Сейсенбі, 29 Қазан 2024
Жаңалықтар 3958 0 пікір 10 Қазан, 2011 сағат 05:19

Тұрсын Жұртбай. «Бәйбіше-тоқал» трагедиясының құрбаны (Халел Ғаббасов)

Тұрсын Жұртбайдың «Ұраным - Алаш!..» зерттеу еңбегінің жалғасы

І.

Жалпы осы жылдардағы тарихи оқиғаларды, саясат саласындағы бағыттарды мемлекеттік тұрғыдан сараласақ, онда басқару жүйесінде қырғи қабақ соғыстың жүріп жатқаны анық аңғарылады. Үгіт-насихат құралдарының беттерінде, ұрандарда «көзін жоямыз», "тамырына балта шабамыз", «контр», "диверсия", «коллективизацияның жауы», "құйыршық", "қаскүнем", "саботаж" сияқты жалпылама кіжінген сөздер үлкен әріппен жазылып, мәжілістердің құлақ күйіне айналды. Тіпті Голощекин қыза келе:

«Ауылдағы экономикалық жағдайды өзгерту керек. Біз, дәл қазір қалыптасқан, жетіліп келе жатқан, даму үстіндегі таптық қарым-қатынасты өшірмеу туралы көзқарасты, кедейлердің байларға қарсы таптық күресін қолдаймыз, егер мұны соғыс деп түсінсеңіз, онда біз соғыс жағындамыз», - деп өз халқына соғыс та жариялап жіберді.

Тұрсын Жұртбайдың «Ұраным - Алаш!..» зерттеу еңбегінің жалғасы

І.

Жалпы осы жылдардағы тарихи оқиғаларды, саясат саласындағы бағыттарды мемлекеттік тұрғыдан сараласақ, онда басқару жүйесінде қырғи қабақ соғыстың жүріп жатқаны анық аңғарылады. Үгіт-насихат құралдарының беттерінде, ұрандарда «көзін жоямыз», "тамырына балта шабамыз", «контр», "диверсия", «коллективизацияның жауы», "құйыршық", "қаскүнем", "саботаж" сияқты жалпылама кіжінген сөздер үлкен әріппен жазылып, мәжілістердің құлақ күйіне айналды. Тіпті Голощекин қыза келе:

«Ауылдағы экономикалық жағдайды өзгерту керек. Біз, дәл қазір қалыптасқан, жетіліп келе жатқан, даму үстіндегі таптық қарым-қатынасты өшірмеу туралы көзқарасты, кедейлердің байларға қарсы таптық күресін қолдаймыз, егер мұны соғыс деп түсінсеңіз, онда біз соғыс жағындамыз», - деп өз халқына соғыс та жариялап жіберді.

Бұл қырғи қабақ «соғыстың» кесірін халық көрді. Біреу «бұл соғыстың түпкі коммунистік-колонизаторлық» астарын түсініп айтты, біреу жаттап алып, ойсыз ұрандады. Енді біреулер мұны Троцкийдің компаниясымен байланыстырып, қоса-қабаттап соғып, даурығыса жау іздеп, даңғазаны күшейтті. Қаншалықты қажеттіліктен туғанын білмеймін, өмірі көріп-білмеген Алматы қаласына Троцкийдің келіп мырзақамаққа орналасуының мән-мағынасы түсініксіз еді. Өле-өлгенше өзін марксиспін деп санаған Троцкийдің 1931-1932 жылғы аштықты көзімен көріп тұрып, Сталиннің экономикалық саясатын тас-талқан ғып сынаған кітаптарының өзінде Қазақстандағы коллективизация мен ашаршылық туралы бір де бір дәлелді деректі аузына алмауы қалай? Зады, коллективизация, оның ішінде Голощекиннің "Кіші Октябрі" турасындағы, аз ұлттардың интеллигенциясы қақындағы Сталин мен Троцкийдің көзқарастарында онша алшақтық болмаған сияқты.

Ал бұл кезде жазалау машинасы іске қосылып кеткен болатын. Оны тоқтатуға Голощекиннің өзінің де шамасы келмейтін. Оларды Лениннің өзі қол қойған 1919 жылғы 4 сәуірдегі ВЦИК-тің Президиумының:

«На оснований Постановления Всероссийского Центрального Комитета от 4 апреля 1919 г. Президиум ВЦИК предлагает:   Киргизскому (Казахскому)   и   Сибирскому революционному комитетам и Челябинскому губисполкому широко оповестить население о   вышеупомянутом постановлений ВЦИК и разъяснить,   что   Президиум ВЦИК находит своевременным допустить бывших членов Правительства «Алаш-Орда» к советской работе и категоричееки запрещает преследование за прошлую их деятельность», - деген (Қазақ мемлекеттік архиві,  14- қор, 3-тізім, 4-іс, 11- бет: Біз мазмұны мен стилін толық сақтау үшін, тексті әдейі түпнұсқа арқылы ұсынып отырмыз - Т.Ж.) қаулысы да тоқтата алмады.

Өйткені Сталиннің:

«Голощекин жолдас! Мен мына мәлiметiңiзде белгiленген саясатты - негiзiнен алғанда бiрден-бiр дұрыс деп ойлаймын», - деген мақұлдауы жазбаша түрде алынып қойылған, яғни, ұлттық зиялыларды жаппай жазалауға «ұлттар көсемінің» пәрмені беріліп қойған еді.

Сөйтіп, "Кіші октябрьдің" шұғыл түрде күшіне енуі - ұлттық кадрларды тез арада өкімет басынан қудалап, ықпалды адамдарды республикадан аластатудан басталды. Өлкелік партия комитетінің екінші секретары Сұлтанбек Қожановты орнынан түсіріп қана қоймай, "Алашорданың ісіне" қылмыскер ретінде кіргізуге тырысты. Оның орнына Елтай Ерназаров сияқты қолын әзер қоятын, қой аузынан шөп алмайтын момын, жігерсіз жандарды қасына тартты. Смағұл Садуақасовты Ресейге жіберді.

Оларды терісін өзгертіп кеңес кеңсесіне кіріп алған контрреволюционер деп жариялады. Тек сот арқылы үкім шығару ғана қалды. Заңды жетiк бiлетiн «Алаш» партиясының ұлттық бағдарламасын дайындаған Халел Ғаббасов мұны бiрден аңғарып:

«Алашорда» тұсындағы менiң өткендегi iс-әрекетiм ЦИК-тiң екi бiрдей қаулысы (1919 жылғы және 1920 жылғы) арқылы кешiрiм жасалған болатын. Сондықтан да, менiң дәл қазiргi күндегi қызметiмдi терiске шығарып, содан қылмыс тапсаңыздар ғана ол туралы (менiң өткендегi iс-әрекетiм жөнiнде) сөз қозғауға болады. Ал кеңес өкiметiнiң жауапты орындарында iстеген 9 жыл бойғы қызметiмде менiң тарапымнан мемлекетке қарсы қандай да бiр әрекеттiң болмағандығы анық, тiптi әлде неге күдiктене қарауға ырық бермегенiме де сенiмдiмiн. Оған толық кепiлдiк етемiн», - деп тергеушiлерге қарсы заңды дәлел де айтты.

Халел Ғаббасов «Алашорда» үкіметінің әскери жобасын жасаған бас әскери кеңесшісі ретінде қаралып, кеңес өкіметі жағына шыққаннан соң да қатаң бақылауға алынды. Сөйтіп, кез-келген сәтте оны арандатуға мүмкіндік туатындай айғақтар алдын-ала дайындалып қойды.

«Алашорда» үкіметінің қайраткерлеріне толықтай кешірім жасау туралы 1919 жылғы 4 сәуірдегі қаулыдан кейін Ахмет Байтұрсынов сол жылы желтоқсан айында тағы да Лениннің қабылдауында болып, қазақ ұлтының болашақ өмір сүру құқы қақында пікір алысады. Алаш азаматтарының басын қызылдардың қырғынынан арашалап алған ұлт көсемі енді елінің де талмауытты тағдырына алаңдап, оның басына төнуі мүмкін зауалдан құтқаруға ұмтылады.

«Декабрь, позднее 9, 1919 г. Ленин принимает в Кремле председателя Военно-революционного комитета по управлению киргизским краем С.С.Пестковского и члена ВРК А. Байтурсунова по их просьбе: слушает доклад Пестковского о хозяйственном и политическом положении края, о трудностях в политико-просветительной работе; советует подготовить несколько хороших докладов, перевести их на казахский язык и записать на граммофонные пластинки, приобрести возможно большее количество граммофонов и разослать их вместе с пластинками по кочевьям в степи; предлагает не торопиться с политикой перераспределения скота у кочевников в пользу бедноты» (Владимир Илич Ленин. Биографическая хроника. Т. 8, с. 108.).

Ахмет Байтұрсыновты алаңдатқан бұл күдік те көп күттірмеді. Хаттамада көрсетілгеніндей, сонау 1919 жылғы желтоқсанның 9 күні түнде В.И.Лениннің өзі қолдап, «көшпелілердің малын кедейлердің мүддесі үшін қайта бөлу саясатына асықпай, байыппен келу» туралы Ұлы Октярьдің көсемі Ленин айтқан сын-ескертпені «кіші октябрьдің көсемі» атанудан дәмеленген Голощекин назарына ілгісі келмеді.

Жаппай конфискациялау - көшпелі елдің арасында орынды наразылық туғызды. Ішінара толқулар да болды. Іс басындағы оқығандар жұмыстан шеттетіліп, кейі күнкөріс қамымен туған ауылдарына кетті. Мұны ОГПУ-дің тергеушілері көтеріліс ұйымдастырып, совет өкіметіне қарсы үгіт жүргізу үшін, ел арасына сіңіп кетті деп байбалам салып, жұртты сақтандырып жатты.

1928 жылы күзде байлардың мал-мүлкін ортаға алып, ет пен астықтың бір қадағын да қалдырмай сыпыра жинауға нұсқау берді. Жеделдете қазақтың 500 байын тәркіленіп, „мәңгiлікке жер аударылды", олардың қатарына „белдеудегі бұзауына дейін" тәркіленген орташа ауқаттылар қосылып, зардап шеккендердің саны төрт-бес еседен асып түстi. Исi қазақ қауымы «Кiшi Октябрьдiң» «қара дауылына» түршiге қарап, шекараға жақын өлкедегiлер Шығыс Түркiстанға, Ауғанстанға, Иранға iшiнара Монғолияға қарай босты. Атырау өңірі - Үстіртке, Торғай, Ырғыз тұсы - Торғай ойпатына, Сарысу, Созақ өңірі - Бетпақдалаға ойысты. Наразылық та күшейді. Қара халық Голощекин мен Ерназаровтың «аша тұяқ қалдырмай» конфискелеуiн - аштан өлумен пара-пар деп түсiндi.

Кейiн дәл солай болды да. Аз жылдан соң даланы аштық жайлап, жолдың екі жақ шетінде адамдардың сүйегі ақ сөңке боп қурап жатты. "Кіші октябрьдің" осындай қасіретпен аяқталатынын болжап-білген азаматтардан құтылу үшін «конфискацияға қарсы қастандықтар мен қарулы көтеріліс ұйымдастырып, науқанның өрістеуіне кесірін тигізіп, бүлдірушілік әрекеттер жасауы мүмкін» қазақ зиялыларын түрмеге қамау туралы жарлық шығарды.

Халел Ғаббасов «кіші октябрьдің» халыққа әкелетін қасіретін, жеделдетілген коллективизацияның экономикалық тоқырауға, ашаршылыққа ұшырататынын алдын ала болжап отырған «сондай қауіпті» адам болатын. Ол өзінің бұл пікірін Әлімхан Ермековке де айтыпты. Оcынау «алаш бекзатының» (замандастары солай атаған) тергеушіге берген:

«Қазір революциялық күресте шыңдалған таптық ұстаным тарихи шындыққа айналғанын көргенде, мен нақты саясаттан көрі романтикаға берілгенімді түсіндім. Революция ақ қолғаппен орнамайды, құрбандықсыз келмейді. Қазақтар үшін де бұдан өзге жол жоқ. Аса шиеленісті мәселелерді шешуде басқарушы ұйым мен үкімет орындарының дұрыс бағыт ұстанғандарын мынадай дерек растайды. Тәргілеу туралы шешімнің шығар алдында Семейден Қызылордаға келгенімде Ғаббасовтың теңселіп жүргенін көрдім (Оның қырда меншік малы бар болатын). Осыған байланысты ол ерекше белсенділік танытты. Мен оған: егерде сен бұл науқанда асыра сілтеушілікке жол беріледі деп есептесең, онда теңселе бермей, сен жоспарлау мекемесінің жауапты адамы ретінде  үкіметке мәлімдеме тапсыр, - деп өзімнің көзқарасымды білдірдім. Бұл пікірді сондай күйде жүрген Қадірбаев Сейдазымға да айттым. Тәргілеу жөніндегі қаулы шыққаннан кейін мен даулы жағдайларға жаңа түсінігім тұрғысынан пікір білдірдім, аз уақытқа ауылға барғанымда да бұл мәселені түсінуге ықылас білдіргендерге (тәргілеуге іліккен туған ағайындарына - Т.Ж.) жоғарыдағыдай түсінік бердім», - деген жауабы растайды.

Құпия қызметкерлер «Алашорданың» қайраткерлері қоса жалпы қазақ қызметкерлерінің арасына жымсытып кіргізген кәнігі кәсіби тыңшылар мен  салпаңқұлақтардың мағлұматына сүйеніп, жылына төрт рет жоғарыға «есеп» беріп» отырды. Құпия мекеменің ресми агенті Ф.Ивановтың:

«ГПУ-дің жүргізіп отырған кезек күттірмейтін төтенше істерінің басты жұмысы жауапты қазақ қызметкерлерінің үстінен жалған деректер жинау болып табылады. Біз бұл тұрғыда әр түрлі тәсілдерді қолданамыз: казактардың ішіндегі қылмыскерлерді жалдаймыз немес жауапты қазақ қызметкерлерінің үстінен жалған көрсетінді жаздырып алу үшін барымташыларды тұтқындаймыз. Жауапты қазақ қызметкерлеріне қарсы арандату жұмыстарын жүргізу үшін беделді қазақ рубасылары мен орыс кулактарынан арнайы топ жасақтаймыз, сөйтіп өзімізге керекті деректерді аламыз», - деп жазғанындағыдай, Халел Ғаббасовқа да ежелден «бәйбіше-тоқал» драмасының басты кейіпкері, атақты рубасын аранға тартып, аңдытып қойды.

Тыңшылық әрекет қашан түрмеге қамалғанша бір сәтке де болса дамыл тапқан емес. Сондай қиын кезеңнің бірі 1922 жылғы ашаршылық тұсында Халел Ғаббасов туралы:

«Бұрынғы земство басқармасының меңгерушісі. Семей уезінің Шаған болысының қазағы, 36 (1922 ж.) жаста. Москва университетінің математика факультетін бітірген. Басында ұсақ қарыз, несие банкісінде инспектор, 1917 жылдан «Алашорда» үкіметінің мүшесі, «Сарыарқа» газетінің редакторы, содан кейін «Алашорда» үкіметі төрағасының орынбасары, кейінгі кезде Семей Жер басқармасының мүшесі. Өте ысылған, қунақы, ақылды және өте қауіпті қызметкер, дипломат-саясаткер. Ғаббасов Шыңғыстауда өмір сүретін тобықты руынан. Тобықтылар екі жікке бөлінген. 1917-1920 жылдардың арасында тобықтыларда аса мықты екі жік болды, Ғаббасовтардың дұшпаны большевиктерді жақтады. Оның басында Шаған болысы, беделді, бірақ сауатсыз қазақ Мұсатай Молдабаев тұрды. Ол жалғыз өзі Ғаббасовпен, Бөкейхановпен күресті. Ғаббасовтың қитұрқы қулығының нәтижесінде бұлар қазір қыспақта... Дулатов жігерлі, алғыр. Ғаббасовқа қарағанда өте батыл қимылдайды. Ғаббасов, Бөкейханов үшеуі қазақ қызметкерлерінің ішіндегі ең бас көтерерлері, жоғарыдағы көрсетілген бағытта істелетін жұмыстардың барлығы да осы үшеуінің ақылымен істеледі», - деп мінездеме берді.

Шындығында Х.Ғаббасовтың тұтқындалуы жоғарыда аты аталған, өзінің туысы, тоқалдан тарайтын бұрынғы болыс, «кейінгі большевик Мұсатай Молдабаевтің» ұйымдастырған арызына байланысты еді. Х.Ғаббасов демалысқа келгенде туған жездесі, Мұсатай Молдабаевтың әкесі бір, шешесі басқа «қас жауы» Ике Әділевтің ауылына түседі. Тәргінің қарсаңындағы жанталас тұсында М.Молдабаев өзінің «шын большевик» екенін танытып, сол арқылы өзінде тәргіден құтылудың амалын қарастырып, қазақы «бәйбіше - тоқал» драмасының кеңестік нұсқасын «саяси сақнаға»шығарды. Сөйтіп, өзінің туған құда баласы - жеңгесінің бауыры Халел Ғаббасов: «Алашорданың» Шығыс бөлімінің үкімет мүшесі, оған қаржылай көмектескен, әскер жасақтап берген Д.Әділевке қару жинатып,  кеңес өкіметіне қарсы астыртын қарулы көтеріліс ұйымдастырып жүр, содан кейін шекара асып кетуге үгіттеп жүр», - деп арыз жазып, оны тағы да сол ауылдың тумасы, губерниялық дәрежедегі большевик әрі құпия агент М.Тоқжігітовке арқылы ГПУ-дің өлкедегі өкілінің қолына тапсыртты. Сөйтіп, бір жағынан бауыры, екінші жағынан туған құда баласы Х.Ғаббасовты түрмеге қаматты. Ал М.Молдабаевтің негізгі дұшпаны, туған ағасы, «Алаш орда» үкіметінің бас демеушісі Ике Әділев болатын. Ал Ике Әділев Халел Ғаббасовтың туған әпкесіне үйленген. Әрине, «жауапты қазақ қызметкерлеріне қарсы арандату жұмыстарын жүргізу үшін беделді қазақ рубасыларынан» арнайы топ жасақтап, сөйтіп өзідеріне керекті деректерді алған» ОГПУ қызметкерлерінің қаншама заңсыздыққа барып, шындықты белінен басқанын көрсетеді

Бұл қазақы драманың түп тамыры туралы Сәкен Сейфуллин өзінің «Тар жол, тайғақ» кешу атты мемуарында:

«Семей уезінде, Тобықты деген елде Мұсатай деген және Ике деген кісілер бар. Екеуі де ауқатты адам болса керек. Екеуі ағайын ішінде бәсеке, араз. Екеуі қазақтың белгілі партиягершілігімен бірін-бірі аяспай, елді екі жарып жұлқысады. Бірінің үстінен бірі арыз жаудырады. Бір-біріне пәле жабады. Қалаға шабысады. Ике жеңеді. Өйткені Семейде «Алашорда» бастықтарының бірі - Икенің туысқаны. Олай болған соң қазақша, «Алашорда»  Икенікі болады. Сонан соң Мұсатай турашылықты Совдептен іздейді. Әрине, турашылықты Совдептен табады. Совдепті, большевиктерді қуаттап шығады. Бұл 1917 жылдың ақырында. Ал 1918 жылдың басында содан Совдеп құлап, «Алашорда» күшейіңкіреп шыға келген соң, Мұсатай қуғынға түседі. Мұсатайды «қазақтан большевик болған», «социалшыл» бола қалған, алдауыш бұзық деп «Алашорда» жазушылары газеттеріне жазады. Әрине, Мұсатай социализмді кайдан білсін! Есіткен де жоқ. Мұсатай Икеден таяқ жеген соң, Икені «Алашордалар» сүйеген соң, турашылықты Совдептен тапқан соң, большевиктерді, Совдепті қуаттамай қайтсін! «Мұсатай жауыз, ұсталсын!» - деп «Алашорданың үкіметі» жарлық шығарады. Жарлыққа Бөкейханұлы қол қояды. Мұсатайды ұстатып, абақтыға жаптырады. Міне, Семейдегі «Алашорданың орталық үкіметінің» бітірген жұмыстары осындай болған. Осындай кылықтарынан Семейдегі «Алашорданың орталық үкіметін» және Земствосын жұрт «Тобықтының Алашордасы», «Тобықтының Земствосы» деген кездері де болған. Мұсатай мен Нұрғали Құлжанұлын абақтыға жатқызуға «Алашорданың» ішінен жалғыз-ақ Мұқаметжан Тынышбайұлы қарсы болған. Бірақ өзгелері оған болмаған.«Алашорда» бастықтарының ішінде татулықты сүйгіші, сезгіш жүрегі Мұқаметжан Тынышбайұлы болған. Семейде әскери-майдан соты құрылмақ болғанда (военно-полевой суд) Тынышбайұлы қарсы болып айтысып, қарысып отырып, майдан сотын жасатпаған», - деп жазды.

Міне, «қазақы большевиктің таптық негізі» осындай рулық күндестіктен туып еді.

Астыртын жіберілген тыңшылардың мәліметіне сүйенген Мемлекеттік саяси басқарманың төтенше өкілдері Х.Ғаббасовты Семей облысы Шыңғыстау ауданындағы Шаған ауылындағы туыстарына демалысқа қыдырып барған кезінде:

«Қарулы көтеріліс ұйымдастыру үшін қасақана сонда барды», - деген айыппен ұстаған.

Ол туралы ОГПУ-дің орынбасары Ольшанский 1928 жылы 28 қазан күні Қаз ССР-нің халық комиссарының орынбасарына:

«Семей уезіндегі  байларды тәргілеу науқанына кедергі келтіріп, белсенді түрде қарсылық жасауға қатысқаны жүшін Мемлекеттік жоспарлау комитетінің коллегия мүшесі Халел Ғаббасовтың 1926 жылғы ҚК 58 бабының 13 тармағымен айыпталып, тұтқындалғанын хабарлаймыз», - деген қатынас жолдайды.

Мұсатайдың өзі де 1928 жылғы тәргілеу кезінде итжеккенге айдалып кетті.

(жалғасы бар)

«Абай-ақпарат»

0 пікір