31-інші науқас һәм қазақ қоғамындағы жауапкершілік
Бүгінде COVID-19 пандемиясы әлемнің екі жүзге жуық мемлекетіне таралды. Қазақстанда да бұл індетті жұқтырғандар саны күн сайын артып келеді. Алғашында Алматыда тек екі адамнан анықталған вирус бүгінде Нұр-Сұлтан, Қарағанды қалалары мен Ақтөбе, Алматы облыстарында тіркеліп, вирус жұқтырғандар саны 68-ге жетті.
Ал, аталмыш қауіп-қатерге тап болған адамзат тәжірибесі: тіпті бір адамның жауапсыз әрекеті үлкен салдарға әкелуі мүмкін дейді. Біз осы ретте, Оңтүстік Кореядағы 31-інші науқастың оқиғасын мысал еткенді жөн көрдік. Кәрістегі осы бір 31-інші науқастың жайын орыс тілінде factchek.kz сайты жазған екен.
Өткен айда, 18-інші ақпан күні әлемдік БАҚ Оңтүстік Кореяда коронавирус жұқтырғандар саны 31 адам болғанын жазды. Ал, арада апта (алты күн) өткенде қауіпті вирусты жұқтырғандар саны 760-қа жетті. Олардың басым көпшілігі діни топ (секта) мүшелері болған.
Сектадағы протест
Оңтүстік Кореяда «Синчэңджи» шіркеуінің негізін салушылардың бірі қайтыс болады. Жерлеу рәсімі екі күнге (31-қаңтар мен 2 ақпан аралығы) созылады. Рәсімге келген мыңға жуық адам бір бөлменің еденінде қысылысқан халде бір-біріне өте жақын отырған. Кейін дәл осы жағдайды вирустың таралуына басты себеп деп бағалаған.
Осыдан кейін құзырлы билік ауруды диагностикалау бойынша ауқымды науқан бастайды. Алайда олар секта мүшелері тарапынан қарсылыққа тап болады. Сектанттар билікпен байланыс жасағысы келмей, олардың жүздеген өкілі корей көшелерімен жүруді жалғастырды (21 ақпанға дейін билік 700-дей адамның отбасымен байланыс орната алмады). Ал наурыздың басында билік сектаның барлық 230 мыңдай мүшелерін тексеріп, жауап алады. Бірақ ол кезде вирус дендеп, таралып жатқан еді.
Тіпті 1 наурызға қарай вирус жұқтырғандардың саны бойынша Оңтүстік Корея Қытайдан кейінгі екінші орында болды. Олардың жартысы «Синчэңджи» сектасының мүшелері болған. Ал қазір Оңтүстік Кореяда - 9 мыңнан астам адам виурс жұқтырып, 120 адам қайтыс болған.
31-інші науқас
Ол жақта вирустың кең таралуына неге дәл осы «Синчэңджи» сектасы себеп болды? Оңтүстік Корея билігі «31-інші науқас» деген атпен танымал 61 жастағы әйел туралы айтады.
Оңтүстік Кореяда сол әйелге дейін тек 31 адам вирус жұқтырған. Жаңағы әйел 31-інші адам болған. Міне, дәл сол әйелдің өзге сектанттармен байланысы вирустың әрі қарай таралуына себеп болған.
The New York Times газетінің хабарлауынша, 7 ақпанда әйел кішігірім жол апатына түсіп, қаладағы «Тэгу» ауруханасына барған. Келесі күні ол тамағы ауырғанын айтып, дәрігерлерге жүгінеді. Бірақ, келесі күні, жексенбіде дәрігерлердің шектеуіне қарамай, «Синчэңджи» шіркеуіне барған.
Дүйсенбіде әйелдің ыстығы көтеріліп, науқас ауруханада қалады. Содан тұп-тура бір аптадан соң, яғни, жексенбі күні әйел шіркеуге тағы барып, діни рәсімге қатысады. Дәл сол күні жаңағы шіркеудің негізін салушы адамның жерлеуі өтіп жатқан. Шіркеудегі аза тұту рәсіміне мыңнан астам адам жиналған екен.
Бұған дейін дәрігерлер әлгі әйелге коронавирус белгілерін тексеру үшін кем дегенде екі рет ауруханаға баруды ұсынған. Бірақ, ол соңғы айларда Қытайға бармағанын, сондай-ақ коронавирус жұқтырған адамдарды көрмегенін айтып, бас тартқан.
Дүйсенбі күні ол өзін нашар сезініп, дәрігерге барады. Арнайы тестілеуден өткеннен кейін, оның коронавирус жұқтырғаны белгілі болады. Ал бұл кезде ол шіркеудегі мыңдаған адаммен жақын байланыста болып үлгерген еді.
Салдары
Билікпен байланыс орнатқысы келмеген сектанттардың керлігі, сондай-ақ діни бірлестіктің бір мүшесінің айналасындағылардың денсаулығына жауапсыздығы - «Синчэңджи» шіркеуі туралы жеккөрінішті пікірлерді көбейтті.
The Guardian басылымының жазуынша, сектант мүшелерінің тізімі елге белгілі болған соң, олар отандастарынан қысым көре бастаған.
Ал, РБК-ның ақпаратынша, ақпан айының басында 200 мыңнан астам адам «Синчэңджи» сектасының таратылуын талап етіп, онлайн-петицияға қол қойған және оны Корея билігіне жолдаған.
«Жаңа коронавирустың Тэгу мен Солтүстік Кёнсанг провинциясында таралуының себебі - «Синчэңджи» сектасының этикаға жат догмасы және үкіметпен ынтымақтастықтан бас тартуы», - делінген көпшілік үндеуінде.
Президентке талап
Ал, тағы 1,3 миллионнан астам адам Президент Мун Чжэ Иннің отставкасын талап етті. «Коммерсанттың» хабарлауынша, оны ел ішінде індетпен күрес және Қытайдан таралған вирусты болдырмау үшін тиімді шаралар қабылдамады, деп айыптаған.
«Мун Чжэ Иннің пневмонияға байланысты қабылдаған шараларына қарап, оны Оңтүстік Кореяның емес, Қытайдың президенті деп болжауға болады», - депті петиция авторларының бірі.
Корей президентін сынаушылар: «Ол Қытайда індет өршіген кезде, көрші елге 3 миллион бетперде жіберу туралы шешім қабылдаған. Сондай-ақ, қытайлардың Оңтүстік Кореяға кіруіне толығымен тыйым салғысы келмейтінін кешіруге болмайды», - депті.
Сөйтіп, сектанттарға бағытталған қоғамдық наразылық ақыры билікке қарсы наразылыққа ұласып кеткен.
1 наурызда Сеул билігі мен прокуратурасы сектаның 12 жетекшісінің үстінен қылмыстық іс қозғаған.
ВВС-дің орыс қызметінің хабарлауынша, келесі күні шіркеудің басшысы Ли Ман Хи коронавирустың байқаусызда таралғаны үшін халықтан кешірім сұраған.
Қазір Оңтүстік Корея COVID-19 пандемиясының таралуы бойынша әлем бойынша 9 орында тұр. Елде коронавирус індетін 9037 адам жұқтырып, 120 адам қайтыс болған.
ҚМДБ мәлімдемесі
Ал бізде ше? 16 наурыз күні ҚМДБ елде коронавирустың таралуына байланысты мешіттерде жұма намазы уақытша оқылмайтынын, намазды әркім өз үйінде өтейтінін мәлімдеген еді.
Ал өткен жұмада бір топ адамның намазға рұқсат сұрап жергілікті әкімдік өкілімен сөз таластырып тұрған видеосы әлеуметтік желіге тарады. ҚМДБ ескертпесі мен Үкімет енгізген шектеуге қарамай, діни рәсімді өтеуге әрекет қылғандар өз кезегінде қоғам наразылығын тудырды. Бұлар кімдер?
ҚМДБ мешітке жұма намазына кіргізуді талап кеткендер туралы пікір білдіріпті. ҚМДБ баспасөз қызметінің мәліметінше бұл оқиға Жаңаөзен қаласында болған.
«Бұл оқиға бүгін Маңғыстау облысының Жаңаөзен қалалық мешітінде болған. Жергілікті жамағат жұма намазын оқуды өтінген. Имамдар жамағатқа жеке түсіндіру жұмыстарын жүргізуде. Оларға елдегі төтенше жағдайға байланысты ҚМДБ Ғұламалар кеңесінің шығарған пәтуасын жан-жақты түсіндіріп берді. Мақсат - халық денсаулығын сақтау және жұқпалы індеттің таралуына жол бермеу. Жамағат ішіндегі ақсақалдар өз қателіктерін түсініп, жастарды бүлік шығармауға шақыруда. Түсіндіру жұмыстары тұрақты жүзеге асуда», - деді ҚМДБ Баспасөз қызметінің жетекшісі. «Азаттық рухы» сайты жазды.
Түйін. Кореяда бір науқас шіркеуге бару үшін ауруханадан қашып кетті. Салдарынан мыңдаған адам вирус жұқтырды. Кәрістегі 31-інші науқастың оқиғасы әлгі жамағат боп намаз оқуымыз керек деп талап қойған біздің азаматтарға жауапкершіліктің қаншалықты маңызды екенін ұқтыра ала ма?
Дайындаған Нұрбике Бексұлтанқызы
Abai.kz