Сенбі, 23 Қараша 2024
Жаңалықтар 2575 0 пікір 7 Қазан, 2011 сағат 05:01

Әбдiуақап Қара. ТҮРКIСТАН ЛЕГИОНЫНЫҢ АҚИҚАТЫ

II дүниежүзiлiк соғыс кезiнде Кеңес армиясы қатарында соғысқа қатысып, немiс фашистерiне тұтқынға түскен түркi тектi әскерлер адамзат тарихының ең ауыр қасiреттерiнiң бiрiн бастан өткердi. Солардың бiрi - әдеби шығармалары мен өмiр жолы көптеген зерттеу жұмыстарына арқау болған жазушы Шыңғыс Дағшы. Бұл зерттеуде бiз Түркiстан легионындағы уақиғаларды өз шығармаларында баяндаған Дағшының тек соғыс кезiнде басынан өткерген адам сенгiсiз оқиғалары арқылы онымен тағдырлас жүз мыңдаған легионердiң басынан өткен шындықтарға тоқталамыз. Көптеген беймәлiм жағдайлардың бетiн ашамыз.

II дүниежүзiлiк соғыс кезiнде Кеңес армиясы қатарында соғысқа қатысып, немiс фашистерiне тұтқынға түскен түркi тектi әскерлер адамзат тарихының ең ауыр қасiреттерiнiң бiрiн бастан өткердi. Солардың бiрi - әдеби шығармалары мен өмiр жолы көптеген зерттеу жұмыстарына арқау болған жазушы Шыңғыс Дағшы. Бұл зерттеуде бiз Түркiстан легионындағы уақиғаларды өз шығармаларында баяндаған Дағшының тек соғыс кезiнде басынан өткерген адам сенгiсiз оқиғалары арқылы онымен тағдырлас жүз мыңдаған легионердiң басынан өткен шындықтарға тоқталамыз. Көптеген беймәлiм жағдайлардың бетiн ашамыз.


ЗЕРТТЕУ ҚАЛАЙ ЖАСАЛДЫ?
Немiс фашистерi мың-мыңдап қыр­ғынға ұшыратқан еврейлер II дүние­жүзiлiк соғыста көп жапа шеккен халық ретiнде көрсетiледi. Бiрақ сол сұрапыл соғыста адам айтқысыз азап шеккен түркi тектi Кеңес әскерилерi туралы айтыла бермейдi. Болмаса олар тек Гитлер бастаған немiс нәсiлшiлдерiнен ғана емес, сонымен қоса өз елдерi - Сталин басқарған Кеңес үкiметi тарапынан да көп қысым көрiп, жапа шектi. Сондай-ақ олардың азабы соғыстың аяқталуымен де шектелген жоқ. Олар немiс тұтқынына түскен өз азаматтарын «сатқын» деп жариялаған кеңестiк қанды шеңгелге тағы түстi. Немiс тұтқынынан босатылған әскерилердiң басым бөлiгi одақтас күштер тарапынан Кеңестер Одағына тапсырылып, түрлi ауыр жазаларға тартылды, тiптi өлiм жазасына кесiлдi. Ал негiзiнде олардың соғыста немiс фашистерiне тұтқынға түскеннен басқа жазықтары жоқ едi. Кеңестер Одағында өздерiн күтiп тұрған сұмдықтың шырмауына түскiсi келмеген мыңдаған әскер Еуропада босқын мәртебесiнде қалу үшiн әр түрлi жолға жүгiндi. Қорыта айтқанда «свастика» мен «қызыл жұлдыз» арасында қалған осы шарасыз жандардың шеккен азабы мен тартқан тауқыметi өлшеусiз.
Шыңғыс Дағшы - соғыстан кейiн Мәскеу билiгiнiң шеңгелiне түсуден құтылған, бағы бар адамның бiрi. Талай қиын-қыстау күндердi бастан өткергеннен кейiн Англияға қоныстану мүмкiншiлiгiне ие болған ол қалған өмiрiн соғыс пен тұтқын лагерлерiнде қаза тапқан достары туралы естелiктерiн көркем де деректi шығармалар түрiнде баяндап, олардың есiмдерiн өшiрмеуге арнады. Оның қаламынан туған көптеген романдарда өзi мен достарының бастан кешкен оқиғалары туралы айтылады.
Осы орайда, маған «Нелiктен Дағшының II дүниежүзiлiк соғыс туралы естелiктерiн зерттедi?» деген сауал қоярыңыз хақ. Неге десеңiз, ол өз естелiктерiнде II дүниежүзiлiк соғыс кезiнде немiс фашистерiнен де, кеңестiк билiк жүйесiнен де зұлмат көрген түркiстандық, яғни орта азиялық әскерлердiң бастан өткерген азапты жолын ашық түрде баяндаған. Бiрақ, өкiнiшке қарай, бұл әскерлердiң бастан өткергендерi әлем жұртшылығы назарынан тыс қалған.
Негiзiнде II дүниежүзiлiк соғыс кезiндегi түркiстандық, яғни ортаазиялық әскерлерге қатысты естелiк жазған Дағшы ғана емес, осы соғысқа Кеңес армиясы қатарында қатысқан басқалар да естелiк жазған. Алайда осы еңбектер арасында Шыңғыс Дағшының шығармаларын басқаларынан өзгешелеп тұрар бiр ерекшелiк бар. Басқа естелiк шығармалары нақты оқиғалардан қырық-елу жылдай уақыт өткеннен кейiн қаламға алынған. Осы себептi, сұрапыл соғыс күндерiнiң егжей-тегжейi, кей тұстары естен шыққандықтан, кейбiр оқиғалардың аталмыш кiтаптарда тиiстi түрде берiлмегендiгi байқалады. Ал Дағшы болса, естелiктерiн болған оқиғалардың iзi суымас­тан, соғыс бiтпей жатып жазғандықтан, оның шығармаларындағы оқиғалар өте көркем, әрi қанықты түрде баяндалған.
Дағшы 1944 жылы бастаған естелiктерiн 1955 жылы аяқтады. Оның үстiне ол соғыстан бұрын да әдебиетке етене жақын болғандықтан естелiктерiн роман түрiнде қаламға алды. Бұл - свастика мен қызыл жұлдыз секiлдi бiр-бiрiне кереғар екi күштiң арасында қалған бiр әскердiң қандай ой-сезiм жетегiнде қалғандығын суреттеп көрсетуi тұрғысынан үлкен мәнге ие. Өйткенi егер Дағшы бастан өткергендерiн адамның iшкi дүниесiн, ой-сезiмдерiн көрсетудi мақсат тұтқан бiр роман ретiнде емес, тек бiр естелiк түрiнде қаламға алуды көздеген болса, оқиғаларға көбiрек тоқталуы тиiс едi. Олай болған жағдайда, түркi тектi әскерилердiң сол бiр сұмдық кезеңде қандай қиын таңдау мен ауыр азап iшiнде болғандығы туралы көбiрек тоқталып, жан-жақты суреттей алмас едi. Сондықтан Дағшының естелiктерiн романға айналдырып жазуы үлкен мәнге ие. Сол арқылы бiз осы еңбегiмiзде II дүниежүзiлiк соғысқа қатысқан түркi тектi әскерилердiң қандай ой-сезiм жетегiнде болғанын да анықтауға тырыстық.
Бiз осы материалды жазуға отырғанда оның 1998 жылы «Естелiктерiндегi Шыңғыс Дағшы» деген атпен Ыстамбұлда түрiк тiлiнде жарық көрген естелiктерiн негiзге алдық. Сонымен қатар, Дағшының соғыс жылдарын баяндайтын «Сұрапыл жылдар», «Жұртын жоғалтқан жан» және «Бiз бұл жолды бiрге жүрiп өттiк» атты романдарын да пайдаландық. Әрине, қандай да бiр романды тарихи шындықтың зерттелуiнде дереккөз ретiнде қолдануға болмайды. Өйткенi қаншалықты шындық баяндалса да, романның табиғатына ой-қиялдан туындаған оқиға желiлерi тән болып келедi. Ой-қиялдан туындаған оқиғалар толық алынып тасталмаған жағдайда бiр романның зерттеулерге негiз бола алмайтындығы анық. Осы себептi Дағшы өз романдарындағы оқиғалардың шындыққа сай жазылғандығын баса көрсетсе де, бiз тарихшы ретiнде романдарда баяндалғандардың барлығын шындық деп қабыл алмадық.
Бiз романдағы шынайы оқиғаларды пайдаланып, оларды тарихи деректерге негiздеуге тырыстық. Бұл тұрғыда ең басты жол көрсетушi Дағшының өз естелiктерi болды. Егер Дағшы естелiктерiн жарияламаса, романдағы оқиғалардың қайсысының шын, қайсысының ойдан шығарылған екенiн айыру қиын болар едi. Сонымен қатар сол кезең туралы жазылған басқа тұлғалардың естелiктерi мен тарихи зерттеулерiн де романдарда баяндалған оқиғалар мен жайттардың растығын анықтау үшiн пайдаландық.
Осылайша Дағшы тұлғасы арқылы II дүниежүзiлiк соғысқа Кеңес армиясы қатарында қатысқан түркi тектi әскерлердiң бастан өткерген азаптары мен ой-сезiмдерiн баяндайтын осы бiр шығарма туды. 2006 жылы Ыстамбұлда түрiк тiлiнде жарық көрген бұл кiтаптан үзiндiлердi назарларынызға ұсынамыз. Бұл кiтапты ұқыпты түрде түрiк тiлiнен қазақшаға аударған Гүлiм Блен Шадиеваға алғысымды айтамын.

ТҰТҚЫНҒА ТҮСУ

Буг өзенi жағалауында немiстерге тұтқынға түскеннен кейiн Дағшы екi күн өткен соң екi жүздей тұтқынмен бiрге Кировоград тұтқын лагерiне жөнелтiлдi. Мұнда екi ай болғаннан кейiн қараша айының алғашқы аптасында Умань тұтқын лагерiне жiберiлдi. «Бiз бұл жолды бiрге жүрiп өттiк» романында Исмаил Таулы бұдан басқаша оқиғаларды бастан өткередi. Буг өзенi жағалауында тұтқынға түскеннен кейiн немiстер оларды бiраз уақыт Первомайск маңындағы бiр деревняда ұстайды. Мұнда он екi күн болғаннан кейiн, оларды Кировоградқа төрт күн бойы жаяу айдап апарады.
Дағшы Буг өзенi жағалауында немiстерге тұтқынға түскенiне қамығып, қайғыра қойған жоқ. Тiптi бұған қуанды десе де болады. Өйткенi тұтқынға түсу - жауып тұрған оқ нөсерiнен құтылып, аман қалу деген сөз едi. Дағшы «Сұрапыл жылдар» романында тұтқынға түскеннен кейiн атыс-шабыссыз, шайқассыз, өлiм-жiтiмсiз өткен алғашқы күнiнiң Садық Тұранға тура бiр жұмақтай сезiлгенiн жазады. «Бiз бұл жолды бiрге жүрiп өттiк» романында Таулы да осыған ұқсас ой-сезiмде болады. Бұл сәттi лейтенант Таулы мен украин сержант Бойко арасындағы өзара әңгiме арқылы тамаша суреттейдi. Лейтенант Таулы немiстерге тұтқынға түскенiне қуанған Бойкоға өздерiнiң тұтқын екенiн ескертедi. Ал Бойко болса:
- Онда тұрған не бар? Бұрын да тұтқын болатынбыз. Үнемi тұтқын болғанбыз. Тым болмаса жанымызды құтқардық қой!.. Бiз үшiн соғыс бiттi. Тiрiмiз. Аман-саумыз. Ең бастысы аман қалғанымыз емес пе?! - деп жауап бередi.
Өздерiңiз де көрiп отырғандай, Дағшы тұтқынға түскенiне өкiнген жоқ. Өйткенi бұл соғысты өзiне қатысты соғыс деп қабылдай алмады. Майдан шебiне де еркiнен тыс жiберiлген едi. Дағшы Кеңес униформасын киiп соғысып жүрген Таулының бар нәрсеге, тiптi Тәңiрге де өкпелi болғанын, алайда бәрiнен бұрын өзiне өкпелi болғанын баяндайды. Өйткенi өз өмiрi өз қолында емес едi. Бұл әлем күштiлер мен мықтылардың әлемi болатын.
Дағшы Кеңес армиясына өзiмсiнiп қарай алмағанын романдағы кейiпкерi Таулы арқылы бередi. Романда Таулы өзiне «жаралыларды мұнда әкел!» деп бұйрық берген капитанға деген iшкi ой-сезiмiн: «Бар, жаралылар болса тауып әкел деме маған! Жаралылар тек төбенi қорғаған әскерлер арасында ғана емес, барлық жерде бар. Бiздiң әлемiмiз жаралыларға толы. Менiң де жаным жаралы. Әсiресе сен маған осылай бұйрық бергенiңде осыны сезiнемiн. Сен менi өзiңмен тең қойып сөйлесе алмайсың, арқама мiнiп, иығыма шығып алғандай зiлмен сөйлесесiң, ал мен болсам, сенiң зiлдi сөзiңнен топырақтың астына батып кетердей боламын, саған «жоқ» деуге шамам келмейдi ғой, сенiң бар бұйрығыңа «Құп болады! Құп болады, капитан!» дей беремiн», - деген жолдар арқылы бейнелейдi.
Бiрақ немiстерге тұтқынға түскен Дағшының қуанышы ұзаққа созылмады. Фашистердiң тұтқынындағы өмiрдiң соғыстың ең ауыр шарттарынан да сұмдық екенiн көп кешiкпей түсiндi. Тұтқынға түскен күнi кешке Буг өзенiне жақын бiр деревняда немiстер оларды бiр қараңғы қораға апарып қамады. Қораның iшiнде басқа да тұтқындар бар болатын. Тамыздың 11-шi жұлдызында қораға тағы да бiр топ тұтқынды әкелдi. Мұндағы тұтқын саны бес жүзге жетiп, қораның iшi лық толғаны соншалық, адамдардың таң атқанға дейiн тұрып тұруларына тура келдi.
Келесi күнi немiстер тұтқындарды ауылдың шетiндегi бiр алаңға жинады. Қару кезенген немiс әскерлерi тұтқындарды айнала қоршап тұрды. Тұтқындар қатарларына жаңадан қосылғандардан соғыстағы соңғы жаңалықтарды естiп бiлетiн. Жаңа келген тұтқындардың айтуынша, немiс әскерлерi жай оғындай жылдамдықпен шығысқа қарай ентелеп бара жатыр екен. Мына түрiмен екi-үш апта iшiнде Москваның құлауы мүмкiн деген болжамдар да айтылып қалды. Тұтқындардың көпшiлiгi сондай ойда болатын.
«Сұрапыл жылдар» романында Садық Тұран Москва құласа, соғыс та бiтiп, халқым азаттығына қауышады деп ойлайды. Дағшы оның бұл ойын, келешек туралы қиялын мына сөздермен бередi: «Соғыс бiтедi де, халқым қайтадан жаңғырады. Жаратқан ием, осы көрiп тұрғандарым рас па? Еңсенi езген қаншама зұлмат, қайғы-қасiрет пен ауыртпалықтан кейiн қайта көтерiлген халқымды, елiмдi көрiп тұрмын! Азат, тәуелсiз елiмде көз-жасын тиып, күле жадыраған аналарымызды, шат-шадыман балаларды, бақытты әкелерiмiздi көрiп тұрмын. Күн сәулесiмен шағылыса бой түзеген мешiт мұнараларын, күн нұрына бөленген мектептерiмiздi, жасыл желекке оранған ауылдарымызды көрiп тұрмын. Бұлардың барлығының жанында менiң көз жасым не тәйiрi? Тiптi менi арам ниеттi жауыз жандар атып өлтiрсе де, қанымды төксе де, ендi маған бәрiбiр. Менiң шегер азабым халқымның азаттығының жанында түкке тұрмайды ғой!».
Дағшы бұл жерде халқының Кеңес билiгiнен шеккен азабының ауырлығына назар аудартады. Қазан төңкерiсiнен кейiнгi азамат соғысы мен билiк жүйесiндегi өзгерiстерден туындаған ауыртпалықтармен қоса Кеңес билiгi, әсiресе Сталин жүргiзген озбыр саясат халықты қатты қинап жiберген едi. Еңсенi езген қысым мен қиянат бар жерде сезiлiп тұратын. Зиялы қауым 1929 жылы қуғын-сүргiнге ұшырады. Ал 1930-1933 жылдары жүзеге асырылған ұжымдастыру саясаты салдарынан тек қана Қазақстанның өзiнде 2,5 миллион адам аштықтан қырылды. Мұндай зұлматқа душар болған қалың халық кеңес билiгiне қырғи-қабақ елдердiң барлығынан демеу күтетiн. Осы себептi немiс фашистерiнiң Кеңестер Одағына тұтқиылдан басып кiруi олардың көкейiнде үмiт отын жаққан едi. Түркиядағы кейбiр зиялылар да Кеңестер Одағындағы қандастарының азаттығына қауышуы үшiн немiс-фашистерiнiң соғыста жеңiске жетулерiне тiлектес болатын.
Бiрақ негiзiнде немiс-фашистерiнiң де Түркiстанға тәуелсiздiк беру секiлдi жоспа­ры болған жоқ. Немiс нәсiлшiлдерiнiң Түркiстан турасындағы ең оңды жоспарларының өзi Кеңестер берген құқтардан да сорақы болатын. Қырымда демократиялық ұлттық билiктiң құрылуы мақсатында жетi ай бойы Берлиндегi нәсiлшiл билiктiң құзырлы тұлғаларымен келiссөздер жүргiзген Мүстежип Үлкiсал ақыр соңында мұндай нәрсенiң мүмкiн еместiгiн ұғынады. Үлкiсал немiстердiң Кеңестер билiгiндегi түркi аймақтарына демократиялық құқықтар берудi ойламайтынына анық көз жеткiзедi. Большевиктер секiлдi немiстердiң де көздеген мақсаты - түркi елдерiн отарлау болатын. Оның үстiне немiстер бұл iстi орыстардан да тезiрек, әрi дөрекi түрде жүзеге асыратын болады.
Қорытындылай айтқанда, Кеңестер Одағындағы түркi халықтары үшiн немiс билiгi тек «қожайын» ауыстыру сияқты болар едi.

Әбдiуақап Қара, тарих ғылымдарының докторы,профессор

06.10.2011

http://www.turkystan.kz/page.php?page_id=67&id=6701

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1472
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3248
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5434