмет Дишли хақында «Ол да жамағат мүшесі. Қорғаныс министрлігі Жоба басқармасының бастығы» десе де, неліктен қасақана тергелмей жатыр?
25-сауал: Төңкерістен кейінгі күні 2475 сот қызметкерінің Республикалық Сот тарапынан жұмыстан шығарылуы, одан кейінгі күндерде барған сайын өршіп бара жатқан және жүз мыңдаған адамның қуғындалуы ҰҚК барлау істері нәтижесі негізге алынып жасалғандығы нақтыланып келеді. Осы рас па? Төңкеріс әрекеті, жаппай қуғын-сүргіндер және қысым көрсету әрекеттері әдейі ұйымдастырылды ма?
Аударған Нұрзат Тоғжан
Abai.kz