"Біз Қытайдан қашатындарды қауіпсіз баспанамен қамтамасыз етіп, оларға пана беруді сұраймыз. Адамшылық көрсетіп, дұрыс жасаңыздар" деді Помпео 2 ақпанда Қазақстанның сыртқы істер министрі Мұхтар Тілеубердімен бірге өткізген баспасөз мәслихатында.
Нұр-Сұлтанға 1 ақпанда түнде ұшып келген Помпео жексенбі күні туыстары Шыңжаңда қамалған азаматтармен де кездесті.
Қазақстан Шыңжаңда қуғын көргенін айтып, елге қашып келген бірнеше этникалық қазаққа осында қалуға рұқсат етті, бірақ олардың ешқайсысына босқын мәртебесін бермей, Қытайдағы қысым туралы ақпаратты мойындауға ықылас білдірген жоқ.
Қытай Шыңжаңда лагерьлер ашып, оған ұйғырлар, қазақтар және басқа да мұсылмандарды қамап жатқаны жайлы ақпарат 2017 жылы тарай бастаған. 2018 жылы жазда БҰҰ "Шыңжаңдағы лагерьлерде бір миллионға жуық ұйғыр, қазақ және басқа да мұсылман отыр" деп мәлімдеген. Қытай билігі басында лагерьлердің барын жоққа шығарып, кейін бұл жерлерді "терроризм мен экстремизммен күресетін және кәсіп үйрететін орталық" деп сипаттаған.
2018 жылдан бері Алматы мен Нұр-Сұлтанда "туысымыз Шыңжаңда қамауда отыр" деген адамдар бірнеше рет жиын өткізіп, Қазақстан билігінен көмек сұраған.
Abai.kz