11 жылға жуық түрмеде отырған Мұхтар Жәкішев бостандықта
Бүгін «ҚазАтомпром» ұлттық компаниясының бұрынғы басшысы Мұхтар Жәкішев бостандыққа шықты. 3 наурыз күні оның шартты түрде мерзімінен бұрын бостандыққа шығатыны хабарланған болатын. Сот Қаулысы күшіне еніп, бүгін Жәкішев түрмеден босатылды.
Айта кетейік, «Қазатомөнеркәсіп» ұлттық компаниясының бұрынғы басшысы Мұхтар Жәкішев 2009 жылы мамырда тұтқындалған болатын. Сот шешімімен 14 жылға бас бостандығынан айырылып, түрмеге тоғытылған. Алайда ол өзіне тағылған айыптармен келіспейтінін айтқан.
2018 жылдың қарашасында Жәкішев Семейдің № 2 сотына да шартты түрде мерзімінен бұрын босату туралы өтініш берген. Мұхтар Жәкішев шартты түрде мерзімінен бұрын босату туралы өтініш жазуы үшін жаза мерзімінің үштен екі бөлігін өтеуі тиіс болған. Бұл мерзім 2018 жылдың қыркүйегінде өткен. Алайда сот ол өтінішті қанағаттандырған жоқ.
Ал 2019 жылдың шілдесінде сотталушы тағы өтініш білдіреді, бірақ сот ол өтінішті те қанағаттандырмады. Ақпанда да Жәкішев дәл осылай өтініш қалдырған еді, алайда ол да қанағаттандырылмады.
2020 жылдың 3 наурызында Семей қалалық №2 соты Жәкішевті мерзімінен ерте босату туралы өтінішін қанағаттандырды.
3 наурыз Семей қалалық сотының судьясы изолятордан тікелей эфир арқылы байланысқан Мұхтар Жәкішевтің ісі туралы үкім шығарды. Сот отырысына республиканың әр аймағынан келген жүзге жуық белсенді қатысқан.
Ал, оған дейін Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Жәкішевтің денсаулық жағдайынан хабардар екенін айтқан болатын. Ол БАҚ-қа берген сұхбатында:
- Бұл тек соттың құзыретіндегі мәселе. Мен, әрине, Жәкішевтің денсаулығына байланысты бірнеше рет мерзімінен бұрын шартты түрде босату туралы өтініш бергенін білемін. 3 наурызда сот отырысы өтеді. Соттың шешімін күтейік, оның әділ болатынына сенімдімін, – деген еді.
Жәкішев
Мұхтар Жәкішев қазақ кәсіпкері. «Қазатомпромның» бұрынғы басшысы. Қазір 56 жаста. Біздікілерді айтпағанда, әлемдік деңгейдегі мамандар оны «уран өндірісінің генийі» деп атаған екен. Оның Халықаралық мінберлерде сөйлеген сөзі – әлемдегі уран бағасын нарықтық жағдайға сәйкестендіруге ықпал еткен. «Википедия» дерегі солай дейді.
Алматыдағы «физ-матты» бітірген. Қазақ мемлекеттік университетінде, Мәскеудегі физика-инжинерлік институтында білім алған. Университетте сабақ берген. 1992 жылдан бастап коммерциялық бағытта жұмыс жасаған. Бірнеше компанияларда басшылық қызмет болған.
1998 жылдың қыркүйегінен бастап «Қазатомпром» Ұлттық компаниясының президенті болып тағайындалды. 2009 жылға дейін сонда қызмет етті. Арада 2001-2002 жылдары ҚР Энергетика және табиғи ресурстар вице-министрі қызметін атқарды.
Әкесі Еркін Ғазизұлы Жәкішев – Заң ғылымдарының докторы. Анасы Раиса Нұрғалиқызы Жәкішева Химия ғылымдарының кандидаты.
Жәкішев ісі (хронология)
Жәкішев 1998 жылдан бастап өзі басқарған «Қазатомпром» компаниясының басшылығынан 2009 жылдың мамырында босады. Босағанда қалай, 2009 жылдың 21 мамыр күні «Қазатомпромның» Астанадағы кеңсесінде тұтқындалды. Оны тұтқындауға келгендер өздерін Ұлттық қауіпсіздік комитеті қызметкерлері ретінде таныстырған. Арада үш күн өткенде «мемлекет мүлкін жеке мақсатына пайдаланып, Қазақстанның ірі уран кен орындарынан оффшордағы фирмалардың мүддесі үшін «доля» алды» деген айып бойынша қамауға алынды.
2010 жылдың наурызында Астананың Сарыарқа аудандың №2 соты Мұхтар Жәкішевті 14 жылға соттады. Оған «қаржыны ысырап қылды және пара алды» деген айып тағылды. Жазасын қатаң режимді колонияда өтеу міндеттелді.
Ал 2011 жылы оның үстінен екінші мәрте қылмыстық іс қозғалып, «ірі көлемде алаяқтық жасады және бөтен мүлкін иемденіп, ысырап етті» деген айып тағылды.
2012 жылы түрмедегі Жәкішев тағы 10 жылға сотталды. Сөйтіп ақырында, сот алдыңғы жазасын есепке алып, екі жаза біріктірілді. Түпкілікті сотталған мерзімі – 14 жыл болды.
Мұхтар Жәкішев қамауға алынып, тергеу басталғаннан кейін 2 ай өткенде ғана оған әйелімен кездесуге рұқсат берілді. Тергеу кезінде қорғаушыларға қысым жасалғаны (адвокатқа қорғалушымен қылмыстық істің мән-жайын талқылауға тыйым салу т.б.) туралы ақпарат БАҚ-та жария болды.
Жәкішев – «саяси тұтқын» болды
2013 жылы қазан айында құқық қорғаушылар алянсы Мұхтар Жәкішевті саяси тұтқындар тізіміне қосты. Оған сот пероцессі кезінде Жәкішевтің құқығының өрескел бұзылуы туралы фактілер себеп болған. Бұған дейін Жәкішев «саяси тұтқынға қатысы бар тұтқын» деп сипатталып келген. Мұхтар Жәкішев 2018 жылғы саяси тұтқындардың жаңартылған тізіміне де енген.
Abai.kz