Мырзагелді Кемел. Шәкәрім өлімінің сыры
1925 жылы Құлке есімді елге абыройлы бір азамат қайтыс болып, жаназасын Шәкәрім қажы шығарған. Құлкені қабірге түсіріп жатқанда Шәкәрім: «Ей, Құлке, сенің бұл ақ өлімің бізге бұйырар ма екен?!» депті. Жұрт қажы сөзіне таңданып қалыпты. «Шәкәрім» энциклопедиясында бұл сөзді Жиреншенің інісі Жомартұлы Тоққара айтқан делінеді. Шәкәрімнің осы айтқаны дөп келіп, ол отыз жылдай ақ өлім бұйырмай айдалада құдық ішінде қалды.
Ол өзі туралы: «Өмірге жоқ қой құмарым да, Жетпіс үш жасқа шығарымда, Айналды-ау өмір арбадай» деген еді. Сонысы дәл келіп, осы сөздерді жазғаннан аз-ақ уақыт өткенде Кеңестік шолақ белсенділердің бақылауында қалды. Шәкәрім айтады: «Бір күні қайтып келсем, өзім жоқта біреулер құлыптаулы есігімді ашып, тамағымды жеп кетіпті. Келген аңшылар ма, кім екенін білейін деп жер шолып жүргенімде ГПУ-дың екі солдаты ұстап Бақанасқа алып кетті. Менен жауапты қаладан келген ГПУ қызметкері алды, ол ақ пен қараны ажырата алатын, адамды тани білетін, шын мен жалғанды айыра білетін байыпты адам екен». Ол 73 жасқа келген қазақтың ақ жүрек ақсақалының өзінің кім екенін айтып бергеніне қанағаттанып, тұтқыннан босатып қоя берді.
1925 жылы Құлке есімді елге абыройлы бір азамат қайтыс болып, жаназасын Шәкәрім қажы шығарған. Құлкені қабірге түсіріп жатқанда Шәкәрім: «Ей, Құлке, сенің бұл ақ өлімің бізге бұйырар ма екен?!» депті. Жұрт қажы сөзіне таңданып қалыпты. «Шәкәрім» энциклопедиясында бұл сөзді Жиреншенің інісі Жомартұлы Тоққара айтқан делінеді. Шәкәрімнің осы айтқаны дөп келіп, ол отыз жылдай ақ өлім бұйырмай айдалада құдық ішінде қалды.
Ол өзі туралы: «Өмірге жоқ қой құмарым да, Жетпіс үш жасқа шығарымда, Айналды-ау өмір арбадай» деген еді. Сонысы дәл келіп, осы сөздерді жазғаннан аз-ақ уақыт өткенде Кеңестік шолақ белсенділердің бақылауында қалды. Шәкәрім айтады: «Бір күні қайтып келсем, өзім жоқта біреулер құлыптаулы есігімді ашып, тамағымды жеп кетіпті. Келген аңшылар ма, кім екенін білейін деп жер шолып жүргенімде ГПУ-дың екі солдаты ұстап Бақанасқа алып кетті. Менен жауапты қаладан келген ГПУ қызметкері алды, ол ақ пен қараны ажырата алатын, адамды тани білетін, шын мен жалғанды айыра білетін байыпты адам екен». Ол 73 жасқа келген қазақтың ақ жүрек ақсақалының өзінің кім екенін айтып бергеніне қанағаттанып, тұтқыннан босатып қоя берді.
Шәкәрім өлімі жайлы әркімнің берген түсініктерінен құралған зерттеулерді талдап қарағанда олардың сөздерінде алалық бар, әркім әртүрлі айтады. Олардың басым бөлігінің сөздері мынаған саяды. Жергілікті ГПУ бастығы Абзал Қарасартов шаш ал десе, бас алатын, ақылы таяз тасырдың өзі болып шығады. Ол Шәкәрімді бай, жуан, кезінде болыс болған, соны көксеумен жүрген, қажыға барған, яғни Үкіметтің жауы деп қана білген. Оның елден тыс, жападан-жалғыз жүргенінің өзіне күдікпен қараған. Оның үстіне сол жылы елді қорлықпен ұжымдастыру кезіндегі озбырлыққа шыдай алмаған, мал мүлкінен ажырап, аштыққа ұшыраған халық бас көтеріп, оларды қорғап әр жерде сөз айтып жүрген Шәкәрімді сол көтерілістің ұйымдастырушысы деп таныған. Ауданға барып, өз талап-тілектерін қоймақ болған шаруаларды қырып-жойып, олардың жетекшілерін ұстап, жазалауға ауданнан сол Абзал бастаған отряд шыққан. Ауданға бет алып келе жатқан Шәкәрім оларға қарсы жолығып қалады. Топ жетекшісі Шәкәрімді көре сала мылтығын кезеніп, атып салады. Олар оның атын да, тіпті сақалын да сыйламайды. Оқ тиіп жаралы болған ақын: «Мені ауданға апарыңдар» дей бергенде Қарасартовтың орынбасары Халитов деген башқұрт тағы да атады. Оқиға осылай болған дескен дерек көбірек айтылады. Кейбір деректерде екі оқты да Халитов атты делінеді.
Қазақтың айтулы перзенттерінің бірі Евней Букетов Шәкәрімді атқан Абзал Қарасартовтан таспаға жазып, сұхбат алған. Бұл сұхбаттың жазбаша нұсқасын 1979 жылы Мұхтар Мағауинге жолдап: «пайдалану үшін емес, тек қана оқып танысу үшін жібердім» деп, оқып қайтарып беруін өтініпті. Оны Мағауин тек 2000 жылы қараша айында ғана, Шәкәрім толық ақталғаннан кейін 12 жылдан кейін «Жұлдыз» журналында жариялайды.
Сұхбаттағы А.Қарасартовтың айтқан сөздерінің жерлерінен мағынасы бұзылмаған үзінді келтірелік.
Абзал: «1931 жылы мені Бесқарағай ауданында милицияның райотделі болып істеп тұрғанымда Семейге облотделге шақырып: «Сізді Шыңғыстау ауданына жіберейін деп отырмын. Онда жағдай жақсы емес. Онда ел толқып тұр. Бандылар шығып, әр жерден соған елеңдеп, елдің көтеріліске ыңғайланатын түрі бар. Сізді халықпенен қоян-қолтық сөйлесіп, сол елдің түзу бағыт алуына жол береді деп жіберейін деп отырмын. Ол Абайдың немере інісі Құдайбергенов Шәкәрімнің тұрған жері. Ол кісі тек қана Қазақстанға емес, бүкіл жер жүзіне атағы шыққан адам деуге болады. Шәкәрімнің бір ауыз сөзін жерге ешкім тастамайды. Сол Шәкәрімді ұстай білсең, тілін тауып, бабын тауып, соған жағдай туғызсаң халықты ұстағаның. Сені жібергендегі мақсат барғаннан кейін сол кісіні тауып алып, әңгімелесу керек, пікірін білу керек, жағдай туғызу керек, оның әлі бізге келешегі керек» - деді Панов деген бастық.
...Шәкәрімнің бұрыннан атына қанықпын. Ол кісінің өлеңдерін біз бала кезімізде домбыраға салып, ән салатынбыз және мен өзім сол әдебиет жағына бейім адаммын бала кезімнен.
...Біз Шыңғыстауды бауырлап, қабырғалап келе жатқанда, ол атты кісі сол тауға бет қойып жалғыз келе жатыр. Қасымда Шарабаев Әбдірайым деген бар. Сол анадайдан: «Ойбай, мынау Шәкәрім ғой» деді. Мен аттан түстім де, ол кісі де түсті аттан, сәлем беріп, қолын алып амандастым. Сосын сізді бір көруге құмар едім, іздеп бара алмай жатырмын, қызметке келгеніме көп болған жоқ дедім. Сіздің бұрынғы атағыңызды мен жақсы білемін, сыйлаймын, мен кісі жіберейін, сіз сескенбей, бой тартпай келіңіз, кеңінен әңгімелесейік дедім. Менен көмек болмаса, басқа жағдай болмайды, осыған сенсеңіз болады дедім. Сосын ол «жақсы» деді. Бірақ, қарағым, шырағым деп лыпылдап тұрмайды. Ол кісі өтірік айтса да, қарағым, шырағым деуге болады ғой. Жоқ, ойын бірқалыпты ұстайды ол кісі. Бұл бірінші көруім.
Соныменен бірталай уақыт өткен соң мен кісі жіберіп шақырттым оны. Инабатты, тәуір адамды жібердім.
Сосын бір күні кезекшім келіп: «Шәкәрім деген кісі келіп тұр деп айт» деп бір кісі келіп тұр, кір десем кірмейді» деді. Жүгіріп шығып әдеппенен сәлем бердім. Менің үйіме жүріңіз деп алып кеттім, екеуміз бір күн, бір түн сөйлестік. Сонда менің бетіме тура қарап бір сөйлемеді ғой. Тура өзінің бетіне қарай сөйлейді, ал енді маған қараса күллі денесімен бұрылып қасқырша қарайды да, қайтадан қалпына отырып сөйлейді. Бір күн, бір түн отырғанда езу тартып бір күлмеді. ...Маған тек «сіз» деп сөйледі. Қарағым-шырағым деген сөзді далада да, үйімде де еш жерде естігем жоқ. Әбеке де демеді, Абзал да демеді.
...Сосын, өзінің отырыс, жүріс-тұрысымен ондай адамды сирек көрген нәрсем. Сосын өзі ол кісі бір ғалым сияқты еді.
...Күз басталарда мен бандылар қолынан жараланып он бес күндей жатып қалдым. Халық көтеріліп баратқан соң, Семейден вооруженный отряд шығып атқа мініп бір ай қуды, тіпті таба алған жоқ. Шәкең олардың жүрген жерін көріп отырады да, өзінің білетін жері - мына жағы Шыңғыстың қыр беті, Шыңғыстың тауы, осының бәрін біледі. Келе жатқанын көріп отырады да, бұлар Шақпаққа келсе, олар Шыңғыс тауға барады, ал Көкпек тасқа келсе, олар Қарамұрынға барады. Міне солай әуре қылып қойған. Семейден бұйрық келді, Қарасартовтың өзі шықсын, отряд ұйымдастырсын, Шәкәрімді ұстасын деп.
...Шәкәрімді ұста дегенде тапсырма сол тірі алу ғой. Оған болмады ғой.
...Анау биіктің ар жағындағы сайға түсіп жатыр деген хабар келді. Сонсоң мен әлгі тауға таяна бергенімде сайға өрлеп тарттық. ...Қашып келгенде Керегетастың екі жағын қоршап біздің кісілер жайылып кетті. Олардың саны қырыққа толмайды, мен ортада қалып, қалғанын бөліп, Шыңғыстың мына жағынан біреуі, ана жағынан біреуі шықсын деп жібергем. ...Сонсоң тартып берген Қарамойылға қарай, Шақпақты бауырлап, мына тау ғой, алдында біздің кісі барды ғой.
...Атыс басталды да кетті. Содан олар ұйытқып қайта таудың баурайына қарай салған. Былай да кете алмады, былай да кете алмады. Сөйтіп жүргенде, астында тор жорға ат, Шәкәрімге оқ тиген. Оқ оң жақ жауырынан тиген. Атқа да оқ тиген.
...Менің көзіме іліккені - Шәкәрім келе жатты. Күн жаңа шығып келе жатқан. Жер аппақ қар. Тор жорға аттың шапшып тұрған қаны, жаңбырша жауып келеді. Теңселіп келе жатыр, теңселіп тауды өрмелеп келді де, аттан құлады. Кімнің оғы тигені белгісіз.Ол қарсы келе жатқанда атпаған, қашып бара жатқанда оқ тиген.
...Міне бар біткені осы. Мен оларды тастадым да анау қашқан бандыны қуып кеттім. Бір-екі сағаттан кейін сол жақтан оралып келсем, тор ат та өліпті, Шәкәрім де өліпті. Күн батуға төмендеп кеткен. Сонсоң анау шананы алдырып, текеметті жайғызып, киімін, барлығын жөндеп.
...Сонсоң Бақанасқа кісі жібердім. Шәкәрім қайтыс болды, өлігін алып келе жатырмын дедім.
...Сосын ертеңіне Байқошқар халқын жинап, Шәкәрімнің өлігін ортаға сәкі тақтай орнатып, соның үстіне көлденең салып, сонсоң айттым мен: Халық, кешегі құдайға қолын созған, Меке-Мәдинеге барған қажы, халықтың қадыр тұтар ақсақалы, ақыны, Еңлік-Кебекті жазған Шәкәрім бұл күнде осындай халге жетті. Ажал жетті, атыста қайтыс болды. Үкіметіне қарсы қару көтеріп, осындай қаншама халықтың обалына қалып, сүйткен Шәкәрім, міне деп халыққа көрсеттім. Көрсетпесеңіз нанбайды, Шәкәрім өз ажалынан өзі өледі деп. ...Оған оқ тиеді деп те ойламайды. Сонсоң сол жерге қойғыздым.
Мен оны құдыққа тастап кетіп, оның ішінен балалары шығарып алыпты, сосын жөндеп қойыпты дейді. Онысы бекер. Олардың қайда қойғанын білмеймін. Мен өзім апарып қойғам жоқ пәлен жер деп айтуға. Өзім барып жерлеттім. Бірақ жерлеген жеріне барғам жоқ. ...Мен аңға шығып кеттім.
...Мұхтар көп адам емес, толковый бір адам жіберіп, не болмаса өзіне шақыртып өзіммен әңгімелесуі керек еді ғой. Сонда біз Мұхаңның барында кіріскенде бұл кісінің еңбегі баяғыда шығушы еді, мен биттей қарсы емеспін, қазір шығарса да.
...Менің мақсатым тірі алу еді ғой. Тірі алғанда мен мақтау да, орден де алатын едім органнан, оған жете алмадым ғой».
Белгілі жазушы Бейбіт Сапаралы өзінің «Қас қайсы, қаза қайсы, таза қайсы...» деген «Раббымыз бір - Күншығыс, Күнбатыста» деген кітабында жарияланған, кейіннен «Шәкәрімтану мәселелері» ғылыми-зерттеу жинағының 3-томында басылған зерттеуінде былай дейді: «Біз бұл арада Шәкәрім өліміне, дәлірек айтсақ, қасақана өлтірілуіне байланысты дерекнама материалдарды көптеп тізе берсек, 1962 жылы Семей облысы, Абай аудандық партия комитеті жанынан құрылып, төрт ай бойына тыңғылықтап жұмыс істеген комиссияға Шәкәрім өмірі мен өліміне байланысты куәлік мол мағлұмат берген 300 Шыңғыстаулық азаматтың айғақтарын көтерген болар едік. Немесе 1931 жылы аудандық ГПУ бастығының, яғни Абзал Қарасартовтың орынбасары болған Зейнолла Оспановтың, көмекшісі Айтмырза Түңлікбаевтың, ГПУ қызметкері Мәуітхан Баймышевтің, 1928 жылдан КПСС мүшесі Балтақай Толғанбаевтың, Ниязбек Алдажаровтың, бүгінде көзі тірі көне көздердің, сұмдық оқиғаны таратып білген адамдардың ұрпақтарының бұлтартпас дәлел сөздерін көлденең тартар ма едік» дейді.
Шәкәрімнің кенже қызы Гүллардан туған баласы Фатих Насиболлаұлы былай дейді: Қарасартов жөніндегі мәселені ең алғаш болып ашық қойған - белгілі жазушы Мұхтар Мағауин болатын. 1987 жылы май айында, Қазақстан жазушыларының үлкен бір мәжілісінде, Қазақстандық партия ұйымының басшы қызметкерлері қатынасып отырғанда, М.Мағауин сөз сөйлеп, Шәкәрім мұраларын жарыққа шығаруды шешімділікпен, білгірлікпен талдап айтып, Қарасартовтың Шәкәрімді өлтірген соң, жарты ғасыр бойына қалайша қастандық жасап келгендігін нақты дәлелеулермен тарата баян еткен-ді. 1979 жылы Қарасартов қайтыс болған соң, оның ұрпақтары қабір басында «Ісіңді жалғастырамыз!» деп ант беріскенін де, осы күнге шейін қалайша әрекеттеніп жатқанын сөз еткенде, қалың тыңдаушы жұрт қайран қалысқан. Меніңше, осы бір шешімді ой бөлісуден соң, Шәкәрім мұрасын қайта қарап, халыққа ұсыну ісі жанданып жүре бергендей көрінеді...
Мереке Зиятов: ...Шәкәрім атамыздың ең кенже ұлы Зиятты Қарасартов қайта-қайта аузына алып отырады. Өкінішпен, Қытайға жіберіп алғанына қандай да бір қапамен әңгіме етеді. Зияттан екеу едік. Ағам жастай шетінепті. Мен 1937 жылы дүниеге келіппін. Ал әкем сол 1937 жылы Қытайдан жиырма шақты қайраткерлермен бірге алдырылып, атып өлтірілген. Атамыздың Зият әкеткен қолжазбалары осы күнге дейін Қытайда басылым көріп жатыр деп естимін.
...Шәкәрім Зиятты Қытай асырып жіберуге мойын ұсынған. Қытай елінде Зият қайраткерлігімен, айтулы ақындығымен көзге түскен. Қазақ тілінде алғаш газет шығарушылардың бірі болған. Таңжарық ақынмен бірге түрмеде де жатқан. Осындай енді бой көтеріп келе жатқан ірі тұлғаны Қарасартовтың жала жазбалары бойынша, кейінде біздің елге алдырып, «халық жауының баласы», «өзі де халық жауы» ретінде өлтірткен.
1928 жылы Шыңғыстаудан 17 бай тәркіленді, артынша оған тағы үш адам қосылды, олар Тұрағұл Абайұлы, Халел Ғаббасов, Мұсатай Молдабаевтар, солармен 20 болды. 29-30 жылдары олардан кішірек байлардың малдары алынды. Байдың малын бағып күн кешіп отырған жұрт ашықты. 1931 жылға қарай жуа теру, ит пен мысық жеу басталып, бара-бара адам адамды жеуге айналды. Осының нәтижесінде «аштан өлгенше, оқтан өлейік» деген ой туды ержүрек қазақ баласына. Олар тәуекелге мініп, атқа қонды. Олардың атын өкімет «банды» қойды.
Абай ауылында туып-өскен, 1939-1950 жылдары аудандық НКВД-да қызмет атқарған Тәңірберген Қырқымбаев былай дейді: «...Отыз бірінші жылдың бастапқы айларында ауқатты, жартылай әлді, қалтаң-құлтаң тірліктегі әулеттердің қолынан ірілі-ұсақты малдары күшпен тартылып алынды. Осылайша қолдан жасалған ашаршылық кезеңде Шыңғыстау өңірі жұртшылығы айрықша қырғынға, босқынға, айдауға, тонауға ұшырады. Кеңес өкіметі орнағанға дейінгі бес болыс тобықтының отыз екі мың халқынан қырқыншы жылдарға небары үш жарым мыңы ғана ілініп-салынумен әрең дегенде аман ілініпті. Ендеше, бұл зобалаң қарапайым халықтың ашу-ызасын, бірлесіп бас көтерулерін туғызбай қайтсін. 1931 жылы 500 адам тізе қосып көтерілген қарсылық қалай ойрандалғаны көз алдымнан кетпес. Қарасартовша айтсақ, «Кеңес өкіметін орнатқан коммунистерді» тұтқындаған қарсылық көрсетушілердің қолында бар қаруы оны-мұны ғана, аудан орталығына жақындай бере жиырма-отыз шақты ГПУ қызметкерлерінің сақадай сай қарулардан оқ боратуларынан баудай қырқылып түсіп, астына мінген ат-түйелерінің басын кейін қарай бұра қашқан еді. Сол қуғында ГПУ жаналғыштары жол бойына атып өлтіріп қалдыра берген жазықсыз жандардың саны шексіз. Қарасартов отрядының белді мүшесі, Шәкәрімді қанқұйлылықпен атқандардың бірі, ұмытпасам, аудандық жем-шөп дайындау станциясының механигі Рахметолла Халитов деген жаналғыш белсенді болатын. Ол Шыңғыс өлкесіне жиырма бес мыңдықтардың қатарында келген еді және Шәкәрімді мүлде білмейтін. Ұлы ақын қазасы ол үшін қатардағы бір өлімдей, қажет десеңіз, Кеңес өкіметі қас жауларының бірінің көзін құртқандай әсер еткені кәміл.
Қарасартов жорта білмегенсиді, Р.Халитовты «Сонсоң Халықов деген татар бар» дейді. Әбдірайым Шәріпжановты бірнеше жерде Шарабаев деп отырудан танбайды. Қарасартовтың қандықол серігі, Шыңғыстау ауданында ГПУ қызметкері болып талай жазықсыз жандарды еш сотсыз атып тастап отырған Әбдірайым Шәріпжановты мен бірнеше рет көрген адаммын. Бойшаң, мұртты, денелі, серісымақ аңшы болатын. Шәкәрім өлімі, бірнеше ондаған адамның жазықсыз жапа шегуіне қатысы үшін, 1931 жылы сотталып, Қазақстанның 15 жылдығына орай, 1935 жылы түрмеден босатылып, Күлмен, Құндызды ауылдарында ауылсовет қызметін атқарғанын білемін».
Хафиз Төлеуқасымов: Шәкәрім Құдайбердіұлы мұрасына қатысты құрылған арнаулы комиссияның құрамында мен де бар едім. Сол жылы «Қызыл ту» колхозында тұрған Сирақбай Досмағамбетов деген қарт ұлы ақын туралы былай деп әңгімелеген болатын:
- 1931 жылы Бақанасқа аң аулай келген Шәкәрім біздің үйде әкеме амандасып, қымыз ішіп отырғанда, үйге суыт жүрісті 3-4 адам сау етіп кіріп келді. Әкемнің мініске таптырмайтын жарау аты бар еді, соны сұрап келген екен. Сонда қажы отырып:
- Әй жігіттер! Екі жүз адаммен ауданға шауып, оның кірпішін құлатқанмен, Совет өкіметі құламайды, жөндеріңе жүріңдер, тыныш жатқан елге бүлік салмаңдар! - деп ашына кеңес берді. Мініске ат бергізбей қойды. Халықтың ертеңгі болашағына зор сеніммен қараған ақ адал адамның Кеңеске қарсы болды, «бандиттер» жинады дегені еш ақылға сыймайтын баз біреулердің сандырағы, - дегені бар еді.
Халық жазушысы Хамит Ерғалиев те бұл мәселеге өз пікірін білдірген:
1959 жылы Шәкәрім Құдайбердиев ақталып, «Қазақ әдебиеті» газетінде оның бірнеше өлеңі жарияланды. А.Қарасартовтың ақынға қаншалықты «жаны ашитынын» біз сонда көргенбіз. Ол жоғарғы орындардан кірмеген есік қалдырмай, айғайын сала жүріп, ақынның өлгеннен кейінгі өмірін тағы да өшіртіп тастаған. Қарасартов Қазақстан Жазушылар одағына да келген. «Банды бастығын ақтамақшы адамдардың өздерін жауапқа тарту керек!» деп столды соға даурыққанын өз құлағыммен естіп, өз көзіммен көргенім де бар.
1963 жылы идеология секретары Н.Жандильдин мені шақырып алып, Шәкәрім мәселесін егжей-тегжейлі тексеріп, содан қорытынды шығару үшін он екі адамнан комиссия құрылғанын, председательдігіне менің тағайындалғанымды айтты. Комиссияның құрамында Тайыр Жароков, Сәду Машақов, Жекен Жұмаханов, Академияның бір-екі тарихшысы және Семейлік жолдастар енгізілген.
...Семей облыстық партия комитетінің секретары Ә.Кәкімжанов, Абай аудандық партия комитетінің бірінші секретары К.Нұрбаев, ғалым-жазушы Қ.Мұхамедханов, жазушы К.Оразалин өздері және өздері құрған комиссиясы арқылы өлшеусіз көп көмек көрсеткенін айрықша бөле айту керек. Бұлар Шәкәрімді көзімен көрген үш жүзге жуық адаммен ауызекі әңгімелесіп, айтқандарын қағазға түсірген. Оған қоса ақын өлімінен хабардар жетпістей адамның жазба түрдегі мағлұматтарын да осы жолдастар жинастырып берді.
Ауызекі айтушылар ақынның жоғары мәдениетін, білімдарлығы мен қайырымдылығын, кісі өлтірмек түгілі біреуге тұрпайы сөйлеуді білмейтін сыпайылығын сыр етіп шертеді. Ал жаңағы көрген-білгендерін өз қолынан жазып бергендер ақынның Қарауыл оқиғасына ешқандай қатысы болмағанын бірауыздан қуаттайды. Әрі кеткенде айтары «Шәкең заман бетін жете түсіне алмай ортадан оқшауланды» дегенге ғана саяды. ...Бұл, әрине, Қытай өтуді немесе бүліншілікке қатысуды ниет қылған адамның ісі болмаса керек.
Біз ...екі баспа табақ көлемінде қорытынды жазып, онда ақынның банды әрекетіне ешқандай қатысы болмағанын дәлелдедік. Бірақ, неге екенін белгісіз, біздің сол қорытындымыз ол кезде істің бетін оңға бастыра алмады.
Қарасартовтың Шәкәрім Қарауыл үстіндегі атыс кезінде өлді деуі шындық емес. Оның өлімі бұл оқиғадан бір ай кейін мүлде басқа жағдайда, басқа жерде, атап айтқанда, Керегетаста болған іс. Оның сүйегі Бақанас бойындағы Қарақұдыққа сол жерден апарылған. Бұл кісінің «Білмедім Шәкәрімді кім атқанын» деуі де шындық емес. Білген. Оны дәлелдеушілер көп.
Қарасартовтың қарауында чекист болып істеген А.Түңлікбаевтың өз қолымен жазып берген сөздері мынадай: Бандылар Қарауылды шауып, Олжабайды өлтіріп кеткен соң, араға үш күн салып Шәкәрім аға біздің үйге келді, қатты ауырып жатқан тоқсандағы әкемнің көңілін сұрады. Сонда ол: «Қарауылдың балшық үйін қиратып, кісі өлтіргенде, жексұрын көрінгеннен басқа не шығады?... Өңшең ақымақтардың ісі бұл!» деп бүліншілікке қатысқандарды қатты жазғырып отырды. Сонда бұның банды болғаны қайсы?... Ақын қазасына келсек, ол былай болған: «Таң мезгілі. Күздің бір бұлыңғыр күні еді. Жерді қырбық қырау басқан боқырау шағы. Күзетте тұрған башқұрт Халитов анадайдан мұнартып көрінген бір топ аттылардың бізге қарай беттегенін көрген. Осы хабар құлағына тиісімен, оларды банды деп ойлаған Қарасартов бізге бірден-ақ «Атыңдар!» деп бұйырды. Одан-бұдан мылтық атыла бастаған соң, аналар іркіліп қалды. Сол кезде іркілген топтан біреу үзіліп шығып, атының жорғасын төгілдіре бізге қарай беттеді және де қайта-қайта қол көтеріп, залалсыз адамбыз дегендей белгі берді. Жақындағанда, Шәкәрім екенін бәріміз-ақ таныдық. Бірақ «Атысты тоқтатыңдар!» деген бұйрық болмаған соң, башқұрт Халитов оны бір емес, екі дүркін атты. Шәкәрім атының жалын құша беріп, жерге құлап түсті. Бізге бірдеңе деуге де шамасы келмеді. Ат, түйе мінген қалпымыз, біз оны қоршап біраз уақыт үнсіз тұрдық. Бұл кезде Шәкең серіктері зым-зия жоқ болып кетті.
Қапелімде жан тәсілім қыла алмай қиналып жатқан қарттың қаруын, үстіндегі киімін бұйрық бойынша жұрт үлесіп ала бастады. Қасқыр ішік, тымақ, саптама етік, сырма бешпент, шалбар дегендеріңіз бір-бірден алынып болған соң, ақ қыраудың үстінде ақ жейде, ақ дамбалымен қан-жоса боп ақ сақалды шал жатты. Сонда начальник маған:
- Әй тобықты, сен неге алмадың?... деп зекіді.
- Мен алатын несі қалды?... дегенді мен ызаға булығып айттым.
- Өзін ал! Бақанасқа жеткіз! - деп бұйрық берді. Мен түйемді шегердім де, астымдағы өре киізді жайып жіберіп, соған өлікті ұзын күйінде орап, екі жерден арқанмен бунап, түйенің бір жағына екі өркешіне ілдім. Өзім түйені жайдақ мініп, Бақанасқа да жеткіздім. Маған басқа бір жолдас болысқанда да, қалың тоңды түгел аударып жарыта алмадық. Біздің аса қиындықпен ойған жерімізге қарттың ұзын денесі сыймаған соң, соған отырғыздық та жүзін жасырдық.
«Мен алатын несі қалды?» дегенді ызаланып, жасқа булығып айтқаным үшін, Қарасартов маған сенімсіздік көрсетіп, мені он бес тәулік бойы гаупвахтада ұстады. Сол уақыт ішінде ол өзінің қорқытып жаздырған адамдарының бәріне «Шәкәрім бандыны ұйымдастырушы болды» дегізіп үлгерген. Гаупвахтадан шыққаннан кейін, мен де сол сарында жазуға мәжбүр болдым. Ал, Халитовты дереу басқа жаққа шығарып жіберді».
Шәкәрім тобында болған Бердеш Әзімбаев былай дейді: «Біз өз туыстарымыздан төрт-бес адам жиналып, Шәкәрім ағаның жай-күйін білгелі Шақпақтағы саят-мекеніне барғанбыз. Ағаның бір ауық аң аулап, сендермен бірге көңіл сергітейін деген тілегі бойынша шыққан бетіміз сол еді. Таң мезгілі. Күн бұлыңғыр болатын. Шәкәрім аға бұл жолы өзінің Абай сыйлаған маузерімен шыққан-ды. Бір жазықта аттылы, түйелі адамдардың шоғыры мұнартып көрінді. Солай қарай беттей бергенімізде, неше мәрте атылған оқтан секем алдық та, іркіліп қалдық. Шәкең: «Тегінде, бұлар әнеугі бандыны қуып жүрген отряд шығар, мен соларға жолығып жөнімізді білгізейін, сендер осы арада аялдай тұрыңдар», - деді де, жүріп кетті. Барған бетінде екі дүркін мылтық атылды. Бүліншіліктің барлық пәлесін біздің тұқымға телігісі келеді дегенді де естуші едік. Шәкеңді атып өлтіргенін бірден сездік. Бұлар кім болғанда да оны өлтірген соң, бізді сірә да аямас дедік те, сол бетімізбен Қытай өтіп кеттік».
Б.Исабаев «Шәкәрім» энциклопедиясында оқиғаны осы соңғы айтылғанға ұқсас етіп келтіреді.
«Шыңғыстаулық толқыған жұрттың басшы азаматтары ақылдасуға Шәкәрім қажыға келеді. Қажы оларға: «Қарауылды басып алып, ондағы Совет өкіметін құлатамыз дегенге бүтіндей қарсымын. Бұл өкімет әзірге тамырын тереңге тартқан өкімет, Қарауыл құлағанмен кіндік өкімет құламайды. Ол құламаған соң соңдарыңнан ерген халық қырғын табады. Сендер мұны маған айтқан жоқсыңдар, мен естігенім жоқ. Енді қайтып келсеңдер ГПУ-ге өзім ұстап беремін» деп алдынан айдап тастайды.
... Шәкәрімнен ақыл сұрауға барған Тәңірбергеннің немересі Бердеш (Фирдоуси), қажының өз баласы Зият, Абай қызы Күлбаданнан туған Дүтбайұлы Мұхтар, Қасымбек Солтабайұлы қашып қолға түспей жүреді. Бұл адамдардың Шәкәрімге барған ішіндегі жансыздары арқылы естіді ме, жоқ, қолға түскендердің бірі соққыға шыдамай атты ма, Шыңғыстау басшылары көтеріліс иесі, бата беріп, аттандырушысы Шәкәрім қажы екен деп дабылдатады. Шыңғыстау сыртында, Шақпақтағы саят қорасында жалғыз жатқан Шәкәрімге бұл хабар жетеді. Қажы сол кезде ГПУ қолына түссе, неге ұшырайтынын, ақтық, адалдықты тыңдамасын біледі. Қашқынға айналған Зият пен туыстары қажыға Қытай асып, жан сақтауды ұсынады. Ақыры қажы оқиғаның қызуы басылып, сабасына түскенше, ГПУ-дің қолына түспеуді ұйғарып, тасаланып, жасырынады. Қажының саят қорасына барған ГПУ тобы Шәкәрімді таба алмай, қашқындарға қосылды деп жариялап, халыққа да, ресми орындарға да көтерілісті Шәкәрім көтерілісі деп атап жатады. Ай өтеді. Қасымбек, Бердеш, Зияттарға не қолға түсіп, ГПУ азабынан өлу, не шекара асып, Қытай қазақтары арасына барудан басқа жол қалмайды. Қажы «Шыңғыстаудың бір шалы Қытайға қаңғып кеп өлді дегізбеймін» деп оларға еруден мүлде бас тартады. Бірақ шекарадан қалай өтуді түсіндіреді: «Бақты арқылы ассаңдар, алдарыңнан әскер күтіп алуы мүмкін. Сондықтан Жетісу, Іле арқылы өтіңдер» - деп қалай өту керектігін сол маңдағы соқпақтарға дейін карта түрінде белгілеп, қағазға түсіріп береді. ...Ұлы Зиятпен, өзге туыстарымен қоштасып, несіне болсын шыдай, ауданның ГПУ-не, басқа басшылығына кездесуге беттейді. Күн таңертеңінде соқыр тұман басады. Тұман сейіле бергенде, Қарасартовтар өздеріне қарай суыт келе жатқан жалғыз атты Шәкәрімді көреді. Бұлар мылтық атады. Шәкәрім: «Атпаңдар, мен Шәкәріммін!» - деп дауыстап, тура жүре береді. Жақындағаны сонша көздеп атуға келеді. Келесі оқ қажыға да, торы жорға атқа да тиеді. Шәкәрім (оқ оң қолының ортан жілігін үзген) аттан құлап түскенмен, малдас құрып: «Атпаңдар, мен керек адаммын» депті. Бірақ, қасына кеп, қоршап тұра қалғанның бірі (башқұрт Халитов Сабыр деген) жүректен бір-ақ басады. Қажы топ қаныпезердің қоршауында шаһит өліммен жан тапсырады. Қажының атылғанын мылтық даусынан білген Бердеш, Зияттар сол бетінде Қытай өтеді».
Журналист Қорғанбек Аманжол «Егемен Қазақстан» газетінің 2008 жылғы 10 қыркүйектегі санындағы «Ұлыдан ұрпақ қалса игі...» деген мақаласында Біз бұрын Шәкәрімге қатысты зерттеп-зерделеген әдебиеттердің ешбірінде кездеспеген бір тұжырым айтады: «Өзі қазаға ұшырар алдында, қыркүйек айында Шәкәрім кенже ұлы Зиятты Идаят деген ауыл адамына қосып, шекарадан өтетін адамдармен бірге Қытай асырып жіберіп үлгереді. Қоштасқандағы ақырғы лепесі: «Менің өлігімді сен көрме, сенің өлігіңді мен көрмейін» деген сөздер болады. Ахаттан үш жасы кіші Зияттың сонда 28-дегі кезі екен». Біз бұл жерде кейбір сәйкессіздіктерді көреміз. Бейбіт Қойшыбаевтың жазуы бойынша Шәкәрім Зияттарды Қытайға шығарып салуға бара жатқан жолында байқалып қалып, топтан бөлініп атылған. Зият Бердешпен бірге мылтық дауыс естілген соң қашып, Қытайға өтіп кеткен. Мұны Зиятпен бірге болған, түсінік берген Бердеш Әзімбаев та дұрыстайды: «Біз қажыны атып өлтіргенін бірден сездік. Оны өлтірген соң, бізді сірә да аямас дедік те, сол бетімізбен Қытай өтіп кеттік» дейді. Шәкәрім өлімі 3 қазан күні болған. Ал Қорғанбек Аманжолдың жазуынша Шәкәрім Зияттарды қыркүйек айында Қытайға шығарып салып үлгерген, содан соң атылған.
Айтушылардың сөзіне қарағанда, Қарасартовтың өзі, туыстары мен ұрпағы берірекке дейін Шәкәрімді халық жауы деп атап, ол туралы теріс пікір таратудан танбаған. 1958 жылы Кеңес Одағының прокуратурасы Шәкәрімді ақтау жөнінде шешім шығарғанына қарамастан оны ақтауға барынша кедергі жасаған.
Бейбіт Сапаралы елуінші жылдардың соңындағы Хрущев әкелген жылымықтың нәтижесінде Шәкәрімді ақтап алу мүмкін болғанда, оны болдырмай тастаған жер ортасы жасқа келген Абзал Қарасартовтың өзі екенін баса айтады: «Сталиндік қанды қырғынның белді жаналғышы өткен іске опынып, қалың қасіретке бөлену орнына, ақталар, ақ әділ жолға түсірер бағдар ұстану орнына, тапаншасын оңтайлы сойылға алмастырып, тағы да әдебиет майданының төріне шыға келеді. Әділ сарапты ой-тілектегі «әдебиеттанушы», төл әдебиетіміздегі «халық жауларынан» кірпік қақпай қорушы кейпіне енген Қарасартов «Қазақ әдебиетінің» сол уақтағы редакторы, белгілі ақын Әбділда Тәжібаевқа бір күн бұрын телефон шалып, «Алашордашылардың» шығармаларын баспауын қатаң ескертіп, Шәкәрім өлеңдері жарыққа шығып кеткен соң, редактордың қызметінен босануына қол жеткізеді. Мұндай «құпия» күштен үрейленген өзге басылым басшылары ақынның мұраларын жариялаудан бас тарта бастайды».
Әбділдә Тәжібаев Шәкәрім өлеңдерін жариялағаны және оған алғысөзді өзі жазғаны үшін бас редакторлық қызметімен қош айтысты.
Республиканың идеология саласын әр жылдары басқарған Н.Жанділдин мен С.Имашев Шәкәрім мұрасына қатысты Абай елінің, Семей жұртшылығының, республика зиялы қауымының әлденеше ұсыныс-тілектерін аяқсыз қалдырып, жауып тастап отырған. Бұл жөнінде сол кездері Орталық комитет аппаратында қызмет атқарған жазушы Өтебай Қанахин мен ғалым Әбілмәжін Жұмабаевтар айтып берген.
1963 жылы Абай ауданының халқы облыс басшыларына Шәкәрім мәселесін түбегейлі шешіп беруді ұсынып хат жолдаған, ол бойынша комиссия құрылып, 19 беттен тұратын қорытынды әзірленген. Бірақ оны бюрода қарауды Н.Жанділдин болдырмай тастаған.
1968 жылы Қазақ мемлекеттік университетінде болған студенттер мен зиялы қауымның қатысуымен болған қызу пікірталас кезінде Мағжанның аты аталып кетуінен секем алған Саттар Имашев бұл ардақтардың бәрінің шығармаларына қара құлып салып, архив қоймасына өткізіп жіберген.
Шәкәрімнің ақталуын қаламайтындар республика басшысы Д.Қонаевқа да бірнеше рет домалақ арыз жолдаған. Оның бірінде: «...Біз Совет үкіметін орнатушылардың алғашқыларының біріміз. Біз сол кезде кім ел, кім жау болғанын білеміз.
Шәкәрімнің би, болыс, қажы болғанын да білеміз. Алаш туын көтерушілердің бірі болғанын, Қази деген ақ офицер өлгенде 2000 адам жинап митинг ашқанын, Совет үкіметін қаралап, Алаш партиясына беріле егіліп, өлеңмен жоқтағанын да білеміз. ...Большевиктерге қарсы ту ұстаушы болғанын да бүкіл ел біледі.
Шежіре жазып, бар қазақтың арғы тегі араб, пайғамбардың туысы деп көкігенін, халықты дін-апиынмен уландырғанын білеміз.
Шәкәрім ақындығы тек өзі үшін, өз атағын шығару үшін ғана бірдеме.
Мұхтар Әуезов те Шәкәрімге өмір бойы жиіркене қарап өткен» деп жазылған. Бұл хаттың толық мәтіні «Арай» журналының 1988 жылғы 11 нөмірінде жарияланған.
Сол жылдары мұндай қорқытып-үркіткен хаттар жазушылар Мұхтар Мағауин, Шерхан Мұртаза және Жайық Бектұровтың атына да көптеп келген. Мұндай хат Қарағанды облысында мәдени-әлеуметтік саланы басқарып отырған Қуаныш Сұлтановқа да жолданған. Ж.Бектұровқа келген хат Қарасартов Мәз деген Абзалдың інісінен келген. Онда: «Шәкәрімді жарыққа шығару деген сөз - революция жеңісі үшін қанын төккен ардагерлердің рухын қорлау деген сөз» делінген. Мәздің ұлы Мейрам Қарағандыда ақындар айтысы жүріп жатқан залда айтыстың жюри мүшесі Ж.Бектұровқа: «Сен алашордашылсың, халық жауысың, көшеде атып өлтіріп кетемін» деп бассалған. Оған Мейрамның айтысқа дайындық кезінде сахнадан: «Менің атам Абзал Қарасартов - Совет өкіметін орнатқан аяулы азамат, тамаша қайраткер, бүкіл халық басына ту етіп ұстайтын адам еді» дегенінен соң оңаша шақырып алып: «Жігітім, айтысқа қатыссаң, атаңды айтпай-ақ, ауданыңның атынан сөйлегейсің» деген ескертпесі себеп болған.
Сонымен, замана ағымына сәйкес, Шәкәрім 1931 жылы 2 қазанда елдегі шолақ белсенділердің орынсыз жаласымен және қатігездігімен өлім құшып, мәйіті құдық түбіне тасталды. Оның бай кітапханасы өртелді. Өзі із-түзсіз жоғалдыға саналды.
Шәкәрімнің сүйегі отыз жыл бойы құдықта жатты. Тек 1961 жылы ғана ақынның баласы Ахат әкесінің сүйегін қазып алып, Жидебайдағы Абай зиратының жанына жерледі.
Шәкәрім шығармашылығын тереңдеп зерттеген, «Данышпан Шәкәрім» атты көлемді кітаптың авторы, философ-ғалым Ғарифолла Есімнің сол кітабында «Әке мен бала» атты шағын ғана деректі әңгімесі бар. Онда Шәкәрімнің тәнін құр құдықтан аршып, алдына алып, сүйектерін түгелдеп отырған кезде әке елесімен сөйлесу сәті әңгімеленеді. Қысқаша мазмұны былай.
«Ойлаймын, тегі ақиқаттың өмір сүру кеңістігі аңыз ба екен деп!
Дүниеден озғандардың бәрі аңызға айнала бермейді. Аңыз адам таңдайды.
Ол заманда да ырду-дырду, ұрандау, айғайлау көп болды. Мәнісін біліп болмайтын, аттың жалында, түйенің қомында дегендей, әйтеуір таусылмайтын бір науқаншылдық.
Ол кезде Шәкәрімнің мұрасы тұтқында жатқан еді. Қазір ойласақ, тұтқында жатқан Шәкәрім творчествосы емес, біздің сана-сезіміміз, түсінігіміз екен, Шәкәрім тілімен айтсақ, ойымыз «ноқталы» болатын. Бірақ оны көбіміз кезінде сезген жоқпыз, кеудеміз доғадай иіліп, өзімізше балпаң-балпаң басып күн кешіп жаттық. ...Құлдықты біз аяқ-қолға сылдыратып салынатын бұғау деп түсінгенбіз. Ойлауға, санаға түскен бұғауды өңін теріс айналдырып идеология деп даурықтық. Осындай жағдайда біздің санамызда Шәкәрімге орын болмады. Ол өз заманын тосып жата берді.
Күндердің күнінде адамдар санадағы құлдықтан құтылудың жолдарын іздестіре бастады. Бұл - елдің тәуелсіздік жолына түсуінің нышаны еді. Ұлттың ояну дәуірі басталды.
Ахат: Ассалаумағалейкүм, әке! Алдыңа басын иіп балаң келіп тұр. Оян әке!
Шәкәрім: Жан балам, неге аруақ шақырдың, маған келген тықыр саған да жетті ме?
Ахат: Әке, дүрбелең күндер өтті. Ел тәніне, жанына түскен жарасын емдеуде, иншалла қазіргі күндерге шүкіршілік етудеміз.
Шәкәрім: Иә, сәт! Фәни дүниеде не сөз бар, байлық, билік кімнің қолында, ел, жер орнында ма?
Ахат: ...Доспамбет жырау айтқандай, дүниенің басы - сайран, түбі - ойран. Әйтеуір бүгін тынышталған іспетті. Қаншаға барарын кім білсін!
Шәкәрім: ...Артымда сөз қалдырған елім, ұрпағым бар еді, неліктен құдық түбінде дұғасыз көп жыл шөгіп қалдым? Менің сөзім еліме жетті ме, жоқ па?
Ахат: Сізді мерт еткендер сізді «халық жауы» деп жария етті.
Шәкәрім: Солай болатынын білгем, ал елім, қалың қазағым не деді?
Ахат: ...Сіздің мұрагерлеріңіз Мағжан, Ахмет, Ілияс, Бейімбет, Жүсіпбектер, тағы басқа көптеген ел зиялылары «халық жауы» атанып, атылды.
Шәкәрім: Қателескен екем, шығын менімен бітсін деп дүниеден өтерде дұға оқып ем?
Ахат: (Үнсіз).
Шәкәрім: ...Құлағыма шу келеді, бұл не шу?
Ахат: Әке, сіз жөнінде үлкен әңгіме болғалы жатыр. ...Артта өзіңді аңсаған қалың ел бар, солардың шуы болмаса!
Шәкәрім: Ежелден қанда бар қасиет, бірі бері, бірі әрі тартады. Менің де көпке дейін құлағымнан шу кетпес!
Ахат: Өзіңіз айтқандай, өмір - жігіттік пен жендеттіктің күресі. Тіршілікте бәрі бар, әлі көптеген ұрпақ өз өміріне өкініп өтер.
Шәкәрім: Мен өмір туралы сөз айтуға хұқым жоқ. Айтқандарымды сендерге қалдырғам. Бәрін жинап, халқыма ұсын! Әркімнің қолында кетпесін, одан басқа менде сөз жоқ.
Әке бейнесі ғайып болды».
P.S. Ғылымда мәселенің мәнін ашу үшін салыстырмалық-қисындық тәсіл қолданылады. Осы тәсілді еске тұтып, жазалаушы жақтың да, ақтаушы жақтың да сөздерін талдап, саралап қарасақ, мынадай өз қорытындымызды жасауға болады.
Алдымен айтар сөз - Абзал Қарасартовтың өз сөздерінде айтқанының жаны бар: ол бірден Шәкәрімді жау санамаған, оған құрметпен қараған, жоғарыдан алған тапсырмасы да солай болған - Шәкәрімнің лажы болса Кеңес өкіметіне қызмет қылуын, тым болмағанда үкімет істеріне залал келтірмейтіндей болуын ойлаған. Ахаттың естеліктерінде де ГПУ қызметкерлері айдалада жатқан Шәкәрімге барып, үйін жылытып, отын жарып, үйге кіргізіп беріп кеткені айтылады. Қарасартов та Шәкәрімді жете таныған, оның елге құрметті екенін білген, оның дарынын мойындаған, өлеңдерін, әндерін жаттап өскен адам. Бірақ билік нұсқауы, елдегі аштыққа байланысты адам төзгісіз жағдай, белсенділердің «шаш ал десе, бас алатын» қалпы, қолына тиген аз ғана биліктің олардың көңілін өсіріп, көкірегін көтеруге, ешкімді менсінбеуге апарып, Шәкәрімге байланысты оқиға мүлдем басқа арнаға ауып кеткен. Қарасартовтың Евней Букетовпен 1978 жылы, яғни Шәкәрім өлтірілгеннен кейін 57 жылдан соң болған сұхбатындағы өз сөзінде келтіргендей, Шәкәрімнің тәуелсіз мінезі, ешкімді «әке, көкелемейтіні», сырын бермейтіні, сөзін бағып сөйлеуі де оның «Шәкәрім болсаң боларсың» деген ойға кеткенін көрсетеді.
Шәкәрім өліміне басты себеп - өлім болған күннен тура бір ай бұрын болған Шыңғыстаудағы көтеріліс. Бұл көтерілістің бастаушыларының көбі Құнанбайдан тараған балалар болған. Оның себебі де бар, олар бай тұқымы, Кеңес үкіметі орнағанмен алдында малы үзілмеген, ауқатты топтың өкілдері. «Мал ашуы - жан ашуы» дегендей және бұрын қиыншылықты, аштықты, зорлық-зомбылықтың мұндай түрін көрмеген бұлардың қиянатқа төзбей, көтеріліске басшы болуы мүмкін-ақ. Оған мал-мүлкі тәркіленген Тұрағұлды қосыңыз. Көтерілісшілер ішінде Шәкәрім бар ма, жоқ па маңызды емес. Маңыздысы - көтеріліс басшылары Шәкәрімнің баласы және туыстары. Сондықтан және толқу кезінде оқ тиіп жараланған, он бес күндей жатып қалған Абзал Қарасартовтың Шәкәрімге өшігуі, қанының қараюы, оның көзін жоюға да тайынбайтындай жағдайда болуы да әбден қисынды. Ол - «түп» десе түкірігі жерге түспей, айтқаны болып, ауданды партия басшысы да, прокурор да емес, ГПУ басшылары жеке билеп тұрған кез. Оның үстіне Үкімет жазалаушы топтарға мүше етіп, әсіресе оларға басшы етіп, Кеңес үкіметінің идеясына әбден берілген, кедейлікті немесе басқа да қиыншылықты көп көрген адамдарды таңдаған. Олар өз ісінің дұрыстығына әбден сенген. Оған қоса бұрын билік тиіп көрмеген, «құлдан - би» болған адамдарды кім өз дегенінен қайтара алсын. Олар күн санап қатыгезденіп, қаныпезерленіп, жоғарының нұсқауын асыра орындау жолында ештеңеден тайынбауға әбден бейімделіп кеткен адамдар.
Сонымен, Шәкәрім өзі Қытай еліне кеткісі келген де болуы мүмкін, кеткісі келмеген күнде атылар күні баласы мен туыстарына жол көрсетіп шығарып салмақ болғаны анық секілді. Алдарынан қарулы отряд мүшелері кездесіп қалған соң, өзгелерді құтқарып қалмақ болып, мені өлтіре қояр деймісің деп топқа қарай Шәкәрім жалғыз беттеуі де растыққа тура келеді. Шәкәрімдерді аңдыған топ саны Қарасартовтың айтуынша қырық шақты болып, екі қанатқа бөліп жіберіліп, ортада өзі бастаған адамдар қалса, оның саны бес-алты адам болса керек. Оның біреуі - Шыңғыс өлкесіне жиырма бес мыңдықтардың қатарында келген, Шәкәрімді мүлде білмейтін, ол үшін Шәкәрім халықтың сөз ұстаған дана ақсақалы емес, өздерінің ішінде сөз болып жүргендей, қажылығына қарамастан үкіметке қарсы шығып жүрген бандылардың жетекшісі ғана деп санайтын аудандық жем-шөп дайындау станциясының механигі Рахметолла Халитов күзетте тұрған болса, «атыңдар» деген нұсқауды алдымен орындаған да Халитов болуы мүмкін. Шәкәрімнің тірі жатқанын көріп тағы да атуы мүмкін. Деректерге қарағанда, отрядтың басқа мүшелері де оқ атқан. Демек, Шәкәрімнің жаналғышы - сол топтың мүшелерінің бәрі. Ату жөніндегі нұсқауды орындамау ол кезде мүмкін болмаған. Кімнің оғы тисе де, абыз дананың қанын төккендер - сол топтың ішінде бар адамдар.
Осы орайда айтуға тиіс бір нәрсе - Абзал Қарасартов өзі оқ атса да, атпаса да басты айыпты адам. Өйткені ол келе жатқан Шәкәрім екенін тани тұра атуға нұсқау берген. «Оқ артынан, қашып бара жатқанда тиген» дейді өз сөзінде, алдынан оқ жауып кеткенде кері қайырылу адамның бәріне де тән, солай болса, солай шығар, ол Қарасартовтың күнәсін кемітпейді, қайта арттырады. Өйткені қашқанда да қоймаған, қалайда көзін жойғысы келген болып шығады. Ол Шәкәрімге әбден өшіккен, өз ісін дұрыс санаған және Шәкәрімді өлтіру басты мақсаты болған. Оған тағы бір дәлел: Шәкәрім өлген соң, апарып бетін жасыруға бұйрық бергенімен, оның артын қадағаламаған, оған Шәкәрім жерленбей, ит-құсқа жем болып кетсе де бәрібір болған. Оны дәлелдеп тұрған өз сөзі мынау: «Мен оны құдыққа тастап кетіп, оның ішінен балалары шығарып алыпты, сосын жөндеп қойыпты. ...Олардың қайда қойғанын білмеймін. Мен өзім апарып қойғам жоқ пәлен жер деп айтуға. Өзім барып жерлеттім. Бірақ жерлеген жеріне барғам жоқ. ...Мен аңға шығып кеттім» дейді. Қарап тұрсақ, Қарасартов Шәкәрім өліміне титтей де өкінбеген, оның жүзі қалай жасырылады деп ойланудың орнына кетіп қалған, артын қарастырып, не болғанын сұрамаған.
Шәкәрімді жерлеуге бұйрық алғандар суық түсіп, жер тоң болып қалған кез болған соң, қиынсынып, түбінде суы жоқ құдыққа тастап, бетін азғана жасырған да қойған.
Осы орайда Шәкәрім атылғанда, Абзал Қарасартов айтқандай, астында көтерілісшілер қолында қаза тапқан Олжабай коммунистің торы жорға аты болғаны «Шәкәрім көтерілісшілерді қолдаған» деушілердің дәлелінің қисынын келтіретіндей. Оны жоққа шығарғысы келетіндердің кейбірі Шәкәрімге ол атты «Қытайға бірге жүріңіз» деп үгіттегендер алып келіп берді десе, кейбірі Шәкәрім ол атты Қарасартовқа тапсыруға алып келе жатыр еді дейді. Бұлар да қисынға келер бәлкім. Бірақ ГПУ-ге тапсыратын ат жетекте болуы тиіс еді ғой деген бір ой да қоса келеді. Анығын Алла білер, бірақ Шәкәрім қажы ұлын ұзақ жолға аттандырып тұрып, өзінің жарамды және ақылды қоңыр атын Зиятқа беріп, оның астындағы немесе жолдастарының бірінің астындағы Олжабайдың атын өзі мінген секілді. Мүмкін «бүлінгеннен алынған бүлдіргіні» өз қолымен тапсырып, қайтарда барам деген жеріне жеткізіп салуды өтінбек болған шығар... Бұл күмәннің шешімі осылайша жасырын қалғаны қалған, кезінде бұл жөнінде кім айтса да саясатқа бағынып айтқан, ал қазір олардан тірі ешкім қалмаған.
Қарасартовтың інісі, балалары, басқа да атын жазбай оны ақтап арызданғандар да жоғарыда келтірілген қисындарға мойынсұнса керек. Олар арызданған кезең - әлі Кеңес Үкіметінің дәуірлеп тұрған кезі, өз туысын кім жаман десін, намыстың шыны да, жалғаны да болады.
Осы орайда бір нәрсені естен шығармаған жөн: Шәкәрімге қарсы оқ атқандар сол кезде революция ісіне шындап сенгендер, оның идеясын қолдағандар, не істесе де өздерінің ісін дұрыс деп санағандар екені ақиқат. Бұл жөнінде Шәкәрімнің өзі «Сынау қиын біреудің сырын білмей, Кетпе өмірін, ортасын көзіңе ілмей» деп жазып кеткен. Сонымен, өткенге салауат деп, еліміз тәуелсіздік алып, кеңестік жүйеден шыққан қазіргі күнде Қарасартовтың бүгінгі ұрпақтары өздерін айыпты санай берместен, «әркім - өз дәуірінің бейнесін көрсетеді» деген қағидамен әулетке түскен таңбаны сол заман саясатының нәтижесі деп санап, бұдан былайғы кездегі өз қалпын Шәкәрім насихаттап өткен арлылыққа бағыттаса болғаны.
Мырзагелді Кемел,
экономика ғылымдарының
докторы, профессор,
Қазақстан Жазушылар
Одағының мүшесі.
«Абай-ақпарат»