Жұма, 17 Мамыр 2024
Ақордадағы кездесу 16324 6 пікір 10 Қыркүйек, 2017 сағат 12:20

Ердоған Астанада. Мьянма геноциді мен мұғалімдердің қудалануы

Сөйтіп Қазақстанға Түркия Президенті Режеп Тайып Ердоған келді. Ол Елордада өтетін Ислам елдері саммитіне қатысады. Саммит өтерден сәл ерте келген Ердоған қазақ көшбасшысымен кездесіп, бірқатар мәселелерді талқылады.

Бұл Режеп Тайып Ердоғаның Қазақстанға бірінші мәрте келуі емес. Президент Нұрсұлтан Назарбаевты ерекше құрметтейді.  «Түркі елдерінің ақсақалы» деп айдарлы ат тағып, арқасынан қағып жүр.

Ердоғанның елімізге келуі туралы қоғамда түрлі пікірлер айтылып, жазылып жатыр. Дейтұрғанмен, Ердоғанның Қазақстанға келуіндегі басты миссия қандай? Түрік Президенті бұл жолы да қазақ-түрік лицейлерін жабуды, Түркия билігінің құзыретіне тапсыруды сұрай ма? Әлед басқа жайттарды сөз етпек пе? Түркия Президентінің бүгінгі саяси портреті қандай? Біз, міне, осы мәселелерге тоқталамыз.

Мьянмадағы геноцид пен Түркиядағы қудалау

 «Dailysabah.com» агенттігінің ақпаратына сүйенсек, Түркия президенті Режеп Тайып Ердоған Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаевпен Мьянмадағы қанды қырғынды талқылайды.

«Президент Режеп Тайып Ердоған Президент Назарбаевпен Мяньмадағы жантүршігерлік жайтты және Гүленнің террорлық ұйымымен (FETÖ) бірлесіп күресуді талқыламақ», деп жазады түрік басылымы.

Иә, Мьянма билігі Рохинджа мұсылмандарын қуғын-сүргінге салып, ақырында 400-ден астамын өлтіріпті деген ақпарат жария болысымен, Түркия Президенті Мьянмадағы жан түршігерлік оқиғаны геноцид деп танитынын ашық жеткізді. Маяньма Одағымен көршілес қоныстанған  Бангладеш билігіненен рохинджалықтарға босқын ретінде баспана беруді сұрап, бұл үшін ақы төлеуге әзір екенін де айтты.

БҰҰ-ның өзі бір ауыз «ләм-мим» демей, тілдерін тістеп отырғанда Ердоғаның бұл «ерлігі» халықаралық БАҚ-та қызу талқыланып жатты.

Міне, «Тheguardian.com» басылымы жазды. Түркияның Сыртқы істер министрі Мевлүт Чавушоглы Бангладеш билігіне қарата айтқан сөзінде рохинджа мұсылмандарын қабылдайтын болса, шығынды Түркия өтеуге әзір дегенді жеткізді.

Рохинджада 120 мыңдай адам бар. Оларға Мьянма билігі азаматтық берген жоқ. Босқын да емес. Бірақ, босып жүр. Оларды Бангладеш билігі шекарасынан кіргізсе, ақысын шын мәнінде Ердоған төлей ме? Бұл да қызды-қыздымен айтылған сөз болуы әбден мүмкін.

Анығында Түркия Президентінің өзін мұсылмандардың қамқоршысы образында көрсетуі – Ислам мемлекеттері ішінде лидерлікке ұмтылыс деп бағалауға әбден болады.

Айтпақшы, Мьянмада «бейбіт» басқарушысы Аун Сан Су Чжи елдегі қудалауды, қырғынды түсіндіріп, БАҚ-қа пікір білдірді.

«BВС.com» ақпаратына сенсек, Нобель сыйлығын алған Мьянма басшысы телефон арқылы Режеп Тайып Ердоғанмен сөйлесіп,Үкімет Ракхайн штатындағы әр адамды қорғап отырғанын айта келіп былай дейді:.

 - Адами құқықтардан айырылу, демократиялық тұрғыда қорғау дегендердің не екенін біз бір кісідей, тіпті, көбінен жақсы білеміз. Сондықтан да біз елдегі барлық адамдардың құқығы қорғалуын, саяси ғана емес, әлеуметтік және адами тұрғыда қорғалуын қадағалаймыз.  (Сан Суу Чжи: Ms Suu Kyi is quotedassaying: "We know very well, more than most, what it means to be deprivedof human right sand democratic protection).

Сондай-ақ, Аун Суу Чжи елдегі жайттарға қатысты әлемдік БАҚ-та дезинформация жасалып жатқанын да мәлім етті.

Бұл Режеп Тайып Ердоған мырза мен Нобелі бар басшының арасында болған әңгіме.

Рас, Ердоғаның жоғарыдағы жасаған қадамы қалтқысыз-ақ. Ал нақты әрекет қане? Оны уақыттың еншісіне қалдырдық.

Дегенмен, әділдігін айтсақ, Мьянмидегі қан-қасапты  діни алауыздықтан гөрі этносаралық қақтығысқа жатқызған дұрыс болар. Себебі, Аракандағы алауыздық екі тараптың жерге таласынан басталған. Біз Мьянми билігін ақтамаймыз. Қарулы билік пен буддист-террористердің қудалауына рохинджа халқы ұшырады. Осы жерде Ердоған мұсылмандарды құтқарушы кейіпте жалт ете қалды.

Қудалау демекші парадокс. Мьянми мұсылмандарын құтқарушы Режеп Тайып Ердоған Түркия мұсылмандарын неге қудалауда?

Тайып Ердоған 2016 жылғы «төңкерістен» кейін 100 мыңнан астам адамды қызметінен қуып, ондаған мың түрік азаматын түрмеге жапты. Оларға тағылған айып – Ердоған билігіне қарсы шығу, төңкеріс жасау. Қазіргі таңда Билікті төңкеріп тастай алмаған төңкерістен кейінгі тазалау процессі кезінде Түркия барлау қызметінің 87 қызметкері жұмыстан шығарылды. Оның 52-сіне қатысты қылмыстық іс қозғалды. Тағы 141 қызметкерге қатаң сөгіс жарияланды.Анкараның шешімімен 100 мыңнан астам полиция, әскер және мемлекет қызметкері жұмыстан шығарылды.Күні бүгінде Түркия түрмелерінде 17 мың әйел, 568 баланын отырған көрінеді. Бұл нақты дерек. 17 мың әйелдің төңкеріске қандай қатысы бар?Білім және ғылым Министрлігінде 15 мың 200 адам жұмыстарын тоқтатуға бұйрық алды. Ал жекеменшік ұйымдарда 21 мың мұғалім қызметтік лицензияларынан айрылды.Ішкі Істер Министрлігі, орталық және провинциялық ұйымдарында барлығы 8 мың 777 адам қызметтерінен аластатылды.Жоғары соттың (Яргытай) 140 және Мемлекеттік кеңес (Даныштай) 48 мүшесі жөнінде де тергеу басталды. 2 мың 745 судья, әкімшілік сот пен прокурорға қатысты да қамауға алу шешімі шығарылды.

Жоғарыдағы цифрлардан нені аңғардық? Бұлар Ердоған афторитаризміне қарсы шыққандар. Қара тізімдегілер. Ең қызығы – мұсылмандар. Геноцидпен қуғын-сүргінге жаны қас Ердоған өз елінде осыншама адамды қудалау саясатын күні бүгінге дейін жалғастырып келеді. Сонда, Ердоған мұсылмандарды қорғаушы ма, әлде керісінше ме?

Түрік лицейіндегі түріктерді қудалау саясаты 

Мьянмиге оралайық, мұнда 20 жылдан бері жұмыс жасап келе жатқан «түрік лицейлері» бар. Иә, Ердоған түнгі түсінде «әзірейіл» кейіпінде көретін - Фетхуллах Гүленің қатысы бар дейтін түрік лицейлері.

«HORIZON International school» (қазақшаға қотарсақ, Көкжиек Халықаралық мектебі болады) деп аталатын бұл мектептерде түрік азаматтары оқытушылықпен айналысқан.

«Frontiermyanmar.net» сайтында «HORIZON» мектебіне түрік оппозициясымен байланысы бар деген күдік бойынша тексеру жүргізілгені жазылды.  Мьянмидің білім министрлігі арыз жазып, «террористік топпен байланысы бар» деген күдік бойынша тексеріс жасалған (Alleged links to ‘terrorist organisations’ prompted the Ministry of Education to file a case against the international school for not having a licence, even though it is not eligible for a school licence under Myanmar law.The case appears to stem from the international school’s alleged links to Turkey’s opposition movement.)

Міне, гәп қайда жатыр. Түрік оппозициясымен байланысы бар деген күдікті Анкара айтып, Мьянми билігі тексеріс жасайды.

Сол «Frontiermyanmar.net» сайты «2016 жылғы Түркиядағы болмай қалған төкерістен кейін Мьянми полициясы тексеріс жасаған.Бұл оқиғадан кейін (2016 жылғы төңкеріс әрекетін айтып отыр) Ердоған саяси оппоненттерін, әсіресе АҚШ-та тұратын Фетхуллах Гүленмен байланысы барларды қудалай бастады» , деп жазады (The investigation was launched by Myanmar police shortly after a failed coup against Turkish President Recep Tayyip Erdogan in July 2016. The coup attempt prompted Erdogan to launch a massive crackdown on political opponents, particularly those linked to Fethullah Gülen, a US-based cleric.).

Ол ол ма, «turkeypurge.com» сайты таратқан ақпаратта, Ердоған билігі Гүленмен байланысы бар деген 120 мыңдай адамды тұтқындағаны жазылды (Turkey has already detained more than 120,000 people over their alleged or real ties to the movement at home before spreading its crackdown to overseas.). Movement– қозғалыс деп отырғаны (FETÖ) болса керек. Осы тұста айта кету керек, былтырғы жылғы болмай қалған «төңкеріс» картинасынан кейін Түркияда «дабыл» режімі әлі алынған жоқ. Түркия билігіндегі көп қадам Конституция емес, қаулы арқылы жүзеге асырылып келе жатыр.

Түрік (мұсылман) мұғалімдерінің жанайқайы

Мьянми билігімен келісімге келген Режеп Тайып Ердоғанның ықпал етуімен түрік оқытушылары Түркияға депортацияланды. Ал онда мұғалімдер түрмеге қамалуда. Бұл Мьянмидегі мұғалім Мұхаммед Фуркан Сөкмен. Мұхаммедтің жанайқайын өздеріңіз тыңдаңыздар: https://turkeypurge.com/teacher-detained-in-turkey-after-forcibly-returned-from-myanmar-thailand

«Осы бір тамаша мерекенің күнінде анамнан айырылып қалдым. Топырақ салуға мүмкіндік бермеген залымдарға раббымның Қаһар атын айтамын!». Бұл да бассауғалап жүрген түрік мұғалімі Ахмет Чакырдың «Фейсбук» желісіндегі жазбасы.

Иә, Режеп Тайып Ердоғанның Қазақстанға әр келуіндегі басты миссиясы қазақ-түрік лицейлерін жабу, ондағы түрік мұғалімдерін қудалау екенін екінің бірі біледі. Өйткені, Ердоған мырза әр келгенінде осы мәселені сөз етеді.

Тіпті, Президент Назарбаев бұл оқу орындарын тексеруден өткізетінін, егер Қазақстан заңына қарсы қандай да бір белгі анықталатын болса, дереу жауып тастайтынын айтқан. Нәтижесінде, «тексеріс жасалып, Қазақстан Заңына қайшы еш әрекет анықталмағанын, оқу ҚР Білім министрлігі бағдарламасы бойынша жүргізіліп жатқанын» айтты ("Согласно проведенной нами проверке, никаких казахстанских законов они не нарушали. Программа обучения составляется на основе учебной программы Министерства образования РК", - сказал Назарбаев.»). Бұл туралы «timeskz.kz» жазды.

Оның үстіне, қазір бұл мектердің атауы өзгертілді. «Білім» инновациялық мектептері. ҚР Білім және ғылым министрлігіне қарайды. Қазақ-түрік мектептерінің негізін Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев пен Түркияның бұрынғы Президенті Тұрғыт Озал бірге қалаған еді. Қазақстанның білім беру ісіне елеулі үлес қосқан бұл мектептерге Ердоғанның шүйлігуін түрік лицейлерін Ердоғанның атышулы ұлы Біләл Ердоған басқаратын «Маариф» қорының меншігіне өткізу әрекетімен байланыстыруға болады.

Бірнеше айдан бері, ҚТЛ-дегі (Білім және инновация лицейлері) ұстаздардың басына түскен қиын жағдайлар туралы ардагер ұстаз, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Сәуле Мешітбайқызы жазды (http://abai.kz/post/58750).

Осыдан тура 1 жыл бұрын Режеп Тайып Ердоған мен Нұрсұлтан Назарбаев кездесті. Сол кездесуде Елбасы «Қазақстанда жұмыс істеп тұрған мектептер – біздің мемлекеттің мектептері. Бұл мектеп оқушылары Қазақ, орыс, ағылшын және түрік тілдерінде білім алады. Мектептерде жұмыс істейтін оқытушылардың 90 пайызы Қазақстан азаматтары және тек 8-9 пайыз оқытушылар Түркиядан балаларын оқыту үшін келеді.

Ол мектептерде білім беру сапасы өте жоғары. Білім алатын 9 мың баланың бірнеше мыңы әлемдік олимпиада, байқаулардың жеңімпаздары, олардың барлықтары университеттерге түседі» деді.

Ендеше, Түркия Президентінің Қазақстанның меншігіндегі мектептің білім жүйесіне қол сұғуы қалай?

Қазіргі таңда Түркия Президенті жүргізіп отырған сыртқы саясатқа тоқталсақ, Түркиямен тату саясат ұстанып отырған санаулы  мемлекеттің бірі – Катар. Еуропа одағымен екіжүзді саясат ұстанады. 2006-2007 жылдары Еуропаға интеграция жасап көрді. Демократиялық жолға түсуге тырысты. Экономикалық, құқықтық реформалар жасады. Қазір Ердоған Еуразиялық интеграцияға ауысты.

Ресеймен екібастан алауыз болып келді. Арадағы ұшақ дауынан кейін Президент Назарбаевтың бітімгерлімен тынышталды.

АҚШ-Түркия қарым-қатынасы қырықпышақ. Әсіресе, АҚШ 2013 жылғы жемқорлық операциясына қатысы бар Реза Заррабты қамап, Ердоғанның ең сенімді адамдарының бірі, Түркияның экс-экономика министрі Мехмет Зафер Чаглаянға қатысты Нью Йорктің оңтүстік округінің прокуратурасы қылмыстық іс қозғады. Түрік-иран кәсіпкері Реза Зарраб пен Түркиялық 9 шенеунік аса ірі көлемде АҚШ ақшасын Түркия арлықы Иранға аударумен айналысқан. Бұл үшін Мехмет Зафер қомақты сыйақы алып отырған.

Ал Режеп Тайып Ердоған болса, бұл іске қатысты мәлімдеме жасап, «АҚШ жақтан бұл іске қатысты өте жағымсыз иістер сезіліп жатыр. Бұл жерде мен ашық айтамын, ескі экономика министрімізге тағылған бұл айып, бүкіл Түркия жұртына тағылған айып» ("Burada bizim eski ekonomi bakanımıza yönelik atılan bu adımı açık söylüyorum ben Türkiye Cumhuriyeti'ne yönelik bir adım olarak değerlendiriyorum. Şahsına yönelik bir iddiayı ortaya koyabilmiş değiller" dedi.). деді (http://www.cumhuriyet.com.tr/haber/siyaset/819330/Erdogan_dan_Zafer_Caglayan_aciklamasi__Cok_pis_kokular_geliyor.html). 

«Cumhuriyet.com.tr» таратқан бұл ақпаратта Ердоған мырзаның АҚШ айыбын саяси деп бағалаған.

Кәсіпкер Реза Заррабқа Иранмен келісім жасап, Түркия саясаткерлеріне пара ұсынып, бәсекелестерін тықсырып отырған деген айып тағылған. Заррабтың парасын алғандар қатарында Түркиядағы ең ірі «Halkbank»-тің бас директоры болған Сүлейман Аслан, экс-экономика министрі Зафер Чаглаян, ІІМ министрі болған Муаммар Гүлер, Еуринтеграция министрі болған Егемен Багыш бар. АҚШ бұл азаматтардың «жемқорлық операциясы» кезінде әшкереленгенін айтты. Дәл сол жемқорлық операциясы мен «Үлкен пара» ісінде Ердоғанның ұлы Біләл Ердоғанның да есім-сойы елге белгілі болған.

Бұл туралы тіпті, Түркияның Халықтық-республикалық партия (СНР) жетекшісі Кылычдароглы мәлімдеме жасап, Түркия билігін айыптады.

«Аяқ киім қорабына жасырылған долларлар кімнің үйінен табылды? Есептік машиналар кімнің үйінен табылды? Кінәсіз адамдардың ба? Жоқ, сендердің үйлеріңде болды. Өздеріңнің лас істерің әшкере болған соң, тазалау операциясын бастадыңдар. Сендер есе қайтарып жатырсыңдар», деп Түркия билігін айыптады.

Түркия билігі Германиямен де тату-тәтті дей алмаймыз. Режеп Тайып Ердоған мырза, алдағы болатын Германиядағы сайлауда, ондағы түрік азаматтарына үндеу жасап, «Біздің дұшпандарымызға дауыс бермеңдер» дегенді айтты.

Бұл Режеп Тайып Ердоғанның сыртқа саяси жүрістерінің бірсыпырасы ғана. Тұрақты емес. Бұл жағын да ескерген абзал. Осындай сыртқы саясаты бар Мемлекетке, Түркия емес, Ердоған саясатына сенуге бола ма, жоқ па?

Түйін. Түйіндеу сізден болсын. Қазақ пен түріктің туыс елдер екені айтпаса да түсінікті. Қазақстан Тәуелсіздігін алғаш болып мойындаған түрік жұртында «78 миллион қазақ» бар екенін Ердоған да, Давутоглы да айтты. Қазақстан-Түркия арасындағы экономикалық ахуал көз толтырарлық емес, әрине.  26 жылда сыртқы сауда айналымы – 3,5 миллиардтан асқан жоқ.

Ал рухани байланыс көп қызығарлықтай екені шындық. Қос елдің арасындағы мәдени-рухани байланыс күн санап нығайып келеді.

Ал саяси байланысқа тоқталсақ, өткен жылғы Түркия-Ресей жанжалына бітімгерлік айтып, дүрдараз болған екі елді татуластырған – Президент Назарбаев. Бұны Ердоғанның өзі айтқан. Режеп Тайып Ердоған қазақ көшбасшысын аға тұтады.

«Oncevatan.com.tr» сайты былтыр «Түркия-Ресей дауындағы Назарбаевтың рөлі» атты мақала жариялады. Онда Қазақстанды «Азияның жарқыраған жұлдызы» деп сипаттай келе, Түркі Әлемі мен жаһандық саясаттың шебер саясаткері ретінде деп баға берді. Түрік-орыс қатынасын жақсартуындағы рөліне арнаулы тоқталған газет, ҚР Президентін «әлемнің ең белсенді 10 лидерінің арасында» деп жазды.

Арамыз тату. Сәлеміміз түзу. Осы атмосфераны бұзатын  Режеп Тайып Ердоғанның жазғыз қалауы – қазақ-түрік мектептері. Гүленмен жауластық Ердоғанның Халықаралы қсаясаттағы беделіне үлкен дақ түсіріп жатқаны анық. Оған ең бірінші Ердоғаның өзі кінәлі екені тағы анық.

Режеп Тайып Ердоған үлкен саяси қадамдарды еңсеріп, Түркияның парламенттік басқаруын президенттік басқаруға ауыстырып, премьерліктен президенттікке өткен әккі саясаткер. Қызба қанды. Бұрқ-сарқ етіп қайнап, тасып алатыны тағы бар. Дейтұрғанмен, ол саясаткер.

«Ердоғанның тарихи үлкен миссиясы бар еді, ол кезінде қудалауға түскен ислам дінін ататүріктік идеямен  қабыстырып, Түркияның жаңа замандағы жаңа модернизациясын жасаған екінші Ататүрі кболатын мүмкіндігі бар еді. Шынынайту керек, дәл бүгін жүргізіп жатқан саясаты, билік құмарлығы, өзінен басқаны адам санамауы, билеуші таптың монополиясын орнату саясаты жалғаса берсе, Түркия заман көшінен 20-30 жылға кешігіп қалуы ғажап емес. Ол болашақта жаңа төңкеріске, бүгінгідей ол жасанды немесе күмәнді емес, шынмәніндегі үлкен төңкеріске апаруы мүмкін»дейді қазақ саясаткері Айдос Сарым.

Бұл Режеп Ердоғанға берілген саяси баға. Ал біз тек мынаны айтқымыз келеді. Режеп Тайып Ердоған Мьянми мұсылмандарын қорғайтынын айтты. Біз түрік мұғалімдерін бейберекет қудалаудан арашалауды жөн санаймыз. Өйткені бұл адамгершіліктің ісі.

 

Нұргелді Әбдіғаниұлы

Abai.kz

 

http://abai.kz/post/55694

https://frontiermyanmar.net/en/horizon-in-hot-water-over-alleged-links-to-turkish-opposition

https://turkeypurge.com/teacher-detained-in-turkey-after-forcibly-returned-from-myanmar-thailand

https://timeskz.kz/17386-nazarbaev-poobeschal-erdoganu-proverit-tureckie-licei-v-kazahstane.html

http://abai.kz/post/58750

http://www.oncevatan.com.tr/guncel/turkiye-rusya-barisinda-nazarbayevin-rolu-2-h95150.html

https://www.youtube.com/watch?v=m_3Jw5SL-s8

6 пікір

Үздік материалдар

Құйылсын көшің

Бас газет оралмандарға неге шүйлікті?

Әлімжан Әшімұлы 2120
Әдебиет

«Солай емес пе?»

Ғаббас Қабышұлы 2529
Қоғам

Дос көп пе, дұшпан көп пе?

Әбдірашит Бәкірұлы 2245
Ел іші...

Ұлттық бірегейлену: Қандастардың рөлі қандай?

Омарәлі Әділбекұлы 1637