Жұма, 27 Желтоқсан 2024
Білгенге маржан 7114 12 пікір 8 Тамыз, 2017 сағат 09:58

Латын әліпбиіне көшудің дайындық барысы қалай?

Алматы облысының тілдерді дамыту жөніндегі басқармасының ұйытқы болуымен   облыс көлемінде алғаш  рет «Латын әліпбиіне көшу: дайындық барысы» атты семинар-кеңес өтті.

Президент жанындағы  Қоғамдық сананы жаңғырту бағдарламасын іске асыру жөніндегі Ұлттық комиссияға қарасты Қазақ жазуын латын графикасы негізіндегі жаңа ұлттық әліпбиге көшіру жұмыс тобының мүшелері, белгілі саясаткерлер, А.Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтының қызметкерлері, тіл жанашырларының қатысуымен өткен   семинар-кеңесті облыс әкімінің орынбасары Жақсылық Омар ашып, жүргізді.

«Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыр» атты мақаласы терең мазмұнға толы құнды еңбек екені сөзсіз. Кемел келешекке бағдар болған ауқымды құжатта ұлттық идеологияның, рухани жаңғырудың маңызды тетіктері қарастырылған. Мемлекет басшысы еліміздің рухани дамуы мен кемелдену жолында, қазақ әліпбиін латын әліпбиіне көшіруге байланысты бірқатар міндетті белгіледі. Ендеше, семинарда латын әліпбиіне көшудің дайындығы сараланып, кеңінен сарапталатын  болады » деді  Жақсылық  Мұқашұлы.  Сондай-ақ,  ол  өңірде латын әліпбиіне көшіруді жалпыұлттық талқылау жөніндегі «Жаңғырудың жаңа белесі» атты ақпараттық-насихаттық жұмыс тобының құрылғандығын да тілге тиек етті.

Келелі кеңестің күнтәртібіндегі  алғашқы  сөз   Қазақ  жазуын  латын  графикасы  негізіндегі жаңа  ұлттық  әліпбиге  көшіру  жұмыс  тобының  жетекшісі  Ерден  Қажыбекке берілді. Өз кезегінде  профессор әліпбиді ауыстыру еліміздің болашағы үшін  жасалған нық қадам екенін айтты. «Біз латын әліпбиіне көше отырып, өркениетті елдердің қатарына қосылып, тіліміздегі дыбыстық жүйелерді нақ анықтап, қазақ тілінің жазылуы мен дыбысталу кезінде басы артық кірме сөздерден арыламыз. Латын әліпбиіне көшу, сайып келгенде, ана тіліміздің болашағын ойлап, оның қолданыс аясын одан әрі кеңейте түсуге, мәртебесін көтеруге мүмкіндік жасау деп түсіну керек» дейді А. Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтының директоры Ерден Қажыбек. Сондай-ақ ол бүгінгі таңда Ұлттық космиссияға латын әліпбиіне қатысты 100 жоба түскенін, соның ішінде халыққа үйлесімді бір нұсқаның  таңдап  алынатындығын да айтты.
Семинарда  «Әліпби ауыстыруды жазу реформасына айналдыру керек» деген тақырыпта баяндама жасаған Қазақ жазуын латын графикасы негізінде жаңа ұлттық әліпбиге көшіру жұмыс тобының мүшесі, филология ғылымдарының докторы, профессор Әділхан Жүнісбектің айтуынша, бүгінгі қазақ жазуына, тек әліпби ауыстыру ғана емес, түбегейлі реформа керек. Реформа бір ғана әліпби ауыстырумен тынбайтынын, бұл үш мәселені қамтитындығын атады. Үш мәселе – дыбыс, әліпби және емле-ереже: дыбыс – өзге тілдерден бөлектеп тұратын тілдің тұрпат-тұрқы; әліпби – сол дыбыстың қауызы, басқаша айтқанда, қорғаны мен оққағары; емле-ереже – дыбыстардың басын біріктіріп, сөз құрап тұратын дәнекері деп көрсеткен баяндамашы осы үш мәселе бір-бірімен байланысты және қатар шешілмей төл жазу қалыптаспайды  дейді. Сонымен қатар ол әліпби ауыстыру қазақ жазуына реформа жасаудың алғышарты және ең төте жолы болып табылады  дей отырып, егер латын таңбаларын баптап қабылдай алсақ, онда көптеген тіл бұзар әріптер мен емле-ережелер өзінен-өзі түсіп қалатынын да айтады. Профессор өз сөзін латын әліпбиін жатырқамай,  дер  кезінде қабылдау керектігімен түйіндеді.

Ал «Әліпби категориясы» атты тақырыпта баяндама жасаған Сулейман Демирель атындағы университеттің профессоры, филология ғылымдарының докторы Құралай  Күдеринова ең алдымен «Қазақ тілін латын әліпбиіне ауыстыру мәселелері» деп жазып жүрген кейбір БАҚ өкілдеріне ескертпесін айтты. Бұл қате байланыс дейді ол. Дұрысы: «Қазақ жазуын латын әліпбиіне ауыстыру» деп мәлім етті.
Ары қарайғы ойын баяндама тақырыбымен жалғады.  Өз сөзінде профессор қазақ жазуын латын графикасына көшірудегі бірқатар мәселені тілге тиек етіп, тұщымды ойларымен бөлісті.
Бұл  семинар әліпби реформасы тағы да халықтың бейғам тіршілігіне кері ықпал етпей ме деген күдік-күмәннің күрмеуін  тарқатып, осы тұстағы   түрлі пікірлер  ортаға  салынды.  Айтылған пікірлерден әліпби ауыстыруға деген ел ынтасының, жалпы ғалымдарымыздың да ізденісі жоғары екендігі  байқалды.

Кеңес барысында  саясаттанушы  Дос Көшім мен Айдос Сарым, филология ғылымдарының  докторы  Ғарифолла  Әнесің  тұщымды ойлары  көпшілікке жетті.

Латын  әліпбиіне  көшу  туралы  саясаттанушы  Дос  Көшім бұл    реформамен қатар қазақ  тіліндегі қолданыстағы Тілдер  туралы  заңды өзгерту керек екенін айтты. Сонымен  қатар өз  ұсынысын білдірді. «Менің ойымша, келер жылдан бастап, орыс мектептеріне жаңа әліпбиді   үйретуді  бастау  керек» дейді  саясаттанушы.

Ал  саясаттанушы Айдос Сарым: «Латын  әліпбиіне  көшуден   әр ізденген  адам өзіне қажеттілікті табады. Өз  басым, ұлт азаматы  ретінде латын әліпбиіне көшуді отарсыздану деп қабылдаймын» деді.

Семинар-кеңестен түйгеніміз, әліпби ауыстыру, бұл – ұлтымыздың тарихындағы ең маңызды бетбұрыс болып табылады. Сондықтан осындай жауапты қадамға әркім және баршаның атсалысқаны абзал.

«Латын әліпбиі – заман талабы» деген Елбасы сөзін басшылыққа ала отырып, әлем кеңістігіне еркін саяхаттай алатынымызға кәміл сенуіміз керек». Келелі жиынды қорытындылаған облыс әкімінің орынбасары Жақсылық Мұқашұлы осылай деді. Сонымен бірге бәсекеге қабілетті 30 елдің қатарына ену үшін Елбасының алға қойған мақсат-міндеттерін жүзеге асыру жолында жұмыла жұмыс істеу керектігін айтты.

«Ел бүгіншіл, менікі – ертең үшін» деген екен Ахмет Байтұрсынұлы. Қазір қолға алып жатқан дүниенің бәрі біз үшін емес, кемел келешек жолында жасалып жатқан ауқымды іс екені белгілі. Ендеше,  Елбасының сындарлы саясатын қолдап, бірлік, білім, еңбекті ұштастырып, ортақ межеге қол жеткізуге атсалысуымыз керек-ақ.

Abai.kz

 

 

 

12 пікір

Үздік материалдар

46 - сөз

Тибет қалай Тәуелсіздігінен айырылды?

Бейсенғазы Ұлықбек 2053