Гонконгте Адам құқығы және демократияны қорғау туралы актіге сәйкес, АҚШ президент әкімшілігі Гонконгтегі наразыларды басуға атсалысқан шенеуніктерге санкция салуы тиіс. Бұдан бөлек, АҚШ мемлекеттік департаментіне Гонконгтің автономиялық деңгейін жыл сайын бағалау міндеті жүктелген. Соған қарап АҚШ сауда жасаған кезде Гонконгтің арнайы статусын жою-жоймау туралы шешім қабылдайды. Трамп қол қойған тағы бір заң Гонконгте наразыларды тарату кезінде қолданылатын полицейге қажетті жабдықтар мен техниканы экспорттауға тыйым салады.
Ақ үй мәлімдемесінде заң жобаларына қол қойған президент Трамптың Гонконг пен Қытай басшылығы қарама-қайшылықты бейбіт түрде шешіп, бейбітшілік пен гүлденуге жол ашады деп үміттенетіні жазылған. Қытайдың ішкі істер министрлігі бұл заңдарды "Гонконг пен Қытайдың ішкі ісіне араласу" деп атап, бұл халықаралық қатынастың негізгі нормаларына қайшы деді.
Бұл заңдарды өткен аптада АҚШ конгресінің екі палатасы мақұлдаған. Құжат авторларының айтуынша, бұл заңдардың мақсаты - шамамен жарты жылға жуық уақыттан бері жалғасып жатқан Гонконгтегі демократияны қорғау шарасына қатысқан азаматтарға қолдау көрсету. Соңғы сәтке дейін сарапшылар Трамптың бұл заң жобаларына қол қоятыны-қоймайтынын нақты айта алмады. Ақ үйдің мұндай қадамы Вашингтон мен Пекин арасындағы сауда қатынасын күрделендіріп жіберуі мүмкін екені айтылды. Екі мемлекет жақын арада баж салығын алып тастау туралы алдын ала келісімге қол қоюы тиіс.
Abai.kz