Жұма, 22 Қараша 2024
Қоғам 13596 0 пікір 12 Қыркүйек, 2016 сағат 21:44

ЕЛБАСЫҒА ХАТ. ИСЛАМ ДІНІ - МЕМЛЕКЕТТІК ДІН БОЛСА...

Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаевтың назарына!

Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаевтың назарына!

Бисмиллаһир Ирахманир Рахим 

Аса қадірлі, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев мырза! 

Мен бұдан бұрын да, жарық көрген он жеті көркем және діни кітаптарымнан басқа 2000 жылы Сіздің атыңызға, елімізде қалыптасып отырған діни проблемалар мен жағдайларға орай "Дін мемлекеттен бөлек пе немесе жауапсыз хаттар. Елбасы Н.Назарбаевқа Ашық хат",  2007 жылы “Есігіңді аш, Өкімет пен Үкімет, дін келіп тұр. Елбасы Н.Назарбаевтың пайымдауына”, 2011 жылы «Сол бір сәулелі сәтті көруге жазсын… Елбасы Н. Назарбаевтың пайымдауына,  және «Әзірет Сұлтан кесенесін қорғау – қазақтың имандылығын қорғау. Елбасы Ә.Назарбаевтың пайымдауына»  атты алғаш газет бетінде мақала, соңынан толықтырып кітап етіп бастырып, оны өз кезінде атыңызға арнайы жолдап нақтылы жазбаша жауабын алғанмын. Еліміз  өз егемендігіне жеткен осы уақыт аралығында еліміздің ішкі жағдайында орын алып отырған діни жағдайларға байланысты  өзіне үлкен жауапкершілік жүктеп нақтылы ұсыныстармен Сіздің пайымдауыңызға арнап осыншалықты кітап жазған менен басқа жазушы, не діни қызметкерлердің қаншалықты болған-болмағаны өзіңізге аян. Жарық көрген осы басылымдардың алғашқысына байланысты  2000 жылы Алладан нәсіп болып,  Сіздің шақыртуыңызбен сол кезде төрт жыл жабылып қалып қайта ашылған,  Үкімет жанындағы Діни істер жөніндегі Хатшылықта қызметке баруыма жағдайлар жасалған еді... 

Бүгінгі айтылар әңгімем сол кезде көтерілген, бүгінде өзіңіз ұсынып отырған  «Мәңгілік ел» бағдарламасын іске асырудағы еліміздегі сенім бостандығы мен діни құрылым жұмыстарының нақтылы жайына, оның қорғалуына  арналмақшы.  Мақалада Ислам дінінің иесі Алла Тағаламның дінді қорғау мен оның халыққа қажеттілігі туаралы аманатын жеткіземін. 

Елбасы – елдің символы. Бұл жайлы 1995 жылы 30 тамызда өткізілген республикалық реферундымда қабылданған ең жоғары заңдық күші бар Конституцияда; «Қазақстан  Республикасының Президенті  - мемлекеттің басшысы, мемлекеттің ішкі және сыртқы саясатының негізгі бағыттарын айқындайтын, ел ішінде және халықаралық қатынастарда Қазақстанның атынан өкілдік ететін ең жоғарғы лауазымды тұлға» - деп жазылған.  Ел Конституцисы – Заң, республикалық референдумда қабылданған Ата заң! Елбасы қол қойған заң шықпай ауыз екі әңгімемен еш заң өзгермейді.   

Осы Ата Заң - халықтың барлық талаптарын қанағаттандырып тұрған сияқты болғанымен әділдік тұрғыдан қарасақ кемшіліктен де құр алақан емес.  Сол кемшіліктің ең бастысы – Ата Заңда өзі тарих сахнасынан өшсе де   кешегі атеистік Кеңес Үкіметі кезіндегі коммунистердің санаға мықтап сіңіріп тастаған “Дін мемлекеттен бөлек!” - деген  ұранының  сол қалпы осы заңда қалып қоюы. Егемен ел атанған ширек ғасырдан бері осы жалған ұран Ата заңға енгізілген ақтаңдақ болып тұр.  Заңды қабылдауда жобаны дайындаушылар ұлттық ерекшелігі бар қазақ елінің заңы екендігіне мән бермей, ел тағдыры мен тарихына назар аудармай, оның дәстүр салтына келе бермейтін, сенімі де дәстүрі де бөлек батыс елдері тіршілігін негізге алып дайынған бұл заң бүгінгі таңда өз атына сай жұмыс жасап тұрған жоқ және жасай да алмайды. Неге? 

Ата заң – әр бабы бұлжымай орындалатын құжат. Егер Ата заңда көрсетілгендей мемлекет шынымен діннен бөлек болатын болса, онда бұл мемлекет өзі шығарған заңға қайшы келмей діннің ішкі жұмысына түбегейлі араласпауы керек. Мұнан соң; «Біз зайырлы мемлекетпіз, зайырлы мемлекет дінсіз мемлекет емес, дінді теріске шығармайды, керісінше, діни сенім бостандығы қамтамасыз етіледі» - деп жалпылама айтылатын жалған сөз қабылданған заңды ақтамайды. Дін мен зайырлылық екеуі екі түрлі ұғым. Бірімен бірін көлегейлеуге келмейді.  Дінді – Алла Тағала адам жаратылмай тұрып оны тәрбиелеу үшін келтірген, ол үшін Құран кітабын дайындаған. Ол болмысы өзгермейтін сенім, ал зайырлылық – құбылмалы ұғым. Бұл құбылмалы ұғымды қаншама көлегейлегенмен еш уақытта адам ұстанар құндылықтың ең төресі діннен жоғары шықпайды. Ата заңдағы осы олқылықтан 2011 жылы қайта  толықтырулармен қабылданған  діни қызмет саласындағы жаңа  заң да дәрменсіз жұмыс жасап тұр. Өйткені бұл заңды Ата заңымыз толыққанды қуаттап тұрған жоқ. 

Діни тарих - патшаның патшалығы дінді ұстануда ғана қадірлі болғандығын айтады. Бір кездері Діни агенттік тікелей сіздің бастамаңызбен құрылып еді. Бірақ неге аяқ астынан қайта жабылып елдегі діни құрылым баяғдай министірліктің қатардағы бір комитеті болып қалды?  Қазір Президент әкімшілігі құрылымында Конфессияаралық қатынастар жөнінде арнайы бөлім құрылып, әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің  сьезін әзірлеу мен оны ойдағыдай өткізуге ат салысып келеді.  Бұл не деген сөз – Елбасы әлем дінімен біте қайнасып жұмыс істеп отыр деген сөз. Сонда әлемнің діни ахуалымен етене араласып отырған Елбасымыз  елдің ішкі діни жұмыстарын өз назарынан тыс қалдырып отырғаны ма?  Сіздің бұл құнды бастамаңыз кімге ұнамай қалды?.. 

Әлем дін басшыларымен Сіз өткізген әр құрылтай барысында мемлекетті діннен қашқақтауға болмайтындығын, қайта дінмен жақындаса отырып, елдің ертеңіне сенімін арттыруға болатындығына өзіңіздің де, Үкімет пен Өкіметтің де, әлем мемлекеттері мен қайраткерлерінің де көзін жеткізіп отырсыз. Соны көре тұрып Үкімет мемлекет ішіндегі дінге неге селқос үрке қарайды. Дін Үкіметке қазір керек болмағанымен, халыққа қажет қой. 

Қазақстан сияқты әлем назары ауып отырған мемлекетке Діни Агенттіктің қажеттілігін бұған дейінгі мақалаларымда көрші мемлекеттер тәжірибесін таразылай отырып нақтылы деректермен көрсеткенмін. Біздің Конституциямызда “Діни бірлестіктермен байланыс жөніндегі мемлекеттік органды Қазақстан Республикасының Президенті құрады” –деп ашық жазылған.  Қазіргі жағдайда әлем діндарларының назары қазақ еліне ауып отырған жағдайда Агенттіктен гөрі бүгінгі Діни комитетті Президент аппараты жанындағы конфессияаралық бөліммен біріктіріп жаңа құрылымды Дін министрлігі етіп құрса Сіз алға міндет етіп қойған «Мәңгілік ел» бағдарламасын іске асыруда тіптен жарқын қадам жасалған болар еді. 

Құрани Кәрімде дінге зорлап кіргізуге тиым салынған. Ата Заңымыз –Қазақстан Республикасы Конституциясында “ Қоғамдық бірлестіктер заң алдында бірдей” деген бап бар. Осы тиым мен Заңды бетке ұстап, қазір шет елдерден ағылған түрлі ағымдағы миссионерлер қандастарымызды діндеріне тартып, ұйып отырған ұлт шырқын бұзып, уағыз насихаттарын батыл жүргізе бастады. Әрине, дәл қазір бас жарып, көз шығарып жатқан ештеңе жоқ сияқты, бірақ ертеңі жұмбақ болып тұрған бұл жойқын селге ар ождан тұрғысынан қарау - өз туған жерімізде, елімізде тұрған біздің ұлттық құқығымыз. Мұны кім тоқтатуы керек? Заңның бүге шүгесін түсіне бермейтіндер “Республика мұсылмандары діни басқармасы бар ғой» деп даурығуы мүмкін.  Олар, Ата Заң - діни ұйымдарды мемлекеттен бөліп тастағанын да білмейтіндер. 

Демек, Қазақстанда атадан келе жатқан дәстүрлі Ислам діні иесіз қалып, содан ел діні - дертке ұшырауда. Діннің тұрлаулы егесі болмаған соң дін алдындағы қиянатынан үрейлі Үкімет терроризм туралы заң қабылдаса да, экстремизм туралы заң қабылдаса да  қосамжарлап Исламды дұшпан етіп көрсетуді дәстүрге айналдырды. Дін –Аллаһтың жолы, терроризм мен экстремизм - адамдардың тірлігі, діннен үрейлі Үкімет осыны неге мойындауға тырыспайды?  Олар Исламның қадір қасиетін түсінбей табалап, таптап тастауға тырысуда. Құзырлы орындарымыз  заңсыздыққа тоқтау салу орнына  Алланың адамзат баласына сыйлаған ең ұлы кітабы – Құранның кейбір сүрелерін экстремистік бағытта деп айыптап, сот шешімімен оқуға және таратуға тыйым салып, әлем жұртшылығы алдында масқара болды.  Осыны көріп біле отырып не діни басқарма, не дін зиялылары ауыздарын ашқан емес. Осы сияқты елде дін атын жамылып сотты болып жатқандар ісін қарағанада, дінге қатысы жоқтарды соттағанда  «діндар - деп емес, дін атын жамылғандар» деп соттау керек қой. Дінді - дінсіздер емес, діңгегінде діні бар Алланың Құранымен жүргендер ғана қорғайды.  Мұның өзі еліміздегі Исламды қорғайтын діңгегінде діні бар жандардың тапшылығын көрсетіп отыр.  Дәл осы дәрмесіздік еліміздегі кірме діни ағымдардың көбеюіне және олардың еркін күш алуына жол ашуда. Қазір өз қатарларын ел ішіндегі ермелермен күшейткен мұндай діни ағымға ерушілер өзара бітіспес кикілжіңге түсіп  қырқысып бағуда.  Бұл берекесіздік - бүгінгі өнегелі де өркенді елдің қадамын көре алмай отырған дұшпандарымыздың ұйымдастырған ылаңы. Олар сүттей ұйыған көп ұлтты елдің ынтымағын бұзар соғыс отын тұтандыру үшін ештеңеден аянбайды. Елімізде осындай кірме діни ағымдарға ерген жастарымыз қазір осыны ұғына алмай әлек. Әйтпесе, бұрын соңды естімеген, қазір өз арамыздан шыққан «Аллаһу ақпарлап» өзін-өзі жарып жіберушілердің шығуы не деген сұмдық?! Өмір – Алланың адамға берген ең құнды сыйы. Мұны әр пенде қадірлей білуі керек.     

Сонда осындай дәрменсіз күйді басынан кешіп отырған Исламды кім қорғайды? Неге Үкімет жанынан құрылып жатқан әдебиет пен өнердің ұлттық кеңесі, ұлт санасын дамыту жөніндегі қоғадық кеңес, кешегі жер реформасына байланысты өзіңіз бас болып көтерген мемлекеттік кеңес сияқты заңды топ құрып осы мәселені елдік тұрғыдан шешпеске. Ислам – ата бабамыздан біте қайнасып келе жатқан дәстүрлі дініміз  емес пе?  Мұсылмандар діни басқармасы өз атауымен Ислам діни басқармасы болып қайта құрылып атына сай жұмыс жасамаса, ертеңіміз өте қиын жағдайларға тап болуы мүмкін. Үлкен өртті алдынан қарсы өрт қою арқылы тоқтататыны сияқты, елдегі дін дертін (Діндегі емес, себебі Алланың Ислам дінін еш уақытта дерт шалмайды. Б.А.) Исламды - мемлекеттік тұрғыдан қолдау арқылы ғана қуаттандырып тоқтатуға болады. Біз Ливан тарихын неге естен шығарамыз?!. Бұл елдің негізгі халқы арабтардың тілі де, мәдениеті де біреу, бірақ - діні екеу. Осы халық ХХ ғасырдың жетпісінші жылдарында қолдарына қару алып, он жыл бойы бірін бірі аяусыз қырды. Дәл осы тірлік бүгінде көршілес Қырғыз еліне де келе бастады. Қазір осы елде баптис қырғыздарды дәстүрлі ислам дінін ұстанушылардың мазарларына жерлетпеу, тіпті басқа дінді қабылдағандарды ауыл көлемінен күшпен аластату шаралары ұлтшылдар тарапынан іске асуда. Елде қан төгілуде...  

Қазір бізде не көп, партиялар көп. Партия деген қауымдасып күш біріктіру деген сөз. Бірақ осылардың арасында дінді қорғайтын, дінге жанашыр болатын партияны әзірге көріп отырғанымыз жоқ. Үкімет өз заңымен дінді қорғайтын партияны құруға да тиым салып  тұншықтырып  тастаған. Қазақ халқын ұлт есебінде сақтаймыз, елдегі дін Исламды қорғаймыз, осы дінге сыналап кіріп алып, ұлттың өз ішінде болатын қақтығыстарды тудыруды ниет етіп отырғандарға ел болып тосқауыл қоямыз десек, бізге де ұлттық демократиялық бағыттағы Мұсылмандар партиясы қажет. Бұл орайда өзге көрші елдердің өнегелі тәжірибелерін өмірге енгізсек, ұтпасақ - ұтылмаймыз. Қазір Ресейдің үш аймағында мұсылмандар партиясы, “Нұр” мұсылмандар қозғалысы және Ресей мұсылмандар Одағы, думада Мұсылмандар фракциясы жұмыс жасаса, азербайжанда Азербайжан Ислам партиясы, Тәжікстанда Ростохоз және Ислам қайта өрлеу партиясы, Украинада Украин Ислам партиясы жұмыс жасап отыр. Бұл аз десеңіз, еліміздің егемендігін бірінші таныған Түркияның Үкімет басына келген Әділет және даму партиясының Төрағасы Реджеп Тайып Эрдоған партиясы жұмысынан неге өнеге алмаймыз. Бұл елдер де өздерін зайырлы мемлекет санайды. Тағы бір еске ұстар жағдай Тәжікстандағы ұзаққа созылған азамат соғысына соңғы жылдары құрылған Мұсылман партиясы нүкте қойып берді.  Дін жүрген жерде иман жүреді, иман жүрген жерде әлем халықтары үміт етер тыныштық үстемдік құрады.  

Қазір елде «діннің сөзін кім сөйлейді, дінді кім қорғайды?» - деген сұрақ ашық тұр. Өйткені, Ислам туралы әңгіме айтсаң, белгілі ғалым Д. Қамзабекұлы айтпақшы «...саған 37-ші жылдың авторлығын бере салуы да кәдік» деген үрей әркімнің басында бар. Осы үрей халықтың да, оның ішінде діндарлардың да қанына әбден  сіңіп қалған.  Үкіметтің қазіргі мына тірлігі «иттің шөптің үстіне жатып алуы» сияқты тіршілік болып отыр.  

Отан, ел деген не?.. Ол халықтың өткені, бүгіні және келешегі. Құран сүрелеріндегі  аяттар да –болған, болып жатқан және ақыр заманға дейін алдағы болатын  оқиғалар негізінде тізілген тарих және бағыт беретін сабақ. Біреуін бірге оқиық; «Ей, адам баласы! Шүбәсіз сендерді бір ер, бір әйелден жараттық. Сондай-ақ бір бірлеріңді тануларың үшін сендерді ұлттар, рулар қылдық» («Хұжырат» 49 – 13). Демек, Жаратушмыз бізді ұлт етіп жаратқан соң, оның діні, дербестігі мен бірлігін сақтау әрбір ұлт азаматы мен дін иелерінің де абройлы борышы. Осы аятқа орай қатарлас тіршілік жасап жатқан мемлекеттер сияқты біздің еліміздің де ғасырлар бойы қалыптасқан өз тарихы бар. Сол тарих та - дәстүріміз бен салтымызға сай ұстанған заңымыздың болғанын мақұлдайды. Сол заңның қай-қайсысын зерделеп қарасақ та ел еш уақытта  өз дінінен алшақтамаған. Тіпті, Ислам мемлекеті болып құрылған кездері Ата жұртымыз  әлемде барынша гүлденіп шарықтаған дәуірді басынан кешкен. Ал мемлекет – өз дінін әлсіздендіріп, оны басқаруға алауыздық енген кезде – күйреген. Оның нақтылы дәлелі – әлем мойындаған Алтын орда мемлекетінің тарихы.  

Ел Ата заңын қабылдауда осы жағдай неге еске алынбады? Заң арқылы қазақты  өз дінінен бөліп тастау бұл адам баласына заңмен жасалған қиянат. Алладан берілген, Алла қорғайтын дін Исламға жасалған қиянат, Құранға жасалған қиянат. Құранның иесі – Құдай! Діннің иесі – Алла! Көктен бір-ақ дін тарқалған. Ол – Ислам!  

Алланың әмірінсіз ештеңе болмайды, өмірден өткен ата бабаларымыздың тіршілігінде тілеген дұғаларына орай оқ шығармай-ақ қол жеткізген ел егемендігі де Алланың берген сыйы. Еліміз егемендігін алғанда  атом қаруы әлеуеті жөнінен әлемдегі алғашқы төрт мемлекеттің бірі, ал  мұсылман елдері арасында осы жойқын қаруға иелік еткен тұңғыш мемлекет болды. Алланың сыйымен  қолға берілген сол бар қарудан Сіздің басшылығыңызбен жалпақ әлемге өзін паш етіп, алғаш бас тартқан да біздің  ел емес пе?!    

Өзбек ханның тұсындағы Алтын Орда – мемлекет ретінде дамудың шарықтау шыңына көтерілді. Бұл  мемлекетпен  бүкіл әлем санасты. Қазір тарихшыларымыз сол кездегі мемлекеттің осы абройын – «саяси билік Йассауий тарихаты өкілдері қолында болғаннан» деп  дәлелдеп отыр. Бұл билік жүйесі қоғамда нағыз демократиялық негіздерді орнықтырып ханның жеке дара билігіне шектеу қойған. Барлық әскербасылары даңқты пайғамбар әулеті «Та» және «Иа Син» (сопылар) өкілдерінен болған. Құранда 29 сүренің басында 14 «Хұрұф Мұхаттағат» аталатын мағанасы мен ұғымын Алла білетін бөлшек әріптер бар. Алланың қалаулы құлдарының қолы жететін осы жұмбақ атаулармен аталатын ілім иелері сол кезде  қажетті жағдайда көріпкелдіктің шайтани жолы емес – діни рухани, сұлтани жолдарын игере отырып, алты айшылық алыс аймақтағылармен қатар отырғандай сөйлесіп, мәселе шешіп,  өздеріне дарытылған сол мұғжизаларымен діннің абыройын көтерген. Олар; «елге бай құт емес би құт» болған заман орнатқан. 

Мемлекеттің бүкіл заң шығару құқы, қоғамдық қатынастарды реттеуі осы дін өкілдерінің қолында болған. Қоғамдық қатынастар қала халықтары арасында шариғат, көшпелілер арасында тарихат жолымен реттелді. Бүкіл қарым қатынас заңға бағындырылды. Мемлекеттік құрылымдық жүйе толығымен көне түркілік мемлекетті басқару жүйесімен сәйкестендірілді.  Мемлекеттің құрамындағы рулық, тайпалық жүйелер мемлекеттің шаңырақтық жүйесін құрады. Жалпы күні бүгінге дейін бізде мемлекеттік белгі болып табылған – Шаңырақ - бұл көшпелі қазаққа ғана тән Аллаһтың сыйы. Отан от басынан басталса еркек пен әйел атауының бас әріптері «Е» мен «Ә»- нің айқасып, құшақтасып бірігуі, от басын құраушы еркек пен әйел жарастығы тіршілігінің көрінісі емес пе, осыған кім мән беріп жүр?..  

Осы киіз үйдегі керегені шаңырақпен жалғастыратын уық қызметін рулар мен тайпалардың рухани жетекші билері атқарды. Осылай біріне бірі тәуелді, бір бірінсіз тіршілік ете алмайтын мемлекеттік құрылымдық жүйе қалыптасты. Бойларына дарытылған, ғайыптан хабар алатын, өздерін Ұлы жаратушының өкілі санайтын әулие сопылардың имани мақсаты ортақ болды. Ол мақсат -  діни мемлекет болып құрылған ел абыройы еді.  Олар сол ғасырда өздері армандаған ең әділетті қоғамды орнатты. Мемлекетті басқару пайғамбар дәуіріндегі құрылымға барынша жақындатылды. Билік жүйесінің ешқайсысы абсалюттік билікке иелік етпеген қой үстіне бозторғай жұмырқалаған заман болды.  

Осылайша, Йәссауийшілердің  басшылығымен мәдениеті қарыштап дамыған ұлы мемлекет – бөтен ағым нақышпандий діні тарихатына бой беріп алған кезде омақаса күйреді. Өйткені, бұл діни ілім жолымен жүргендер – қазақ руларының дәстүрлі мемлекеттік құрылымдық жүйесі – ру, тайпалар мен жүздік құрылымдарды ыдыратып, ханға абсалюттік билік беретін монархиялық билікті кіргізді. 

Ал, әулие Қажы Ахмет Йассауийді өзіне пір тұтқан жиһангер қолбасшы Әмір Темір  Мауераннахр жерінде мемлекеттің күш қуаты мен тұрақтылығын сақтау үшін оны басқаруда; «Ережлер мен заңдарды Исламға негіздедім, өзім де қатаң ұстандым» деп өсиет қалдырмады ма?..  

Осы секілді  әз Тәуке ханның тұсында да, ханның жанына ең алдымен  пір ұстау мәселесі шешілді. Өйткені, пір мәселесін шешу имани тәртіп негізінде ел басқаруға қажет болды. Ол кезде пір - Үкімет басшысы лауазымын иелік етті. «Жеті жарғының» біріншісі; «Халықтың ханы, сұлтаны, пір әзіреті қастан өлтірілсе, олардың әрқайсысы үшін жеті кісінің құны мөлшерінде құн төленсін» - деп жазылуының өзі пір әзіреті дәрежесінің қаншалықты жоғары болғандығын ұғындырса керек. Халық қашан да - қаласа ханын сайлап, қаламаса орнынан алып тастай білген. Ал пір мәңгілікке сайланған. Өйткені Алла жолындағылар әр уақытта мемлекетті имани жолдан тайдырмаған. Сол кезде өзінің әулиелігі, тақуалығы және көріпкел-пірадарлығымен елді тәнті еткен Мүсірәлі абыз 40 жасында қазақтың тұңғыш пірі болып тағайындалды және мемлекет басшысы ретінде Құрани негізде жазылған «Жеті жарғының» жазылуына мұрындық болды. Бұл кісі туралы бүкіл идеологиясы атеистік тәрбиеге негізделген Кеңес үкіметі кезінде шықса да, “Қазақстан Ұлттық Энциклапедиясы” 1 томының 644 бетінде; “Пір, діндар, азан шақырып қойған аты Мүсірәлі. Руы Керейт болғанымен дінге шын берілген сопылығымен тақуалығына орай Әжіқожа, ал оның ұрпақтары Керейтқожа аталып кеткен. 1680 жылы Күлтөбеде Тәукеханды сайлағаннан кейін артынша пір таңдалды. Бүкіл қазаққа пір болу үшін үш арыстың пірлеріне жеті сұрақ беріліп, үш шарт қойылады. Осыдан сүрінбей өткен Әжіқожа Жәдікұлын (Мүсірәліні) билер бүкіл қазақтың пірі деп жариялайды да, оны ақ кигізге отырғызып, хан сарайына көтеріп апарады” - деп жазған. Мұнда қожа атауы рулық атау емес заңды сайланған діннің иесі, қожасы деген лауазым деп көрсетілген.  

Тәуке ханнан кейін, қазақ қоғамы өзінің басынан өткен соңғы 260 жылдық отаршылдық дәуірінде боданшылдық ауыруымен ауырды. Кенесары хан тұсы мен 1937-1938 жылдары сол отаршылдықтан туындаған індеттен зобалаңдарға ұшырады. Шен-шекпендіге, билік жүйесіне жалбақтау, жарамсақтық таныту, одан қалды сырттан ғайбаттау, домалақ арыз жазу, жершілдікке, рушылдыққа бөліну індетіне де ұрынды. Бұл туралы өз халқының тағдырын қозғап, сабырлығын бір Құранға әкеліп тіреген, ұлы Абайдан артық айтқан ешкім жоқ. 

Мұның бәрі сайып келгенде Ислам діні мен қазақ салт дәстүрлері ғасырлар бойы өзара кірігіп, ажырамастай болып тамырласып кеткенін көрсетеді. Дін мен дәстүр бірлестігі – өткеніміздің тарихы, болашағымыздың кепілі. Сондықтан Ата заң да қазақты ұлт етіп қалыптастырған осы құндылықтарды сақтау керек. Сонда ғана біздің заңымыз елдің ішкі тұрақтылығы мен мемлекет іргесінің бүтіндігін мықтап қорғаған  болып табылады.  

Тәуелсіздік алғаннан бері елімізде жаңғыру процесі басталды. Ең алдымен Отан тарихының басты қаһармандары – халық, оның ұлы перзенттері елімен қайта қауышты, есеңгіреген ұлтжандылық, ұлтқандылық қайта тебіндеп, бой көтерді. Тарихтың табалдырығында қалған қазақ мемлекетінің хандары, атақты қолбасшылары, ұлы билері, батырлары тарих төріне шықты. Ұлт азаттық қозғалыс жаңа түрде зерделене бастады. Қазақ тарихы әлемдік өркениеттің, түркі әлемінің құрамды бөлігі ретінде Дала өркениетінің өзегі ретінде тұңғыш рет қарала бастады.   

Сіз діннің құдіретін, қадірі мен қасиетін құрметтейтін жансыз. Оны тікелей өзіңіздің ұйымдастыруыңызбен Астанада Әлемдік және дәстүрлі ұлттық діндер лидерлерінің басын қосып, жүйелі түрде өткізіп жүрген сьездермен толық мойындаттыңыз да. Бұған қосарымыз, кезінде Алланың бұйыртуымен екі патшаның бірінің қолы жете бермес бақ, Мәдинедегі пайғабарымыз Мұхаммед (Ғ.С.) сүйегі жатқан жерге кіріп, зиярат жасап қайттыңыз. Еліңізге, халқыңызға имандылық тіледіңіз. Мен ойлаймын, Алла тағалам, ешкімнің араласуынсыз егемендігін өзі сыйға тартқан елдің Елбасы болған соң, осы бір кеңшілігімен Сізге, соңғы пайғамбарымызбен шүйіншіленген Исламға жанашырлық етсін деп ишара да жасаған болар...  

Рас, дін ешуақытта мемлекеттен бөлінген емес. Өйткені, сенімсіз адам қандай дәрменсіз болса, сенімі жоқ мемлекет те соншалықты дәрменсіз, оның ертеңінен үміт күтуге болмайды. Келешегі айқын мемлекеттер осындай өркениет құру жолында күресуде. Дәлел керек пе,  жеке мемлекеттердің атын бөле-жара айтпай-ақ қоялық, әлем тархында 1929 жылы не бәрі төрт Ислам мемлекеті болса, бүгінде олардың саны 50-ден асты, ал өз Ата заңдарында ұстанатын дәстүрлі діндерін атап көрсеткен мемлекеттер бұл саннан екі - үш есе көп. Әлем мемлекеті паспортына енген бұл заңдылық неге біздің Ата заңымызда ескерілмеген?..   

 Ислам – болмысында мемлекетті қолдайтын дін. Ол Үкіметке, яғни билік жүргізушіге қарсы шығуды құптамайды. Ел бірлігін сақтай отырып, бейбіт жолмен дамуды көздейді. Билік басында кім отырса да ол Алланың бұйрығымен болған іс деп мақұлдайды.  Құрани Кәрім де; “Аллаға, оның Пайғамбарларына және оның жердегі билеушілеріне бас иіңдер”-деп мемлекет басшысына қуаттау білдіріп, сенім бар жерде ғана мемлекеттің қуатты болатындығын ұғындырып қойған.  

Сондықтан, бүкіл әлем республикамызды мұсылман мемлекеті ретінде танып, Әлемдік Ислам конференциясы ұйымына толыққанды мүше ретінде қабылдап отырса, Ата Заңымыз қазақ елінің Заңы болғандықтан, оның негізі - қазақ тілі мемлекеттік тіл болғандықтан, Конститутциядағы “дін мемлекеттен бөлек” деген тұжырымды алып тастап, оның орынына Мемлекеттің діні деген төлқұжаттық анықтама енгізіп, оған; “Мемлекеттің дәстүрлі діні -  Ислам, ал қалған әлемдік діндер мойындалады”т- деп жазылса, бүгінгі таңда есіктен кіріп “төр менікі”- деп орныға бастаған жүгенсіз діни секталар өз айылдарын оп-оңай жинаған болар еді. Бізге жат жұрттық түрлі діни ағым емес дәстүрлі қалыптасқан қазақи өз  Исламымыз керек. Дін басшылығы діңгегінде діні барларға берілуі тиіс. Бізде қазір осы көрініс байқалмайды. Елдегі дінді дінсіздер басқармауы керек. 

Сәлеммен, Бақтыбай АЙНАБЕКОВ, «Қазақстан қажылары» діни бірлестігінің төрағасы, ілімгер 

Abai.kz 

 

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1452
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3216
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5253