Сәрсенбі, 22 Қазан 2025
Ғылым-білім 716 0 пікір 22 Қазан, 2025 сағат 18:31

Білім мен ғылым – адами ресурстар дамытудың негізі!

Сурет: Автордың мұрағатынан және atr.kz сайтынан алынды.

Білім кез келген мемлекет үшін сапалы адам капиталын дамытудың негізгі тірегі. Білімді адамдардың саны, олардың  білімінің сапасы және осы білімдерін қолдануы - елдің өркендеу қабілетінің ең маңызды көрсеткіші. Американдық ғалым, педагог Питер Друкер: «Білім беру – бүгінгі күнгі  жалғыз шынайы капитал. Халыққа білім беруді дамыту – капитал құрудың ең маңызды құралы» деп көрсеткен.  

Білімділік – 15 және одан жоғары жастағы сауатты тұрғындар үлесімен және халықты оқумен қамту көрсеткіштерімен бағаланады. Ал оқумен қамту – оқудың барлық сатыларында, жасқа қатыссыз барлық сатыларын (бастауыш, орта, кәсіптік, жоғары) қамтиды. Ол оқушылардың жалпы санының 5-24 жастағы тұрғын халықтың жалпы санына қатысты десек, білім – жалпы кез келген ел үшін адам капиталын дамытудың маңызды бөлігі екенін көреміз.

Адам дамуы индексіне сай бүгінгі жаһандану мен технократтық даму жағдайында мынадай адами көрсеткіштер алға шықты:

  • орта және жоғары білім беру;
  • азаматтық қоғамның тірегі болуға дайындау;
  • тиімді жұмыс істей алатын үкіметті басқаруға қабілеттілік;
  • қоғам өмірінің бар саласына әсер ететін маңызды шешімдер қабылдауға және соған сай аналитикалық ойлау қабілеті қалыптасқан, тиісті дайындығы бар, сапалы білім алған азаматтарды дайындау.

Жаһандану жағдайындағы мемлекет дамуында  басты рөлді білім мен ғылым атқарады.

Бұл  сала негізгі рухани күш ретінде танылады. Шешім қабылдаулар да осы екі факторға сүйеніп жасалынады.

Білім жүйесін жетілдіру және ғылымды дамыту  проблемасы – елдің ішкі саясатының мәселесі ғана емес, сонымен бірге ол мемлекеттің жаһандық орнын анықтау мен әлеуетін сақтау мәселесі деуге болады. Сонымен қатар, ол ‑ елдің ұлттық қауіпсіздігінің де мәселесі!

Қазір шарықтап дамыған АҚШ мемлекеті бұл мәселені 1983 жылы-ақ қолға алып, АҚШ әкімшілігі «Ұлтқа қауіп төнді!» құжатын әзірлеген. Құжатта АҚШ–та білім жүйесін жетілдірудің қажеттілігі туралы өткір мәселе қойылды. 1996 жылы АҚШ білім министрі Ричард Райли білім беру технологияларын енгізудің бірінші мемлекеттік жоспарын дайындады.

Оған мынадай тақырып қойылды: «Американдық оқушылардың ХХІ ғасырға дайындығы: технологиялық сауаттылықты қамтамасыз ету». Содан бері білімнің жан‑жақты қызметтерін білу және оған қоғамның іргелі мәселелерін шешуде басты рольді беру біртіндеп жүзеге аса бастады. Нәтижесін бүгінгі АҚШ мемлекеті жағдайынан көрудеміз. Осындай мәселелер бүгінгі Қазақстан үшін де маңызды болып отыр.

Бүгінгі Қазақстанда жалпы орта білім берудің мазмұнын жетілдіру, технологияландыру, гуманитарияландыру, әлеуметтендіру, руханияттандыру т.б. мәселелері  тиісті шаралар қабылдауды қажет ететін өзекті мәселе ретінде қалып отыр.

Соның ішінде:

  1. Білім берудің мазмұнын жаңарту: оқулықтар мәселесінде тың шешімдерге келу; авторлар құрамына жаңа леп беретін білімді жастарды тарту;
  2. Қазіргі замандағы тәрбие мәселесін тар аяда қалдырмай азаматтық құндылықтарды игерту мен оның жүйесін қалыптастырудың маңыздылығы мен механизмін көрсету.

Осыған орай білім жүйесін басқарушылар мектептегі білім сапасын көтеруді қамтамасыз етіп, даму мақсатында ғаламдық серіктестікті құруға талпынысты ұйымдастырумен айналысулары тиіс деп ойлаймыз.

Қазіргі басқару жүйесі тек вертикальдылықты талап етеді. Горизонтальдық таңдау жоқ. Вертикальды басқару тәртіп пен жауапкершілікті қалыптастырады. Ал горизонтальды басқару тең құқылықты, ашық қатынасқа нездеуді, жаңаша ойлауды, шығармашылыққа бейімделуді қалыптастыратынын айтқан жөн.  

Олар мынандай талаптарға негізделуі тиіс деп ойлаймыз:  

  • Білім беруді әлеуметтік маңызды құндылықтар мен қоғамдық бағыттар жүйесін қалыптастырудың шешуші механизмі ретінде көрсетуге.
  • Қазіргі білім жүйесінде даму үрдісін басшылардың, ұстаздардың білімі мен біліктілігі, мәдениет деңгейіне деген талаптарды көтеруге.
  • Интеллектуал жасаушы әлеуетті құрудың механизмі - технологиялар мен ғылыми-инновациялық қызмет екендігін мойындау, оны терең игертуге.
  • Оқушының сауаттылық деңгейінің  өсуін жетілдіруге, тұрақтандыруға.
  • Жалпы орта білім беретін мекемелерде білім сапасының жақсаруын науқандық көрсеткіштермен айқындамауға.
  • Білім деңгейінің көтерілуін тәрбиемен ұштастыруға, жасөспірімдерді адамгершіліктендіруге, тәрбие мәселесі талаптарын сапаландыруға.

Білім алушының алған білімін өзінің өмірлік мақсаттарын жүзеге асыру құралы ретінде қолдана алуына мемлекет тарапынан қолайлы және қажетті жағдайлар жасау да өзекті мәселе қатарында тұр..

Сонымен, білім беруді жаңарту ‑ қазіргі замандағы әлеуметтік маңызды құндылықтар жүйесін қалыптастырудың шешуші ролге ие болғанын мойындау дегенді білдіреді.

Ол – ғылым мен білім құндылығы!

Есімбекова Бақыт Оразайқызы,

Қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі, п.ғ.к., «International  Institute  of  Differential  Psychology» институтының Құрметті профессоры, Берлин қ.

Abai.kz

0 пікір

Үздік материалдар

46 - сөз

Профилактика бытового насилия

Алмаз Ещанов 1046
Қауіп еткеннен айтамын

Жау жоқ деме – жар астында...

Қуат Қайранбаев 10415