Билік ұлтшылдықтан неге қашады?
"Біз, ортақ тарихи тағдыр біріктірген Қазақстан халқы..." деп басталатын Конституциямыздың алғашқы сөйлемінен-ақ қазақтың осы мемлекетті құрушы ұлт екеніне шүбә келтіреміз. Ата заңды "Тәуелсіздіктің кепілі" десек, "Біз, қазақ жерінің заңды мұрагері - қазақ халқы..." деп, абсолютті көпшілікті құраған шаңырақтың хақ иесі ретінде сөз бастауға не кедергі болды?
Елдің иесі қазақ, жердің киесі қазақ. Әлдебіреуде есеміз кетпесе, ешкімнен еншілеп ештеңе алмаппыз. Бодандықтың бұғауын мойыннан лақтырып тастап, аяқтағы тұсауды шешіп, арман - ақиқатқа айналған алтын заманда бұ не қылған боркеміктік? "Жалпы түгел тәуекелге мінбей тұрып, жалқы ештеңе бітіре алмайды. Қарапайым ел деген болмайды. Жеріне, суына, тіліне, дініне, тарихына, тағдырына ие деген халық болады. Тек сондай халық қана есерін түзеп, еріне медет болады. Қорлана бермей, арлана білейік. Намыстың сөзін сөйлейік",- деп еді Әбіш атам. 300 жылды әрі санағанда, басына тәж киген бергі 30 жылда қазақ ұлтының екі түрлі "өлшемде" өмір сүргеніне арланайық па, қорланайық па? Қуатты мемлекеттің тұғырын бекітіп, әмбебап ұлтты түзу үшін түп негізден ажырау керек дегенді кім айтты?
Иә, көш басындағы Батыстың өркениетті қоғамы қазір этникалық текке кіндігі байланбаған, либерализмді құп көретін "азаматтық ұлтшылдыққа" табан тіреді. Ал бұған келу үшін олар саяси-әлеуметтік, мәдени түлеудің нендей трансформациясынан өтті? "Ұлты үшін құрмет қылмай,бас қамын ойлап жүрген азаматтардың елі артта қалып отыр. Ұлтшыл жұрттар десе, әне, Германия, Япония, Англия, Түркиялар, олардың баласы жасынан "ұлтым" деп өседі, есейген сайын бар білімін, күшін өз жұртының күшеюіне жұмсайды. Олардың әр адамы - мемлекеттің керегі, қызметкері",- демеп пе еді Жүсіпбек Аймауыт.
Ал пост-коммунистік қазақ билігінің ұлттық мемлекет құрудан бас тартып, 70% қазақтан "қазақстандық" жасауға әуреге түскені олардың сүйекке сіңген менталитетінен алыстамайтынын аңғартса керек. Және бұл саяси ұстаным әрі қарай жалғасын табатынына әлгі жігіттің саяси толғауы мен айыптаушы риторикасынан ұқтық.
"Аспанда қалықтап, құдықтан су ішпек болып құдыққа қонған торғай: "Шексіз аспанды шарлаймын деп әбден шөлдедім",- десе, құдықтың түбінде жатқан құрбақа: " Көз ашқалы аспанды көріп келеміз. Құдықтың аузына сыйған аспанды не болды "шексіз"деп? Сен де суайт екенсің" деп ашуланыпты."
Осы секілді екі түрлі "белдеуде" өмір сүріп жатқан саяси элита мен қалың бұқара бірін-бірі түсінуден қалды.
Ұлтшылдыққа мейірі қанбаған ұлттан мемлекетшілдік сананы талап етеді...
Нонсенс қой...
Құдай-ау, мемлекетің - шаңырағың десең, ұлтың - балаң ғой. Мемлекетшілдік пен ұлтшылдықтың арасы осы ғой!
Бұлар неге ұлтшылдықтан қашады? Шаңырағыңның - мемлекетіңнің шырағы сөнбес үшін, ең бірінші балаңның - ұлтыңның қамын жасау шарт емес пе?
Сауалымның логикасын бүкіл ел түсінгенде, Ерлан Қарин түсінбей қалыпты.
"Ұлтшылдық өз миссиясын атқарды", "елде қос билік жоқ" деп көзімізді бақырайтып қойып сұхбат беретін адамның жалтарма жауабы деп қабылдадым.
"Сауалы бұйрық тектіге – солқылдақ жауап жүрмеген"
Дина Елгезектің facebook парақшасынан
Abai.kz