Нұр-Сұлтан мен Алматы карантинге жабылды
18 наурыздан 19 наурызға қараған түні елорда уақытымен сағат 00:00-де Нұр-Сұлтан мен Алматы қалаларында карантин режимі күшіне енді.
Бұл шешім ҚР Премьер-Министрі Асқар Маминнің төрағалығымен өткен ҚР Президенті жанындағы төтенше жағдай режимін қамтамасыз ету жөніндегі мемлекеттік комиссияның отырысында қабылданған болатын.
Шешімге сай Енді Нұр-Сұлтан мен Алматының айналасындағы көлік пен адам қозғалысын шектеу үшін арнайы блокпосттар орнатылды. Атап айтқанда, елордада 6 қадағалау бекеті, Алматыда 27 қадағалау бекеті жұмыс істейді, санитарлық-эпидемияға қарсы шаралар күшейеді.
Кеше ҚР Бас Прокурорының орынбасары Болат Дембаев ресми үндеу жасап, карантинге байланысты бірқатар шара мен уақытша шектеу енгізілгенін хабарлады.
-Коронавирус пандемиясына байланысты Қазақстан Республикасының Президенті елдің бүкіл аумағында 2020 жылдың 16 наурызынан 15 сәуіріне дейін төтенше жағдай енгізу туралы Жарлыққа қол қойды. Нұр-Сұлтан және Алматы қалаларында 2020 жылғы 19 наурыздан бастап карантин режимі енгізілді. Бірқатар шаралар мен уақытша шектеулер белгіленді. Оларды орындамау әкімшілік жауаптылыққа әкеп соқтырады (ӘҚБтК-нің 476-бабы - 10 АЕК айыппұл немесе 15 тәулікке дейін қамаққа алу), - деді Болат Дембаев.
Сонымен қатара, төтенше жағдай кезінде билік өкілінің заңды талабына бағынбағаны үшін қылмыстық жауаптылық көзделген (Қылмысты кодекстің 379-бабы - 2 мың АЕК айыппұлдан 2 жылға бас бостандығынан айыруға дейін).
Abai.kz