Сенбі, 23 Қараша 2024
Жанайқай 5064 6 пікір 13 Қаңтар, 2020 сағат 13:30

Он жыл күткен кезегім бір-ақ күнде еш болды

Редакциядан: Өткенде Құндыз Ибраимова есімді қандасымыздың Қазақстан Президентінен араша сұрап жазған үшбу хатын жариялаған едік. Айтып ауыз жиғанша, редакциямыздың электронды поштасына Жанабекова Жанна атты тағы бір қандасымыздың хаты келіп түсті.

Аталған хат та «Оралман» санатымен баспана кезегіне тұрып, Қазақстан азаматтығын алған соң кезектен шығарылып тасталған қандасымыздың тағдыры жайлы екен. Мұнда бір Жанна Жанабекова ғана емес, 87 қандасымыз пәтер кезегінен қағылыпты.

30 желтоқсан, 2019 жылы «Abai.kz» сайтында қоғам қайраткері Ауыт Мұқибектің Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың атына жазған «Қандастарыңызды баспанасыз тастамаңыз...»  атты «Ашық хаты» жарияланған болатын. 


Қазақстан  Республикасының

Президенті Қ.К.Тоқаевқа

Құрметті Қасым-Жомарт Кемелұлы!

Мен 2008 жылы Ресей Федерациясының Қорған облысынан келіп, Қазақстан Республикасының азаматтығын алдым. Жасым биыл 37-де. Әке-шешем қайтыс болған. Бір сіңілім менімен бірге оралған. Ол да Қазақстан азаматы. Қазір тұрмысқа шықты. Ағам мен апайым Ресейде тұрады.

«Оралмандар» санаты бойынша Нұр-Сұлтан қаласына баспана кезегіне тұрдым.

Қазақстан Республикасының азаматтығын алғандығым үшін, «Оралман» мәртебем жойылып, Нұр-Сұлтан қаласының жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы басшысының 2018 жылы 05 желтоқсандағы №02-41/260 бұйрығымен баспана кезегінен шығарылдым.

Аталған Бұйрыққа сай, Нұр-Сұлтан қаласы бойынша пәтер кезегіне тұрған 87 қандасымыз кезектен шығарылып тасталды. Ал, өзге өңірлерде олардың біразы сотқа жүгініп, кезегін қалпына келтірген көрінеді.

Ал, мен де сотқа бердім. Бірақ, сот менің өтінішімді қанағаттандырмады.

Сөйтіп, он жыл күткен кезегім келмеске кетті.

Елге оралған он жыл ішінде мен мемлекеттік секторда, оның ішінде денсаулық сақтау саласында маман ретінде жұмыс істедім. Көптеген медициналық және әлеуметтік жобаларға қатысып, кешенді медициналық және әлеуметтік қызметтерді интеграциялауға өз үлесімді қостым. Нұр-Сұлтан қалалық Денсаулық сақтау басқармасының алғыс хаттарымен марапатталдым.

Өкінішке орай, жалақым аз болғандықтан, алғашқы төлем үшін ақша үнемдеуге мүмкіндігім болмады. Табысымның көп бөлігі пәтер жалдауға кетті...

Құрметті Қасым-Жомарт Кемелұлы!

Қазір мен Республикалық диагностикалық орталықтың клиникасында жұмыс істеймін. Өзіңіз білесіз, бұл бюджеттік мекеме емес. Мен өз мамандығымды сүйем, өзім секілді тұрмысы төмен отбсылардың ауырған-сырқаған балаларына көмектескенді жақсы көрем және осы саладан ешқайда кетпеймін. Себебі, мен Еліме өз үлесімді қосу үшін келгем.

Сондықтан, Сізден «Оралман» санатымен баспана кезегіне тұрып, азаматтық алған соң шығарылып тасталған мен секілді қандастарыңыздың мәселесін өз назарыңызға алып, қатысты заңнамаларға толықтыру енгізуге, құқығымызды қалпына келтіруге көмектесуіңізді сұраймын.

Құрметпен,

Жантаевна Жанна Жанабекова 

Abai.kz

6 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1482
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3254
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5498