Сенбі, 23 Қараша 2024
Қазақтың тілі 4470 13 пікір 11 Желтоқсан, 2019 сағат 11:35

Ана тілімізді тұқыртып отырған өзіміз...

Неге екені белгісіз, біздің елде ана тіліміздің қазіргі мүшкіл жағдайы жайлы әңгіме қозғала қалса, орыс тілді баспасөз мұны бірден тіксіне қабылдап, ұлтаралық қақтығыс басталатындай аттандай жөнеледі. Мұны өздерінше дәйектемек болып тыраштанатын неше түрлі саясаткерлер мен политологтар табыла кетеді.

Күні кеше ғана астанамызда өткен қоғамдық сенім жөнінідегі ұлттық кеңесте белглі саясаткер Мұхтар Тайжан осы ана тіліміздің мәртебесін көтерудің мезгілі жеткені жайлы пікір біліргені сол-ақ еді «Время» газетінің тұрақты «ақылманы» әрі «кеңесшісі» Данияр Әшімбаев деген «бұл қауіпті мәселе» деген бағыттағы «делелсымақтар» айтып, бірден дүрсе қоя берді. Яғни бұл білгіштің айтуына қарағанда, біз тіл мәселесін ешқашан қозғамай, жылы жауып қоюымыз керек екен. Ол бола қояр ма екен. Кейбіреулердің ойынша, егер біз ана тіліміздің төңірегіндегі қордаланып қалған проблема жайлы жұмған аузымызды ашпасақ, еліміздегі ұлтаралық қатынас тастай бекем болып, қой үстіне бозторғай жұмыртқалайтындай заман орнайтын көрінеді. Егер ана тіліміз қоғамда өзіне лайықты орнын алатын болса, мына Әшімбаев секілді анатілін білмейтіндер өздері ойлап тапқан дардай атағынан ғана емес, жеп отырған надарынан да айырылып қалуы әбден мүмкін. Сондықтан да олар ана тіліміздің сол баяғы жетім күйінен арылмауы үшін жанталасып бағады. Олар тәуелсіздігіміздің бұл тірегінің үнемі әлсірей беруіне мүдделі.

Жарайды, мұндай жандардың соңғы тұяқ серпуі секілді қарсылықтарын түсінуге де болар. Алайда кей-кейде ана тілімізді өркендетуге өзгелер емес, өзіміздің кедергі жасап жүргенімізді қалай бағалаймыз? Жалаң сөз болмас үшін, фактілер келтіре кетелік. Бізде кейінгі кездері елімізге сонау Америка құрлығынан тіл үйренуге келетін студенттер қатары көбейген көрінеді. Ал егер сіз олар бізге қағаз жүзінде болса да мемлекеттік мәртебе алған ана тіліміздің кәусар бұлағынан сусындауға асыққан жандар десеңіз, мүлдем қателесесіз. Олар біздің емес, көршіміз - Ресей тілін үйренуге құштар көрінеді. Сол үшін көршімізге емес, осында ағылады. Тегін емес, әрине. Оларды АҚШ-тың «Флагман» атты бағдармасының негізінде оқиды. Қазақ отбасыларында тұрып, еліміздің тыныс-тіршілігімен танысады. Орыс тілінде, әрине. Ал әлгіндей отбасыларға белгілі бір көлемде ақы төленеді. Демек, екі жақ та риза. Осындай жастардың бірі Стефани Ханзебельт деген 22 жастағы жап-жас қыз бала. Қазақстанға келгеніне өте риза. Тұрып жатқан отбасындағы әпкесін «Мәншүк мама» деп, ал отағасын «Нұрлан папа» деп атайды. Стефани соңғы бес айда Алматыдағы Әл-Фараби атындағы ұлттық университететің филология факультетінде білімін жетілдіріп жатқан көрінеді. Жалпы, бұл жерде аталмыш бағадарлама бойынша соңғы бес жылда 80 студент орыс тілін жете меңгеріп шыққан екен. Қалғандары әлі келе жатар, әрине.

Стефанимен бірге екінші бір жас - Флойд Палмер де осында орыс тілін жете меңгеруге бар күш-жігерін жұмсап жатыр екен. Ол да бірге тіршілдік етіп жатқан қазақ отбасына деген ықыласы ерекше. Ол да үй иелерін «апа», «аға» деп атап, ерекше құрмет тұтатын көрінеді. Қысқасы, бәрі де тамаша. Мұны жерден жеті қоян тапқандай, отандық ақпарат құралдары жазып жатыр.

Бұл жерде біреулер «онда тұрған не бар, үйренсе үйрене берсін» деп жайбарақаттық танытуы да мүмкін. Ал біздіңше, бұл - шын мәнінде аса қауіпті құбылыс. Өзіміздің ана тіліміздің тынысы тарылып тұрғанда, онсыз да елімізде басымдылыққа ие өзге тілді үйретуге ұмтылу деген айналып келгенде сол ана тіліміздің аяғына салынған тұсауды одан сайын тарылта түсу деген сөз. Қажет болса, олар неге сол тілдің отаны - Ресейге барып үйренбейді? «Бақсақ - бақа екен» дегендей көршіміз анау-мынауға алданбапты. Олардың орыс тілін үйренуіне онша пейілді емес екен. Айтатын уәжі де мықты. «Егер Америка бізге достық пейіл танытпай, санкция салады екен, демек олар біздің тілімізді үйренбей-ақ қойсын». Несі бар, қисынды жауап.

 Ал біз болсақ, орыстардың өздері сырт айналған дүниені қуана қабыл алып жатырмыз. Сөйтіп, біліп істейік, білмей істейік, еліміздегі өзге тілді шетелдіктердің жаппай үйренуіне ерекше атсалысып жатқан жайымыз бар. Ал ана тілімізді қайттік? Ойбай, ол аса қауіпті мәселе, әзірше үндемей-ақ қоялық. Өйткені, бұл бағдарлама үкіметіміздің тікелей қолдауымен жүзеге асырылып жатыр емес пе? Ал біздің үкіметіміз еш уақытта қателеспейді.

Жайберген Болатов

Abai.kz

13 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1474
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3249
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5449