Бұл ана тілінде оқытатын мектептердің бағдарламасы емес...
Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетінде 2020 жылдың 28 ақпанында филология ғылымдарының докторы, профессор, «Халық ағарту ісінің озық қызметкері», «Құрмет белгісі» орденінің иегері Рақыш Сәтұлы Әмірдің 90 жылдық мерейтойына арналған «Қазіргі қазақ тілі өркениет бәсекесінде: ЖОО мен мектептегі білім беру үрдісінің сабақтастығы» атты дөңгелек үстел өтті. Рақыш ағай менің жетекшім, қазақ синтаксисінің ірі маманы. Ғылым мен әдістемені қатар дамытқан білгір. Әл-Фараби университетінде кафедра басқарған, Ы.Алтынсарин институтында (қазіргі Білім академиясы) орынбасар болған. Бүгінгі Абылай хан атындағы Қазақ халықаралық қатынастар және әлем тілдері университетінде он жылдай ректор болып, сексен алтының салқыны тиіп, түсіп қалған қайраткер. Бүгін торқалы тоқсаннан асып тұрса да, әлі кітапхана жағалап, ҚазҰУ-де синтаксистен сабақ беріп жүр.
Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетінің "Қазақ тіл білімінің теориясы мен әдістемесі" кафедрасының меңгерушісі, профессор, филология ғылымдарының докторы Тыныштық Ермекова да Рақыш ағайдың шәкірті. Бұл шара сол кісінің мұрындық болуымен өте жоғары деңгейде өтті.
Рақыш ағай кезінде «Қазақ тілі пәнін қоғам реформасына сай жетілдіру концепциясы», «Жалпы білім беретін қазақ орта мектебінің концепциясы», «Қазақ орта мектебіндегі білім мазмұнының тұжырымдамасы» деген белді құжаттарды дайындауға қатысты және 9 сыныпқа арнап қазақ тілінен оқулық жазды. Сондықтан да дөңгелек үстелді ұйымдастырушылар әңгіме барысын «Қазіргі қазақ тілі өркениет бәсекесінде: ЖОО мен мектептегі білім беру үрдісінің сабақтастығы» атты тақырыпқа арнады.
Әлқисса, онда мен бүй дедім. Тәуелсіз елдің мектебі Ш.Шаяхметовтен кейін міністір тұрақтамағандықтан ба, өзгерістерден көз ашпай келеді. Бізде о баста тәуелсіз елдің тәуелсіз оқулықтары болу керек дегенді алға ұстап, жаңа буын оқулықтары әзірленіп қолданысқа енді. Кейін он екі жылдыққа көшеміз деп, соған сәйкес оқулықтар әзірленіп, пилоттық мектептерге енгізілді. Ойбай, анау елде білім жүйесі мынадай, анау елде анадай екен деп әр жерден әкелініп, енді жаңартылған бағдарлама енгізіліп жатыр.
Оқу үдерісі нені оқыту және қалай оқытудан тұрады. Бұнда (жаңартылған бағдарламада) қалай оқыту дегенмен мұғалімнің басы қатып жүр. Иә, тақта мен бордың орнына жаңа технология келіп жатыр, ежелгі заманнан бар оқыту әдістері жаңа өң алып, қайта кіріп жатыр. Бәрі дұрыс! Бірақ сабақтың нәтижеге жетуі елу пайыз мұғалімнің шеберлігіне байланысты емес пе? Сондықтан әдістеме жартылай ғана ғылым, жартылай өнер, шеберлік, яғни шектеулі рамкаларға тықпай, мұғалімге шығармашылық тұлға ретінде еркіндік берілу керек.
Бұл қалай оқыту жайы. Ал нені оқыту - дегеніміз де мүлдем ақсап тұр. Басқа пәнді өз мамандары айтар, қазақ тілінде грамматика жоқ, жүйесіз. Мазмұнына көз салсақ, «Қазіргі әлемдегі саясат және жаһандық мәселелер», «Сәулет өнері», «Қазіргі қоғам», «Әлеуметтік теңсіздік» және т.б. тақырыптар берілген. Мен өзім де сол оқулықтардың аптырымын. Бізге бағдарлама қалай берілді, соның шеңберінен шыға алмаймыз. Бұл ана тілінде оқитын мектептердің бағдарламасы емес, бұл ағылшын тілін өзге жұртқа үйретудің бағдарламасы. Онда тіл үйренушінің тілін шығару үшін, сөйлесуге түрткі болатын топиктер, қызықты лексикалық тақырыптар ұсынылады. Ал өзге ауызша сабақтардан көлдей-көлдей мәтіндерді оқып, түсініп, талдап отырған қазақ мектебіндегі балаға қазақ тілі ойыншыққа айналып қалды. Бұл орта мектептегі негізгі пән. Өйткені қазақ тілі мәтінтануға және ауызша/жазбаша мәтін тудыруға үйретеді, дағдыландырады, сол дағдыны ұштайды, жетілдіреді, орта мектеп деңгейіне сәйкес лингвистикалық білім береді. Ал лингвистикалық білім не үшін керек? Алдымен, сауатты жазу, сауатты сөйлеу үшін керек.
Бір-ақ мысал, жұрт алдына шыққан көсемдер ерін үндестігін сақтап сөйлемесе, күлкү демей күлкі, түлкі деп езуін тарта берсе, оның мектептен алған орпоэпиялық білімі төмен деген сөз. «Келесің ба?» ,«Сүйесің ба?» деп сөйлесе қазақ тілі дауыссыздарының жуан-жіңішке үндестігін мектептен білмей шыққаны. Әлеуметтік желіге сұраулық шылауларды (келдіңбе, айттыңба) немесе жалғаулық шылауларды (қазақта, ұйғырда шықсын көшеге) бірге жазып қойса, мектептегі білімі нашар екендігінің көрінісі және т.б.
Бұл бағдарламаны зияткерлік мектептегілер (НИШ) жасаған. Алтынсарин академиясы оны жетілдіру, түзету үстінде. Бірақ бөтен бір қисық қалыпқа құйылған нәрсені оңдау қиынға соғып жатқандығы белгілі.
«Жыртық үйдің құдайы бар» демекші, қазіргі міністіріміз Алматыдағы Абай атындағы мектепті бас қылып, өңірлерден қазақ тілі мен әдебиетін тереңдетіп оқытатын мектептер желісін ашуға пәрмен беріп отыр. Мың жасасын! Ал енді бұл мектептің бағдарламасы қайта жасалады, оқулықтары қайта шығарылады. Бұған зиаткерлік мектептің білгіштері енді араласпайды. Оны Рақыш ағай Әмірдің жазғандарын назарға алып, тамырын А.Байтұрсынұлынан тартып, өзіміздің тілші мамандар жасап жатыр. Ішінде бармын. Бұл мектептерге қазақ тілі мен әдебиетіне сағат көп бөлінген. Менің ойымша, жалпы мектептер кейін бағдарламаларын осы мектеппен үйлестіріп алуы керек. Қазақ мектептері қазақ тілін үйретпейді, жазбаша/ауызша мәтін тудыру дағдысын жетілдіру үшін орта мектепке сай лингвистикалық білім береді. Осыны бәріміз мықтап есте ұстайықшы. Ал бағдарламаның өзін мүдделі топтың алдына талқылауға жақында ұсынамыз. Күтіңіздер.
Бижомарт Қапалбек
Abai.kz