Дүйсенбі, 20 Қараша 2017
2020 7 пікір 8 Қыркүйек, 2017 сағат 11:46

Мемлекетімізге қара күйе жағушы А.Дағдуран қашанғы алшаң басады?

Үкімет назарына!

ҚР Білім және ғылым министрі Е.Сағадиев мырзаға!

Бірнеше айдан бері, ҚТЛ-дегі (Білім және инновация лицейлері) ұстаздардың басына түскен қиын жағдайлары мені, мен сияқты аналарды, ұстаздарды инновациялық мектептің түлектерін, оқушыларын, қарапайым халықты қатты алаңдатқаны белгілі. Сол үшін де қолыма қалам алып, оны азаматтық борышым деп есептеп, мақалалар жаздым. Ол мақалаларым «Президент және халық» газетінде жарияланды. Ол газеттен бірнеше сайттар «Абай.кз», «Мегаполис», «Қазақ үні», «Қамшы.кз» , «Елана.кз» т.б. көшіріп жазып, орысша, түрікше аудармаларымен тіпті жақын-алыс шетелдерде таратылды. Жүздеген, мыңдаған оқырмандар өздерінің пікірлерін білдірді, әлі де жазып жатқандар көп. Сіздерге түсінікті болу үшін сол мақалалардың сілтемелерін беріп отырмын: («Аналардың зарына құлақ түр, ӘЛЕМ!»)

Осы мақалаларды оқыған болуы керек, бір азамат телефонмен хабарласып, маған ризашылығын білдірді. Содан соң мақалада жазылған «Маариф» қорының растығына күмәнданбайтынын айтты. Іле-шала маған қазақшаға аударылған төбе шашың тік тұратын, ар-намысыңа, өтірік пен жалаға толы, араңдатуға жол ашатын мақаланы жіберді. Алдымен сол мақаланың қазақша аудармасын назарларыңызға ұсынбақпын.

2016 жылдың қыркүйегінде Анталья қаласында «15 шілдедегі жаңа Түркия» деген халықаралық конференция өткен. 13 мемлекеттен 100-ден аса қонақтар шақырылған. Қазақстанда 20 жылдан бері азаматтық қоғам жұмыстарымен айналысатын Түркі халықтарының мәдениеті қорының төрағасы, проф. док. Ахмет Дағдуран  сол жиында ФЕТО-ның қиянаттарын және сол қиянаттарға түрік бюрократиясының салғырт қарап отырғаны туралы «өткір ойларын» айтып-айтып тастаған.  Соның ішіндегі ең өзектісі мынау.

ФЕТО (Бізде болған ҚТЛ-ді бұрмалап айтып отыр. ФЕТО туралы төменде айтылады) Қазақстанда 15 жылдың ішінде 35 мектеп ашып, мұғалім кейпінде дайындап шығарған миссионерлер арқылы 500 мың адамды христиан дініне өткізді.

Сердар Арсевен / Анталья

Енді  Қазақстан-түркі халықтары мәдениеті қорының төрағасы, проф. док. Ахмет Дағдуран ФЕТО-ның жиіркенішті бейнесі туралы «Милат» сайтына берген сұхбатына қараңыздар.

«Түркия басшыларына ұзақ жылдардан бері «Фетһуллаһ Гүлен АҚШ-тың бір жобасы. Ислам әлемінің, Түркияның негізгі проблемасы. Бұны бір күні өздерің де көресіңдер, сақтаныңдар» деп талай айтқанын, алайда олардың тыңдамағанын білдірген Дағдуран ФЕТО-ның Қазақстандағы жұмыстары туралы былай деді:

«Қазақстан немесе басқа мемлекетте ФЕТО шындығын әшкерелесеңдер, ФЕТО-мен күрес жүргізсеңдер, жұмыстарың өте қиын деген сөз. Бұл біздің басымыздан өтті. Басқан газеттеріміз бен журналдарда 20 жыл бойы осы қиянатшыл ұйымға назар аудартумен болдық. Оны істейміз деп не көрмедік. Түрлі қиындықтарға душар болдық. Небір жала жабылды. Бізді Ұлттық қауіпсіздік қызметінің адамы, Түркиядағы құпия ұйымның адамы деді. Осылардың кедергі жасауымен Қазақстаннан көп жыл бойы жұмыс істеуге виза ала алмадық, елге кіріп-шығып жүріп ол мәселені шешуге тура келді. Журналдарымыз бен газеттерімізге жарнама бергендерді енді олай істемеңдер деп ескертіп, қорқытты. Бұлардың Қазақстанда 35 мектебі бар, осы жолмен олар Қазақстанда үлкен ықпалға ие. Бұлар ол жердегі адамдар үшін жұмыс орнын да, ақшаны да қамтамасыз етті. Осы игіліктерді көргісі келгендер олардың лас тірліктеріне араласты. Жаңа келген достар да пайда үшін бұлармен жұмыс істеді. Бұлар осы әдіспен жақындап, апталық жиындарына шақырды. Мектептерінде оқытқан балалар мен жастарға, мейлі өз ықпалдарында ұстаған басқа да адамдарымызға «АҚШ үгіттеуін» жүргізді, оларды сана тұрғысынан АҚШ адамы етіп шығару үшін барлық қолдан келгенді істеді. АҚШ-қа баруды, ағылшын тілін үйренуді идеал жағдайына жеткізді. Осыдан келіп христиандыққа үгіт-насихатқа ойысты. Қазақстанда соңғы 15 жылда 500 мың адам христиан болды. Осы жағдайда ең бірінші кінәлі, ол — ФЕТО» .

 Миссионерлікпен айналысты, миссионерлерді әкелді.

Дағдуран мырза мұнымен тоқтап қалмапты, кейінгі әрекеті тіпті сорақы.  ФЕТО-ның Қазақстандағы миссионерлік іс-әрекеттері туралы келесі жазбасы  былай өрбиді:

«Бұлар өте жүйелі жұмыс істеді. Қазақстанда мешіт, ислами білім беру мекемелері кемшін болуы себепті туындаған үлкен рухани кеңістікті исламмен толтырудың орнына христиандыққа үгіттеумен толтырды. Ол жақтағы балаларымызға, жастарымызға  «Сенуің жеткілікті, бір Аллаға сенуің сені жұмаққа жетелейді. Намаз оқуың, дәрет алуың, құлшылықпен көп айналысу қажет емес. Христиандық — жеңіл дін. Алланың бар екеніне сенуің жеткілікті. Әзірет Мұхаммедтің пайғамбар екеніне сенуге мәжбүр емессің» деп үйретті. Христиандыққа өткен жағдайда  АҚШ, Англия және басқа көптеген батыс елдеріне кең жол ашылатынын айтты. Мектептеріне жиі-жиі АҚШ-тан, Англиядан миссионерлер шақыртып, оқушыларды христиандыққа үгіттеді».

«Қазақстанда 35 ФЕТО мектебі бар»

«Түркия неге екенін, Қазақстандағы ФЕТО мектептерінің ықпалын азайтуға әрекет жасамай отыр» деген док. проф. Дағдуран былай деп сөзін жалғайды:

«Бұл жерде ФЕТО-ның 35 мектебі бар. Бұлар атын өзгертіп, жұмыстарын жалғастыруда. Бұл мектептерге өкініштісі жұрт қызығады. Білім мәселесінде басқа айтарлықтай балама жоқ. Ол жердің халқы балаларын осы мектептерге беруге жанын салады. Біз «Балаларыңды бұл мектептерден шығарып алыңдар» деп айтуымыз үшін оларға балама ұсынуымыз керек. Қазақстанда мемлекетіміздің бір бастауыш мектебі де жоқ. Біз Түркиядағы басшыларға бұл мәселені көп айттық. Біздің білім кеңесшісі арқылы көп әрекеттендік. Қазіргі уақытта жер іздеп жатыр деген хабар бар, бірақ бюрократиямыздың әрекеті тым баяу. Қазақстанда қазақ мектептері бар. Орыс мектептері бар. Бірақ білім беру әлсіз. Біздің түріктер балаларын беретін мектеп таба алмай, амалсыз ФЕТО мектептеріне береді».

«Құрметті президентіміз Тайып Ердоғанға айтарым: Құдай үшін Қазақстанда мектеп ашыңдар!»

«Мен осы жерден үндеу тастағым келеді: Қазақстанда Түркия ашатын мектептерге үлкен қажеттілік бар. Үлкен сұраныс бар. Түркия ретінде біз ол жерде міндетті түрде мектептер ашуымыз керек. Тіпті «ФЕТО мектептеріне бала бермеңдер деу жеткіліксіз, соны істеу керек. Қазақстан жаңа мектептер ашуға мүмкіндік береді. Алайда біз неге екенін бюрократиялық кедергілермен аша алмаймыз. Жер бар, Қазақстанда жер арзан, мемлекет жер алуына болады, дайын мектепті жалдай алады, не қазақ мектебінің бірімен бірге жүргізе алады. Осы істі құрметті президентіміздің қолға алуы керек. Азаматтарымызға «ФЕТО мектептеріне бала бермеңдер» дегеннен гөрі «Міне, аштық, енді осыған беріңдер» деу керек. Түркия Қазақстан және басқа да мемлекеттердегі білім беру істеріне көбірек назар аударғаны дұрыс. Неге екенін, бұл жұмыстар өте оңай бола тұра тым баяу жүруде. Құрметті президент, ФЕТО-мен күрес мәселесінде нақты жұмыстар айтуда, бірақ ол тиісінше жүрмеуде. Неге екенін, әлі бірде-бір мектеп ол жерде аша алмадық, құрметті президентіміз Режеп Тайып Ердоғанға айтарым: Құдай үшін Қазақстанда мектеп ашыңдар!»

Дереккөзі: http://m.milatgazetesi.com/feto-500-bin-kisiyi-hiristiyan-yapti-haber-101980

Осы мақаланы оқығаннан кейін Тәуелсіз Қазақстан туралы конференцияға қатысқан шетел азаматтары қандай ойда болады?! Өңкей жалған өтірікпен арандатып, намысқа тиетін бұл мақаладағы өрескел, сорақы деректерді берген Түркия азаматы елімізде тайраңдап жүруі мені қатты ашындырды. Мұндай мақаланың тууына себепкер болған адамның айтқандарының шындыққа жанаспайтыны көзге бадырайып көрініп тұр. Оның ақпарат заманы дамыған кезеңде әлемге таралуы жантүршігерлік жағдай. Елімізге бүкіл білім жүйесіне қара күйе жағып, түк болмағандай Ахмет Дағдуран мырзаның Алматының ортасында алшаңдай басып жүруі жүрегіңді жылатады.

Енді мақаласын талдап көрелік:   «ФЕТО» 500 мың адамды христиан дініне өткізді деген не сөз? Бұл қайдан шықты?  Ол бұл мәліметті қайдан алды?

«ФЕТО» Қазақстанда 15 жылдың ішінде 35 мектеп ашып, мұғалім кейпінде дайындап шығарған миссионерлер арқылы 500 мың адамды христиан дініне өткізді» дегенде Ахмет мырза қандай нақты фактіге жүгініп отыр? Осыншама қиянатшыл болар ма?

Алдымен «ФЕТО» деген не сөз? Оны да ашып айта кетейік.  Ол «Фетхуллаһ Гүленнің террорлық ұйымы» деген мағынаны білдіреді екен. Мұны ойлап тапқан кім? Неге сүйенді? Біз түсінбедік. Мейлі кім ойлап тапса да, жантүршігерлік атау ғой бұл. Ахмет мырзаның 35 мектеп деп отырғаны, ҚТЛ-ны меңзегені екені түсінікті.

Осыны оқып отырып, – Ау, Ахмет мырза, өзің айтып отырған ФЕТО –ны 15 жылдың ішінде  500 мың түгілі,  50 мың бала бітірген жоқ. Сен бұл мәліметті қайдан алдың? Егер сен шын мұсылман болсаң, ислам қағидаттарын терең ұстансаң, қандастарыңа қандай жалған жала жауып отырғаныңды сезер едің? Осы сөзің үшін өкінер едің!…

Бұл Ахмет мырзаның  бірінші жаласы!

Екінші жаласы Христиан діні туралы дақпырты.

Құрметті Ахмет мырза, Христиан діні деген ҚТЛ-дың маңынан жүрген емес. Ондай бассыздыққа Қазақстан ҰҚК – сы жол беріп қарап отырды дегенге кім сенер? Дамуға бет алған қазақ билігі – бауырлас түрік еліне қандас деп қарағанымен, олардың оқу бағдарламалары мен ұстанымдарын терең бақылауда ұстағанын есіңізге саламыз. Сосын осы жылдар аралығында ешбір ата-ана ҚТЛ-дің үстінен дінге қатысты (барлық дінге ортақ) бір шағым-арыз түсірмеген  екен. Керек десеңіз, ҚТЛ ұстаздары өзіміздің Ислам діні туралы шәкірттеріне бір ауыз уағыз айтпаған және айтуға тиісті де емес.

Сондай-ақ ҰҚК немесе басқа заң орындары  ҚТЛ туралы  («Түрлі қиындықтарға тап болдық. Небір жала жабылды…») деп түрік ұстаздарын қуғындағанын, жала жапқанын естіген жоқпыз.

Біле білген адамға Ахмет мырзаның бұл жазбасы,  біздің еліміздің заң орындарына, қадағалаушы органдарына  жала жауып отыр! Оны өзінің білмей отырғаны қандай өкінішті.  Және де ҚТЛ-ға «АҚШ үгіттеуін жүргізді. АҚШ адамы етіп шығару үшін барлық қолдан келгенді істеді…» дегені  шектен шықандық емей немене. Бұдан асқан жала бола ма?! Егер бұл жазбаға сенсек, біздің елімізде бүгінгі таңда АҚШ тыңшылары өріп жүр…

«Миссионерлікпен айналысты, миссионерлерді әкелді» деп әрі қарай жаққан күйең, Ахмет Дағдуран мырза, ешқандай адамшылыққа жатпайтын әрекет.  Тура айтсақ – қиянат! Қалай ғана осындай өтірік, жала жабуға дәтің барды? Өз жұмыстарын адал, пәк күйде атқарған, сөйтіп қара домалақтарымызға тамаша терең білім, адами тәрбие берген, солар арқылы Қазақстанды әлемге танытқан еңбекқор, қарапайым, момын өз бауырларыңның, түрік бауырларымыздың беттеріне сен қазір қалай қарап жүрсің, Ахмет мырза? Қазақтың қасиетті топырағы сендей өтірікшіні, жалғаншыны қалай көтеріп жүр, мен соған таң қаламын.

«Қазақстанда қазақ мектептері бар. Орыс мектептері бар. Бірақ білім беру әлсіз. Біздің түріктер балаларын беретін мектеп таба алмай, амалсыз ФЕТО мектептеріне береді. Қазақстанда білім саласы нашар, «біз көмектесейік» – дегенің Ахмет Дағдуран мырза, қай сасқаның? Қазақтың суын ішіп, ауасын жұтып отырып осы сөз аузыңнан қалай шықты? Мұндай оғаш сөздермен, біздің Қазақстан білім жүйесіне қара күйе жағуға, сізді кім мәжбүрледі?  Өзіңіз су ішкен құдыққа өзіңіз түкіріп сізді не қара басты?

Рас, осындай кемсітіп айтқан сөздеріңе, жалаларыңа көніп жүрген біз момын, сабырлы халықпыз. Әйтпесе басқа мемлекеттерде мұндай өрескел жалаларды айтқан адамды соттап, есекке теріс мінгізіп жіберер еді. Әйтпесе, айналайын-ау, ҚТЛ-ны айтпағанда, біздің тамаша мектептерімізді бітірген небір ұлы ғалымдарымыз, қоғам қайраткерлері мен сенатор  азаматтарымыз бар. Оның ішінде бүкіл әлемге әйгілі Елбасымыз Н.Назарбаев та өзіңіз түкке тұрғысыз етіп тастаған қазақ мектебін бітірген.

«Құрметті президентіміз Тайып Ердоғанға  айтарым: Құдай үшін Қазақстанда мектеп ашыңыз!» деген бұйрыққа пара пар сөзіңіз не Ахмет мырза? Ол сізге президент болғанымен, бізге басшы емес.  Біз тәуелсіз елміз,  мұндай мәселені өзіміз шешеміз. Сырттан біреу айтты екен деп, әппай тақсыр дейтін кезеңнен өтіп кеткенбіз.  Соны есіңізден шығармаңызшы? Сосын біз ондай мектепке зәру емеспіз шындығына келсек.

Бізде әлемдік инновациялық, зияткерлік мектептер бар (Зерде, Дарын, т. б) сондықтан Ахмет мырзаға есеп беріп ақталудың қажеті  шамалы.. Көзі қарақты оқырман мына мақаладан өз елінде ойран салып, басқа елдердегі еңбегі әлемге танымыл болған өз бауырларының берекесін алып, олардың ашқан мектебін жауып орнына мектеп ашса  қандай болатынын пайымдаса болғаны.

Менің Ахмет мырзаға айтарым:  Егер мектеп ашқыш болсаңдар, оларды өз елдеріңде ашыңдар. Біздің елде не шатақтарың бар. Ахмет мырзаның мақаласын оқып отырып мынадай ойға келдім. Білім саласындағы осы азаматтың мақаласы жанымды түршіктірді!    Біздің елдегі  мұғалім түрік ағайындардың обалы кімге екені енді белгілі болды..! Оларға жасалып жатқан «шабуылдың» бірі осы мақала екені даусыз. Амалдың жоқтығынан қолыма қалам алдым. Өз бағасын ширек ғасыр ішінде алып, әлемге әйгілі болған мектептерді осынша даттауы, ол аз десеңіз елімізді бейшара етіп көрсетуі көп нәрсені аңғартпай ма? Сөзім дәлелсіз болмасын деген ниетпен мақалама, жоғарыдағы  Ахмет мырзаның жазған мақаласының сілтемелерін қойдым. Оқыған адам ақ пен қараны, жала мен даттауды өзі-ақ  ажыратып алар…

Мен ұстазбым, анамын, адаммын, сондықтан бұрынғы ҚТЛ –ға қара күйе жағылып жатқанда шыдап отыра алмадым. Жалғандықты көріп тұрып үндемей қалу арға сын. Адамшылықтан аттап, ар мен ұятты жиып қойып, боқ дүние үшін, сауап пен әділдікті белден басу мұсылман баласына жат қылық емес пе еді? Біз қайда барамыз осы?! Ахмет мырза, сенің не ойлағаның бар?

Түйін:

Жалпы қазақта «Жаман үйді қонағы билейді» деген мақал бар. Менің ойымша, Ахмет Дағдуран секілділер қазақтың нанына тойып алып, елімізге өздерінше үстемдік жасамақшы. Ахмет мырза егер қай жерде тайраңдап жүргенін білмей, аузына келгенін көкіп жүрсе, оны тәубесіне түсіру керек деп ойлаймын. Әнеубір кездері Түркияның Қазақстандағы елшісі ҚТЛ жайлы өрескел, тәйтік пікірін айтып жіберген. Қалың ел шулап, ол әңгіме біздің билікке жеткен соң ғана барып райынан қайтып, «аудармадан қате кетіпті, байқамай қалыппыз» деп, кешірім де сұрамай, сүйкей салды айта салды. Сондай жауапты орында отырып, сондай жауапсыз сөз айтуға болмайтынын ол қалай ғана байқамай қалды екен? «Айтылған сөз — атылған оқ» демекші, олардың байқап-байқап, шаңыраққа қарап сөйлегенін қалар едім. Біз елімізге адал жұмыс істеп жүргендерді шеттеткенше, осындай арандатушы Ахмет Дағдуран сияқтыларды өз орнына қойып, тыныш жүруді талап етуіміз керек! Тіпті елден аластатып, өзгеге сес көрсетіп қойсақ та артықтық етпес еді.  Өйткені мұндай «мырзалар» күні ертең Қазақстан туралы да оспадар ойлар айтып жалт беруі бек мүмкін. Өзін аямаған, өзгенің бетін даладай қылады деген бекер айтылмаған сөз. Сондықтан дәлелсіз сөз айтуға шебер адамнан бәрін күтуге болады.

ҚР Еңбек сіңірген қайраткері Сәуле Мешітбайқызы

Abai.kz

7 пікір
тТт 2017-09-09 15:21:11
Ахмет Дағдуран терең дағдарыста жүрген дурак сияқты.
Сол жерде жүрген бір жас 2017-09-09 12:42:56
Танимын, дәл айтқандай адам. Ол өзі басқарып отырған жердегі біраз былықты көргем. Біздің құзырлы органдарға алтын сырға.
сол керек өзімізге 2017-09-09 11:14:02
Түбі бір түркіміз мүркіміз деп түріктерді басымызға шығарып қойған өзімізден іздейік кінәні.
Бір қазақ 2017-09-08 23:55:06
Алла разы болсын сізге Сәуле Мешітбайқызы
пенсионер 2017-09-08 21:25:27
Қаңғырып тамағын асырап жүрген шетелдіктерді тайраңдатып басымызға шығарып алдық. Енді бұлар бізге қалай жүріп тұруымызді үйретпек.
Серік 2017-09-08 17:00:08
Мынау Сұмдық қой! Ахмет Дағдуран сияқтыларды өз орнына қойып, тыныш жүруді талап етуіміз керек! Бұлар өстіп жүріп екі ел арасына салқындық тудыруы мүмкін.
Руза 2017-09-08 13:48:53
Қосыламын, Сәуле апай!

Үздік материалдар

Рухани жаңғыру

Қанат Әбілқайыр. Қарыз бен Парыз

Abai.kz 10108
Қауіп еткеннен айтамын

Қазақстанда жүрген қытайлар кімге сүйенеді? 

Н.Қошаманұлы 18247