Форт-Шевченконың тарихи Ақ Кетік атауын қайтару қажет
Маңғыстау облысы әкімі
С.Тұрымовқа,
Маңғыстау облыстық Маслихатының хатшысы
Н.Тұрышевқа,
Маңғыстау облыстық Ономастикалық комиссиясының төрағасы
Қ.Жұмашевқа,
«Форт-Шевченко – қала. Түпқараған ауданының әкімшілік орталығы. Каспий теңізінің шығыс жағасында, облыс орталығы Ақтау қаласынан солтүстік-батысқа қарай 130 км жерде орналасқан. Орта ғасырларда бұл жерде теңіз айлағы – Кетікқала қалашығы орналасқан. Бекініс аумағында жүргізілген археол. қазбалар нәтижесі бойынша Кетікқала қалашығы 10 – 15 ғ-ларда Еуропа мен Орталық Азияның экономикалық орталықтарымен сауда байланыстары болғанын айғақтайды. Каспий теңізінің шығыс жағалауын игеру мақсатында 1716 ж. Ресей патшасы Петр І-нің әмірімен А.Бекович-Черкасский басқарған экспедиция осы жерде алғашқы «Әулие Петр» орыс қамалының іргетасын қалады. 1846 ж. штабс-капитан М.И. Иваниннің басшылығымен Ново-Петровск бекінісі бой көтерді. 1857 жылдан бекініс маңында пайда болған қала Форт-Александровск, кеңес өкіметінің алғашқы жылдарында Форт-Урицкий, 1939 жылдан қазіргі атымен аталады. Қаланың шетінде Қорғантас тауында қираған бекіністің қалдықтары сақталған. 1882 ж. Форт-Александровск Маңғыстау уезінің орталығы болып, 1896 ж. оған қала атағы берілді. 1850 – 57 ж. мұнда украинның ұлы ақыны Т.Г. Шевченко айдауда болды. 1932 ж. Шевченконың мемориалдық мұражайы ашылды (Уикипедия — ашық энциклопедиясынан алынған мәлімет).
Қазіргі тарихи еңбектер болсын, өзгесі болсын бәрі бірі-бірінің аузына түкіріп қойғандай «Бұл жердің (Түпқарағанның) әрбір сүйемі бір-бір сыр шертеді. Украин халқының ұлы перзенті Тарас Шевченко аз ғұмырының жеті жылын (1850-1857) осы жерде (Ақ Кетікте М.Қ.) айдауда өткізген» деп жазады. Атам қазақтың тілде «сүйек жоқ» дегені осы болар, жақында бір тележурналист Шевченконы тіпті Маңғыстауға Ресейден келген ең алғашқы «елші» деп соқты.
Ақиқатында, Т.Шевченко Маңғыстауда айдауда да емес, елші де емес, ол осы жерді, яғни қазақ даласын жаулап алуға келген патша әскерінің қатарында болды. Дәлел ме, тыңдап қараңыз:
Куәлікке 2011 жылы Алматы баспасынан жарық көрген «Қарашаңырақ» атты кітаптың екінші басылымын тартамыз.
Кітаптың «Қарашаңырақ» деген атауы ешқандай ақылға сыймайды. Бұл жерде Форт-Шевченко кімнің «қарашаңырағы» деген сұрақтың өз-өзінен туындары анық. Сонда ол кімнің «қарашаңырағы» Қазақтың ба?, әлде орыстың ба? Егер ол қазақтікі болатын болса неге, Форт-Шевченко? Қазіргі қазаққа «үш қайнағанда сорпасы» қосылмайтын, Тарас қалай Қаз Адайға кенже ұл, қарашаңырақ иесі болады. Бүкіл Маңғыстау халқының білетіні, Адам Атаның қарашаңырағы Адайда, Адайдың қарашаңырағы Мұңалда (Мұңал ошақтың сыры осы) емес пе?
Осы кітаптың 65 бетінде қала үстіне төніп тұрған құздың суреті берілген, астына «Тарас Шевченко әскери қызмет еткен зеңбірек орналасқан Кетік қыраты қала үстіне төніп тұр» деген жазба.
Келесі бетінде Тарастың әскери киіммен түскен суреті. Бұл бейне (склуптура) Т. Шевченконың ескерткіші. Ақын мұражайы жанында» орналасқан деп жазылған. Бұл бейне де ол мен «айдауда жүрмін» (узникпін) деп отырған жоқ, керісінше бұл жердің қожасы мен отырғаны анық байқалады. Оның бұлтартпас айғағы, үстіндегі патшалық Ресейдің «оқаланған» әскери киімі мен сұсты жүзі.
Ал, Тарас пен оның жолдастары атқан зеңбірек, винтовка оғынан қанша қазақ баласы ажал құшты, ол тек қана бір Аллаға аян. Ол кезеңдерде патша әскері мен жергілікті қазақтар арасында талай қанды қырғын соғыс, қақтығыстар болған. Маңғыстау жерін жаулап алып, халқын қанды қырғынға ұшырату осы қаладағы әскери бекіністен басталған. Бекініс Маңғыстау қазақтарын өзіне тәуелді етіп, жерін отарлау үшін салынған. Әйтпесе, Ресей патшалығынан Түпқарағанға әскери бекініс салуды бірден-бір қазақ баласы сұрамағаны анық. Сондықтан мұны ақыл-есі түзу жан жоққа шығара алмайды.
Тарас ұлы ақын. Ол көксеген Бостандық, Еркіндік, Теңдік ешқашан өз мәнін жоймақ емес. Алайда тек қана бұл бүкіл Маңғыстау халқының «қарашаңырағының есімін иелену үшін, кімде-кім мың жерден басын тасқа ұрса да» жеткіліксіз. Оның үстіне ол сөз зергері ретінде Маңғыстау және оның тұрғындары жайлы бір ауыз да қалам тартпаған. Кейбіреулер оны ақтау үшін, оған жазуға тыйым салынған деген желеуді алға тартады. Бұл шындықтың маңына да жуымайды. Әйтпесе, басқасын былай қойғанда, Таушық көмірін зерттеуге келген Антипов экспедициясына еріп бір жаз бойы, Маңғыстау даласын кезіп сурет салмаған болар еді. Оның үстіне жеті жылдан кейін «айдауы» бітіп, еліне барғаннан кейінде оның қолын ешкім ұстап отырған жоқ емес пе?
Шынында да оның қолын еш жерде ешкім ұстаған жоқ. Ол Маңғыстау да «айдауда» жүргенде күнделік жүргізген. Оның күнделігінде: «Нағыз шөл дала. Тек қана құм және тас, шөп те, ағаш та, тіпті ештеңе жоқ» (Т.С.Досанов «Тайна Руники» Алматы-2013. 170 бет). Маңғыстау жайлы бар жазғаны осы. Себебі, патша әскеріне қазақ баласы адам емес, жабайы аң мен парапар еді.
Тарастың жергілікті халық алдындағы жалғыз еңбегі Маңғыстаудың тау-тасының суретін салғаны. Сол тау-тастар (шыңдар) әлі сол күйі, сол орнында тұр, өзгерген ештеңесі жоқ. Қазақтардың тұрмыс салтына байланысты салған суреті «Байғұстар», «Қазақ қызы Катя», тағы бірі Қазақ әйелінің тыр-жалаңаш бейнесі. Оны кезінде белгілі ғалым Қабиболла Сыдиықов «Бұл Т.Шевченконың Қазақ тұрмысын көрсетуде ауытқуға барғанын, әдетте қазақ әйелі өзге еркектің, оның ішінде діні бөлек ер адамның алдында ашық-шашық жалаңаш отырмақ емес. Олай ету - өліммен тең, тезек терген қабы мен соңғы алашасын тепшіп кисе де, иінін жабады. Тарастың жалаңаш қазақ әйелін салған суреті соған қарағанда, сөз жоқ, жергілікті халықтың салт-тұрмысын нашар білгендігін сипаттайтын сияқты». Айдауда (узник) болса білер еді, ал басқыншы әскерге оның қажеті жоқ. Тарастың бұл әрекетінің біз білетін әділ бағасы, бүкіл қазақ жұртын және олардың аналарын табанға салып қорлау болып табылады. Есі дұрыс қазақ баласы ол заман түгілі «гендерлік» саясат қақ төрімізде тайраңдаған бүгінгі заманда да ондайға жол бермейді. Бұған басқаша түсінік бере алмайсың.
Міне Маңғыстаудың Қарашаңырағы атауына ие болған Т.Шевченконың Қазақ халқы алдындағы бар еңбегі осы.
Тарих тағлымы: Қала атына бұрынғы тарихи Ақ Кетік атауын қайтару қажет. Себебі, Манқыстаудың ежелгі атауларының бірде-бірін өзгертуге болмайды. Бұл Адам Ата ұрпақтарының 70 мың жылғы шежіресінің алтын әріптермен жазылған ұлы кітаптың бір парасы.
Тағы да қайталап айтамын, Тарас Шевченконың Украина халқының ұлы ақыны екеніне дауласпаймын. Бірақ оған құрмет өз елінде аз көрсетіліп жатқан жоқ. Ол кісі қайткенде де қазақтың «Қарашаңырағының» иесі аталатындай бұл Маңғыстауға ешқандай еңбегі сіңбегендігі де айдай ақиқат. Оған сол қаладағы мұражайда жеткілікті.
Ақ Кетік – Ақ, Ақиқат, Ақ сүт, Ақ адал мал, Ақтық (немере), Ақыл, Ақ ниет, Ақ неке, Ақ орамал, Ақ Қаз, Ақтау т.т. Ақ түбірінен туындайтын барлық ұғымдардың авторы Ақпан (Ақ Манұлы) атамыз.
Кетік – сөз түбірі «ет», арғы шығу тегі Ад. Ары қарай кет, ік, тік, етік деген біріккен сөздерден тұрады.
Бұл қаланың Кетік атануы қазіргілердің айтып жүргендеріндей, тау шатқалдарының кетік-кетік болуынан емес. Себебі, дәл осындай қала маңындағы тау-тасы кетік-кетік болып тұрған елді мекендер мен қалалы жер қазақ даласында, әсіресе Маңғыстауда жетіп артылады. Алайда олардың бірде біреуі Кетік деп аталмайды.
Ке (Ге, Хе) деген түбірден – Кет, Кете, Гет, Хет; Кел, келбет, келте, келін, келісім, келу, келмеу, келімсек, келесі; Кебу, кебек, кебін, кебенек, кебіс-мәсі; Кедей, кедергі, кедір-бұдыр; Кез, кезу, кезбе, кезек; Кей, кей адам, кейде, кейін, кейіпкер; Кек, кекшіл, кексе, кекіл, кекеш, кекету; Кем, кемел, кемер, кемтар, кемпір; Кен, кенші, кенеп, кене, кенет, кент, кентавр, кең арна, кең-байтақ, кеңес, кеңсе; Кеп, кепе, кепиет, кепіл, кептер; Кер, Керман, Гер, Герман (тайпа), Германия (ел), кері, Керілген (Мұңалиядағы өзен атауы), кертік, керең, кереғар, керкеткен, кер ат, кер бесті, кербез, кергіш, кердең, керемет, керме, кернеу, керуен, керім; Кес, кесу, кесілген, кеспеу, кесік, кесір, кеспе, кескін; Кеуде, кеуек, кеудеше; Кеш, кеше, кешен, кешірім, кеще т.т.;
Кет деген түбірден – Кете (ру аты), Кетік (Кете жігі), кетік тіс, кетек, кету, кетпеу, Кете алмау, кетіс, кетісу, кетпен, Кетбұға (Кете Бұқа), Кете Жүсіп т.т. болып кете береді;
Ал, «Кет»- ке жалғанған «ік» жалғауы «жік», яғни «Кете жігі (Кете руы)» деген мағына береді.
Түсініктеме: Кете руы Алшында Аға баласы деп құрметтелетін Алты ата Әлімнің Байсарысынан тарайды.
«Алшын, Алшын болғалы
Әлім еді ағасы,
Шолпан еді анасы» - деп жырлайды, Ата шежіреміз.
Шежіре дерегі бойынша, Қазақ - Кіші Жүз (Бекарыс) – Алты ата Әлім - Байсары (Кете) руы болып таратылады. Ұраны – Майлыбай. Кете - Қаракесектің тұңғыш ұлы.
Бұл қаланың атауы ең алғаш кәсіпкерлікпен айналысқан елдің тұрағы деген мағынаны да білдіреді. Міне осы қалада ең алғашқы аяқ киім тігілді және ол қала аяқ киім тігетін орнымен әйгілі болды. Қыста киетін аяқ киім осы шебердің атына сәйкес етік деп аталды. Бұл Етік (Етікші Кете) атамыздың авторлық құқы, оны сен мойында, мойындама одан ештеңе өзгермейді. Атамыздың авторлық құқығын ешкімде тартып ала алмайды.
Кез-келген заттың (құдықтың, өзен, теңіз, мұхиттың, ыдыстың, тіпті бәрі-бәрінің) түбі болатыны сияқты, Адам баласының да түп аталары, соған сәйкес олардың атауларында да сөз түбірі (өз түбі) бар. Бұл қағида сонау түп атамыз Адам атадан бері қолданылып келеді. Қазақта «Орынды жерінде айтылмаған сөздің атасы өледі» деген мақал бар. Демек, сөз де ата да бар, ана да бар. Сөздің атасы сол сөздің түбірі, ал анасы «тіл». Тілің болмаса сөйлей алмайсың. Бұл тұжырымға қазақтың ана тілінде сөйлеу, қолдану (жазылу) ережесін білетін барша азаматтары тоқтауға тиіс. Бұған тоқтай алмасаң, онда сенің білім деңгейің «бақшадан» шығып, әлі мектепке бармағаның.
Қазақтың сөз жасау қағидасында екі, үш, төрт, бес және одан да көп дыбыстар мен буындардан құралатын сөздердің барлығы «біріккен сөздер». Сөздің түбірінде сол ұғымдарды дүниеге әкелген адамның (рулар мен тайпалардың) атауы тұрады. Бүгінгі «авторлық құқық» деп жүргендеріміздің бастау алатын жері осы.
Бұл қағиданы бүкіл әлем елдері қолданады. Мысалы, «ИЛ» ұшағының авторы Илюшин, «АНТ» ұшағының авторы Антонов, «ТУ» ұшағының авторы Туполов, сол сияқты кез-келген ашылған жаңалықтардың авторы «Ом заңы», «Архимед заңы», «Ньютон заңы» деп аталып кете бермей ме? Міне осы заңдылыққа сәйкес етіктің «авторы» осы атамыз. Бұл дауға жатпайды. Мұны түсіне алмасақ, бұл біздің «Адам баласы маймылдан (айуаннан) жаралды деген» Дарвин ілімін толықтай басшылыққа алғанымыз. Маймылға қарап бой түзеген ұлдың да, қыздың да, елдің де келешегі болмайды.
Тарих тағлымы: Әлем мәдениетінің ең алғашқы бастау алған жері, ең алғашқы ілкі төрге, ата-бабаларымыз Түпқараған (Қарағантүп) деп ат қойып, көзінің қарашығындай қастерлеген Ақ Кетікке тарихи атауын қайтара алмай жүргеніміз біздің төл тарихымызды ұмытып, ата-баба дәстүрінен ауытқып, жаттың ықпалымен қарама-қарсы бағытқа қарай жүзіп бара жатқанымызды көрсетеді. Тегін танымаған елдің келешегі болмайды.
«Мен 20 жыл бойы әскери қызметте жүріп, қазақтармен болған талай соғысқа қатыстым. Бірақ, дәл мынадай көзсіз және жанкешті табандылықпен жүргізілген шабуылды көрмеп едім. Форттың тағдырын осындай бiрнеше шабуыл шешiп кетуi мүмкiн едi. Онда мұның немен аяқталатынын көзге елестетудiң өзi қорқынышты». Бұл жазбаны 1870 жылы Маңғыстаулық Адайлардың қазіргі Форт Шевченко қаласындағы орыс бекінісіне жасаған шабуылын өз көзімен көрген патшалық Ресейдің корпус офицері, топограф майор Зеленин жазып қалдырған екен.
Тарихқа үңілсек, сол бекініске Адайлар сан рет шабуыл жасаған екен. Ақыр соңында олардың жергілікті қазақтардың шабуылынан қорыққаны соншалық, әскери бекіністі жан-жағынан адам жақындай алмайтын биік шың басына апарып салуға мәжбүр болған. Ал, өздері сол қамалдан ұзап ешқайда шыға алмаған, тіпті айлап, жылдап тау басынан төменге түсе алмаған кездері де болған.
1870 жылғы пашалық Ресейге, 1930 жылғы Кеңес өкіметіне қарсы көтеріліске қатыспаған, не оған қарсы болған бірде-бір Маңғыстаулық болмаған. Барлық халық түгел атқа қонған. Бұл ел түгелге дерлік қазақ халқы мен Орта Азия елдерін Ресей патшалығы түгел жаулап алған екі ғасырлық бодан кезінде де оған бағынбады, айтқанына көнбеді, айдағанына жүрмеді. Осылайша, бүкіл Қазақстан мен Орта Азия мойындаған Ресей бодандығына бас иместен Қазан төңкерісіне жетті. «Түздіктердің ең бір ержүрек тайпасы Адайлардың орыс бодандығына берілмеуі Орта Азия хандықтарын орыс отаршылдығынан 150 жыл бойы сақтап тұрды», — деп жазды Ф.Энгельс бұл туралы.
Сол соғыс жайлы Светқали Нұржан ініміз былай деп, жырға қосты:
«...Сонау өткен отыз бірдің жылында,
Үстірт үсті, Самның орғыл құмында
Ту көтерді Мырзалы* мен Боқмаш* «хан»,
Майдан ашып бәлшебектей зұлымға.
Мендегі жел жабысып ед жатында,
Кете бардым сол ерлердің сапында.
«Елмен бол!» – деп басып берді сонда әкем
Құмай торы ат, бесатарды тақымға.
Жыршылар бар, қарайтын бар жауырын,
Байқастаймыз ел дыбысын, жау ыңын.
Хабар жетті:
«Елу-алпыс «Күпу»* кеп
Басты, – деген, – Тұрман ахун* ауылын!..»
Жау емінсе, сау елінде жатар ма? –
Сау етістік Самның таңы атарда!
Қырып салдық шошқаларша шыңғыртып,
Бәйбішені кергенде иттер бақанға.
Содан бастап, алағай да бұлағай,
Бұл дүбірден кім қалушы ед, сірә, жай!
Жүз жігіті түрмеде еді Адайдың,
Ақкетікке* тарттық содан шыдамай.
Тура шауып құрып қойған ажалға,
Ақкетікті айналдырдық мазарға.
Қалған жағын ту-талақай қылғанмен,
Алдырмады әскері бар казарма.
Ай, сол күні кеме қаптап теңізден,
Пулемет – жүз, айырпылан сегізден,
Оқтан шашу шашты дерсің! –
Теріп жеп
Бір тойындық, басқа жұрттан неміз кем!..
От ішінде салып жүріп алысты,
Амалсыздан, қолдан бердік намысты.
Кете бардық, қанмен жуып ат жалын,
Жауға алдырып екі жүздей арысты! («Адайдың соңғы «бандасы»).
1870 жылғы «Адай көтерілісі» патша үкіметін қатты састырды. Ақ Кетік әскери бекінісіндегі орыс әскеріне Кавказдан көмекке келген қолдың басшысы граф Кутаисов: «Өлке түгелімен көтерілген, қарусыз бір адам жоқ… Олармен алғаш кездескенде тіпті шошып кеттім. Олардың бірде-біреуі қанша атсақ та құламайды. Шауып келеді, шауып кетеді. Өлісі қайсы, тірісі қайсы – адам айырып болар емес. Адам шошырлық аласапыран. Мұндай қарбаласта әскердің бас-аяғын жинап ұстаудың өзі қиын болды» деп жазады.
Осыдан төрт жылдан кейін, яғни 1874 жылы «Бізге әуелден берілмеген Адайлар 1870 жылғы көтерлістен кейін тіпті бағынудан кетті. Біз Маңғыстауда аяғымызды тік басып, өзімізді оның қожасымыз дей алмадық» жеп жазыпты Маңғыстау приставы.
1873 жылы Хиуа жорығына қатысқан Гуго Штуммның «Хиуаға жорық» атты кітабында Хиуа хандығын жаулауға аттанған патша әскерінің Маңғыстаудағы Ақ Кетік қаласы (Форт-Александровск) түбінде өз жерін, өз елін қорғаған жергілікті адайлармен болған соғыс туралы атап өтіледі (37 бет).
1920 жылы 5 қаңтарда суық қаруланған 15 000 әскермен Форт-Александровскіге (қазіргі Форт-Шевченко) аттанған атаман В. С. Толстовтың отряды аталған жерге бір айдан соң тек қана 2000 адаммен жетеді. Қалғандарының бәрі жолай жасалған адай жасағының қолынан қырғын табады. Ал сол жылғы сәуір айында бекініске жасалған шабуылдардан сол қалған 2000 әскерден тек қана 214 адамы тірі қалып, сол жасақпен Форттан тағы шыға қашып Красноводск, одан әрі Иракқа қашып құтылады. (Кей деректерде тек қана 70 адамы қалған деп көрсетіледі). Адайлардан осыншама қырғын көрген атаман кейіннен өзінің бір мемуарында былай деп жазып кетеді: «Ең соңғы Адайдың сүйегін музейден көрсем, мен армансыз, бақытты адам болар едім...» Толстовтың бұл мемуары қазір Париждегі орыс казачествосының музейінде тұр.
Маңғыстаулықтар Кеңес үкіметімен де 40 жыл айқасты. Х.Досмұхамедов «Адайлардың орыс отаршылдарымен араласы алақандай Форт-Шевченко қаласының аумағынан асып жарыған жоқ. ...Қазақтың Адай сияқты рулары, шындығында, орыс өкіметі Хиуа мен Түрікпенді алғаннан кейін ғана бағынды» деп жазды («Аламан», А. 1991. 409 бет). Олардың орыс мәдениетімен (ілімімен) араласқан кезеңі бар-жоғы елу жылдың айналасы. Қазақ даласы 300 жылға жуық бодандық кезінде қазақтың салт-дәстүрін, әдет-ғұрыптарын жоғалтпай сақтап қалған да осы Маңғыстау. Сондықтан да ол «360 әулиелі Киелі Маңғыстау» деп аталады.
Міне Біз қазір 30 жылдан бері тәуелсіз ел болдық дейміз. Алайда, сол ұлы аталарымыздың жанкешті ерлігін қайталамақ түгілі, сол қаланың тарихи атауында қайтара алмай жүрміз.
Биылғы 2020 жылы: 1870 жылғы Маңғыстау халқының Орыс отаршылдығына қарсы көтеріліске шыққанына 150 жыл, Қазақ жасақтарының Ақ патшаның атаман В.С.Тостов басқарған отты қарумен мұздай қаруланған 15 000 әскерін талқандағанына 100 жыл, 1930 жылғы Коммунистік Кеңес озбырлығына қарсы көтеріліске шыққанына 90 жыл толып отыр. Айтулы оқиғалардың осылай тоғысуы Алланың қалауы болар.
Құрметті Оқырманлар! Міне айтайын деген ойымды аяқтауға таяу қалдым. Қазір соңғы нүктені қоямын, Сіздер содан кейін осы жолдарды оқып отыратын боласыздар! Ой жіберіп қарасақ, сол кезеңдерде осы өзіміздің Атамекен туған жеріміздің қарашаңырағы Түпқарағандағы Ақ Кетікті жау табанына таптатпаймын деп, сол қанды соғыстарға қатыспаған Маңғыстаулық болмаған. Бір сәтке ой жіберіп қарасақ, Солардың қаншама мыңдағаны осы қала да жаудың оғынан шейіт кетті, қаншама мыңдағаны жарымжан-мүгедек болды, қаншама мыңдаған аналарымыз балаларынан, қаншама аруларымыз жұбайларынан айрылып, зарлап, жесір қалды және өмір бойы көз жастарын көлдетіп, жоқтап өтті. Солардың ішінде осы жолдарды жазып отырған менің де, оқып отырған Сіздің де тікелей аталарымыздың және солардың ең жақын туыстары бар екені даусыз.
Сөзімнің соңында айтарым, сол соғыстар да шейіт кеткен арыстарымыздың аруағын еске алып, сол қалаға АҚКЕТІК тарихи атауын қайтаруды ұсынамын!
Қожырбайұлы Мұхамбеткәрім,
Abai.kz