Сенбі, 23 Қараша 2024
Мәйекті 6825 0 пікір 2 Қыркүйек, 2015 сағат 15:51

ПӘРМЕНСІЗ «ПӘРЛӘМЕНТТІҢ» КЕРЕГІ НЕ?

Кеше үш айлық ұзақ демалысын бітіріп, оқушылар алтын-ұя мектебіне оралды. Құдая тәубе, өткен оқу маусымында бесінші сынып оқығандар алтыншы сыныпқа көшті, алтыншы оқығандар жетіге жылжыды. Сол оқушылармен жағаласа біздің депутаттарымыз да жазғы демалыстан оралып, «өз парталарына» қонжиды. Бірақ, олардың кешегі Парламенттің кезекті 5-сессиясын ашқан бес минуттық отырысына қарап, «сыныптан сыныпқа көшпей қалған» оқушылар көз алдымнан кетпей қойды.

Әрине, халық болып «қалап» сайлаған депутаттарды оқушыға теңегеніміз дұрыс емес шығар. Бірақ, бүгінде ұлық парламентіміздің ел алдында екімен оқитын үлгерімі төмен оқушыдай болсын қадірі қалмады. Сол екіліктен көз ашпайтын баланың өзі ата-анасына қолқабыс жасап, айналасына қылаудай болсын пайдасын тигізіп жатушы еді. Ал, біздің депутаттардың  не өзіне, не өзгеге қайыры жоқ. Бар бітіретіні – мәжіліс отырысына барып қатысу ғана. Охой, мәжілістегі, сенаттағы жиналыстарға қарасаңыз, жып-жылы пәш үстінде қалқайып отырған марғау мысық көз алдыңызға келеді. Монтиып, пысылдап отырғандары қандай әдемі. Сол марғау мысық бір мезетте (заң қабылданарда) шыбындаған атқа айналып, бас шұлғи жөнеледі. Болды. Жапатармағай қол көтеру, қол шапалақтау, бәрі керемет деп күпіну... Қазіргі қоғам депутаттың бар бітірер жұмысы осы деп ұға бастады. Ал, өзге елдерде ше? Депутаттар жан алып, жан берісіп, ұлттың, елдің қамы үшін қызылкеңірдек болып керісіп жатады. Олар сын сағат туса, елдің билігін өз қолына алуға қауқарлы. Оларға қарап, біздің Парламентті аяйсың... Оның абыройының аяқ астына қалғанына қынжыласың... «Мұндай Парламенттің қазақ еліне қажеті қанша?» деген сауал да сондай кезде көңіліңде көлденеңдеп тұрып алады.

Шындығында «ас ішіп, аяқ босатар» бұл Парламентті тарата салмаймыз ба? Соңғы он шақты күнде болған елдегі жағдайды қараңыз. Доллар кетті шарықтап... Теңге тұр, ауыр соққыдан теңселіп... Теңгемен бірге мемлекетіміздің тағдыры қылкөпірдің үстінде «ілдәлдалап» қалды (Теңгені таргаттаған күні айтқан Елбасымыздың сөзін есіңізге алыңыз http://abai.kz/post/view?id=4485).  Халқы ішерге ас, киерге киім таппай жалаңаштанудың аз алдында жоқшылықтың есігінен сығалап тұр. Мұндай сын сағатта Парламент Парламент екені рас болса, айбатына мінбей ме, айбарын көрсетпей ме?! Әгәрәки, бүгінгі Қазақстан саяси мәдениеті салтанат құрған қоғам болса, Заң шығарушы орган – Парламент Ұлттық банктің төрағасын тағынан тайдыруды һәм осы құнсызданудың алдын алуға дәрменсіз Үкіметті таратуды талап етіп, жер тепкілемей ме? Қайдам, «аш бала тоқ баламен ойнамайдының» керімен депутаттарымыз Парламенттің кезекті 5-сессиясын 5 минутта аша салып, түк білмегендей болып баспасөз өкілдеріне кезек-кезек сұхбат беріп жатты.

Бұл бір мысал. Бүгінгі Парламентімізді таратып жіберуге себеп боларлық мың мысал келтіруге болады.

Мәселен, Президент еліміздің саяси өмірін дамытуға арналған бес институционалдық реформаны жүзеге асыру қажеттілігін айтып, мәселе көтерді.

Парламентіміз бұған өз дәрежесінде қолдау көрсете алған жоқ.

Елбасымыз елді дамытудың 100 нақты қадамын ұсынды.

Парламентіміз мелшиген қалпынан айныған жоқ. Тек, кеше ғана депутат Айгуль Соловьева БАҚ өкілдеріне сұхбат беріп тұрып Парламенттің Жаңа жылдан бастап  100 нақты қадамға қарай қадам жасайтындығын айтып қалды.

Қазақ президенті президент билігін бөлу жайлы идеяны ортаға тастады.

Парламентіміз «президет билігін бөлу» дегеннің не екенін әлі ұғына алмады білем, бұл тақырыпқа тереңдеуге батылдары бара қоймады.

 Осы мысалдардың өзі біздің парламенттің саяси көшке ілесе алмай, артта қалғанын көрсетпей ме? Президенттің бастамаларына ілесерлік қауқары жоқ болсын делік, бірақ ел мен жердің, ұлт пен мемлекеттің жанайқайын тыңдауға, мемлекет мінберінен сол жайттарды талқылауға болады ғой.

Депутаттың билікке ықпал етуінің басты құралы – депутаттық сауал. Өйт­кені заң бойынша депутаттың са­уалына Үкі­мет те, барлық құзы­рет­ті орын­дар да жауап беруге міндетті. Қа­зір де­пу­тат­тық сауалдардың да қа­дірі кетті. Де­путаттарымыз ұсақ-түйек, болма­шы мәсе­ле­лер­ден арыға бара ал­май жүр. Негізі де­пу­тат­тар бір үйдің құбы­­­рының жа­рыл­ғанын, ша­­­тыры­­­ның бұ­зыл­ға­нын былай қойып, кешенді кесек-кесек мәселе­лер­ді көтеруі керек. Ол да жоқ. Қазіргіндей халық тағдыры қыл үстінде тұрған кезде пар­ла­менттік пікірталастардың қызғаны, жан­дана түскені дұрыс. Сонда ғана Үкімет те ши­рақ қимылдап, жөні түзу шешімдерге ба­ра­ды. Оған «белден кеткен» Парламентіміздің шамасы қайсы?

Біз бұған дейінгі шақырылымдардағы депутаттардың атын білуші едік, қазір түстеп танымайтын болдық. 

Қош. Әлемдік тәжіри­бе­де Парламенттік тергеу институттары жұмыс жасайды. Мысалы, Пар­ла­менттік комиссиялар бюджеттегі жем­қорлық мәселесі секілді проблемаларды талқылап, тергеп отырады. Ал, мұндай дәрежеге қазақ Парламенті қашан жетеді? Сауал көп, жауап жоқ.

А, айтпақшы, ұмытып барады екенбіз. Бүгінде кейбір министрлер Парла­мент­ке пысқырып та қарамай, жалпы жи­налыстарға орынбасарын жібере салаты­нын болды. Негізі Парламентке барған Үкімет мү­шелері, министрлер, облыс, қала басшы­л­арының тізелері қалтырап тұруы қажет қой.

Енді мұндай «пәрменді» Парламентті қайтпек керек? Бір ауыз сөзбен айтқанда тарата салған жөн.

P.S. Конституцияның, яғни Ата-Заңымыздың 59-бабына сәйкес, ел президенті жыл сайын Парламент сессиясын ресми түрде ашып беруі керек. Бұл жолы Елбасымыз Қытайда іс-сапарда жүруіне байланысты сессияны ашу жиналысына қатыса алған жоқ. Ақиқатына келгенде бұның өзі Парламенттің қадір-қасиетінің жоқтығын білдірмей ме? Егер де қос палаталы Парламентіміз басқа шауып, төске өрлеп тұрса, Президенттің Қытайға сапары екінші кезектегі шаруа болып қалар еді. Қойшы, облыс әкімдері мен министрлер менсінбейтін «бас шұлғығыш» Парламентті Президент қайтсін?! Президентке қажеті жоқ депутаттардың халыққа да қажеті шамалы... Біздің айтарымыз да осы еді.

Қанат ӘБІЛҚАЙЫР

Abai.kz

 

 

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1465
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3233
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5355