Жұма, 1 Қараша 2024
Дат 5560 17 пікір 19 Наурыз, 2020 сағат 12:46

Әр азаматқа 90 мың теңгеден жәрдем берілсін

Короновирус пандемиясына байланысты бүкіл әлемде қалыптасып отырған қазіргі ахуал өте алаңдатарлық күрделі жағдайға айналды. Жұқтырғандар мен қайтыс болғандар саны көз алдымызда өсуде. Осынау қауіпке байланысты Қазақстанда Төтенше жағдай енгізілуі әлбетте дұрыс қадам.

Қазақтың «Бұдан жаман күнімде тойға барғам» ұғымы осы қауіп кезеңінде азаматтар ұстанар басты қағидатқа жарамайды. Құтқаратын – сақтық, тек қана сақтық шаралары ғана. Короновирустың ықтимал саяси синдромының «мутациясы» туралы әзірше сөз етпей-ақ тұра тұрайық. Мені қазір өте алаңдатып отырған короновирустан туындаған жаһандық экономикалық дағдарыс.

Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың халыққа жолдаған кешегі, 16 наурыздағы үндеуі екіұдай сезімде қалдырды. Онда короновирусқа байланысты сақтану шараларына баса мән берілген де, оның экономикадағы дағдарыстық салдарымен күресуге жеткілікті мән берілмеген.

Рас, банктер мен микроқаржы ұйымдары қаржылық жағдайы нашарлаған кәсіпкерлер үшін қарыз төлемін 90 күнге дейін шегеретіндігі, 2020 жылғы 1 наурыздағы жағдай бойынша жұмысынан айырылған 15 137 азаматқа жалпы сомасы 1,2 млрд теңгеге көлемінде әлеуметтік төлем берілетіні, шағын және орта бизнес бір жылға мүлік салығынан босатылатыны туралы шешімдер бар.Тіпті кәсіпкерлер бағаның негізсіз өсуіне тоқтау жасамаса Үкімет шекті бағаларды енгізуге мәжбүр болатындығы туралы ескерту де жасады. Бірақ әлемдік деңгейдегі орасан экономикалық дағдарыс тұсында бұл қадамдар бақшадағы ұл-қыздардың кәдімгі үйшік-үйшік ойнағанындай баланың тірлігі.

Доллар бағамының 440 теңгеден асып кеткенін көріп отырмыз. Еуразиялық экономикалық одаққа байланған экономикамыз дербес әрекет етуге қауқарсыз. Мұнай бағасы барреліне 30 доллардан төмендегенімен бізде бензин бағасы керісінше көтеріліп кететін сорақылықтары тағы бар. Әлемдік сарапшылар, атап айтқанда JPMorgan банкінің сарапшылары Қор нарығының күйрегендігіне аһ ұрып, 2020 жылдың алғашқы жартысында АҚШ пен Еуропа елдерінің жалпы ішкі өнімі 3 пайызға құлдырайтындығын көлденең тартады. Bank of America сарапшылары 2009 жылғы жаһандық тоқыраудан кейінгі ең зор дағдарыс енді басталды деп есептейді. Oxford Economics сараптама орталығы 2020 жылы короновирус салдарынан жаһандық жалпы ішкі өнім $1,1 трлн зиян шегетінін айтады. Экономикалық алыптардың өзі еңсесін тіктеуі қиындаған тұста шикізатқа тәуелді Қазақстанның қалтыраған экономикасы уф етсең ұшып кеткелі тұрған бақбақтың гүлін елестетеді. Дағдарыс салдары жарты жыл түгілі бір жылдың өзінде жойылып бітпейді. Белдікті буа тартатын кезең келді.

Мұндайда әлеуметтік-экономикалық тұрақтылықты қамтамасыз етуге байланысты түбегейлі шаралар қабылдануы керек. Өкінішке қарай Мемлекет басшысының 16 наурызда қол қойған «Әлеуметтік-экономикалық тұрақтылықты қамтамасыз ету жөніндегі шаралар туралы» Жарлығы дағдарыс кезінде халықтың әлеуметтік-экономикалық ахуалын төмендетпеуге байланысты шаралар кешенін қамтудың орнына Президенттің құзіретін айқындайтын тізбемен шектелген. Ата заңымыз бойынша еліміздегі ең жоғарғы лауазым иесі ретінде Президент мемлекетті басқарудың барлық тұтқаларына ие. Ал мына құзыреттік тізбеге қарасаң мемлекет басшысы өзінің өкілеттіктерін өзі қолдан едәуір шектеп тастағандай көрінеді. Жарайды, ол басқа тақырып. Ал өз басым бүгінгідей жаһандық экономикалық дағдарыс кезеңінде Мемлекет басшылығы мынандай маңызды қадамдар жасауға тиіс деп есептеймін.

Ең алдымен:

– Короновирустың жаһандық дағдарыс зарлаптарынан және инфляция соққысынан қорғану үшін Қазақстанның әрбір азаматына 90 мың теңге ($200) көлемінде жәрдем жасалсын;

– пандемиядан неғұрлым көбірек зардап шегіп отырған астана мен Алматының және осы мегаполистерге жақын орналасқан аудандардың әрбір тұрғынына (Қазақстан азаматтарына) 130 мың ($300) теңге көлемінде біржолғы жәрдем берілсін;

– жеке және заңды тұлғалардың банктердегі 1 млн теңгеге дейінгі көлемдегі несиелері мемлекет есебінен жабылсын;

– зейнеткерлердің зейнетақысын және мемлекеттен көмек алатын мүжәлсіз топтардың жәрдемақылары мен өтемақылары ең кемі 50 пайызға көтерілсін;

– нақты тауар өндіретін шағын кәсіпкерлік субсидиялансын;

– ауыл шаруашылығы өндірісіне барынша қолдау көрсетілсін;

– медицина саласы қызметкерлерінің жалақысы екі есеге арттырылсын;

– жұмыс орындарының қысқаруына байланысты жұмыссыз қалғандарға әлеуметтік және қаржылай көмек көрсету тетіктері жасалсын;

–халықтың жағдайын жақсартуға байланысты басқа да шаралар қабылдансын.

Бұған соншалықты көп қаражат кетпейді. Қарапайым есептеулер бұған 4,5-5 млрд доллар жұмсалатынын байқатады.

Қазақстанның халықаралық резерві 90 млрд долларға таяу екендігін ескерсек, бұл шығындар оның 20/1 бөлігіндей ғана. Доллар бағамын ұстап тұру үшін кеше $28 млрд қаржыны желге шашқанымыз еске түссе өзегіміз өкініштен өртенеді.

Короновирус пандемиясынан қалжыраған халыққа жаһандық экономикалық дағдарыс кезеңінде осындай лайықты жәрдем жасалмаса арты әлеуметтік сілкіністерге соқтыратындығын тәптіштеп жату артық. Отанымыз ортақ, ертеңіміз ортақ.

Сондықтан билік «саптыаяққа ас құйып, сабынан қарауыл қарамай» халықтың көңілінен шығатындай нақты қадамдар жасағаны абзал деп ойлаймын.

Марат Байділдаұлы

Abai.kz

17 пікір

Үздік материалдар