Сенбі, 23 Қараша 2024
Асқанға - тосқан 3604 10 пікір 20 Қаңтар, 2020 сағат 11:48

Әкімдерге талап күшеймесе халықтың сорлағаны...

Жалпы бізде халықтың маңдай терімен түскен ақшасын, яғни, бюджеттің қаржысын есебі жоқ, түпсіз бір таусылмастай байлық көзіне балап, оны әртүрлі деңгейдегі әкімдердің оңды-солды шашуы өзіндік бір бәсекеге айналған секілді. Бұл арқылы жоғары жақтың да көзіне түсіп қалуға болады, әрине. Оған көп нәрсенің керегі шамалы. Ішіндегі өндірісі төрт аяғынан тәлтіреп тұрса да сырты анадайдан көз тартатын ғажап ғимарат салсаң, болмаса миллиардтаған қаржыны сөзге келместен бір кәсіпкерге бере салып, ешкімге қажеті жоқ, алайда келбеті алыстан көз тартатын аса сәулетті спорт сарайын салып, оны жылына ағылып келіп жатқан сан делегацияның біріне көрсете салсаң жетіп жатыр.

Сонда сенен асқан іскер әкім, сенен асқан спорт сүйер басшы, сенен асқан инвестор тартқыш жанды бүкіл елден таба алар ма екен... Қыдырып келген қай үкімет мүшесінің бірінің «ау, осынша адам сенгісіз ғимараматтарды ылдам-жылдам салуларыңа қарағанда бюджеттерің де керемет шығар» деп, сүйсіне алмай, қызғаншақтық танытатындығың қайтерсің?

Ал енді өзге жақты қайдам, бізде облыс бюджетін ұқыпты жұмсап, әрбір тиынының қайтарымын ойлап бас қатырып отырған ешкім жоқ десек артық айтқандық болмас. Облыс әкімі Архимед Мұқанбетов мырзаның ондай «ұсақ-түйекпен» шаруасы шамалы. Одан да құлашты кең сілтеп, мұрның барда бір сіңбіріп қалғанды қатты ұстанатын секілді.

Жә, фактіге жүгінелік. Біздің Қотсанай облысы еліміздің басқа да көптеген облыстары секілді жоғары жаққа алақан жайып отыратын өңірлердің бірі. Оның жалпы бюджеті бір қарағанда осал да емес. Нақтылап айтсақ, ол бүгінгі күні 313,9 миллиард теңгені құрайды.

Осы облыстың тұрғыны болғандықтан осыншама байлықты естігенде көкірегіңді ерекше қуаныш билеп, төбең көкке бір елі жетпей қалады екен. Енді ше? Ойбай-ау, бұл дегенің қаншама кедей-кепшік пен жетім-жесірдің, панасыздар мен баспанасыздардың көз жасын сүртуге ғана емес, біржолата жарылқап тастауға да еркін жететін сома емес пе?

Алайда біз бұған босқа қомпайыппыз. Әлгі 320 миллиард дерлік қаржының тек қана 89 миллиард теңгесін ғана өз еңбегімізбен табады екенбіз. Былайша айтқанда, біздің табысымыз республикалық бюджеттен алатын қаржының үштен біріне де жетпейді екен. Ал қалған 140 миллиарды тікелей субвенция, ал 70,4 миллиарды мақсатты трансферт секілді амалсыз берілетін жәрдем.

Жарайды, біз өз күнімізді көре алмай, жоғары жаққа жәутеңкөз болып отырған күйіміз бар екен. Қайтеміз, анау мұнайлы жұрт немесе Алматы мен Нұр-Сұлтан секілді қалталы қалаларға ілесе алмаспыз. Алайда, әрбір мүмкіндікті қарастырып, қандай да табыс көзін сараптап, бюджеттің өзіміз табатын бөлігін барынша көбейту - қашанда басты мақсатымыз болып қала бермей ме?

Өкініштісі, бұл ой біздің басшылықты онша толғандыра бермейтін секілді. Олардың пайымдауынша, жоғарыдан келетін мол байлық еш уақытта сарқылмай, бізге құйыла береді, құйыла береді. Ендеше тиын санаудың қажеті қанша? Оның үстіне бұған онша көңіл бөліп жатқан да ешкім жоқ.

Сонсоң, әрине, біздің облыста еліміздің еш жерінде жоқ, бағасы да анау-мынау емес, тұп-тура 4,5 миллиард теңге тұратын «Тобыл-Арена» деген кең байтақ елімізде жапғыз жабық стадионды салды да тастады. Оның салтанаты ашылуына келген делегацияларына таңдай қағудан басқа аузына сөз түспеді.

Енді мұны да аз десеңіз, осындай шабытпен, дәл осындай бағаға облыс орталығында керемет Мұз сарайының құрылысы жедел қарқынмен салынып кетті. Тек, бір өкініштісі, мұндай ысырап баспасөз бетіне шығып кетіп, ел Президенті Тоқаевтың құлағына тиіп қалған. Қасым-Жомарт Кемелұлының: «Осы сіздерде өзге экономикалық-әлеуметтік мәселелер шешіліп болып, осындай сарай салу қалды ма?» деген сұрағына әкіміміз: «Ол қалалық қоғамдық кеңесте шешілген» деген жауап берді. Алайда, сол кеңестен оралған әкімімізге жергілікті «Наша газета» деген газеттің тілшісінің: «Ол мәселе қашан және қай уақытта шешіліп еді?» деген сұрағын құлағына да ілген жоқ.

Ал енді осы екі ғимараттың облысымызға қаншалықты қажет екендігін саралап көрелік. Біріншісі, яғни стадионды осындағы «Тобол» футбол клубына тартылған ерекше сый десе де болады. Алайда оған жыл сайын  2 миллиардтан астам қаржы бөлініп, маңдайына жел тимейтін, сөйте тұра жергілікті ойыншыларды тәрбиелеуге еш көңіл бөлмейтін осы клубқа әлгіндей стадионның қаншалықты қажеті бар еді?

Тіпті, айтуға да ұят, бүгінгі күні мұндағы «Тоболда» жергілікті кадрдан бір ғана ойыншы - қақпашы ғана ойнайды. Ендеше қостанайлық қара домалақтардың болашақ тағдырына көңіл бөлмейтін, негізінен тек легионерлерден, яғни келімсектерден тұратын бұл командаға 4,5 миллиардттық, әлемдік деңгейдегі стадион тым артықтау емес пе? Олар алдымен өз аяқ допшыларымызды дұрыстап дайындап алсын да. Сый-сияпат соның нәтижесінде ғана бола жатар. Әйтпесе, бұл халықтың ақшасын оңды-солды шашу деп түсінеріміз сөзсіз.

Ал енді Мұз сарайына келер болсақ, бұл тіпті шектен шыққан жағдай. Біріншіден, онда ойнайтын хоккей клубы Қостанай қаласында атымен жоқ. Өзіміздің лигада өнер көрсететін «Горняк» деп аталатын клуб облыс орталығынан 40 шақырым жырақта орналасқан Рудныйда тұрып жатыр. Соның намысын жыртады. Сонда қалай, күні ертең сарай салынғасын оларды түгелімен осында көшіріп әкелеміз бе? Бұған қанша қаражат қажет кететіндігін кім есептепті?

Ал өзімізден жасақтасақ, оған да аз қаржы кетпейді. Демек, «қайда барсаң да Қорқыттың көрі» дегеннің кері. Ал басты нәрсе, шындығын айту керек, біздің қара домалақтар хоккей деген ойынға онша құмар емес. Онда негізінен бөтен ұлттың өкілдері ойнайды. Мәселен, әлгі «Горняк» клубында жалғыз ғана қазақ фамилиясын кездестіресіз. Сонда қалай, біздер осыншама қаржыны өзгелердің талантын ұштауға жұмсап жатырмыз ба? Оның үстіне әлгіндей өзге ұлттың жігіттері бізде әбден ысылып, шеберлігі шыңдалған соң өздерінің күнде аңсары ауып тұрған Ресейге қарай шұбырып кетсе қайтеміз? Оған кеткен қаржыны кім қайтарады? Ең бастысы біздер, қазақтар, бұл істе өзгелерге күлкі болып жүрмесек болғаны. Бізді ойлантқан осындай жайлар еді.

Айтпақшы, егер біз әзірге әлгі екі ғимаратты салмай үнемдегенімізде, ол қаржы облысымыздың денсаулық сақтау саласын толық қамтып, онымен қоймай облысымыздың барлық елді-мекендерін газдандыруға толық жетпек екен.

Немесе дәл осындай ақша әлеуметтік саланы да молынан қаржыландары алады екен. Ешкімге алақан жаймай-ақ. Ешкімге жәутеңдемей-ақ. Мінекей, өз табысымызбен толатын бюджетіміздің бір бөлігін осылайша молайтар едік те...

Бізше, мәселе бұл жерде осынау мол қаржыны өз қолына ұстаған облыс әкімдерінің еш бақылаусыз кеткендігінен деп білеміз. Олар сол өлкеде алдына адам келе алмайтын шексіз билік иесі. Олардың билігін шектеп, халыққа есеп беретіндей ететін механизм атымен жоқ. Мұндағылардың бәрі оған бағынышты. Жоғары жақтан бақылау тым әлсіз. Олар мұнда өмір сүріп отырған жоқ. Ал әкім де пенде. Қателесуі де әбден ғажап емес. Ал кейде қатесі жұртқа тым ауыр соғуы мүмкін. Шексіз билік адамды міндетті түрде қателікке ұрындырады. Бұл тарих сабағы. Ал оны түзеуге мүмкіндігі де, ниеті де бола бермейді. Мүмкін, бұл олардың кінәсі ғана емес, қасіреті де шығар. Оған алысқа бармай-ақ, ана Павлодар облысының әкімі Болат Бақауовтың мысалы да жетіп жатыр...

Жайберген Болатов,

Қостанай.

Abai.kz

10 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1487
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3256
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5520