Жұма, 22 Қараша 2024
46 - сөз 5845 15 пікір 26 Қараша, 2019 сағат 11:40

Кісінің құлшылығы мен сенімі жайлы ашық сұрау - этикаға қайшы

Большевик мұсылмандар қазақ мәдениетін өлімші хәлге келтірген соң этикаға қайшы жаңа ережелер ендірді. Соның бірі: кісінің құлшылығы мен сенімі жайлы елдің көзінше қадалып тұрып ашық сұрау.

Мысалы, соңғы 15 жылда ең көп тараған сұрақ былай: «Сіз намаз оқисыз ба?» Осы сұрақтың эпидемия сияқты тарағаны сонша, большевик мұсылмандар оны көрінген мінберден кез келген адамға қаратып қоя беретін болды.

Тіпті 2004 жылы Алматыда классик жазушы М.Мағауинмен шығармашылық кездесу өтіп жатқанда студенттер «Сіз намаз оқисыз ба?» деп сұрады. Тіпті журналистік этикаға жат болса да кей журналистер эфирде ұялмай осы сұрақты қояды.

Өркениетті елде кісінің діни сенімі мен құлшылығын сұрау этикаға жатпайды. Ол мәселені Құдай мен құлдың арасындағы құпия, интимді мәселе деп қарайтын мәдениет көнеден қалыптасқан. Орта ғасырда Мәуләна Руми ол жайлы «Адамның Алламен қатынасы, ерлі-зайыптының некесіндей сырлы болсын» деген еді.

Жан әлемін терең зерттейтін экзистенция психологиясы бұл мәселені былайша тарқатады. Діни сенімін ашық талқылау адам табиғатына жат. Оны ғылымда «діни ұяңдық» (религиозная стыдливость) дейді. Діни ұяңдық иман жайлы ашық айтуға рұқсат етпейтін түпсанадағы психикалық механизм. Бұл механизм де Алланың адамға берген көп нығметінің бірі. Себебі ДІНИ СЕНІМ де махаббат пен өлім сияқты интимді тақырыпқа жатады. Кез келген адам ғашықтық сезімі жайлы ашық айтуға ұялады. Өлімі жайлы оңашада толғанады. Бұл тақырыпқа басқаның кіріскенін қаламайды. Сенім мен құлшылық та солай. «Сіз намаз оқисыз ба?» деп сұрайтындар басқаның ең нәзік, ең құпия, ең интимді зонасына тұмсығын тығады.

Байқасаңыз мұндай сауал бірден жағымсыз сезім тудырады. Ал, ғалымдар былай деп қатаң ескертеді. «Сенім, Махаббат және Өлім адамның интимді сыры. Ақылды адам бұл үшеуін жария болудан сақтап қорғасын. Интимді аймаққа ешкімді кіргізбесін. Бөтеннің назары осы аймаққа сұқтанғанда олар шынайы қалпынан айрылады»

Кей ғалымдар осы ойды мынадай мысалмен түсіндіреді. Құлшылықта отырған тақуаға жарық түсіріп, видеокамераны бетіне төндірсең, оның шынайы құлшылығы сол заматта талқан болады.

Досым сақал өсірді. Жолдасым балағын кесті. Ағам биыл тағы да оныншы рет қажылыққа бара жатыр. Мен биыл тағы да оразамын» деген жарнамалық өлшемге өтті. Негізінде шын тақуаның иманы қоғамға тікелей емес, жанама түрде білінуі керек еді. Момын адам діншілдігін жасырса да халық оның тақуа-тауазы екенін ісінен біліп қояды.

Большевик мұсылмандар 2007-2008-ші жылдардан бастап сахна жұлдыздарының «асыл иманын» ашық жарнама жасауға көшті. Той-томалақта тост берілсе «Құдайға шүкір, бес уақыт намазды үзбеймін. Жұмадан қалмаймын. Ораза ұстаймын» деп сөз бастау сәнге айналды. «Жәннатта жолыққанша» деп қоштасатын «мәдениет» пайда болды.

Жылтыраған журналдың бірінші бетіне хиджап киіп, қолын жайып дұға жасап, жанарынан көз жасы домалап бара жатқан әнші қыз-келіншектердің әдемі суреттері қаптады. Өнер жұлдыздары Қағба мен зәулім мешіттің фонында селфи түсіруден жарысты. Енді бір парасы құрбандық шалып жатқан суретін әлеуметтік желі арқылы таратуға құмар болды. Бұл енді жәй ғана рефлексия емес, ГИПЕР-РЕФЛЕКСИЯНЫҢ нағыз өзі еді. Иманның жарнамасы шектен шықты. Франкл айтқандай адамның иманы әбден қоюланып, ақырында затқа айналды.

ИМАН деп аталатын ең интимді сезімнің бірі әбден жалаңаштанып, бүкіл қасиетінен жұрдай болды. Ғалымдар оны құпия ұстап, сұқ көзден сақтаңдар деп кеңес беріп еді, бұлар оны барынша жалаңаштап, кім көрінгеннің тұмсық тығып, иіскеп көруіне жағдай жасады. Осының кесірінен мұсылмандар рухани деградацияға ұшырайды. Сондықтан да экзистенциалистер иман мен құлшылық жарнамасына қатысты тақырыпты былайша қорытқан:

«Біздің міндет адамның бойына трансцендентті (ғайыптық, тәңірлік) сипатын қайта дарыту. Құдайдың имманентті сипаты мен трансцендентті сипаты қатар дарағанда ғана пенде шіркін кәміл АДАМ тұрпатына оралады. Ғайыптық қасиеттері тірілгенде пенденің ұсақ-түйек кем-кетігі көрінбей кетеді. Кісінің осы дүниенің шеңберінде көрінетін имманентті образы ешқашан кәміл адам туғызбайды. Адам қалай да бойынан тәңірлік сипатын табуға міндетті. Олай етпесе қадірсіз пенде қалпында өлшеулі өмірін өкінішпен аяқтайды. Демі үзілгенше өзіне өзі карикатура жасап қор болады».

Абай атамыздың тілімен айтқанда иттей қор боп, өзіне сөз келтіреді.

Санжар Керімбайдың әлеуметтік желідегі парақшасынан

Abai.kz

 

15 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1463
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3230
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5322