«Махаббатсыз дүние−бос» емес, «Махаббатсыз дүние−дос»
Абай өзінің «Ғақлиат−тасдиқат» деп аталатын 38−қарасөзінде: «Махаббат − әуелі адамның адамдығы, ғақыл, ғылым деген нәрселер бірлән», −деп жазады. Махаббаттан бастау алатын адамның «адамдық жолы» яғни адамның адамгершілігі − ақыл мен ғылымға тікелей байланысты.
Түп-тамыры арабтың «хәбба» −сүю деген сөзінен шыққан «махаббат» сөзін− Абай өз шығармашылығында молынан пайдаланып, «сүю», «мейірім», «сүйіспеншілік» мағыналарында қолданады. Абай өзінің дәл осы 38-қарасөзінде: «Талап, ұғым махаббаттан шығады», − дейді. Махаббат, ол− адамның өн-бойындағы мейірім мен сүйіспеншілік. Абайша пайымдасақ: ақыл мен ғылымнан бастау алған махаббат – адамгершілік негізі.
Орыстың ұлы жазушысы Достоевский: «Сұлулық әлемді құтқарады», −депті. Меніңше, бұл үстірт айтылған пікір. Әлемді құтқаратын әдемілік емес, әлемді құтқаратын − сүйіспеншілік, мейірім, махаббат. Иә, махаббат! Махаббат, ол – мейірім! Егер, ананың баласына деген мейірімге толы махаббаты болмаса, адамдар өмірді көкжиектен алаулап шығатын «қасиетіңнен айналайын» алтын күнді, отбасын, Отанын сүймесе, әке перзентін, перзент ата-анасын, адамдар бірін-бірі мейірімге толы, шынайы сезім − махаббатпен сүймесе, онда өмір сүріп керегі не? Адам өмірінің өзегіне айналған ең асыл қасиет, ол−махаббат! Сондықтан да хәкім Абай: «Махаббатсыз дүние−дос», −дейді.
Осы орайда еске түсіп отыр, 2020 жыдың 14 қаңтар күнгі «Abai.kz» порталында Асан Омаровтың «Махаббатсыз дүние−бос» атты мақаласы жарияланды. Автор өз мақаласында:
«Махаббатсыз дүние−бос
Қайуанға оны қосыңдар.
Қызықтан өзге қалсаң бос
Қатының, балаң, досың бар.
Қоғамда қызу пікірталас тудырып келе жатқан, осы әуелгі жол. Оны Абай жинақтары бірде «Махаббатсыз дүние−бос» деп, енді бірде «Махаббатсыз дүние−дос» деп басқан. Қайсысы дұрыс? Әсілі, бұл жеңіл-желпі мәселе емес. Ойлау жүйемізді өзгертуге де қауқарлы, принциптік таным. Сондықтан байыппен тоқталмақпыз. Бірден айтайық, біз дұрысы− «Махаббатсыз дүние− бос» деуліміз. Неге? Себебі, Алла тағала он сегіз мың ғаламды (мына жарық дүниені), оның ішінде адамзатты махаббатпен жаратқан. Адамның ес-ақылын билейтін онан асқан құдірет кәне?! Махаббат сезім кімде көбірек болса, оны кімнің жүрегі тынбай іздесе, «ол кісі−ғалым, сол ғақыл» (Абай). Керісінше ақылға сәуле (әділет, махаббат деп ұғыңыз) қонбаған пенде «қайуанша жүріп күнелткен». Махаббат сезімі жұтаң адам өзінің «жан» екенін білмейді. Сол үшін ойшыл: «Қайуанға оны қосыңдар» деген. Сөйтіп, Абай махаббатсыз есіл өмірдің бос, «қайран уақыттың» зая өтерін жеткізіп отыр.
Бірақ, «Махаббатсыз дүние−дос» ұғымын тастай ғып ұстанатын екінші тараптың пайымынша, Абай өлеңінде «Дүниеден суын» деп уағыздаған, «Жүректі тазарт, Құдайды таны» деп өсиеттеген. Өйткені, кімге «дүние−дос» соның көкірек көзі жабық. Ол − Құдай сәулесі түспеген малқұмар, дүниеқоңыз, сараң пақыр. «Дүние−дос» тіркесі осы мағынада деседі»,− деп жазады.
Айтпағымыз, мақала маған ұнады. Шынымды айтсам, Абай шығармашылығын дәл осылай талдаған мақаланы өз басым көптен бері оқыған жоқ едім. Ойын жеткізуі, дәлелі мен дәйегін келтіре отырып, өз пікірін қорғауы − автордың өзіндік стилі мен жазу дағдысының қалыптасқандығының айқын дәлелі. Автордың білімі мен жан-жақты дайындығы бірден көзге түседі.
Абай шығармашылығын философия және дін философиясы тұрғысынан талдау − қазіргі таңдағы «Абайтану» ғылымында шешімін табуға тиіс, ең күрделі мәселелердің бірі екені анық. Мақала авторы «Абайтанудың» дәл осы кемшін тұсын дөп басып, дәл тауып, ақын шығармашылығына дін философиясы тұрғысынан талдау жасаған. Асан Омаров өзінің «Махаббатсыз дүние – бос», «Ақыл, қайрат, жүректі бірдей ұста» мақалаларында Абай шығармашылығын философия және дін филососфиясы тұрғысынан талдағаны − «Абайтану» ғылымына жыл құсы келіп, «жылымық» кезеңінің басталғанындай жылы әсер етті.
Мақаланың өн-бойындағы авторлық көзқарасты қанша жерден сыйласам да, автордың «Махаббатсыз дүние−бос» деген пікірімен келісе алмадым.
Сонымен, «Махаббатсыз дүние−бос» па, әлде «Махаббатсыз дүние−дос» па? Тек қана абайтанушылар арасында ғана емес, қоғамда қызу пікірталас тудырып келе жатқан айтысушы екі жақтың пікіріне де, тіптен қарсы жақтың айтар дәлелдеріне де автор тоқталып өткен. Біз мұны мақаланың тағы да бір жетістігі деп түсіндік. Айтысып отырған екі жақтың таласып отырғаны «бос» па, әлде «дос» па, − деген екі сөз. Анығына келгенде бір-ақ әріп.
Махаббатсыз дүние –дос
Хайуанға оны балаңдар.
Дәл осы өлең жолдарындағы «дүние−дос» тіркесіндегі «дүние» сөзі «тіршілік», «шексіз кеңістік» мағынасында емес, Абай оны «мал», «дәулет», «байлық» мағынасында қолданған. Абай өз өлеңінің дәл осы шумағында «дүние−дос» тіркесін қолдана отырып, оқушысына астарлы түрде болса да «дүниеден суын», «жүректі тазарт» деген уағыз айтпайды.
Меніңше, ақынның әрбір сөзіне философиялық көзбен қарап, шектен тыс күрделендіріп талдауға болмайды. Абай нәр алған үш рухани қайнар-көздің ең біріншісі әрі ең негізгісі, ол − халқымыздың ауыз әдебиеті мен ұлтымыздың тіл байлығы және қазақтың ұлттық дүниетанымдық философиясы болғандығын естен шығармаған абзал. Ақын Абай өз шығармашылығында қазақ тілінің байлығы мен мүмкіндігін кеңінен пайдаланып, оқушысын шексіз рахат сезімге бөлейтіні бар. Ол қазақ тілінің түрлі иірімдерін қапысыз меңгерген, түпсіз терең ойшыл ақын. Сондықтан тағы да қайталаймыз, Абай: «Махаббатсыз дүние−дос» деп айтқанда, «дүние−дос» тұрақты тіркесінің астарында «жүректі тазарт», «дүниеден суын» деген сыпаттағы уағызды астарлы түрде болса да жеткізіп отырған жоқ.
«Пенделіктің кәмләті әулиелік бірлән болатұғын болса, күллі адам тәркі дүние болып һу деп тариқатқа (дін жолы) кірсе, дүние ойран болса керек», −деген Абай (38-қарасөз) «дүниеден суын», «бәрін тастап, тек қана Құдайды таны», − деп, еш уақытта сопылық уағыз айтпаған. Жалпы, Абай шығармашылығының өзегінде сопылық философия кездескенімен, ақын сопылық көзқарастағы философияны еш уақытта ашық насихаттамаған. Себебі, Абай сопылық көзқарастағы ақын болған жоқ. Бірақ, Абайдың «Әлеуметтік лирикалар»−деп аталып жүрген кейбір өлеңдерінің айтпақ болған ойы мен идеясы адамды ішкі рухани тереңдікке бастайтын сопылық (суффизм) бағыттағы шығыс шайырларының шығармашылығымен астаса жалғасып, үндесіп жататыны бар. Ісләм дүниесіндегі ортақ құндылықтарды былай қойып, жалпы адамзатқа ортақ рухани құндылықтарды сөз еткенде, данышпан ойшылдардың ойлары біртұтас, өрістес келіп жататыны таң қаларлық іс емес.
Абайдың «Өлсе өлер табиғат, адам өлмес» өлеңінің соңғы шумағында:
Дүниеге дос ақиретке бірдей болмас,
Екеуі тап бірдей боп орныға алмас.
Дүниеге ынтық, махшарға амалсыздың
Иманын түгел деуге аузым бармас,- деген Абай «дүниеден суын», «жүректі тазарт»−деген сопылық уағызды ашық айтпаса да, «дүниеден суын», «жүректі тазарт», «Алла ризалығы үшін өмір сүр», −деген сопылық насихатты әр қазақтың иман-сенімі және дүниетанымы қабылдай алатындай «ақирет», «дүниеге дос», «иман» сөздерін қолдана отырып, астарлы түрде өте нәзік етіп жеткізіп отыр. Немесе, «Бес асыл іс» деп «Терең ой», «Қанағат», «Рақым» деген сопылық философиядағы ұғымдарға «Талап» пен «Еңбекті» қосқан Абай, сопылық көзқарастағы философияны қазақ ұғымына сай етіп, өз көкірек көзі арқылы ой елегінен қайта өткізеді. Төрт шумақтан тұратын «Өлсе өлер табиғат, адам өлмес» өлеңінің алдыңғы шумақтарында «жан» мен «тәннің» екіге айрылуы − бұл өлім емес дей отырып:
Өлді деуге сыя ма, ойлаңдаршы,
Өлмейтұғын артына сөз қалдырған, − деген ақын, өлім туралы мұсылман түсінігіне мүлдем қайшы келетін соны пікір айтады. Абайдың «Өлсе өлер табиғат, адам өлмес» өлеңінің соңғы шумағындағы ақынның айтпақ болған ойы қазақ дүниетанымына жақын, ісләм дінінің сопылық ағымының насихатымен үндес шыққаннан соң ғана, Абай сопылық уағызды қазақ ұғымына сай жеткізіп отыр деп айтып жүрміз. Әйтпесе, Абайдың жалпы дүниетанымы мен діни көзқарасы діннің догмалық тар шеңберіне сыя бермейді. Бұған қарап Абайдың мұсылманшылығы шала болған екен деп ойлап қалуға тағы да болмайды. Себебі, «Алланың өзі де рас, сөзі де рас», −деген хәкім Абай, шын мәніндегі толық мұсылман еді. Бірақ, бұл өз алдына бөлек әңгіме.
«Ғылымды іздеп, дүниені көздеп, екі жаққа үңілген» Абай қандай рухани қайнар көзден нәр алса да, ұлттық негіздегі өз сенімінің іргесін ешкімге бермей, арқасын халқының рухани қазынасына тірей отырып, барлық философиялық ұғым мен ойға тек қана өз ұлтының көзқарасымен сыни тұрғыдан қарады. Абай: «Махаббатсыз дүние−дос» десе, жүрегінде адамгершілік ізгілігі, сүйіспеншілік мейірімі яғни махаббаты жоқ адам байлыққа, дүниеге дос. Яғни, дүниені, қазіргі біздің тілімізбен айтсақ, тек қана материалдық игілікті ғана ойлайды деген сөз. Абай бұл жерде «дүние» сөзін «күллі тіршілік» деген мағынада қолданып тұрған жоқ. «Дүние боғын домалатқан қара қоңыздай», тіршілік − өмірді тек қана дүниемен, байлықпен бағалаған адамдарға ұлы Абай: «дүние−дос», −деп, оларды хайуанға теңеп отыр. 1896 жылы жазған «Малға достың мұңы жоқ, малдан басқа» деген өлеңінде Абай:
Мал жияды мақтанып білдірмекке
Көзге шұқып, малменен күйдірмекке.
Өзі шошқа, өзгені ит деп ойлар,
Сорпа сумен, сүйекпен сүйдірмекке, − деп жазады.
Надандықпен өзгені ит деп ойлап, басқаны көзге шұқып, мақтан үшін мал жиған «дүние−дос» адамдарды ақын шошқаға теңеп отыр. «Дүние−дос», «Малға дос», −деген синонимдік тіркестерді Абай «Малға достың мұңы жоқ, малдан басқа», «Өлсе өлер табиғат, адам өлмес» өлеңдерінде бір мағынада қолданған. «Малға достың мұңы жоқ малдан басқа» өлеңінде ақын «дүние мен малға дос» адамдарға:
Осыны оқып ойлай бер, болсаң зерек
Еңбекті сат, ар сатып неге керек?!
Үш-ақ нәрсе − адамның қасиеті
Ыстық қайрат, нұрлы ақыл, жылы жүрек, −дейді.
«Жылы жүрек» сөзін «махаббат», «мейірім» мағынасында қолданған ақын адамның басты қасиеті «ыстық қайрат», «нұрлы ақыл», «жылы жүрек», −деп ақылды да қайратты һәм мейірімді адамды, жүрегінде адамгершілік махаббаты жоқ «дүние−дос» адамға қарама-қарсы қойып, ақылды да қайратты, мейірімді адамды жан-жақты жетілген кемел адам деп, оны басты орынға шығарады. «Өлең – сөздің патшасы, сөз сарасы», −деген ұлы ақын хәкім Абайда тұтас өлең жолы былай тұрсын, мағынасы бөтен, ұйқас үшін айтыла салған басы артық, бос текті бір сөз таппайсыз. Ақын Абайдың әр сөзі кірпішпен қаланғандай өз орнында тұрады. Олардың орнын ауыстырып қолдану мүмкін емес.
Абай ақындығының құдіреті де осында. Егер біз, Абай: «Махаббатсыз дүние − бос», −деп жазды десек, одан кейін келетін «хайуанға оны балаңдар» деген жолдың ешқандай мағынасы болмай қалар еді. Ақын кімді, не үшін хайуанға теңеп отыр? Өте түсініксіз. Еңбек пен ғылым-білімді насихаттай отырып, халқын үлгі-тәрбиеге шақырған Абай, өз аудармаларын халықтың ұғымына сай етіп, жеңіл тілмен «нәзира» үлгісінде аудара отырып, өлеңдерінде де ұғымға жеңіл, мағынасы терең сөздерді молынан қолданған. Біз кейде Абай шығармашылығындағы ұғымға соншалық оңай сөздерді «Абай секілді ойшыл, философ ақындарға бұл сөз тым жеңіл», −деп ойлап, сол сөздердің мағынасын қолдан «ауырлатып», ол сөзге терең философиялық ойларды «күштеп жамап» жоқ жерден өзімізге бейнет тауып, көпшілік оқырманның ойын мүлдем басқа арнаға бұрып жүрміз. Соның бір жарқын мысалы «Абай» порталына жарияланған Асан Омаровтың мақаласындағы «Махаббатсыз дүние−бос» тақырыбындағы пікірталас.
Қазақ лиро-эпостық жырларының жауһары «Қозы Көрпеш−Баян сұлу» жырындағы малдан басқа ешнәрсе ойламайтын, көкірек көзі бітеу, адамгершіліктен жұрдай, тас сараң Қарабай секілді адамдарды халқымыз «дүние−дос» немесе «малға дос» деп атайды. «Дүние−дос», «малға дос» тіркестері қазақ тілі лексиконында жиі қолданылатын синонимдік мағынадағы тұрақты тіркестер. Абай өз өлеңдерінде ұлттық лексиконымыздағы осы тұрақты тіркестерді орнымен, тура өз мағынасында, өте сәтті қолданған, −деп ойлаймыз. Сондықтан да «Махаббатсыз дүние−бос» емес, «Махаббатсыз дүние−дос». Анығын бір Алла біледі, әрине.
Нұрғали Махан
Abai.kz