Сенбі, 22 Шілде 2017
Анық 3014 6 пікір 13 Шілде, 2017 сағат 12:07

Айдос Сарым: Детоталитаризацияны жүргізу үшін мықты ақпараттық саясат қажет

Жақында елімізге Германия Президенті Вальтер Штайнмайер мырза келді. Ақордада ресми кездесу өткізіп, Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевпен біраз мәселенің басын қайырды. Екі ел арасындағы саяси қарым-қатынас, экономикалық әм іскерлік байланыстар сөз болды. Екі Президенттің кездесуі позитивті болғандығын, емен-жарқын әзілдескенінен-ақ ұқтық.

Одан кейін Германия Президенті қазақстандық қоғам белсенділерімен де кездесті. Саясаткер Айдос Сарым мен Досым Сәтпаевтың әлеужелідегі жазбасынан байқағанымыз, қатып қалған қағидан, ресми протоколдан тыс еркін дискуссия болған екен. Германия Президенті мен қазақ саясаткерлері не туралы сөйлесті? Біз Айдос Сарым мырзаға хабарласып, білдік.

-Айдос мырза!  Естуімізше сіздер кеше Германияның президенті Франк Вальтер Штайнмайер мырзамен кездескен екенсіздер..

- Нұргелді, иә, рас. Германия Президентінің Қазақстанға іс-сапары барысында кездестік.

- Бұл кездесуде кімдер болды, ұйымдастырған кім?

- Кездесудің ұйымдастырушысы Германияның Қазақстандағы елшілігі. Жалпы алғанда Германия басшылығының жақсы бір мәдениетінің көрінісі деп айтса да болады. Кейбір елдердің басшылары елге келген кезде тек ресми билік өкілдерімен, бизнес-элитамен ғана кездесіп жатады. Штайнмайер мырза қажетті кездесулерін өткізе отырып, еліміздегі азаматтық қоғам өкілдерімен кездесуді де жөн санап, Қазақстандағы қоғамдық, саяси, экономикалық жағдай туралы жан-жақты ақпарат алғысы келетіндерін жасырмады. Кездесуге Қазақстанның азаматтық қоғамы өкілдері жағынан төрт адам болдық. Белгілі құқыққорғаушылар Евгений Жовтис пен Анар Ыбыраева, саясаттанушы Досым Сәтпаев пен өзім. Кездесу екі сағатқа жуық созылды. Германияның президенті Штайнмайер мырза Орталық Азиядағы жағдай туралы Еуропа басшылары арасындағы ең хабардар, Қазақстанға көп мәрте келген тұлға екені анық. Көптеген мәселелер бойынша хабары, түсінігі бар екенін айқын көріп отырдық. Кездесуге қатысқан азаматтарға нақты-нақты сұрақтар қойып, ақпаратын жаңартып отырды.

- Кездесуде қандай мәселелер айтылды?

-Барша азаматтар өздері айтып жатар, өз басым үш мәселе бойынша көзқарасымды, пікірімді айттым. Біріншіден. Қазіргі уақытта Қазақстан мен Еуроодақ арасындағы жаңа стратегия жобасы әзірленіп жатыр. Менің ойымша, бұл құжат жаңа геосаяси жағдайды ескере отырып қабылдануы керек. Мысалы, бүгінгі Ресей мен Батыс арасындағы қырғиқабақ қатынастардың Қазақстанға теріс ықпалын, Ресей тарапынан бізге жасалынып жатқан саяси қысымды ескеруі тиіс. Осыған орай, Еуроодақтың Ресей насихатына қарсы төтеп беретін аймақтағы тың саясаты қажет дедім.

Екіншіден.  Германия басынан өткерген детоталитаризация сияқты үдерістерді біздер де басымыздан өткеруіміз қажет. Біздер тек декоммунизацияны ғана өткеріп жатқан жоқпыз, отарсыздану үдерісін де жүргізіп жатқан елміз. Бұған мықты ақпараттық, мәдени саясат қажет. Осыған Германия сияқты елдің тәжірибесі ауадай қажет.

Үшіншіден. Екі ел арасындағы қарым-қатынастар бүгін ғана пайда болған жоқ. Көне тарихтан бері екі арада қатынастар, дәнекер тарихи тұлғалар, ғалымдар, саяхатшылар болған. Мысалы, 1938 жылы сталиндік репрессия жылдары Алматыда атылып, Жаңалық зиратында жерленгендердің біразы осы Германияның азаматтары болатын. Қазақстан өз атын әлемге шығаруға, оның ішінде Германияға паш етуге мүдделі. Осы тарих айтылып, жазылуы керек. Соған екі жақты қоғамдық, мәдени қатынастарды еселеп күшейту қажет дегендерді айттым.

- Еліміздегі саяси қуғын-сүргінге түсіп жүрген азаматтардың жайы (әріптесім Жанболат Мамай бар, кешегі Жер дауы кезінде қамалған Талғат Аян мен Макс Боқаев т.б.) айтылды ма?

-Кездесуге қатысқан төртеуміз де осы мәселелерге нақты, ортақ пікірімізді жеткіздік. Қапаста отырған Мақсат Боқаев пен Талғат Аянды босату қажеттігін баса айттық. Сонымен қатар, бүгінде жазықсыздан-жазықсыз қудаланып, істі болып жатқан Жанболат Мамай бауырымыздың тағдырына алаңдайтынызды да жеткіздік. Бұл мәселелер туралы Германия басшылығы хабардар екендігіне көзімізді жеткіздік.

-Әңгімеңізге рақмет, ісіңізге сәттілік!

-Өздеріңізге де рақмет!

Сұхбаттасқан Нұргелді Әбдіғаниұлы

Abai.kz

Автор

Нұргелді Әбдіғаниұлы

Контент-редактор

Нұргелді Әбдіғаниұлы - ҚР Ақпарат саласының үздігі. Саяси шолушы.
6 пікір
Мақсұт 2017-07-15 15:32:07
Саясат бір ... шайтан айдаған дүние ғой, қандай түлен қай жағынан түртетінін кім білсін. Германия президентінің нақты бір көз қарасы бар болса- біздің елдегі былықты бір -ақ сәтте бүге-шігесіне дейін біліп аларына күмән жоқ. Бірақ -елдегі көзқарасы ашық адамдармен кездескені жақсылықтың басы болғай. Әрине, біздің президент қашанғы дағдысымен Ресейдің "елшісі" дәрежесінде сөйлескен шығар, ал кейінгі төртеуінің пікірлері оған балама болса -жарады. Әйтпесе -біздің Елбасты Қазақстандағы әділетсіздіктерді айтып, саяси қудаланып жатқандардың тағдырларына алаңдап, Халықтың күн сайын ауырлап бара жатқан жағдайлары мен жалақтап тұрған жемқорлық пен оған дем беруші әсіре әкімшілдіктің асқынуын әңгіме етті ме -деп ойлар едік.
Қуыршақ 2017-07-14 17:42:59
Бізге осылай сөз бергенде рөлімізді ойнап, Қазақ елінде жеміөкрәтиядан басқа деміокірәтиәда бар деген ұғымды басқаларға сендіруде ешкімге жол бермейміз. Бұл үйреншікті нәрсе ғой,
Амантай 2017-07-14 11:23:48
Бұл бір күтпеген жаңалық болған екен. Елбасы Алманияның президентімен болған іскерлік жиын, кездесулерде тек ресми тілде сөйлегенін көрдік. Келген қонақ не ойлағанын кім білсін, дегенмен жағдайды бажайлаған шығар. Германия әлемдік саясаттағы көш басшы ел. Президентте кәнігі саясаткер. Өзінің кең толғап, терең ойлайтынын көрсеткен екен. Қоғамдық пікір, елдегі танымал саясаткерлердің пайымдарын естіп, білу өте маңызды екенін білгендігі ғой. Жігіттер қазақ қоғамының ең өзекті мәселелеріне тоқталғанына еш күмәніміз жоқ. Мұндай игі істерді алдағы уақытта өздері де қолға алып, ұйымдастарып отырса өз жемісін беретініне еш күмән жоқ.
Руза 2017-07-14 03:43:58
Алманияның мұнысына рахмет!
Шығар жол: 2017-07-13 13:48:05
Білген адамға мынау бір тың бастама екен. Енді ресми билік өкілдеріне жатпайтын еліміздегі қоғам қайраткерлері, саясаткерлер, т.б. белгілі тұлғалар Шетелдің билік өкілдерімен кездесіп сұхпаттасуды үрдіске айналдыруға ұмтылса нұр үстіне нұр болары анық. Мұнда шетелдік билік басындағылардың өтініш жасауын күтіп отырмай, өздеріңіз кездесіп әңгімелесуге атсалыса білу керек.
Қуаныш 2017-07-13 13:21:25
Өте дұрыс болған екен.

Үздік материалдар

Анық

Олар қалай байыды?

Руслан Ахмағанбетов 21536