Сенбі, 23 Қараша 2024
4052 2 пікір 22 Наурыз, 2020 сағат 15:37

Ауылдағы ағайын жұқпалы індеттен аман болса екен

Ауылдың бір артықшылығы - оқшау орналасқандығында. Қаладағыдай адам саны көп емес. Ойын-сауық орталықтары, ығы-жығы сабылған көлік те аз. Күнде ұшаққа немесе поезға мініп, халықпен тікелей қарым-қатынасқа түсіп жатқан жоқ. Дегенмен, Құдай одан сақтасын әрине, бұл - ауру ауылға жете алмайды дегенді білдірмейді.

Студенттерді ауылға қайтардық. Кейбір қалада жұмыс істеп жүрген азаматтар ауылына қайтып жатыр. Алда наурыз мерекесі. Жұрт біршама күн демалады. Осы кезде қала халқының көбі аймақтарға, туған ауылдарына аттанады. Міне, осы нағыз қауіпті тұс. Ауыл мен қаланың арасында жиі қарым - қатынас, контакт болатын кезең. Осы кезде ең алдымен ауылға кірген адамдарды есепке алып, тіпті мүмкіндігі болса дене қызуын тексеріп кіргізсе жақсы болар еді. Әрине қала маңындағы үлкен ауылдарда бұл істі жүзеге асыру қиындау. Ең болмағанда оқшау орналасқан, адам саны көп емес ауылдарда осындай талаптар жүзеге асырылғаны артық болмас. Өйткені ауылдың қаладан алыс болғаны бір жағынан жақсы болса, екінші жағынан қауіпті де. Ауыл адамы жөтелге тұмау деп қарайды. Үлкен кісілер дәрігерге бармауы да мүмкін. Оның үстіне кей ауылдарда емхана, дәрігер де жоқ. Жедел жәрдем көліктері де жетіспеуі мүмкін. Аймақ, облыс, аудан тіпті, ауыл әкімдері осы кезеңге өте сақ қарауы керек.

Таң ертеңгісін туған ауылыма телефон соғып, ауыл әкімі Шалқар Әлдибековпен сөйлестім. Елдің жағдайын сұрадым.Барынша дайындық жасап жатқанын айтты. Мекеме басшыларын жұмылдыра отырып, алдын-алу шараларын жасап жатыр екен. "Ауыл халқына жететіндей маска алып дайындап қойдық, енді ауылдағы тігіншілерге тағы да маска тіктіріп дайындатып қоямын. Азық-түлігіміз жеткілікті. Ауылдың учаскелік полиция қызметкерімен бірлесе отырып, ауылға кірген адамдардың тізімін алып, біліп отыратын боламыз. Емханаға да дайындық жұмыстары жасалды" деді.
Үкіметтің ұйымдастыруымен барлық аймақта, қалалар мен аудан орталықтарында, ауылдарда штабтар құрылып, сақтық шаралары жасалып жатса керек.

Десе де ауылға қатты көңіл бөлінуі керек. Өйткені қала адамының жағдайы белгілі, ауыра қалса 10-15 минутта жедел жәрдем шауып жетіп келеді. Ауруды оқшаулайды. Ем шараларын жасайды. Ал қаладан 300-500 шақырым қашықта жатқан ауылға жәрдем жетіп, көмек көрсетілгенге дейін уақыт оздырып алу қауіпі бар. Сондықтан кімде-кім сәл де болса денсаулығына сенімсіз болса, ауылға барудан бас тартсын. Сондай-ақ ауылда туып өскен азаматтар, Сіздердің ауылға шынайы көмектерңіз тиетін кез - осы кез. Үкімет бар қажеттіліктерін қамтамассыз етер. Алайда азамат ретінде сақтануға қажетті маска, басқа да қорғануға болатын құралдарын сатып әперуге қол ұшын берсеңіздер артық болмас.

Ауыл - баршаңыздың түп тамырларыңыз. Қазақтың алтын бесігі. Ауылдағылардың жағдайын жиі сұрап тұрыңыздар.Ауылдағы туыс-туғанға сақтық шараларын түсіндіріңіздер. Бейғам болып қалмасын. Оны ауылдан шыққан әр қазақ баласы өзінің міндеті деп санасын. Ауылдағы ағайын індеттен аман болса екен. Осыны бәріміз бірге тілейік.

Әділбек Қаба 

Abai.kz

2 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1487
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3256
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5522