МӘМС: Сақтандыру төлемдерін қайда және қалай төлеуге болады? (фото, видео, инфографика)
2020 жылдың 1 қаңтарынан бастап елімізде міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесі енгізілген болатын. Құзырлы министрліктің дерегіне сенсек, бұл сақтандырумен ел халқының 94,5 пайызы қамтылмақ. Жаңа реформа бойынша азаматтар бірнеше санатқа бөлінген. Әр санат (жеңілдігі бар санаттардан басқасы) ҚР Үкіметінің қаулысымен бекітілген мөлшерде жарна аударады. Ол бойынша жұмыс берушілер жалақы қорынан 2%, жалдамалы жұмыскерлер жалақының жалақының 1%-ын төлейді.
Сонымен, міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жарнасын (МӘМС) кімдер төлейді? МӘМС қай уақыттан басталады? Айлық жарна сомасы қанша? Жарна төлемегендер қандай да бір жауапкершілікке тартыла ма? Олар медициналық көмек ала ала ма? Жарнаны қалай төлеуге болады?
Біз осы сауалдарға жауап алу мақсатында МСҚ Алматы қалалық филиалы Ақпараттандыру бөлімінің жетекшісі Шынар Әлжанованы сөзге тарттық.
Бұл міндетті реформа. Сондықтан МӘМС жарнасын төлеу керек
Шынар Әлжанова:
- 1 сәуірге дейін барлық қазақстандықтар «шартты» түрде сақтандырылған болып саналады. Яғни, 1 сәуірге дейін сақтандыру пакетіне енетін медициналық қызметтерді толық пайдалана алады. 2020 жылдың алғашқы үш айы «өтпелі» кезең ретінде белгіленген. Осы кезеңде барлық мәселелерді шешіп, тұрғындарға жаңа жүйе егжей-тегжейлі түсіндірілуі керек. Бұл міндетті реформа. Сондықтан жеңілдік берілген санатқа жатпайтын барлық азаматтар жарнаны төлеуі шарт. Ал сәуірдің біріне дейін сақтандырылмаған азаматтар жүйеден шығып қалады және сақтандыру пакетін пайдалана алмайды. Бірақ бұл олар медициналық көмектен қағылады деген сөз емес. Бізде мемлекет тарапынан кепілдік берілген тегін медициналық көмек бар. Ол сақтандырылған немесе сақтандырылмағанына қарамастан барлық азаматтарға көрсетіледі. Яғни, шұғыл жағдайда кез келген адамға кез келген емдек мекемесінде көмек көрсетілуі керек. Мысалы, сақтандырылмаған азаматтар бұрынғыша жедел жәрдем қызметін пайдалана алады, дәрі-дәрмекпен қамтылады т.б., - дейді сарапшы.
МӘМС пакетіне қандай қызметтер кіреді?
Биылдан бастап Қазақстанда медициналық көмек қос пакет бойынша көрсетіледі. Біріншісі – кепілдендірілген тегін медициналық көмек. Екіншісі – сақтандыру пакеті (МӘМС). Ал МӘМС пакетіне қандай қызметтер кіреді?
«МӘМС пакетіне жоспарлы стационарлық және стационарды алмастыратын көмек, КТ, МРТ секілді бағасы қымбат болып келетін консультативтік-диагностикалық қызмет түрлері, оңалту және денсаулықты қалпына келтіруге бағытталған ем-дом түрлері, сондай-ақ, қарапайым халықтың қалтасына қосымша жүк салатын медициналық қызметтер кіреді»,- дейді Шынар Әлжанова.
Бірнеше ай жарна төлемеген адам қанша уақытта МӘМС жүйесінен шығарылады?
«Сақтандыру жүйесінен шығып қалуға түрлі тұрмыстық жағдайлар себеп болуы мүмкін. Мысалы, адам жұмыстан шығып қалды делік. Жұмыс беруші ол үшін жарна төлеуді де тоқтатады. Мұндай жағдайда ол алдағы үш ай бойы МӘМС пакетін пайдалана алады. Үш айда жарна төленбесе, жүйеден шығарылады»,- дейді сарапшы.
Мысалы, азамат өзін 2020 жылдан емес, 2021 жылдан бастап сақтандырғысы келді делік. Ол 2021 жылдың 1 қаңтарынан бастап сақтандырылған болуы үшін не істеу керек?
«Жалпы бұл баршаға міндетті жүйе. Сондықтан, жарнаны төлеуге тиіспіз. Ал биыл еш мүмкіндігі болмаған азаматтар, жарнаны кез келген уақытта төлеп, сақтандыру жүйесіне қатыса алады. Бірақ, ол өткен 12 айдың қарызын төлеуі тиіс. Өтелетін қарыз мерзімі 12 айдан аспайды. Яғни, 2-3 жыл төлемеген адам тек бір жылдың қарызын өтеп, жүйеге қосыла алады»,- дейді Шынар ханым.
Бірыңғай жиынтық төлем несімен тиімді?
Қазіргі уақытта елімізде өзін-өзі жұмыспен қамтып отырған 1 миллионға жуық адам бар. Олар сақтандыру жүйесіне қалай қосылады?
«Олар үшін МӘМС жүйесіне қосылудың екі жолы бар. Біріншісі – «өз бетінше» төлеуші ретінде. Жарна бір ең төменгі жалақының 5 пайызын құрайды. Ал ең төменгі жалақы бізде – 42 500 теңге. Жеке тұлға сол соманың 5 пайызын, яғни – 2 125 теңге төлейді.
Екіншісі – бірыңғай жиынтық төлем. Бұл елімізде 2019 жылдың 1 қаңтарынан бастап енгізілген салық түрі болатын. Жиынтық төлемнің 40%-ы Медициналық сақтандыру қорына, 30%-ы Зейнетақы қорына, 20%-ы Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорына, 10%-ы табыс салығына аударылады.
БЖТ – республикалық маңызы бар қалалар үшін 1 АЕК (айлық есептік көрсеткіш) немесе 2 651 теңге. Ауылдық жерлер үшін 0,5 АЕК немесе 1 325 теңге.
Сақтандыру пакетіне енген қызмет түрлерін пайдалану үшін БЖТ соңғы 3 айда үзіліссіз төленуі тиіс»,- дейді МСҚ өкілі.
Жарна қарызы 12 айдан асып кеткендерге қандай да бір шара қолданыла ма?
«Жеке тұлғаларға ешқандай шара қолданылмайды. Бірақ, олар тек тегін медициналық көмек түрлерін ғана пайдалана алады. Ал төлемдерді уақытылы төлемеген заңды тұлғаларға, жұмыс берушілерге айыппұл салынады»,- дейді маман.
МӘМС. Азаматтар өз статусын қалай және қайдан біле болады?
Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру төлемдерін қалай және қайда төлеуге болады?
«Жүйеге қосылу қиын емес. Қазір Қормен жұмыс істейтін клиникалар мен емханалар «Qiwi», «Касса24» терминалдарын орнатып жатыр. Жарнаны «Kaspi.kz» мобильді қосымшасы арқылы да төлеуге болады. Жарна төленгеннен кейін 5 минуттың ішінде пациентке «сақтандырылған» деген статус беріледі. Содан кейін ол сақтандыру пакетіне енетін қызметтерді пайдалана алады»,- дейді МСҚ Алматы қалалық филиалы Ақпараттандыру бөлімінің жетекшісі Шынар Әлжанова.
Сарапшы айтқан төлем түрлері қаншалықты қолжетімді? Қайсысы тиімді? Жеке тұлғалар жарнаны қалай төлейді? Біз осыны іс жүзінде тексеріп көрдік.
«Kaspi.kz» мобильді қосымшасы арқылы төлеуге болады. Бұл бағдарламаны бүгінде кез келген азаматтан табылатын смартфонға жүктеп алуға болады. Ол үшін аталған банктің төлем картасының иесі болуыңыз қажет. Біз МӘМС жарнасын осы қосымша арқылы төлеу жолдарын төмендегі нұсқаулықта егжей-тегжейлі көрсеттік.
МӘМС жарнасын төлеудің тағы бір оңай жолы – «Касса 24» терминалдары арқылы төлеу. Өз қалаңыздағы кез келген «Касса 24» терминалында Медициналық сақтандыру қорының төлем жүйелері орнатылған.
Төлем жөніндегі нұсқаулық:
1.Терминал мәзірінен «Қызметтерді төлеу» бөлімін таңдаңыз,
2.«Өзге төлемдер» бөліміне өтіңіз,
3.«Медициналық сақтандыру қоры сервисін» таңдаңыз,
4.ЖСН мен аты-жөніңізді енгізіңіз,
5.Тізімнен кезеңді таңдаңыз,
6.Төлеңіз және «төлеу» дегенді басыңыз,
7.Чекті поштаңызға жіберіңіз немесе басып шығарыңыз.
МӘМС жарнасын төлеудің тағы бір жолы – «Qiwi» терминалдары арқылы төлеу. Аталған төлем терминалдары МСҚ жүйесіне енген барлық клиникалар мен емханаларда орналасқан. Сонымен қатар, біз айтқан мекемелерде арнайы қызметкерлер төлем туралы кеңес береді.
Төлем жөніндегі нұсқаулық:
1. «Айыппұлдар, салықтар, мемлекеттік қызметтер» бөлімін таңдаңыз,
2. «Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» бөліміне өтіңіз,
3. ЖСН мен аты-жөніңізді енгізіңіз,
4. Тізімнен кезеңді таңдаңыз,
5. Төлеңіз және «төлеу» дегенді басыңыз,
6. Чекті поштаңызға жіберіңіз немесе басып шығарыңыз.
Ескерту! Төлемді төлем иесінің өзі де, сондай-ақ, үшінші тұлғалар да жасай алады.
МСҚ пациенттердің құқығын қорғап, заң бұзған емханаларға шара қолдана ма?
Қор пациенттер құқығын қорғаумен айналысады. Ол үшін халықпен жұмыс жөніндегі арнайы департамент бар. Сондай-ақ, азаматтардың шағымдары мен ұсыныстарын қабылдайтын 1406 бірыңғай байланыс желісі жұмыс істейді.
Пациенттің қайда жүгінуіне болады?
Медициналық қызмет сапасы мен көлеміне қатысты сұрақтар бойынша:
*Әрбір медицина ұйымында пациенттерді қолдау және ішкі аудит қызметіне жүгінуге болады;
*Бас дәрігердің атына жазбаша өтініш жазып, өзінің байланыс нөмірін қалдыруға болады;
*Медицина ұйымына «mvoter» мобильді қосымшасы арқылы баға беруге болады;
*Қордың сайтындағы «Халықтық бақылау» бөліміне жазбаша өтініш қалдыруға және
*«Facebook», «Іnstagram» әлеуметтік желілеріндегі мессенджерлерге хабарлама жіберуге болады.
«Facebook» желісіндегі ресми парақша:
«Іnstagram» желісіндегі ресми парақша:
Видео. Шынар Әлжанова сұхбат
;t=52sAbai.kz