Сәрсенбі, 24 Сәуір 2024
Алашорда 10498 1 пікір 29 Мамыр, 2017 сағат 18:25

Тұрсын Жұртбай. «Қарагөз» қалай жазылды? (жалғасы)

 

Жазушы, алаштанушы ғалым Тұрсын Жұртбайдың «Бесігіңді түзе!..» кітабының жалғасы. Өткен бөлімдерін мына сілтемелерден оқи аласыздар:

http://abai.kz/post/view?id=7271

http://abai.kz/post/view?id=7292

http://abai.kz/post/view?id=7363

http://abai.kz/post/view?id=7851

http://abai.kz/post/view?id=7819

http://abai.kz/post/view?id=7851

http://abai.kz/post/view?id=7963

http://abai.kz/post/view?id=8004

http://abai.kz/post/view?id=8164

http://abai.kz/post/view?id=8190

http://abai.kz/post/view?id=8438

http://abai.kz/post/view?id=8635

http://abai.kz/post/view?id=8747

http://abai.kz/post/view?id=8925

http://abai.kz/post/view?id=8955

http://abai.kz/post/view?id=9050

http://abai.kz/post/view?id=9536

http://abai.kz/post/view?id=9857

http://abai.kz/post/view?id=10194

http://abai.kz/post/view?id=10277

http://abai.kz/post/view?id=10532

http://abai.kz/post/view?id=10740

http://abai.kz/post/view?id=10973

http://abai.kz/post/view?id=11107

http://abai.kz/post/view?id=11260

http://abai.kz/post/view?id=11485

http://abai.kz/post/view?id=11583

http://abai.kz/post/view?id=12512

http://abai.kz/post/view?id=12602

http://abai.kz/post/view?id=12674

http://abai.kz/post/view?id=12762

http://abai.kz/post/view?id=12863

http://abai.kz/post/48131

http://abai.kz/post/50997

http://abai.kz/post/50447

http://abai.kz/post/52092

http://abai.kz/post/52363

IV.

 Ленинград университетiндегi оқуын үздiрiп, Семейге шақыртып алған Қазақ оқу-ағарту комиссариатының бұйрығы Мұхтар үшiн жемiс те әкелдi. «25-жылы Семейде «Таң» журналын шығарды» (М. Әуезов). «Кiнәшiл бойжеткен», «Бүркiт аңшылығының суреттерi», «Барымта», «Жетiм», «Ескiлiк көлеңкесiнде», «Қаралы сұлу» әңгiмелерiн жазды. Мұхтардың жеке басының мұң-наласын, қуаныш-ренiшiн жыр ғып төккен атақты  «Қаракөздi» сол қыста жазды» (М. Әуезов).

Мұхтардың қазақ халқының өмiрiндегi рухани әсерi оның тек көркем әңгiмелерiмен, оқытушылығымен шектелiп қалған жоқ. 1926 жылы қазақтың тұңғыш театрын құру үшiн Қажымұқан Мұңайтпасов, Майра Уәли қызы, Әмiре Қашаубаев, Иса Байзақов, Елубай Өмiрзақов, Құрманбек Жандарбеков iспеттi сақараға аты шыққан өнерпаздар Қызылордаға шақырылды. 1926 жыл 12 қаңтарда Қошке Кемеңгеровтың «Алтын сақина», 13 қаңтар күнi Мұхтар Әуезовтiң «Еңлік-кебегi» ойналып, театр шымылдығы ашылды. Алайда, одан бұрын 1925 жылы желтоқсанның 9-ы күнi Мұхтар Ленинградта жүргенде «Еңлік-Кебек» сахнада қойылыпты. Бұл, зады, артистердiң шама-шарқын байқау үшiн, спектакльдiң жайкүйiн бiлу үшiн үкiмет комиссияның ресми емес қабылдау болса керек. Сол алғашқы қойылым хақында «Еңбекшi Қазақтың» 10 желтоқсандағы санында мақала жарияланды. Мұнда, қазақ театрының алғашқы ойыны қалай өттi, спектакль қалай шықты, не жетiспедi, сол туралы мағлұмат бередi. Өнерiмiздiң балаң шағындағы сын да балалықтан арылмапты. Оқырманның есiнде жүрсiн, әрi Мұхтардың көңiл күйiнен хабардар етейiк деген мақсатпен мақаланы ұсынуды жөн көрдiк. Туған халқының тұңғыш театрының сахнасындағы тұңғыш спектакльдiң авторы болуы да әркiмнiң маңдайына жазылмаған. Сондықтан да бұл қуанышты оқиғаның да Мұхтардың жүрегiне қуаныш нұрын құйғаны сөзсiз:

«Кеше Қазақстан мемелекеттiк ұлт театрында, Қазақстанның о жақ, бұ жағынан шақырылған сауықшылар мен Қызылорда әуесқойлары тiзе қосып «Еңлік-Кебектi» ойнады.

Жиналған жұртпен театр үйi лық толды. Iшiнде партия тобынан келген өкiлдер көп едi.

Қазақстан астанасының Орынбордағы кезi болсын, Қызылордаға келген соң болсын, қойып жүрген ойындар iшiндегi бiр өңдiсi болып шықты. Бұрын сахна сұр болатын: не жасау жоқ, не декорация жоқ. Оның үстiне ойнаушылар тиген киiмдi кие салып, қалай болса солай ойнай салатын.

Бұл ойын оның жанында сып-сыпайы болды. Өйтсе де бiрсыпыра кемшiлiктерi бар. Бұлардың кейбiреулерiн айтып кеткенiм пайдалы болар деп ойладым. Өйткенi «көш жүре түзеледi». Бiр жолы болған кемшiлiктердi көрсетсек, екiншi жолы бұлардың түзелуi – ақ. Бiздiң алдымен (...) кiтапқа кезiктiк. Кiтап басты жазушылардың бiрi – Әуез ұлы Мұхтар (...) кiтаптағы оқиға тарихы Сары арқадағы (Семей губерниясының Тобықты деген елiнде) кешкен оқиға. (Бiр жақ шетi жартылған. Бiрақ онда кiтап пен оның авторы Мұхтар туралы айтылғаны аңғарылады – Т.Ж.).

Ойнаушылардың киген тымағы, қазақша айтқанда, қырық түрлi болды.

Көлденең сынаған жан болса бұл елдiң байырғы бас киiмi қайсы екенiн айыра аларлық емес едi. Киiмге өзбек киiмi де араласып жүр. Бұда сондай әсер берерлiк сақалдардың орысша кеткенi болды. Жасау дегенде, ұмытпасам, 2 көрпе, бiр жастық, бiр әбдiре, бiр шымылдық. Бұдан басқа көзге түсерлiк жасау шамалы. Ыдыс-аяқ тiптi жоқ деуге болады.

Декорация: сахнаға киiз үй декорациясы құрылды. Кереге көрiнбейдi. Шаршылап, безелген, түрлеп оралған шиге аз ғана ұқсастығы бар – бiр декорация болды. Үйдiң жасауы аз болса да, осы декорацияның түрлi бояуы көздiң жауын алып, жасауды елетпедi. Дұрысында бұл декокорацияның безегi анық шым шиге ұқсамайды. 3-бөлiмде, Найман мен Тобықты адамдары ауылдың сыртында отыруға тиiстi, олай болмады. Айдалада отырған сықылды. Анадайдан есiктерi үңiрейiп, киiз үйлер (аумақсыз, тiкиген қараша үйлерге ұқсас) көрiнiп тұр. Тым болмаса отырған кiсiлерге таяу бiр үйдiң сырты көрiнiп тұруы тиiстi едi.

Ауылдың ар жағында көрiнген таулар, көрер көзге ерсiлеу едi: үп-үшкiр, шаншылған биiктер. Бiрiнен бiрiн айыра алмайсың. Әрине, бұл шебердiң олақтығынан да және жасаушының түсiндiруiнiң жеткiлiксiздiгiнен.

Қалай ойналды? Соған келейiк. Жалшы, Есен батыр, Еспенбет, Көбей, Қараменде, Кеңгiрбай билер тым жақсы ойналды деуге сияды. Қазақтың тiлдi, ауызды билерiн көздiң алдына елестеттi. Жалғыз-ақ Кеңгiрбайдың орынсыз көлбегенi, Қараменденiң даусы және жай, салмақпен сөйлемегенi келiспедi. Еспенбеттiң райлары бiрыңғайлау кете беретiн жерлерi болды. Өз жанынан қосып жiберiп жүрдi. Бұл әдет – сауықшылардың қай-қайсына болса да керегi жоқ әдет.

Еңліктiң әнi сүйкiмдi емес. Шапанын жартастың үстiне қойғаны кiтапта жоқ болса керек едi. Басқа жағын жақсы ойнады.

Кебек – ең елеулi кейiпкер, герой (ер) едi, райлары қазақша емес, көбiнесе орысша болды. Қазақ қалпына олақ екен. Әнi тiптi оңбады. Есенмен жекпе-жекке шыққандғы қимылдары шабан болды. Бұндай жерлерi қашан да болса көңiлдегiдей ойнала қоймайды. Бұл дағдылы не ыңғайлы ойыншылардың қолынан келедi.

Бұл жерде, асса оқу комиссариатына, қала берсе театр басқармасына ескерте кететiн мәселе бар: декорацияның кейбiреулерi өте... жасалуы керек. Мысалы: «Еңлік-Кебек» сықылды кiтаптарға дербес декорация жасату көп емес (бұнда оқиғаның хан, Шыңғыс тауларында болғаны айрықша айтылып, шын тарихтың бiр бетiн көрсетiп отыр). Олай болса оқиға болған шын Орда көрсетiлсiн: Қақпа жартас, Орда тауының жотасындағы Кебек бекiнетiн үңгiр тастардың және оның төңiрегiндегi көрiнiстердiң суретiн бастарып алып, декорацияны соған қарап жасату керек. Бұл декорация мен ойнағандағы көрiнiстiң суретiн... жiберiп, сауықты бiр жолға салуға болады.

Декорация, жасау киiм дегендердiң сауық дүниесiндегi орны бөлек мысалы, орысты алайық. Олардың кейбiр пьесалары бар. «Еңлік-Кебектен» анағұрлым мәнерсiз. Неше жылдардан берi ойналып келе жатыр. Қарымлығы әбден жеттi. Сонда да бармайтын жұрт аз. Бүгiн қойса – бүгiн, ертең қойса – ертең барады.

– Бұл нелiктен?

Сауықтың мәнерлi болуы, жалаң оның кiтап мазмұнында ғана емес, ойнауында, жасау – декорациясында. Сонда халық та қызығады.

Бұлардың бәрi түгенделсе, «Еңлік-Кебек» сықылды пьесалар да ескiрмейдi.

Алғашқы қарқында, ойнаушыларымыздың мұнысы кемшiлiк болып саналмайды. Ысылып, бұл айтылған кемшiлiктердi толтырар деген үмiттемiз.

«Жауқашар».

Несi бар, осынау қарапайым, бiрақ шын ниетiмен жазылған пiкiрдi естудiң өзi, студент Мұхтар үшiн аз олжа емес едi.

 

«КІМДІ ІЗДЕП ӨМІР СҮРЕМ...»

НЕМЕСЕ «ҚАРАГӨЗ» ҚАЛАЙ ЖАЗЫЛДЫ?

«Беатрича мен Лаура сияқты әйелдер, олардан да сұлу, қылықты келіншектер біздің творчестволық тағдырымызды шешеді... Гүлдің жұпар иісі қалай ауаға тараса, менің бойымдағы барлық шабытымды бірте-бірте оятқан сол әйел еді».

                                   Оноре  де  Бальзак.

«Заманның бұлаң жігіт, ерке тотысы келеді... Танырмысың?! Танымассың...

Ол аса бір соққан желдей, алыс та сары белдей, Арқаның ақ төсінде ақ айналы көлдей, толықсып аққан селдей, шырқап кеткен келмей, алыс тағы асқардай, алқынсаң да келмейтін аршыңдап өткен заман ғой...

Сол күн сенің есіңде қалды ма? Із алдырмай жоғалды ма екен?

Жасыл бел басына тіккен ала туды ұмытты ма екен?! Қайғылы сары өзен сыбызғы үнін ойлай ма екен? Бүгінгі қаралы жартас жарық түнде кездескен асықтардың әніне қосқан жаңғырығынан жаңылды ма  екен?.. Арқаның қоңыр желі садақ оғына жыртылған жүрегін жалғады ма екен?.. Үзілген күй жаңғырды ма екен. Сері жігіт, ерке қыз бұрынғыдай айтыса ма екен. Ашы дауыс шырқай ма екен? Қарауылдың аңқып ұшқан алғыр құсы Сырымдай бүгінгі жігіт қияннан тоят тілей ме екен? Мұның бәрі ескілік.

Бүгінгі дала жай болып сарылған, бүгінгі ән мұңайған, жүдеу, қаралы... Жел шалқып еспей, күрсінеді... Домбыра күй тартпайды, жылайды. Қыз ән шырқамайды, сыбырлайды... Сондықтан, сондықтан! Көрінде тоқсан - толқып, жүз күңіренген Сырым мен Қаракөз заманының салтанатты серілігін сендерге әкелді. Тербеуге көнсең – тербетпекші!.. Сергимін десең – сергітпекші. "Сыпайы жігіт, үлгі қыз!»

Мұхтар Әуезов.

Қаракөз», 1926 жылғы, бірінші нұсқасы.

I

Тағдыр мен тауқымет, махаббат пен ғадауат. Серілік пен сергелдең. «Ақындық құмарлығына елтіген уыз жастар» мен зар еңіреген көшпелі Заман, Ойы екіге жарылған адамның Ақыл азабы, Есіле көсіліп шаттаньш, егіле Жылау Мұхтар шығармаларының ішінде тек «Қаракөздің» маңдайына жазылған сыбаға. Жазушының бірде-бір шығармасы дәл осындай қарама-қайшы сезімдердің шарпуына, күрделі құбылыстың қақтығысына құрылған емес, шығармашылық тарихы ең ауыр, бұралаң мен қатпары мол, шығармашылық психология тұрғысынан алғанда да қилы-қилы сезім-күйді қамтыған, жазушы мен кейіпкер ойының араласып кеткені сондай, қайсысы кімнің сөзін жеткізіп отырғанын ажыратуы қиын туынды да осы «Қаракөз». Көкірегінде жиылған запыранды, жан тебіренісін Сырым боп сыртқа шығарған Мұхтардың «ащы даусын» естіртетін де «Қаракөз». Біресе, «Арқаның қоңыр желі садақ оғына жыртылған жүрегін жалғады ма» – деп сонау елесі өшкен дәуірді; біресе, «Қарауылдың аңқыта ұшқан алғыр құсы Сырымдай бүгінгі жігіт қияннан тоят тілей ме екен?» – деп сайранды-сауықты, біресе, «домбыра күй тартпайды, жылайды» деп, біресе: «бұлаң жігіт, кермарал ерке тотыны» елестетіп, көңілі алып-ұшқан Әуезовтің бұл кездегі жан дүниесінің толғағын аңғартқан да «Қаракөз». Кейін сан өкіндіріп-опындырған да, ашындырып-аялаған да – «Қаракөз».

Тағдырдың талқысына салып, тәлкекіге (иә, солай!) ұшыратқан да, болашақтағы зауалдың алғашқы қара құйыны боп соққан да, осы «Қаракөз». Соның ішінде, пьесаның алдындағы «ескі пішінді шал, үлкен ақсақалдың» толғауы Мұхтарға «жүрегін жыртқан садақ оғындай» қадалды. Абыз бейнесіндегі ақсақал «хан мен қара, би мен бек, ана мен баланың қиялын тербеткен» жыршысындай көрінді. Әлеуметшіл сыншылдар әр сөз бен әр ноқаттың арасынан жасырын сыр, емеурін іздеді. Олар үшін «Қаракөз» соны аңсаған зар, көшпелі әлемнің жоқтауы ғана еді. Ал бір ысып, бір суыған творчество адамының көңіл-күйіне пысқырып та қарамады. Сырымның Қаракөздің қабірі басындағы монологынан құранның уағызын естігендей болады. Кедейшіл сыншы Жұмабай Орманбайұлының пікіріне сүйенсек, «Қаракөздің» халыққа беретін тағылым мынау:

«Қазақтың қойылмай келе жатқан жаман әдеттері: молаға (әруаққа) түнеу, оны жебеді деп соған сену, өлі аруақтың құрметі мен құдайдың рақымын түсіру, оған жаратылыстың күнін күркірету, найзағай жарқылдау, өлген ашықтар ақыретте қосылады деу, ас беру, езілген таптар езіле беруі керек, үндемеу керек, ақыретте езушіден кегін құдай әпереді деу сияқты сүйекке сіңген жаман ғұрып, мәрдем салт бар... Енді пролетариат үстемдігі езілген ұлт, бүтін еңбекшілерді теңгеремін, оларды социалшыл тұрмысқа жетектеймін деп отыр. Ол үшін түрлі әдістер, жолдар іздеп отыр. Бір жағынан шаруасын, екінші жағынан жауыз байлардың қолындағы саяси билікті алып, үшінші жағынан салт, сананы байлардың қолынан алып, осы күштің бәрін сол еңбекшілердің пайдасына жұмсайды. Байлардың пайдасына жұмсалып жүргендегі түрін өзгертеді, олардың күшін байларға қарсы қояды. Олай болса «Қаракөз» нені көрсетіп отыр? Байлардың сол молаға түнеуін, аруақ, құдайға жалбарынуын, оған құдайдың, аруақтың анық жебейтінін, ашықтардың ақыретте бір-біріне қосылады дейтіндерін анықтап, еңбекшілерге Сырым мен Қаракөзді дәлел қылып көрсетіп отыр... «Қаракөздің» бұл жағынан біздің қарсы тапқа тиетін пайдасы көп, бізге зияннан басқа келтіретін пайдасы жоқ. Ендеше, біздің пролетариат бағытына «Қаракөз» түгелімен қарсы жазылған, біздің пролетариат әдебиетінен орын алмауы керек».

Ие, Мұхтардың есімін «әдебиеттен сызып тастауды» талап еттірген де «Қаракөз». Бұл Мұхтарға жасалған алғашқы шабуыл, бірінші атылған оқ. 1928 жылы пролетариат сыншыларының басын біріктірген – «Құс жолы» жинағы шықты. Сонда «Қаракөз» атты атышулы мақала басылды. Жинақтың мақсаты – таза кедейшіл әдебиет пен «сұлу, бірақ байшыл» әдебиеттің арасын «ажырату», яғни жік тастау. Шет қақпай қалған жазушының мүддесін қорғау үшін Мағжан Жұмабаев Ташкент қаласында «Алқа» атты әдеби ұйым ашты. Көркем шығарманың тек-тамырын, табиғатын түсінуді былай қойып, әлеуметшілдер, Мұхтар мен Мағжанның, Жүсіпбектің аузынан шыққан әр сөзді тәжіке етуге көшті. Әсіресе, «Қаракөздің» прологы қатты сынға ұшырады. Бір сөйлемді жеке-жеке жіліктей бөліп ап, келеке-келемежге айналдырды.

«Қаракөздің» барлық маңызы, түйіні осы прологында көрінуі керек. Сонда қандай маңыз, түйіні көрінеді, мұнда кімдердің өмірін жоқтайды? «Қаракөз» өткен дәуірлерде даланың еркін ескен желі, осы күні еспейді дейді. Осы күні жел неге еспейді. Жел еспейтін ақсап қалып па? Жоқ, олай емес. Еркін ескен желіндей үстем болушы тап жоғалды деп көксейді, би мен хан-қараның сері жігіті шығады».

Бұл – «сыншының» бісмілласы – бастауы ғана. «Еркін ескен жел – үстем тап емес», жастықтың, махаббаттың шалқыған шаттығы, ақынның шабыты екенін Орманбайдың ұлы түсінбей отырған жоқ.

«Ол заманның еркетотысы шығады, келеді дейді. Соны сен танырмысың дейді. Ол күндегі би мен бек, ханның қиялын тербеткен серіні бұл күндегілер (еңбекшілер танып не ғылсын) әрине танымайды. Сондықтан жазушы шал болып қамығады. Жылайды»...

Дәлірек айтсақ, халқы үшін қабырғасы қайысқан Мұхтардың қиялын тербеткен «ел – ана», ал дәл осындай сынды танымаса, Мұхтардың танымауы, мойындамауы керек еді. Бірақ оған мұршасы келмеді, мүмкіндік те бермеді.

«Осы заманды есінде қалдырғаның бар ма, ала туды білесіңдер ме деп сұрайды. Ала ту Абылайдың ала туы ма? Болмаса патшаның ала туы ма? Ол ала туды, қан мен қараның жырын-салтын бүгінгі біз не қыламыз. Естуге, көруге керек болғанымен, оны имандай кеудеге жаттап жүре алмаймыз ғой».

Осынау «ала тудың» астарын іздеп оны Абылайдың ақ туымен, исламның жасыл туымен, «шатастырып» Мұхтарды ғана хан мен бекшіл, түрікшіл етіп көрсетіп қойған жоқ прологты пайдаланған осы жолдың авторына да «Алаштың идеясын тірілтіп отыр» – деп сан мәрте сарсаңға түсіргендер табылды. Бұл – солшыл әлеуметшілдің өнерді тоқыратуға дейін жеткізгені айқын шындық ретінде дәлелденген, «ақтандақтар» жойылып, жаңаша ойлауға бет бұрған заманда тағылып отырған айып. Ал, «кедейшілдер» қылыштай жалаңдап тұрған кезде бас кететін айып еді. «Ала ту» – Абылайдың да, исламның да, түріктің де туы емес. Ол сал-серілердің ойын-сауық көрсететін жеріне тігілетін белгі, яғни, қарақшы. Көшпелі жұрт аста, тойда жұрт жиналатын жерге алдын ала белгі ретінде алыстан көзге шалынуы үшін басына әр түрлі шүберекті байлап қарақшы тігіп қояды. Мұхтардың сол мағынаны мегзегенін Жұмабай Орманбайұлының өзі де мойындап, «бәйгенің қарақшысы – пролетариат үстемдігі» дей отырып, неге «ала тудың» тонын теріс айналдырып, ілікке себеп тауып бергенін, әрине, түсінуге болады. «Ала туды» шыр айналдырудың мәні басқада. Дақпырт – даурықпаны, байбаламды күшейтеді. Ал айқайшы үшін керегінің өзі де сол. Сыншы тек тудың түсін ғана шатастырмайды, кейіпкер сөзінің де тігісін теріс жатқызады.

«Бүгінгі дала жай болып сарылатын қазақтың бәрі көшіп кетіп, өртеніп кеткен бе? Бұрын дала бос, үстінен көшіп ел ғана өтетін болса – жерге иелік істейтін бай, оның малдары емес пе еді. Осы күнгі даланы еңбекшілер қолға алып, тесік жер қалмай қала болып, егін салып, емін-еркін жайлап жатыр ғой. Олай болса «сарылды» деу қате, кеңестер одағының езілген ұлт еңбекшілеріне алып берген еркіндігін, ен, иесіз даланы оларды жайып билеткенін көре алмай жасырып отырғандықтан».

Әрбір сөздің өз мағынасына сәйкес қамтитын ауқымы, ұғымдық шекарасы бар. Соған сүйенсек: жаланың аты – жала. Орманбай ұлы да Мұхтарға жала жауып, қара суды теріс ағызған. Бірақ оның бұл пиғылы тек «жала» деген сөздің көлеміне сыймайды. Оған арандату мен тоңмойындық, жеккерініш, надандық және қызыл-көз жалақорлық қосылған.

(жалғасы бар)

Abai.kz

1 пікір