Латын әліпбиінің биліктегілерге бес тиынға да керегі жоқ...
Кирилицаның қожайыны саналатын орыс ұлтының хат танитын қарапайым мұжығынан бастап, ғұлама ғалымдарына дейін бір ғана кирилицамен жазып, кирилицамен ғана оқи алады.
Ал, ұзақ жылдар орыстың боданында болып, тілінен де, дінінен де, басқа да ұлттық құндылықтарынан айырылудың аз-ақ алдында тұрған қазақ – кирилицамен қазақша оқып, қазақша жаза алады және орыс тілінде де солай... Яғни, бір алфавитпен екі тілді еркін меңгерген. Сонда, осы екі ұлттың қайсысының сауаты басым? Екі тілді меңгергені ме әлде бір тілде ғана оқып, жаза алатыны ма? Бұл – бір.
Екінші – қазақ халқы латын әліпбиінен кирилицаға 1940-шы жылдары көшкен көрінеді. Осы уақытқа дейінгі 80 жылда қазақтың небір ғалымдары, ақын-жазушылары, қоғам қайраткерлері, жалпы тұтас ұлтымыз кімнен кем болды? Қазіргі таңда қазақтың кез келген ұлы да, қызы да кирилицамен екі тілде сауатты жазып, сауатты оқи алады. Осыдан артық қандай сауат, қандай білім керек, бұл қазаққа?
«Латынға көшсек өзге түркітілдес елдермен тезірек әрі жеңіл түсінісіп кетеміз» дейді, қайсыбір білгіштеріміз. Мұның бәрі – сандырақ. Латынша жазылған кез келген сөзді ежіктеп оқу мен жазу бір бөлек те, оның мағынасын түсіну мүлдем бөлек дүние емес пе?
Сондықтан, кирилицамен екі тілде еркін оқып, жаза алатын қазаққа 80 жылға кері шегініп латынша қайтадан сауат ашудың қаншалықты қажеттілігі бар?
Оның үстіне ол латын әліпбиі биліктегі ығай мен сығайға, орыстілді қазақтарға, сондай-ақ, еліміздегі өзге ұлт өкілдеріне бес тиынға да керегі жоқ екен...
Ондай әліпбидің бізге керегі бар ма?
Серік Құсанбаевтың facebook парақшасынан
Abai.kz