Сенбі, 23 Қараша 2024
Алашорда 8376 0 пікір 13 Шілде, 2017 сағат 15:51

Тұрсын Жұртбай. «Қаракөздің» қиын да қызықты тағдыры (жалғасы)

Жазушы, алаштанушы ғалым Тұрсын Жұртбайдың «Бесігіңді түзе!..» кітабының жалғасы. Өткен бөлімдерін мына сілтемелерден оқи аласыздар:

http://abai.kz/post/view?id=7271

http://abai.kz/post/view?id=7292

http://abai.kz/post/view?id=7363

http://abai.kz/post/view?id=7851

http://abai.kz/post/view?id=7819

http://abai.kz/post/view?id=7851

http://abai.kz/post/view?id=7963

http://abai.kz/post/view?id=8004

http://abai.kz/post/view?id=8164

http://abai.kz/post/view?id=8190

http://abai.kz/post/view?id=8438

http://abai.kz/post/view?id=8635

http://abai.kz/post/view?id=8747

http://abai.kz/post/view?id=8925

http://abai.kz/post/view?id=8955

http://abai.kz/post/view?id=9050

http://abai.kz/post/view?id=9536

http://abai.kz/post/view?id=9857

http://abai.kz/post/view?id=10194

http://abai.kz/post/view?id=10277

http://abai.kz/post/view?id=10532

http://abai.kz/post/view?id=10740

http://abai.kz/post/view?id=10973

http://abai.kz/post/view?id=11107

http://abai.kz/post/view?id=11260

http://abai.kz/post/view?id=11485

http://abai.kz/post/view?id=11583

http://abai.kz/post/view?id=12512

http://abai.kz/post/view?id=12602

http://abai.kz/post/view?id=12674

http://abai.kz/post/view?id=12762

http://abai.kz/post/view?id=12863

http://abai.kz/post/48131

http://abai.kz/post/50997

http://abai.kz/post/50447

http://abai.kz/post/52092

http://abai.kz/post/52363

http://abai.kz/post/53678 

http://abai.kz/post/54041

Шындығында да «Каракөздің» бірінші нұсқасында әр сөздің астарынан екі ұшты емеурін мен мағына, ерекше толқу сезімі аңғарылады. Ойдың өзі – екіге жарылған. Бар мен жоқтың, аспан мен жердің, шындық пен қиянаттың арасында лықсып жүреді. Бұл – сол шығарманы жазу кезіндегі көңіл күйдің ерекше тебіреністе болғанын дәлелдейді. Кейіпкердің жан дүниесімен біте қайнасып кеткендіктен де оларға жаны ашып, тіпті, жылаған творчество иелері бар. «Татьяна тұрмысқа шығайын деп жатыр» (Пушкин), «Құдай-ау, Наташа шынымен Безуховқа тие ме» (Толстой) – деген күйініштер көп кездескен. Творчество психологиясының ең жұмбақ құбылысы да осы. Өнер адамдарының шығарма жазу үстіндегі ақыл-ой, жан жүйе ерекшелігін көп зерттеген ғалым В. С. Ротенберг «Творчество құбылысын зерттеудегі психофизикалық алғы шарттар атты еңбегінде: «Творчестводағы әлеуметтік астар алатын және оны тудыратын күштің бірі – адам өміріндегі шектеулер, әсіресе, жүзеге асыруға тыйым салынған моральдық мәселелер. Содан барып, суреткердің ішкі қайшылығы неғұрлым тереңдеген сайын, оның рухани қажеттілігі, әсіресе, махаббатқа деген құштарлығы неғұрлым сәтсіздікке ұшыраған сайын, соғұрлым шығармашылық белсенділігі арта түседі. Бұл деректердің шындығына – ұлы адамдардың толысқан шағына тап келген өміріндегі ең жақын адамынан айырылғаннан соңғы шығармашылық ірі дүниелерін жазуы көз жеткізеді. Жаныңа түскен қасіретті, махаббат азабын жеңудің ең сыйымды жолы – творчество» – деп жазды. Дәл осындай тебіреністі булығуды Мұхтар да басынан кешірді. Іштегі құсалы ойы буырқанып сыртқа шықты. Әсіресе, Кәмила мен өзін немерелес – деген жала жанын түршіктірді. Сондықтан да, Сырым мен Қаракөз де пьесада «немерелес» боп суреттеледі. Қос ғашықтың қазасына да себепкер – сол туысқандық. Бұл қасіреттің басталуы – сол. Зады, «Қаракөзді» жазуға итермелеген рухани толғаныстың бірі осы ащы запыран болса керек.

Ал жалпы поэтикалық-лирикалық кейіпкер Мұхтардың өзі-ақ болсын. Бірақ қандай тарихи оқиғаларды жалпы желіге негіз етті? Ондай сыпаттағы өмірлік деректер бар ма еді? Бар және дәлелді. Алайда, шығарманың ішіне үңіліп, талдамас бұрын «Қаракөздің» жазылу тарихынан және оның мақсатынан қысқаша мағлумат бере кетейік.

«Қаракөз» 1925-1926 жылы, Мұхтардың Ленинградқа жол жүрерінің алдында ғана тәмәмдалған. Шыңғыстың баурайындағы сән-сауық пен серуеннің әсерімен шабыттанған жазушының сөздерінен әсершіл, асқақ шалқу сезімінің лебі еседі.

Ғайса Сармурзиннің естелігі «Қаракөзді» жазу кезіндегі Мұхтардың көңіл күй психологиясын аңғартады: «Сол жылы Мұхаң «Қаракөз» пьесасын аяқтап, Семейде театр өнеріне тікелей араласып жүрген кезінде менің ол кісімен көбірек жанасуыма тура келген еді. «Қаракөздің» әр актысын бірнеше дана етіп көшіріп, оны алдағы қойылуында басты рольдер атқаратын артистерге беру міндетін Шаймерден екеуіміз алғанбыз. Бірнеше күндей кешкі шам жағылысымен Мұхаңның пәтеріне келіп жүрдік. Шаймерденнің почеркі жақсы болғанымен, Мұхтардың араб әрпімен жазылған қиын почеркін мен тез айырамын. “Екі жарты бір бүтін” болып, «Қаракөздің» әрбір сөйлеміне, көркем тіліне қызыға отырып көре беретінбіз.

Бір демалыс күннің ішінде Мұхаң бізді үйіне қондырып, пьесаны көшіру жұмысын аяқтап шығуды тапсырды. Екеуіміз ұзақ отырып, көшіріп жатқанбыз. Бір мезетте ояна келсем, Мұхаң таң сәріден электр шамын жағып алып, жазу жазып отыр екен. Иығында қаракөл жағалы, қара түсті күзен ішік. Түсі өте суық, анда-санда қарсы алдына үлкен ойлы көзімен қадала қарап қалады да, шапшаң жаза жөнеледі. Ақ қағаздың үстінде жорғақтаған қарындаштың сырылы ақпа жорғаның қара жерді дүбірлете тайпалып бара жатқанындай естіледі. Ешнәрсеге алаңдауға шамасы жоқ. Сәл дыбыстың өзін де жақтырмайтын сияқты...

Тек үйдің іші күн нұрымен жарық бола бастаған кезде ғана қарындашының ұшын ақырғы жазған сөзінің соңында қаттырақ тық еткізді де, орнынан тұрып, құлашын жая бір керіліп: «Жігіттер, «Қаракөз» тамам болды, уф-уф!» – деп демін бір-ақ алды.

– Мына жазғаным – эпилогы еді, оқиыншы, ұнар ма екен сендерге, – деді де, өзінің майда қоңыр үнімен, ырғақты сарынмен оқи бастады:

– Құйыл сөзім, құйыл енді тыйылмай.

Таудан аққан тас бұлақтың суындай» деп келіп... «құдіретім, қылығыма куә бол!» – деп бір тоқтаған екен.

Жаңағы бір кездегі суық түсті Мұхаң қазір мүлде жайраңдап масайрай қалған. Шабытты көңлі енді ғана көншігендей, күлімсіреп тұр. Дәл осы сәттегі көңіл күйі кескін-кейпі Алтайдың ақ иығындай боп, жайнай түскен еді».

Шәкірт жерлестері пьесаны көшіріп бітісімен, Мұхтар пьесаны ойын-сауық үйірмесіне ұсынды. Семейдегі театр сахнасының сол кездегі белсенді сауыққойы Ғалиакбар Төребаев:

«1925 жылдың күзі. Үш сабақтан кейінгі 20 минуттық үлкен үзілісте Мұхтар мені шақырып алып, өзінің «Қаракөз» атты пьеса жазғанын айтты» дейді.

Мейлі, піспеген, толыспаған нұсқасы болса да, Семейде жазған соңғы шығармасы осы «Қаракөз». Қайтып Мұхтар Семей топырағында көркем дүние тудырған жоқ. Бұл, шын мәніндегі жанына ерекше ыстық қаламен, аяулы адамдармен өнері арқылы «қоштасуы» болып қалды. Ел азаматы атандырған, тәрбиелеп-өсірген қала Мұхтарды алыс сапарға, құтты жолға тосын сыймен шығарып салды. «Қаракөзді» сахнадан көріп барып жазушы Ленинградқа аттанды. Сол тілектестердің ішінде кейін Мұхтардың басына қиын-қыстау күн туғанда да достығынан айнымаған Ахметбек Шикібаев, «Оқыған азаматтың» прототипі – Смағүл Әмзеұлы, тете інісі Ахмет Әуезов бар еді. Соның бірі Ғайса Самурзин:

– «Енді сол «Қаракөздің» колжазба күйінде тұңғыш рет қалай қойылғанын айтайын. Семей қаласындағы қаратаяқтарды – қазақ зиялыларын жақсы білетін Мұхаң «Қаракөзде» ойнауға қатынасатындарды өзі іріктеп алған екен. Соларды бер жақтағы (Жаңасемейде) Қайым Мұхаметхановтың үйіне жинатып пьесадағы рольдерді әрқайсысының икемі мен дауысына, денесі мен кейпіне қарай өзі бөліп берді. Қаракөз ролін Өжен деген мұғалім (қазір Семейде, пенсионер), Сырым ролін Ахмет Әуезов пен Смағұл Әмзин, Наршаны Сүлеймен Ержанов (финанс қызметкері) пен Ахметбек Шикібаев, Асан сал ролін Дүйсебай Есенжолов деген мүғалім (қазір пенсионер) және басқа ролдерді әркім-әркім ойнайтын болды. Солардың ішінде маған «жар-жар» айтатын төрт салдың біреуінің ролі тигенді.

Репетиция көбінесе Луначарский клубында өтеді. Оған Мұхаңның өзі қатысып, режиссердің міндетін көбінесе өзі атқаратын.

Ойын қойылатын күн жақындағанда Мұхаң мазасыздана бастады. Соңғы бір репетиция кезінде қабағын ашпай қойды. Әсіресе «жар-жар» айтыла бастағанда, қатты жабырқап, «қойыңдар!» дегендей қолын бір-ақ сермеді (Хорға қосылғандардың бірнешеуі өлеңді әлі жаттай алмай, дауыстарын жамырата берген еді). Сахнадағылар жым-жырт. Дағдарып қалдық. Бір мезетте, хор өлеңін әлі жаттай алмаған Т. деген бір мұғалім тұрып:

– Мұха, жаттап үлгіре алмай жатырмыз. Пьесаңыздың тең жартысы әдебиет екен, – демесі бар ма! Түтігіп отырған Мұхаң оған жалт қарап, күліп жіберді. Сөйтсек, әлгі қазақ тілі пәнінің мұғалімі өлеңді ғана әдебиет деп түсінеді екен.

Содан кейін Мұхаң қайтадан қалпына келіп, ойынды ширата, жетілдіре түсуге нақты да қатты тапсырма берді.

Ақырында спектакліміз сәтті шығып, қала жұртшылығынан алғыс алған едік», – деп еске алады.

Жазушы маржандай Шаймерденнің көшірген бір нұсқасы Қызылорда қаласындағы тұңғыш қазақ театрының ашылуына байланысты репертуарды қорландыру мақсатымен жарияланған Қазақстан халық комиссариатының бәйгесіне жолданған. «Қаракөз» 1926 жылы бірінші бәйге алды. Үлкен сахнаға шықты, жеке кітап боп жарық көрді.

«Қаракөздің» қиын да қызықты тағдыры осылай басталды.

Зады, Ахмет Байтұрсынов бастатқан қазақ зиялыларының жолын кесу 1926-27 жылдары басталса-ақ керек. «Аса құпия» белгісі қойылған бір нұсқауда 1927 жылы 14 мамыр күні № 88 жарлықпен БКП(б) қазақ аймақтық комитеті секретариатының шешімі бойынша баспа жоспарынан Ахмет Байтұрсыновтың «Мәдениет тарихын», Т. Шопанов пен А. Байтұрсыновтың «Оқу хрестоматиясын», М. Әуезовтің «Қазақ әдебиеті тарихы» кітабын алдырып тастайды және мұны барлық оқу ағарту комиссариаты саласындағы мекемелерге хабарлауды тапсырады. «Әдебиет тарихы» алпыс екі жылдан соң қайта жарық көрді, ал «Мәдениет тарихының» ізі өшіп қалды, қашан қолға тиетіні белгісіз. Табыла қояр ма екен? Рухани ұлы олжа болар еді.

Бұл ызғар көп ұзамай Мұхтарды қари бастады. Дос ниеттің орнына дұшпандык қысас жасалды: «Бізде Мұхтардың атағына, ізіне сиынатын, еретін азаматтар әлі де бар. Мұхтар пролетариат тілегіне келтіріп кітап жаза білмейді. Жаза білсе де – жазбайды. «Мұхтардан өзіміздің қойшымыз әдемі жазады» дегенде: «Қойшы түгіл Мұхтардьщ жазғанын мен де жаза алмаймын» – деп ашуланатын «үлкен» азаматтарымыз да бар. Әрине, қойшы өліп жатса да Мұхтардың «Қаракөзін» жаза алмайды. Жазбайды да. Бірақ пролетариаттың тілегіне қойшы жаза алады. Қойшының бағасын білмеген жолдастар пролетариат үстемдігін де білмегені дейміз. Болмаса – қойшы үстемдікті орната білгенде, социализмді құра білгенде, салт-сана майданына да түсе біледі. Өзіне керекті әдебиетті де біледі. Мұхтардың кім екенін де білді. Осының бәрін іс жүзінде көрсетіп те отыр. Ендеше сол айтқанымыз айтқан: мұнан былай әдебиет бағыты пролетариат қарақшысы, сол қарақшыға тура келгендер бәйге алады. Ол қарақшыны көрмей, байлардың қарақшысына шапқандарға бәйге беру дұрыс емес. Олай болса: мұнан былай Мұхтар сияқты шаппай бәйге алатындарға жол жоқ. «Отынды шапақанға жақтыр, малды тапқанға бақтыр» дейтініміз де осы. «Қаракөз» бәйге түгілі, басылғанына таң қаламыз. Басылмауы керек еді. «Қаракөзді» мұнан былай еңбекшілердің театрына қоюды доғарып, тараттырмау керек. Дін құралы, қиялилардың құралы, қазақ еңбекшілерінің әдебиетін былғамай, еңбекшілерді байлардың әдебиетіне үгіттеп, үндетпей тез арада тиісті орындар қарап, «Қаракөзді» зерттеп, керекті шарасын қолдансын.» «Құс жолы», № 2 1928 жыл. Орынбор).

Шындығында да солай болды. Көп ұзамай «Қаракөз» сахнадан алынып тасталды.

Бірақ Мұхтар өзіне тиесілі парызын өтеп еді.

«Қаракөздің» рухани азабынан арылған, көңіл қалауы бір жаққа бүтіндей ауған Мұхтар Ленинградта, Валентина Николаевнаның туған күнінде өзінің суретінің астына:

«Сүйгенім Валечкаға.

Күн шуақты қызық шағымыздың ескерткіші үшін ұмытпассың, ұмытылмасын деген үмітті сеніммен сыйлаймын.

Мұхтарың».

25.11. 26 жыл. Ленинград. В. О. (Васильев аралы – Т. Ж.) 3 линия, 46 үй, 63 пәтер. Сағат 1-ден 10 минут өткенде» – деп жазып берді.

Енді Валентина Николаевнаның естелігіне кезек беретін кез келді: «Мұхтар Омарханұлы Ташкент университетінен Ленинград университетіне 1923 жылы ауысты. Енді, біздің қалай танысқанымыз туралы айтайын. Мұхтар Омарханұлы университетке қыркүйек айының аяғында, біз өзіміздің «әріптестерімізбен» – ол кезде студенттер бір-бірін солай атайтын, азды-көпті танысып қалған уақытта келді. Біздің курсымызда Жень және Чень деген кішкентай ғана сүйкімді екі қытай жігіті оқитын, Мұхтар Омарханұлын бірінші рет солармен бірге жүргенде көрдік, сондықтанда оны да қытай екен деп ойладық. Әлі есімде, ол бірде аудиторияда араб карпімен терілген газетті оқып отырғанда қасындағы кызыққұмар көршілерінің бірі «Бұл қытайша жазылған ба?» деп сұрады. Оған байсалды әрі байыппен бұл араб жазуы екендігін, оның оңнан солға қарай жазылатынын, ал қытай иероглифінің жоғарыдан төмен жазылатынын түсіндіріп берді. Ол кезде студенттердің киім үлгісі жоқ болатын, алайда Мұхтар Омарханұлының күнқағары жылтыраған, жап-жаңа, ешқандай сызат түспеген сондай әдемі фуражкасы болатын, ол оның бұйра шашымен сондай жарасым тауып, қона кететін. Мұндай әдемі киімді қайдан тапқанына таңмын! Мұның соншалықты ерекше көрінетінін Н. Ановтың естелігінде де сол фуражка туралы айтылғаннан-ақ байқауға болады.

Енді Әлкей Марғұлан қайталап айта беруді ұнататын тілхат туралы сөз қозғайын. Бұл доцент, кейін академик болған Сергей Петрович Обнорскийдің көне орыс әдебиеті (шіркеу – славян) жөніндегі лекциясының үстінде болған оқиға еді. Мұхтар Омарханұлы үлгілі студент ретінде профессордың столының алдындағы қатарда, ал біз кейінгі қатарда отырғанбыз. Біз деп отырғаным, экономика факультетінде оқитын менің кластасым Нина Малофеева сол күні бізбен бірге отырған. Бәріне себепкер сол қыз болды. Байсалды, келбетті Мұхтар Омарханұлын көрді де, бірден бізді қайрай бастады, «егер де сендер тілхат жазсаңдар мына адам өлсе де жауап қайырмайды» деді. Мен сол арада көп ойланып жатпастан ойыма не келсе соны жазып, кімге берілуі тиіс екенін нұсқап, тілхат жолдадым. Біздің сорымызға орай тілхатты Мұхтар Омарханұлы профессордың үстелінің үстіне қоймасы бар ма! Онда профессорға жазбаша түрде сұрақ қою дәстүрі бар болатын, лекция біткен соң оған жауап беретін. «Бұл сізге, сізге!» – деп арттағылар сыбырлай бастады. Ақыры ол түсінді. «Кешіріңіз, профессор, бұл маған екен» – деді де, тілхатты өзі алып, оқыды да, іле жауап жазды. Арада қаншама уақыт өтті, бас жағы есімде сақталмапты, тек: «жауап беріңіз, лекцияның іш пыстыратын сағаттарында тілхат жазысып тұрайық» – дегені жадымда. Ал біз ғой оны ғылымнан басқа ешнәрсе қызықтырмайтын адам деп ойладық!

Тілхатқа келетін болсақ, осы ұзақ мерзімнің ішінде мен оны мүлдем ұмытып кетіппін. Бұл өзі ыңғайсыз жай, бірақ та оның мазмұнын Мұхтар Омарханұлы қайтыс болғаннан кейін көңіл айта келген Мүсілім Ермеков ойыма салды. «Сіздің шашыңыз бізге бөгет жасайды» – деген сөз екен. Тілхат профессордың қолына түскенде қатты қорыққанымыздың себебін сонда ғана білдім, өйткені оның басындағы шаш емес, сусылдап түсіп жатқан бір уыс мамық болатын.

Сол бір жайсаң жылдары студенттердің сабаққа қатысуы есепке алынбайтын. Бір бөлімде оқи жүріп апталап кездеспеуің мүмкін еді, оның үстіне Мұхтар Омарханұлын әдебиет пен Шығыс факультетіндегі лекциялар қызықтыратын, ал мен көне әдебиет пен тілге әуес едім. Сондықтанда университетке келгеннен кейін бір-біріміздің қайда екенімізді білдіру үшін бір амал керек болды. Біздің әйгілі университетіміздің дәлізінде студенттердің хат-хабарына арналған аузы ашық ұялы қобдиша тұратын. Біздің жазысқан тілхаттарымызды құпия сақтау үшін Мұхтар Омарханұлы маған араб қарпін үйретті; Әлгі қобдишаға менің достарым біз туралы неше түрлі әзіл жазып салып кететін. Мысалы: Мұхтар Омарханұлының есімі аталатын бірінші жолы есімде қалмапты, қалғаны былай деп жазылған:

...Вспоминала, глядя в святцы,

Всех святых ее семья.

Валентина не зевает,

Она к милому бежит.

Он в седло ее бросает,

Взмах нагайки, конь бежит,

Вот блестит река, как шашка,

Тут кочевники живут.

Уж зарезали барашка,

С кумысом пенится шашка.

Здесь давно их ждут...

Бұдан басқа, тура Пушкиннің өлеңінің үлгісімен жазылған: «Богат и славен Мухтарбей, его стада необразимы» деп басталатын «Мухтарбей туралы баллада» да бар болатын. Соңы былай:

Ему скязал один мудрец,

Седой качая головою:

– О, Мухтарбей, продай овец,

И съезди в Питер за женою...

Мен мұны Мұхтарға көрсеткен кезімде ол тіпті езу тартқан жоқ, керісінше: «Етістіктерден құралған нашар өлең» – деп жақтырмады.

Университеттегі бірінші тоқсан осылай өтті. Қысқы демалыс кезінде Мұхтар Омарханұлы ауылына кетті, содан кейін оны Семейде қызметке алып қалды да, ол Ленинградқа 1925 жылы, мен соңғы курста оқып жүрген кезде қайтып келді.

1925 жылдың қыркүйегінен 1927 жылдың мамыр айына дейін Мұхтар Омарханұлы Васильев аралында тұрды. Онымен бірге Әлкей Марғұлан мен Семейлік Мұхамед: Хабибуллин бір пәтерде тұрды, үшеуі екі бөлмені жалға алды, тамақты көбіне өздері әзірлейтін, сәтіне орай НЭП-тың тұсында бір пысық ашқан ет дүкені дәл қастарында еді. Оның ең тұрақты    тұтынушылары – өздерінің мысықтары үшін арзан етті сатып алатын   ленинградтық бибілер мен «кедей студенттер» болатын. Кейіннен Мұхтар Омарханұлы менің тамақ істеуге соншама көп уақыт жұмсайтыныма    таңқалып, өздерінің әдістерін үйретті, сөйтсем, лекцияға кетер алдында олар тамақты қазанға салып, астына от қойып кетеді екен, қайтып келгенде дап-дайын тұрады!

Олардың ортақ ыдыс-аяқтары – кастрөл, примус және қоңыраулы сағат еді. Біз үйленген соң әрқайсысы жеке-жеке пәтер жалдап тұрды, ортақ дүниені бөліскенде бізге примус тиді. 1926 жылы Мұхтар Омарханұлы ауылына соңғы рет барды.

1926 жылы күзде, біз бір шаңырақта тұру жөнінде шешім қабылдаған    кезде, мені алдағы уақытта күтіп тұрған қиыншылықтардан сақтандыру үшін маған өзінің болашағы туралы Семейдегі бір көріпкелдің болжауын айтты. Ол адамның кім екенін және оған Мұхтар Омарханұлы қалай тап болғанын сұрамағаныма әлі де өкінемін. Ол көріпкел Мұхтар Омарханұлына белгісіз жазу үлгісіндегі кітап бойынша бал ашқан, әдеттегідей қолдың әжімдеріне қарамаған. «Оның айтуы бойынша: – Мен өте, өте белгілі адам боламын. Үш рет үйленеді екенмін, үшінші әйелім үйленгеннен кейін үш жылдан соң менің өмірімнен ғайып болады екен, ол менің ең соңғы әйелім болмақ, қайтып үйленбеймін. Мен 56 жасымда өледі екенмін, оған дейін үш рет пышақтан жарақат алады екем» – деді Мұхтар Омарханұлы көзін қысыңқырап. Мен бұған: «Мүмкін маған сондай қысқа ғұмыр бұйырған шығар, ендеше сол аз өмірді бірге өткізейік» – дедім. Мұнын, барлығы соқыр сенім болса да, айтылған мерзімдер біздің үй ішіміз үшін ең ауыр кезеңдер болды. Біз үйленгеннен кейін үш жылдан соң – ол түрмеге қамалды, мен де Мұхтар Омарханұлының өмірінен ғайыпқа айналдым. 56 жасы – 1953 жылға тура келді. Міне, маған 1954 жылы жазған хатының үзіндісі: «Осы өткен өте қауіпті, әділетсіз жылы менің сен үшін қатты мазасызданып, алаңдаумен болғанымның себебін сен білетін шығарсың. Сені тағы да бақытсыздыққа ұшыратып, балаларыңмен бірге тағы да бейнет тартқызбас үшін және оны көрмес үшін мен өмірден үміт үзіп, он рет өлуге бар едім», тым құрығанда сендерді тыныш қалдырайын деп едім...» Мұны жазып отырған себебім, біз көріпкелдің ашқан балын содан кейін қайтып еске түсірген жоқ едік, бірақ та Мұхтар Омарханұлының есінен кетпесе керек. Өйткені, Мәскеуге операция жасатуға кетер алдында ол оқыстан маған: – «Бұл менің соңғы операция жасатуым, менің үшінші рет пышаққа ілінуім» – деді. Сөйтсем ол өзінің өміріндегі үш операцияны осылай бағалап, санап жүріпті: Біріншісі – Семейде соқырішекке жасалған, екіншісі Рыжик Мәскеуде жасаған операция, ал мынау үшіншісі және ең соңғысы болды. Ол мұны сондай көңілдене тұрып айтты. Мұның соңы мұндай қасіретке айналатынын ешкім де білген жоқ, әлдебір қауіптің алдын алатын жай операцияның бірі деп есептедік. Ол өзінің өміріндегі соңғы операция екендігіне қатты қуанып, әрі қарай тамаша өмір басталады деп сенді».

Мұхтардың «өмірінен Валентина Николаевнаның ғайып болуы» да, «үшінші рет пышаққа ілінуі» де алдағы өмірдің сыбағасы болатын. Ал суреттің сыртындағы автограф – Мұхтардың жаңа, жас отбасының алғашқы бақытты күндерінің белгісі еді. Жан жарастығы ұйытқан махаббат өз қызығын ұзағынан сүйіндірді. Сол шаңырақ – ұлы Әуезовтің шаңырағына, ұлыстың үлкен отауына айналды. Кәмиламен мәңгі қоштасқанмен де оның бейнесін «Қаракөз» жиі еске салып отырды. Жүректен шыққан кейіпкер жүрекке ұя салады. Ондай қаһармандар хақында айтылған Гогольдің: «Біз кейде аты-жөнін қатты дауыстап айту арқылы, шығармаларымыздағы ұйқылы-ояу жатқан кейіпкерлерімізді оятып аламыз. Олар – ең кірпияз және өкпешіл адамдар ғой, сәл ғана әділетсіздікке ренжіп қалады. Жарымкөңіл оқырмандарға Чичиковтің ренжігені де – ренжімегені де ештеңе шешпейді, ал оның авторына келетін болсақ, онда ол кейіпкермен ешқашан да керіспеуі керек: олардың қол ұстаса отырып әлі де шетсіз-шексіз жол жүруіне тура келеді; ең ұлы сапар алда – ол сапар ойыншық емес» – деген сөзі Мұхтардың да алдынан шықты. Олар бірі – Сырым боп, бірі – Қаракөз боп ұзақ сырласты. «Япырмай, Кәмеш маған қатты ренжіген-ау. Ылғи түсіме ақ киім киіп, салқын қалыпта, теріс қарап тұрады. Сол елестен арыла алмаймын» деп жиі айтады екен Мұхтар.

Жаңғырмайтын – жан сарайы, жазылмайтын жан жарасы да көмескіленіп, ұмытыла бастайтын мезеттер де кездесер еді. Мұхтар ұмытпапты. «Қаракөздің» алғашқы нұсқасы мүлде өзгеріп, сарыны әуенге ауысса да, алыстан естілген сыбызғының сызылған үні үзіліп-үзіліп барып талып жеткендей әсер қалдырады.

Көз алдынан «бұлаң жігіт, кер марал ерке тоты, сыпайы жігіт, үлгілі қыз» бейнелері көкжиекке сіңген керуендей көшіп, «кімді іздеп өмір сүрем» деп сыбырлағандай болады.

Расында да кімді іздеп өмір сүреміз?

Бұл сұрақты Мұхтар Әуезов бізге, ертеңгі күн иелеріне де қойған. Кім қалай жауап береді? Мәселе сонда.

(жалғасы бар)

Abai.kz

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1465
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3233
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5354