Каирде заманауи қазақ әдебиетінің араб тіліндегі антологиясы таныстырылды
7 қараша күні Каирдегі Мысыр мәдениет істері жөніндегі жоғарғы кеңесінде қазіргі қазақ поэзиясы мен прозасы антологиясының орыс тіліндегі нұсқасының тұсаукесері өтті.
«Қазақ әдебиеті жинағының араб тіліне аудармасы мен басылымын көркем аударма саласындағы тәжірибелі мысырлық мамандардың қатысуымен Мысыр мәдени істері жөніндегі орталығы мен «МедиаХаб» баспа үйі орындады. Антологиялар алғысөзінің авторы – ЮНЕСКО жанындағы АLECSO (Араб лигасы мемлекеттеріндегі ғылым, білім және мәдениет істерін үйлестіру ұйымы) ұйымының бас директоры доктор Мұхаммед ульд Омар», - делінген таратылған мәліметте.
«МедиаХаб» баспасынан жарық көрген қазақ прозасы мен поэзиясының жинақтары Араб Лигасына мүше 22 мемлекеттің 4 мыңға жуық кітапханасы, университеттері мен ғылыми орталықтарына жеткізіледі. Бұл – шамамен 500 миллион оқырман аудиториясы.
Таныстырылымға Мысыр Мәдениет істері жөніндегі Жоғары кеңесінің Бас хатшысы Хишам Азми, АLECSO ұйымының араб зерттеулер институтының директоры Али Хафиян қатысты. Қазақстан тарапынан шараға ҚР Президентінің көмекшісі Аида Балаева, ҚР Мысыр Араб Республикасындағы Төтенше және өкілетті елшісі Арман Исағалиев, Қазақстан Жазушылар одағының төрағасы Ұлықбек Есдәулет және Ұлттық аударма бюросының атқарушы директоры Рауан Кенжеханұлы қатысты.
Еске салайық, заманауи қазақ әдебиетінің үздік үлгілерін БҰҰ 6 тіліне аудару жобасы «Жаһандағы заманауи қазақстандық мәдениет» жобасы аясында жүзеге асырылуда. Сондай-ақ Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы Н.Назарбаевтың бастамасымен қолға алынған «Рухани жаңғыру» бағдарламасының маңызды бағыты болып табылады. «Жаһандағы заманауи қазақстандық мәдениет» жобасының міндеті – қазіргі заманғы Қазақстанның әдебиет, музыка, бейнелеу өнері, хореография, кино және театр салаларындағы мәдени қазыналарын әлем жұртшылығына таныстыру.
«Араб әлемі мен біздің халқымызды ислам діні ғана емес, сан мың жылдық басқа да жан-жақты қатынастар байланыстырады. Қазақ жерінде дүниеге келген әл-Фараби мен Сұлтан Бейбарыстың есімдері сіздерге ежелден таныс. Бүгін осы тарихи тамырластықты жаңа белеске көтеретін мүмкіндік тууда. Сіздер қазақ әдебиеті арқылы біздің халқымызды тереңірек тани аласыздар. Қазақстанның Тұңғыш президенті Нұрсұлтан Назарбаев мәдениетімізді жер жүзіне таныстыру туралы жобаны ұсынғанда араб әлеміне де баса назар аударды. Елбасының тапсырмасымен, қазақ әдебиетінің таңдаулы туындылары Біріккен Ұлттар Ұйымының 6 тіліне аударылып, жарыққа шықты», – деді кітаптарды таныстыру салтанатында Аида Балаева.
«Жаһандағы заманауи қазақстандық мәдениет» жобасы аясында қазіргі қазақ әдебиетінің қос антологиясы аударылып, жарық көрді. Олар – «Қазіргі қазақ прозасының антологиясы» және «Қазіргі қазақ поэзиясының антологиясы». Әр антологияның көлемі – шамамен 500 беттей, әрқайсысына қазақстандық 30 автордың таңдамалы шығармалары енді.
Кітаптардың ағылшын тіліндегі аудармасы биылғы 25 қыркүйек күні Британияда, испан тіліндегі нұсқасы 27 қыркүйекте Испанияда, орыс тіліндегі антология 15 қазанда Ресейде таныстырылды.
Abai.kz