Қызылшаның қасіретін ұмытпайық
Қазір Парламент Мәжілісінде қолданыстағы денсаулық сақтау заңнамасына түзетулер енгізу мәселесі қызу талқылану үстінде.
Депутаттардың «қызылшеке болып» айтысып-тартысуына арқау болған маңызды тақырыптардың бірі – вакциналауды міндеттеу туралы ұсыныс.
Себебі, Денсаулық сақтау министрлігі басшыларының мәлімдеуінше, бір жыл ішінде 13,5 мың адам қызылша дертіне шалдығып, осы ауруға қарсы екпе жасалмаған 21 бала шетінеп кеткен болып шықты.
Қазақстан – осындай жұқпалы дерттерге қарсы вакциналарды бюджет қаржысына сатып алып, тегін егуді қамтамасыз етіп отырған санаулы мемлекеттің бірі. Кедей елдер оларға Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының көмегімен әрең қол жеткізуде. Мысал үшін, Африка континентіндегі кейбір елдерде мыңдаған сәби қызылшадан қайтыс болған. Белгілі себептермен вакциналау жұмысын босаңсытып алған Украинада да балалардың қызылшадан шетінеуі көбейе түскен.
Біз, қазақтар, өткен ғасырдың қырықыншы-елуінші жылдары қызылша дерті халқымызға жаудай тигенін жадымыздан шығармауымыз қажет. Мен Қызылжар өңірінің бір түкпіріндегі туған ауылымда он шақты құрсақ көтергенімен, алты-жеті сәбиі бесіктен шықпай жатып, қызылшаның құрбаны болып, екі-үш-ақ баласы тірі қалғандығын айтып, жыламсырап отырған талай ақ жаулықты ананы көрдім. Солардың бірі – өз шешем еді...
Сондықтан да ата-аналарымыз дәрігердің айтқанын екі етпей, бізге қажетті вакцинаның бәрін еккізді. Аман-есен өскеніміз соның арқасы шығар.
Жалпы елімізде вакциналау қолға алынғаннан бастап сәбилер өлімі күрт азайғаны мәлім. Енді кейінгі жылдары балаларына екпе салудан әртүрлі себеппен бас тартатын ата-аналар саны көбейіп бара жатқандығы алаң туғызбай қоймайды. Осыған орай міндетті вакциналауды ұсынған Денсаулық сақтау министрлігінің мамандарын түсінуге де, қолдауға да болады деп санаймын. Олар өз балаларының ғана емес, бүкіл ұлттың ұрпағының қамын ойлап отырғандығы анық.
Кәрібай Мұсырманның әлеуметтік желідегі парақшасынан
Abai.kz