Расул Жұмалы: Қазақ пен орыс тіліне қатысты 50/50 қағидаты ескірді
Редакциядан: Жуырда Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев саясаттанушы, ҚР Президенті жанынан құрылған Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің мүшесі Расул Жұмалыны қабылдады.
Кездесу барысында Қазақстандағы БАҚ қызметіне қатысты бірқатар өзекті мәселелер талқыға салынды. Сол бір кездесуде көтерілген негізгі мәселелер туралы саясаттанушы Расул Жұмалы өзінің әлеуметтік желідегі парақшасында жазды. Аталған жазбаны Abai.kz оқырмандарымен бөліскенді жөн көрдік. Бірге талқылайық...
Қазақстанда ағартушылық, идеологиялық, тәрбиелік жұмыстар көп жылдар тасада қалып келді. Әсіресе жастар арасында. Қоғамдағы бүгінгі сенімсіздік пен ымырасыздықтың, саяси және хұқықтық сауаттың жетіспеуінің, белсенді әрі жауапкершілігін сезінетін азаматтық қоғамның құрылмауының бірден-бір себебі осыда. Аталған бағыттардағы олқылықтарды еңсеру ісі кешенді ақпараттық-насихаттық саясат пен қабілетті отандық баспасөзсіз мүмкін емес. Азамат өзін қай елдің баласы екенін идентификациялау да көбіне күнделікті баспасөзден басталады.
Бұқаралық ақпарат құралдары жайындағы қазіргі заң заман талабына сай жаңартып жетілдіруді талап етеді. Әріптестер айтқаннан басқа басымдықтар қатарында келесілері назарға алынса:
БАҚ-ты мемлекет тарапы қаржыландыру саласын реформалау қажет.
Қолданыстағы заң аясында мемлекеттік тапсырыс сөз бостандығы мен медиакеңістіктегі бәсекелстікті тежеп отыр. Бұл салада жаңа ойын ережелері керек. Атап айтқанда, тұтастай телеарналарды миллиардатаған сомаға мемлекеттік тапсырыс беру сияқты практика өзін ақтамай отыр. Бұның орнына мемлекеттік көмек нақты жобалар мен бағдарламарға жасалағаны әлде-қайда ұтымды әрі үнемді болмақ. Аталған шешімдер әділ рейтингтерге сүйенгені жөн. Ал түбінде журналисттердің жұмысын үкімет емес, қоғамдық бірлестіктер анықтағаны әділ.
Кабелдік телеарналарды таратушы компаниялардың жұмысын ретке келтіру.
Бірінші кезекте, сөз отандық теледидардағы, әсіресе Солтүстік пен Шығыста Ресейдің ақпараттық ықпалын шектеу жайында. Екіншіден, Қазақ баспасөзінің бәсекелестікке қабілетін арттыра отырып, достас басқа да елдердің баспасөзіне жол берген қисынды. Мәселен, осындай тізімде Қырғызстан, Өзбекстан, Грузия, Украина, Түркия, АҚШ, Ұлыбритания, сондай-ақ, Шынжандағы Қазақтың телеарналырын қарастыру. Айналып келгенде әр азаматта таңдау болу керек.
Десе де көптеген түйткілдерді ағымдағы заңдар негізінде де шешуге болар еді.
Отандық баспасөзді қазақиландыру шаралары ерекше маңызға ие. Алдыңғы ретте Қазақ елінің тарихы, тағлымы, мәдениеті, өнері, әдет-ғұрыптарын дәріптеуші контент ауадай қажет.
2000 жылдардың басында қазақ пен орыс тілінің радио және телеарналарда қолданылуына қатысты 50/50 қағидаты ескірді. Бірақ соның өзінде орындалмай отыр. Тіпті аталған қағидаттың өзін түсінуде қателік бар. Себебі көпшілік қазақ тілінің көлемі 50 пайызға жету керек деп есептейді. Расында 50 пайыздан кем болмау, яғни 70, 90 үлесте болуы мүмкін.
Қоғамдағы өзекті тақырыптарды аптасына бір рет емес, күнара, қара тізімсіз әрі бүкпесіз, сапалы түрде талқылап тұратын дебаттық орталықты жасақтау маңызды. Халық сенімін қайтару осылайша мүмкін.
Заманауи және кең ауқымды дубляждық орталық құру. Теледидарда болсын, отандық кинотеатрларда болсын қазақ тілінің жағдайы сын көтермейді. Жаңа фильмдер, өнер туындылары, үздік кітаптар ең алдымен орысша шығады. Прайм-таймда басымдыққа қайта орыс тіліндегі үлгілер ие. Қазақтілді қауым кәдімгідей опық жеуде. Тіпті ресейлік емес интеллектуалды және видео өнімдер (мәселен, Discovery, Paramount, Animal Planet, Cartoon, т.б.) неліктен орыс тілінде сөйлейтіні түсініксіз. Олар қазақшаға сапалы аударылып немесе төл үлгіде, айталық, ағылшынша таратылғаны оң – бұл әлемдік тәжірибе болып табылады.
Келесілер: Қазақстанда қоғамадық телеарнаны құру мәселесін қарастыру.
Ғаламдық медиа-кеңістікке Қазақстан өзіндік (RT, Jazeera) өніммен шығу мәселесі.
Отандық тәуелсіз сараптамалық (think tanks) және әлеуметтік зерттеу орталықтарын дамыту және олардың мемлекеттік органдармен арадағы ықпалдастығын қамтамасыз ету.
Расул Жұмалы,
саясаттанушы.
Abai.kz