"Сұңқар" тұрғын үй кешені Қабанбай батыр және Зенков көшелерінің қиылысында орналасқан. Vласть интернет-журналының қала әкімінің орынбасары Ержан Бабақұмаровқа сілтеме жасап хабарлауынша, тұрғындар арасында жұқпалы ауру тарап кетпес үшін ғимарат ішінде карантин орнатылған.
19 наурыз түнгі сағат 00.00-ден бастап коронавирусқа байланысты Алматы мен Нұр-Сұлтанда карантин енгізілді. Қалаға кіріп-шығуға шектеу қойылады. 22 наурызда екі қалаға қатынайтын пойыздар мен ішкі рейстер толық тоқтайды.
Қазақстанда коронавирус жұқтырғандар саны 36-ға жетті. Олардың 18-і - Алматыда, 18-і Нұр-Сұлтанда емделіп жатыр. Олардың арасында екі бала бар.
Алматы қалалық қоғамдық денсаулық сақтау басқармасы сәрсенбі күні түстен кейін 17 науқастың жағдайы - орташа деп мәлімдеді. Олардың басым бөлігі Еуропа елдерінен ұшып келген.
Abai.kz