Ақырыс Сейітқазы. Бакуде бап шапқанымен, бақ шаппады
Қазақ боксшылары Әзірбайжанда өткен әлемдік додадан тағы да алтынсыз оралды. Осыдан екі жыл бұрын үкілеп апарған жігіттер ішінен жалғыз Серік қолаға қол жеткізгенде, қазақ боксы «нокаут» алды деп, қынжылғанбыз. Дереу бас бапкер Дамир Буданбековты құрамадан аластап, орнына Мырзағали Айтжановты отырғыздық. Федерация тізгінін Тимур Құлыбаевқа тапсырып, Бейжің Олимпиадасынан соңғы бұл тоқырауды құрамадағы буын ауысу процесімен байланыстырғанымыз да жасырын емес. Бас бапкер мен боксшылар нәтиже көрсететін сындардың ең бастысы - Лондонда өтетін Олимпиада ойындары. Ал, төртжылдық додасына тура бір жыл уақыт қалғанда, Бакудегі біріншілік кімнің көші ілгері екенін көрсеткен сияқты. Серік Сәпиев украин Тарас Шелестюктан ұтылған жоқ деген ой бар жанкүйер жүрегінде. Әділбек Ниязымбетов те кубалыққа айтарлықтай есе жібермеген сияқты. Мырзағали Айтжанов төрешілер тарапынан қысым болғанын жасырған жоқ. Әйтпесе, жеңілген боксшының жарысты жалғастыруы бокс тарихында болмаған жағдай. Украиналық Василий Ломаченконы айтып отырмыз. Расында, мықты боксшы. Қазылардың аз ұпай бергені жігерін құм қылған жоқ, себебі АІВА-ның зәресін ұшырып жіберетін Бубка секілді ағалары бар. Әділдік іздеген олардың шағымына бүкіләлемдік ұйым бас изей салды. Әрине, ең алдымен кінәні өзімізден іздейміз. Бірақ, финалда қазақ жігіттерінің соққыларын көрмей қалған «соқыр» төрешілер туралы ойланған да дұрыс-ау.

Миланда «есеңгіреп» қалған қазақ боксы енді ес жиып келеді деп көңіл жұбатуға болады ма?! Бакуден еңсемізді тіктеп оралуға не кедергі болды? Біздің боксшылар не себепті алтынсыз қалды? Бұл сұрақтарға мамандар былай дейді:
Мырзағали Айтжанов, бокстан ұлттық құраманың бас бапкері:
-Әлемдік сыннан алтын алу бұл жолы да бұйырмады. Расы керек, Серік тең ойнап, Әділбек ұтқандай көрінген. Шаршы алаңның дәл түбінде тұрмыз. Басты назарымыз - балалардың қимыл қозғалысында. Төрешілердің шешімін түсінбей қалдық. Алтын аламыз деген ойдың орындалмағаны үлкен өкініш. Бірақ, мұнымен тоқтап қалмаймыз. Басты мақсат - Лондонда бас жүлдесіз қалмау. Бакуден алтын бұйырмағасын, кішкене көңілім пәс. Күш атасын танымайды. Бұған нақты дәлел ретінде Әділбек Ниязымбетовты айту керек. Дәурен Елеусіновке Қазақстанда тең келер жан жоқ. Ауру аяқ астынан. Қызуы көтеріліп, ауырып қалды. Осы таланттар Лондонда жүлде салатын жүйріктер. Серікті жақсылап зерттеді қарсыластары. Тарасты осыған дейін екі рет жеңген. Бұл жолы да Серік жеңілген жоқ.
Болат Жұмаділов, бокстан әлем чемпионы:
- Балалардың бәріне ырзамын. Бакуде алтынсыз қалғанымызды дауыл алдындағы тыныштық деп біліңіздер. Ересектер арасындағы тұңғыш медалімен Иван Дычко және Ғани Жайлауовты құттықтағым келеді. Жастар ысылды, тәжірибе жинады. Енді Олимпиада ойындарына алаңсыз дайындала берсін. Әділбек бауырыма қандай мақтау да жарасады. Финалда ол кубалықтан жеңілген жоқ. Осыны байқадым. Ал, Серік Сәпиев - қазақтың батыры. Құраманың капитаны. Нағыз намысқой жігіт. Әлемнің үшінші алтыны бұл жолы бұйырмаса да, Олимп шыңын бағындырады деген ойдамын. Серікті бүкіл ғаламның боксшылары жатқа біледі. Серіктің қарсыластары оның бүге шүгесіне дейін зерттеп алған. Сондықтан да, қиынырақ болды. Ал, украиндар ежелден батыр, жауынгер халық. Олардың төрт алтыны бізге үлгі болсын. Енді бүкіл әлем украин боксшыларына қарсы дайындалады. Біздің жігіттер тыңғылықты жаттығып, қарсыластарын Лондонда жолдан ығыстырады деген ой басым.
Тұрсынғали Еділов, ұлттық құраманың бұрынғы бас бапкері:
- Бұл көрсеткіш туралы бірдеңе деу қиын екен. Нәтиже жоқ деуге болмас, бапкерлік құрамға да сын таға алмаймын. Бұйырмады. Жігіттер жаман емес. Енді Лондонда қарап қалмау керек. Данабек Сужанов жолдама алғаннан кейін, Қанатқа жол жабылды. Басшылар Қанат Сләмұлының мәселесін түбегейлі шеше алмады. Енді, «Астана арландары» сапында жүре береді.
Есей Жеңісұлы, спорт журналисі:
- Жанкүйер ретінде Сәпиевтен алтын күттім және оның алатынына сенімді болдым. Бірақ Серік Бейжіңдегі "сырқатын" әлі емдей алмағандай көрінді. Яғни, ол қарсыласынан өзінің үстемдігін алғашқы секундтардан-ақ танытып алуға тырысады, ойындағысы болмаса, іске аспаса, жекпе-жек тағдырына өзгеріс енгізе алмайды. Бейжіңде Бунжамноңнан солай ұтылды. Миланда Замковойға солай есе жіберді, бұл жолы Шелестюктен де сондай себеппен айла асыра алмады. Серіктің алаңда билейтінін, бір мезетте бірнеше соққы жұмсай алатынын білетін қарсыластары барынша "жабылады", өздері қарсы шабуылға анда-санда шығады. Сол кезде ойын тактикасын Сәпиев еш өзгертпейді. Қолғаптың сыртынан тиген соққылардың есептелгенін көз ашқалы бері көрген емеспін. Қысқаша айтқанда, шебер қорғана алатын қарсыластары үшін қазір Сәпиев жұмбақ емес. Десе де оның күмісіне шын жүректен қуандым. Әлем чемпионаттарының үш жүлдесін де алған қазақ - жалғыз Серік. Төбемізге көтерсек керек.
Әділбектің финалдық жекпе-жегін көре алмадым, сондықтан ештеңе демесем керек. Қарсыласы ла Круз өте иілгіш, солқылдақ, соққыдан тамаша жалтара алатын боксшы, ол Әділбектің оң иығын соққы жолына көп төсейтінін меңгеріп алған сияқты.
Басқа жігіттер финалға жетпеді, ендеше - мүмкіндіктері сол. Ешкімге кінә артпаймын.
Бірақ "Лондонда осы жігіт бет қаратпайды-ау" дейтұғын ешкімнің бой көрсетпей тұрғаны да алаңдатады. Бізге де бір Ломаченко керек-ақ!
P.S. Былғары қолғап шеберлерінің Бакуде өткен әлемдік додасында қазақ боксшыларының бабы болғанымен бағы аса жанбай қалған сияқты. Ендігі үміт - Лондонда!
Пікірлерді топтастырып дайындаған, Ақырыс Сейітқазы,
«Абай-ақпарат»