Дүйсенбі, 23 Желтоқсан 2024
Асқанға - тосқан 10686 10 пікір 21 Қыркүйек, 2017 сағат 16:05

Қырғыздағы сайлау қарсаңында Астана мен Мәскеудің пікірі екіге жарылды

Біз кеше қырғыз жұртындағы президенттік сайлаудың қарсаңындағы қарбаласқа толы науқан туралы жаздық. Алатаудың арғы бетіндегі біртуғандардың Бабанов дейтін баласы Алматыға келіп, үлкен саясаттың үлкен ақсақалынан бата алып кеткені туралы аз-кем әңгімеледік.

Қырғызстанда президенттік сайлау қазан айында өтеді. Қазір сайыскерлер сайлау алды үгіт-насихат жұмыстарымен ел-елді, жер-жерді аралап жүр.

Қырғыздағы сайлау саясаты

Тәуелсіздіктің 26-жылында бесінші Президентін сайлайтын айыр қалпақ ағайын өз кандидаттарын жақсы таниды. Бірі – фракция депутаты, бірі – бұрынғы премьер-министр, енді бірі – бизнестің өкілі.

Тегінде, Манас жұртының Мемлекет басқарған мырзалары тақтан не өзі кетеді, не халық кетіреді.  Бұл тәжірбиенің нәтижесі заманауи қырғыз елінде демократиялық мемлекет қалыптастырды. Билікті меншіктеп алу, авторитарлық жүйе жасау, тақты мұрагерге тапсыру, билікті маргиналдардың монополиясына айналдыру секілді пост-кеңестік елдердің кейбірінде орныққан ахуалдан айыр қалпақты ағайынымыз осы алыс кеткен.

Асқар Ақаевты Мәскеуге қуды. Құрманбек Бакиевті Беларуссияға қашырды. Уақытша ел басқарған Роза Отынбаева мен Өмірбек Текебаев тандемі билікке Алмазбек Атамбаевты әкелді. Алмаз байке табандап тұрып 6 жыл ел басқарды. Енді болмайтынын іші сезсе керек, өз еркімен сайлаудан бас тартты.

Сайлау сайлаудай-ақ өтер. Қырғыз жұрты өз үміткерін таңдай жатар. Дейтұрғанмен сыртқы саяси факторлардың ықпалы туралы ұмытпаған жөн. Сыртқы күштерге Қырғызстанды кім басқаратыны маңызды. Сыртқы саяси ықпал – Қырғызстанның келешектегі интеграциялық әріптестігі үшін қажет болса, ықпал етуші күштер үшін –  саяси бәсеке. Орталық Азиядағы елдерге ықпал етуші рөлге талас астыртын жүргізіле бастады. Яғни, саяси бәсеке басталды. Бүгін осы тақырыптың төңірегінде сөз қозғаймыз.

Қазір Қырғыздағы президенттік додада екі кандитат топ бастап келеді. Бірі – Қырғызстанның шоң олигархы, экс-премьер-министр Өмірбек Бабанов.

Сауранбай Жиенбеков – Атамбаевтың адамы

Бабановтың басты қарсыласы – премьер-министр Сауранбай Жиенбеков.

Бабанов туралы кеше кеңінен жаздық. Бар білген ақпаратымызды бөлістік. Ал оның негізгі оппоненті Сауранбай Жиенбеков туралы не білеміз?

Сауранбай Жиенбеков – Президент Атамбаев чемоданындағы кадр. Қырғыз Үкіметінің тізгінін ұстады. Ел-жұрттың есінде қатал әм талапшыл басшы ретінде көрінді. Сауранбек  Жиенбеков өз қарамағындағы министрлерді үлкен жиындардан ес алдырмай есіктен теуіп шығаратын әдетімен есте қалды.

Социал демократтардың партиясында тізімделіп тұр. Бабановқа қарағанда Жиенбековті саясаткер санатына жатқызуға болады. Ол Қырғыздың Жоғарғы Кенешінде депутат болды, Ауылшаруашылық министрлігін басқарды. Ош қаласында губернатор болды. Одан Үкімет мүшесі болып сайланды. Қырғыз Республикасы Президент аппаратының жетекшісі болып та көрді. Үкіметті тізгіндеді.

Енді Социал демократиялық партия атынан Президенттікке кандидат болып тіркелді. Жәй кандидат емес, таққа таяу тұрған екеудің бірі. Айта кетейік, СДП – Алмазбек Атамбаевтың партиясы.

Алмазбектің айласы Қырғыз тағын астыртын билеу ме?

Әуелде жұрт Қырғыздың келесі Президенті түрмедегі Текебаев болады деп күткен. Ол үшін Текебаевтың тегеуріні де, саяси ықпалы да,  жетерлік еді.

Аяқ астынан жау тапты. Онысы – кезінде уақытша Үкіметті басқарып тұрған Отынбаева екеуі ортаға алып сүйреп жүріп қырғыз билігін ұстатқан Алмазбек Шаршенович болып шықты.

Текебаев пен Атамбаев текетіресі – 2016 жылғы Қырғызстандағы Егемендік мейрамы кезінде басталған. Бішкектегі бас алаңда Отынбаева мен Текебаевтың уақытша үкіметін теріске шығарып, Текебаев басшылығымен жазылған Конституцияны өзгертетінін айтқан еді Атамбаев. Ол ол ма, уақытша үкімет мүшелерін сыбайлас жемқорлықпен айналысты, туысқан-туғандарына жағдай жасады деп айыптаған болатын. Міне, жанжал осыдан тұтанды.

Рас, ақпараттық майданда Өмкең Атамбаевты жеңді. Бұлтартпас фактілермен төпелеген Текебаевқа тіс батырудың жалғыз жолы – қолдағы көзірді пайдалану екенін жақсы түсінген Алмазбек Атамбаев Өмірбек Текебаевтың сайлаудағы жолын кесті. Түрмеге жапты.

Ал Жиенбеков – жұмыстың адамы. Идеолог емес. Сонда Атамбаев Жиенбековтің қолымен қырғыздағы өзі бастаған реформаларды әрмен қарай жүргізе бермек пе? Саясаткерлер сөйдейді.

«Мен сайлауға қатыспаймын. Мұрагер де қалдырмаймын. Келесі Президенттің кім болатынын да білмеймін. Оны қырғыз халқы сайлайды», – деп жұрт алдында ақтарыла сөйлеген Атамбаевтың айласы әшкере болды. Ол президенттікке үміткер, өзінің партияласы, қол астындағы қызметкері, үкіметін басқарған Жиенбековті қолдайтынын байқатты.

Атамбаев Сочиге не үшін барды?

Президент Атамбаев бірнеше күн бұрын Владимир Путинмен Сочиде кездесіп, қырғыз-орыс қарым-қатынастарын талқылап қайтты. Сочиде Ол Кремльдің қолдауына жүгінді дейді саясаткерлер.

Әрине, келер айда болатын Президент сайлауы сөз болғаны анық. Ол туралы ресми БАҚ жөнді ақпарат таратпағандықтан, анық-қанығын айта алмаймыз. Дейтұрғанмен, екі Президенттің ендігі айда болатын сайлау туралы сөйлеспеуі мүмкін емес.

Әу баста орыс тілінің мұғалімі болып қызмет еткен Сауранбай Жиенбековке Кремльдің көзу түзу. Премьер-министр болып жүріп Сауранбай Жиенбеков өзіне керекті ұпайды жинады.

Иә, Кремль Жиенбековті қолдауы әбден мүмін. Оның басты қарсыласы Өмірбек Бабанов туралы айтқан Текебаев Өмірбек Бабановтың кандидатурасын Кремль құп көрмейтінін емеурінімен білдірген болатын.

«Өмірбек Бабановқа Мәскеудегі кейбір шенеуніктердің көңілі толмайтыны туралы сыбыстар тарап жүр», -дейді ол.

Расында ЕАЭО мәселелері екібастан сылтау еді. Антураж. Бішкектегі саясаткер Марс Сариев Атамбаевтың Сочиге жасаған сапарын Путинді көндірудің соңғы қарекеті деп бағалапты.

«Мәскеудің қазіргі нейтральды позициясы СДП кандидаты Жиенбековке көңілі толмағандықтан болуы да мүмкін. Атамбаевтың Сочиге келуінің сыры – Путинді көндіру», - дейді қырғыз саясаткері.

Осы кездесуден кейін «Спутниктің» қырғыз қызметіне сұхбат берген Владимир Путин Атамбаев пен оның командасы туралы айтты.

«Меніңше бұл айдан анық. Қырғызстан бұрынғыдан гөрі саяси мығым мемлекет болып қалыптасты. Саясаи да, экономикалық та әлеуеті мықты. Меніңше әрмен қарай да Атамбаев орнатқан осы базада жұмыс жасау керек», -деді Путин.

Осылайша, Атамбаевтың жолын жалғайтын кандитатты қолдауға Путин кетәрі емес екендігін аңғартты.

«Kyrgyztoday.org» сайты «Атамбаев Путиннен керекті «бата» ала алды ма?» атты мақала жариялады. «Әлбетте, Атамбаев пен Путиннің кездесуіндегі басты мәселе сайлау болды. Бішкек тарабы бұл кездесуді көп күтті. Атамбаевтың мираскері, яғни Атамбаев ұсынған кандидат жеңуіне кепілдік алу. Кепілдік алса Қырғызстанның Ресейге жақындасу, лоялды курс ұстануы секілді мәселелерді Атамбаев өз мойнына жүктейді. Бабановқа қарағанда Жиенбековтің кандидатурасы Атамбаевтың ойынын жалғастыруға қолайлы. Сондықтан Путинді осыған сендіріп келді. Одан кейін тағы бір мәселе – президенттік сайлауден кейін бейформальды лидерлікті сақтап қалуға Мәскеуден кепілдік алу», - дейді саясаткер Аркадий Дубнов.

Бабановты Назарбаев қолдады

Бұл кезде Өмірбек Бабанов үлкен саясаттағы үлкен ақсақалдың ақ батасын алу үшін Алматыға асығып жетті.

Президент Назарбаев маңызды кездесу өткізу үшін Алматыға арнайы келді. Бабановқа қолдау керек. Ол қолдауды алыс-жақын шетелден іздеуді жөн көрсе керек. Қазақстанға келді. Алматыда, Алатаудың етегінде Президент Назарбаевпен кездесті.

«Қазір Қырғызстан ел президентін сайлау науқаны алдында тұр. Бұл – кез-келген мемлекет үшін аса маңызды кезең. Мен Қырғызстанның тәуелсіздік алғаннан бергі барлық президенттерімен жемісті жұмыс жасауға тырыстым. Қырғыз халқы сенім білдіріп, жаңадан сайлайтын келесі Президентпен де өзара тиімді іс-қимыл қалыптастыратын боламыз», – деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Әрине, Қырғыз Республикасының ең жоғарғы билігінен үміткер Бабанов Назарбаевпен тектен-тек кездескен жоқ. Ақыл сұрайды, жол іздейді. Және қолдау көрсетуін қалайды.

Бұған наразы болған Қырғыз Үкіметі Қазақстанның Сыртқы істер министрлігіне наразылық нотасын тапсырды. «Қырғызстанның ішкі шаруасына араласып жатырсыздар. Сайлауға ықпал етіп жатырсыздар» деп, өкпелерін жеткізді.

Есесіне, Қайрат Әбдірахманов басқаратын министрлік ресми Бішкекке қарсы нота жіберді. Астана Бішкектің мұндай реакциясын екі ел арасындағы "одақтық қарым-қатынастар туралы шартқа түбегейлі қайшы келеді" деп сипаттайды. Президент Назарбаев көрші елдегі президенттікке кандидат саясаткермен кездесу арқылы сайлау процесіне ықпал етпек болды деген долбарды Қазақстанның сыртқы істер министрлігі "ойдан шығарылған тұжырымдар" деп атады. Ізінше, қырғыз жағы да өзінің артық кеткендігін айтып, ақтарылды. Яғни, "Бабановтың басқа елде мемлекет басшысымен кездесіп сұхбаттасуы Қырғыз Республикасыныі  "Сайлау туралы" заңына қайшы келмейді деді ресми Бішкек тарапы.

Қазақстан мен Ресей арасындағы саяси бәсекелестік

Қазақстан мен Ресей арасында экономикалық қарым-қатынастан бөлек саяси ойындар ойнала бастағанын осы жолғы Қырғыз сайлауынан анық көруге болады. Иә, Кремль мен Атамбаевтың кандидаты Жиенбековпен емес, оның басты қарсыласы Өмірбек Бабановпен кездескен Назарбаев, осылайша Кремльдің кандидатын қолдамайтынын білдірді.

Қызығы Атамбаев пен Путин кездесуі әдеттегідей Кремльде, Мәскеуде өткен жоқ, Сочиде болды. Назарбаев пен Бабанов кездесуі де Ақорданың ақ сарайында емес, Алматыда өтті.

Саяси ықпал ету – Орталық Азиядағы Президент сайлауында Ақорда мен Кремльдің арасында жүретінін көрдік.

Солтүстіктегі көршінің қас-қабағын бағып, көп жалтақтайтын Астана саясаты өзгере бастады. Пікір қайшылығы болса, онысын ашық білдіріп жүр. Мысалы, өткен жылғы Түркия-Ресей арасындағы ұшақ дауы кезінде де Астана Кремльдің позициясын қолдаған жоқ. Бейтарап позиция ұстанды. Ресейдің әскери жарағына мұқтаж Армения мен Әзірбайжан арасындағы Таулы Қарабақ жанжалында Ресей мен Қазақстан пікірі екі жарылғанын білесіздер. Ресей Арменияға жақтасатынын ымдап жеткізсе, Астана Әзірбайжанды ашық қолдап, Арменияны айыптады.

Енді, міне, Қырғыздың болашақ Президенті кім болады дегенде, екі тарап екі кандидатты қолдайтынын ептеп аңғартты. Бұл Кремль мен Ақорда арасында саяси бәсекелестік белең ала бастағынын ойға салса керек.

Сөйтіп Қырғыз Президенттігіне үміткер Бабанов пен Жиенбеков туралы білгенімізді айттық, Ал енді,  Назарбаевтың батасын алып кеткен Бабанов Президент бола ала ма? Жоқ әлде, Кремльдің қожайыны қолдаған Жиенбеков жеңе ме? Бұл сұрақтың жауабы алдағы қазан айында белгілі болмақ.

Нұргелді Әбдіғаниұлы

Abai.kz

10 пікір

Үздік материалдар

46 - сөз

Тибет қалай Тәуелсіздігінен айырылды?

Бейсенғазы Ұлықбек 1973