Сенбі, 23 Қараша 2024
46 - сөз 3430 4 пікір 3 Сәуір, 2020 сағат 14:25

Коронавирус - адамзат үшін жасалған жаңа ереже

Коронавирус деген ол вирус та емес, ауру да емес, соғыс та емес. Ол адамзат үшін жасалған жаңа ереже. Ондай ереже неге бізге дәл қазір қажет болды?

Өйткені біз ата-ана ретінде баламызға көңіл бөлмейтін болдық. Ақша табамыз, бала-шағаны асыраймыз деп үй бетін көрмейтін болдық.

Өйткені біз үйден шыға алмайтын мүгедек жандарды ұмыттық. Оларға әйтеуір жәрдемақы төленсе болды деп оларға назар аударып, олардың көңілдеріне қарауды қойдық.

Өйткені біз жетім-жесірлерді ұмыттық. Олардың жейтін наны мен тұратын баспанасы бар ма жоқ па, оған бас ауыртпайтын болдық.

Өйткені біз ата-ана мен туған-туысты ұмыттық. Олармен хабарласып, қал-жағдайын сұрасуды, оларға керек болса, көмектесуді ұмыттық.

Өйткені біз денсаулығы дімкәс адамдарды ұмыттық. Қаржылай көмек сұраса, ондайлар көп қой, қайсібіріне көмектесе береміз дейтін болдық.

Өйткені біз тазалықты ұмыттық. Көрінген жерге түкіріп, темекі мен қоқысты лақтырып кететін болдық.

Өйткені біз мейірімді ұмыттық. Көшеде адам құлап жатса, мас шығар деп өте шығатын болдық.

Өйткені біз әділетсіз болдық. Бастық екенмін деп адамдарды жұмыстан себепсіз қуатын болдық.

Өйткені біз қатігез болдық. Жазықсыз адамды соттаса да оған селт етпейтін болдық

Өйткені біз немқұрайлы болдық. Бала зорлаған педофилдер түрмеге отырып шығып, қайтадан сол ісін жалғастырса селт етпейтін болдық.

Өйткені біз білімнен қашатын болдық. Кітап оқымайтын, рухани дүниеге мән бермейтін болдық.

Өйткені біз атаққұмар болдық. Атақ алмаған, орден-медал тақпаған адам таба алмайтын болдық.

Өйткені біз өтірік ғалым болдық. Бірақ технологиясы жоқ дамымаған мешеу ел болдық.

Өйткені біз елімізді дәріптеуді ұмыттық. Шетел андай, Батыс мұндай деп тамсанатын болдық.

Өйткені біз салт-дәстүрді ұмыттық. Тіпті оған жиіркене қарайтын ұрпақ тәрбиелейтін болдық.

Өйткені біз сабырды ұмыттық. Ашушаң болып ұрыс-керіске тез кірігісетін болдық.

Өйткені біз жалақор және өсекші болдық. Біреу туралы жаман сөз естісек, ол адамды жер-жебіріне жетіп "жерлеп" тастайтын болдық.

Өйткені біз қанағатты ұмыттық. Артық тамақ пен дүниеге қызығатын болдық.

Өйткені біз ысырапшыл болдық. Қатқан нанды қоқысқа лақтыра салатын болдық.

Өйткені біз тыйымды ұмыттық. Етегі ашылған қыз бен тәртіпсіз ұлға сөз айта алмайтын болдық.

Өйткені біз көрсеқызар болдық. Қажеті шамалы болса да удай қымбат смартфон ұстайтын болдық.

Өйткені біз аңқау елге арам молда болдық. Тренинг өткізіп, лотерея ойнатқыш болдық.

Өйткені біз шырылдауық шегіртке болдық. Әншісымақ болып, теріс өнеге көрсететін болдық.

Өйткені біз жалқау болдық. Әнші, прокурор, сот немесе әкім болып, қалай тез оңай ақша тапсақ дейтін болдық.

Өйткені біз Құдайды ұмыттық. Аузымызда Құдай болғанмен, ол жоқ сияқты өмір сүретін болдық.

Пысы. Неге деп ойлансаңыз, сіз де талай нәрсені тізіп шығасыз.

Серікқазы Көкенайдың әлеуметтік желідегі жазбасы

Abai.kz

4 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1465
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3236
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5371