Зұлхарнай СЕЙІТОВ: Қазақ тағамдарын ұлттық брендке айналдыру үшін арнайы қаулы, не мықты заң керек
Қазақтың бал сусыны қымызды зерттеуге бүкіл ғұмырын арнаған Қазақстанның еңбек сіңірген ғылым қайраткері, биология ғылымдарының докторы, профессор Зұлхарнай Сейітовпен жақында, Алматыда жолығып, көкейде жүрген бірқатар сұраққа жауап беруін өтінгенбіз.
- Зұлхарнай Сейітұлы, ұста пышаққа жарымайтынның кері келіп, барымызды бағалап көрсете алмағандықтан ба, біріміз бал қымыз, біріміз сары қымыз деп тамсанып жүрген қымызымыздың авторлық құқығы Ганс Цольман деген немістің қанжығасында кетіпті. Сіздің бұдан хабарыңыз бар ма?
Қазақтың бал сусыны қымызды зерттеуге бүкіл ғұмырын арнаған Қазақстанның еңбек сіңірген ғылым қайраткері, биология ғылымдарының докторы, профессор Зұлхарнай Сейітовпен жақында, Алматыда жолығып, көкейде жүрген бірқатар сұраққа жауап беруін өтінгенбіз.
- Зұлхарнай Сейітұлы, ұста пышаққа жарымайтынның кері келіп, барымызды бағалап көрсете алмағандықтан ба, біріміз бал қымыз, біріміз сары қымыз деп тамсанып жүрген қымызымыздың авторлық құқығы Ганс Цольман деген немістің қанжығасында кетіпті. Сіздің бұдан хабарыңыз бар ма?
- (Ғалым ойланып отырып қалды.) Қымыздың әлемдегі бірінші патенті қазақта. № 330. Мұны бір деп қойыңыз, екінші - құрғақ қымыз ұнтағының, үшінші - шұбаттың, төртінші - қойытылған қымыздың, бесінші - бие саумалының, алтыншы - шұбат ұнтағының, жетінші - бие сүтін анықтайтын әдістің, сегізінші - қазақ бальзамының патенті біздің қолымызда тұр. Патент туралы әңгіме қозғап жүрген бауырларым тірі Сейітовті шақырып сұраса, тоқсанға қараған жасымды елемей, барып айтып берер едім. Мен қымызды зерттегелі 60 жылдан асып кетті. Талай емен есікті аштым, төрде отырған азаматтарға «Біздерде мынандай бар, мынандай бар» (Сұлтанмахмұт) дедім. «Жақсы» деген сөздерді естіп, үмітімді үкіледім. Сағым сынған тұстар да, қолымды бір сілтеп, теріс айналған сәттерім де аз емес. Артынан ұлттық рухы атойлап тұрған бір азаматты көріп қалсам, не жылы сөзін естісем, қайтадан атқа қондым.
- Арақ дәуірлеп, сыра қолдан түспей тұрғанда ескіліктің сарқыншағы деген қымызды зерттеуге қалай келіп жүрсіз?
- Мен жоғары білімді Омбыда алдым. Бүкіл факультетте жалғыз қазақ едім. Қолда барда алтынның қадірі болған ба?! Кеудеңде сәуле болса, сыртта жүргенде ұлтым, жұртым дегенде намыстан жүрегің тайдай тулайды. Мен өзгелерге халқымның жақсы үлгісін мақтанышпен айтатын едім. Оны дәлелдейтінмін. Ұлттық сусынымыз қымыз деп кеуделейтінмін. Жоғары оқу орнын сүт өнімдерінің инженер-технологы деген мамандық бойынша бітірдім. Бұл 1951 жыл болатын. Содан мені аспирантураға қалдырды. Диссертация тақырыбы қымыздың адам денсаулығына пайдасы туралы болды. Жетекшім өте білімдар профессор Я.С.Зайковский еді. Ол кісінің жары Надежда Николайқызы да профессор еді. Ол Щучинск, Көкшетау қалаларындағы туберкулез диспансерінде медбике болыпты. Менің талпынысымды екеуі де қуана құптады. Тақырыпты бекіту үшін оқу орнының ғылым жөніндегі проректорына бардық. Ол «біз ХХ ғасырда, атом дәуірінде өмір сүріп жатырмыз. Ал сендер артқа кетіп, скифтер тұтынған қымыздан ғылым жасамақсыңдар ма? Бұл алға ұмтылу емес, кейінге шегіну ғой», деп мұрнын шүйірді. Жетекшім оның айтқанына келісті. Мен көніңкіремеп едім, таласып қайтесің, былайша зерттей бер деді. Сөйтсем, Зайковский ашық пікірлері үшін орталықтан өңірге қуылған ғалым болып шықты. Диссертацияны қорғап, кандидат деген атақты алған соң, елге қайтуға біржола бекіндім. Алматыға келіп, жоғары оқу орындарын аралап көрдім. Сол кезде бұрынғы Зоотехникалық мал дәрігерлік институтының ректоры, атақты ғалым Фазыл Мұхамедқалиев екен. Ол кісі үй беремін, кел деді. Маған керегі де сол еді.
Отаныма келген соң, жатпай-тұрмай қымызды зерттеу ісін тереңдете бердім. Ақыры 1958 жылы қымыздың құрғатылған ұнтағын алуға қол жетті. Бұл баспасөзде жарияланды. Содан бір күні Алматы қалалық атқару кеңесінің төрағасы Ахмет Әділов шақырып жатыр деді. Бардым. Еңсесі биік, ер тұлғалы азамат екен. «Білім және еңбек» журналынан кептірілген қымыз жайлы мақаланы оқыдым. Жақсы екен, елге керек, қазаққа керек тағам ғой бұл. Егер сен осыны дұрыс жолға қойсаң, Алматының дәл ортасынан өзіңе арнап үй салып беремін. Күнделікті тірлікте не керек екенін айт» деді. «Қымызды кептіретін құрал-жабдық керек еді» дедім именіп. «Ол қайда бар, қайдан алуға болады?» «Ростов қаласында бар» деп едім, ол бір орынбасарын шақырып, ақылдасты. Сөйтіп, екі инженерді Ростов қаласына іссапарға жіберіп, тапсырыс берді. «Жұмысым ілгері басатын болды. Алматының қақ ортасында салынған үйде тұрамын» деген үміт, шіркін, кеудені кернегенде төбе шашым желп-желп етті. Алайда, бұл үміт су сепкендей басылды. Ұлт құндылығына ұйытқы болуға ұмтылған Ахмет Әділов басқа қызметке ауысып кетті. Сең соққан балықтай болып, мен қала бердім.
- Құрғақ қымыздан кейін қымызды ұзақ сақтау әдісін ойлап таптыңыздар емес пе?!
- Мұның да қиындықтары аз болған жоқ. Кеңес дәуірінің кенеуі кетіп бара жатқан тұсы еді. Солай болса да, қымызды ұзақ сақтаудың жолын қайтсек табамыз деген ниет көңілден бір сәт кетпейтін. Теория жүзінде алғышарттар бар. Енді оны тәжірибеде жүзеге асыру керек. Менімен қатар қой шаруашығын зерттеген белгілі ғалым, Дегерес қойын өсірген профессор, марқұм Еркін Есентаев та ат салысты. Қымызды зерттеу үшін жылқымен айналысатын үлкен шаруашылық керек еді. Оны да тапқан сол Еркін болды. Бұрынғы Жезқазған облысы, Жаңаарқа ауданына қарасты «Жеңіс» совхозында бие байлап, қымыз баптайтын адамдар бар болып шықты. Сауын биенің ұзын саны 400-ден асады. Жұрттың ілтипатына бөленіп жүрген сол азаматтар да маусымдық жұмыста жинаған қымызды қайтсек ұзақ сақтаймыз деп жүріпті. Оларда тәжірибе мол, бізде теория бар. Ойымыз бір жерден шықты. Ауыл алтын бесік қой. Кейде біз өзімізді зор санаймыз. Сол ауылдан оқымаса да тоқығаны көп адамдар кездесті. Бибіжамал деген әйелдің бармағы бал десе жарасар. Ұстаған қымызын ішсең, іше бересің. Өзі де ақықтай тап-таза жан екен. Онымен бірге жүрген Өркен, Апақайлардың да жөні бөлек. Ізетті, инабатты. Олар маған қазағымның баяғы асылдарынан қалған көздей, сарқылмайтын сарқыттай көрінді. Ортақ жұмысты түсінісіп, бес қолдың саласындай, бір кісінің баласындай болып ілгері жылжыттық. Береке-бірлікке ұйыған жерде еткен еңбек, төккен тер зая кеткен бе? Ақыры қымызды бір жыл сақтаудың әдісін таптық. Оған көз жеткең соң, 6 литр қымызды жұмыс бөлмеме әкеліп қойдым. Он ай өткен соң қымызды ішсек, сол қалпы. Бұған біреу сенді, біреу сенбеді. Енді құжатпен дәйектеуге бекіндім. Ауыл шаруашылығы министрлігіне қарасты стандарттау, метрология және сертификаттау комитетіне апардым. Бастығына кіріп, қолымда ерекше қымыз барын, алайда, оны тексертуге қаражатымның кемшін екенін, профессордың айлығы 7 мың теңге болып тұрғанын жеткіздім. Иман жүзді адам екен, мұндай дүние тегін жасалады, тегін сақталады деді. Содан 3 ай сайын менің көзімше қымыз құрамын тексеріп отырды. Көздері жетіп, көңілдері сенген соң қорытындысын шығарып, алты адамға патент берді. Денсаулық сақтау министрлігі де қымыздың адам ағзасына тек қана пайдасы бар деп қорытынды шығарды. Ендігі міндет өндіріске енгізіп, халыққа жеткізу. «Жеңіс» совхозында өзіміз білетін қымыз бар.
- Бұл тәуелсіздігімізді алып, жаңа дәуір басталып, кеткен есемізді қайтарсақ, жоғымызды түгендесек, деп шарқ құрып жүрген жылдар емес пе еді.
- Дұрыс айтасың. Көптен көкейде жүрген шаруаның енді оңтайы келетін шығар деген көтеріңкі көңіл-күймен осы бізді қолдайды-ау деп кейбір мекемелерге үш профессор отыра қалып өтініш хат жазамыз. «Жақсы, тамаша, жауап береміз» дейді. Бірақ бәрінің үні артынан құмғып, қайта шықпай қалады. Дұрыс ұғынбай жүр ме деп, алдарына барамыз. Сыпайы қарсы алып, әдемі сөзбен келген жолға салады. Содан 1994 жылы Нұрсұлтан Назарбаевтың атына жағдайымызды айтып, өтініш жібердік. Елбасыға ризамыз. Ұшан-теңіз жұмысына қарамай, бізге жылы жауабын берді. «Көмектесіңдер, бұл қолдауға тұрады» деп Премьер-Министрдің орынбасарына (А.Есімов), Экономика министріне (Ө.Шүкеев) тапсырма беріпті. Олар оны «Қазагробанкке» жіберіпті. Сол тұста шұбатқа да патент алғам. Бұл кезде қымыз бен шұбаттың пайдасын жақсы біліп алған неміс жұрты, оның еліміздегі елшілігі сыртқа қымыз шығарсаңыздар, біз алуға дайынбыз деп жүрген. Өз есебіміз бойынша жұмысымыз жүріп кетсе, жылына Германияға 2 тоннадай қымыз жіберуге мүмкіндігіміз бар дегенбіз. Түркия қазақтары 1000 тонна жіберіп тұрады екен. Сөйтіп, жоспар-жоба жасап жүргенде, аталмыш банк басшылығы, «Сиырды кепілге алмаймыз» деп жауап жіберіпті. Біз: «Айналайындар-ау, өтініш хаттың ішінде сиыр деген сөз атымен жоқ», деп шыр-пыр боламыз. Елбасы қолдап отыр дейміз. Олар: «Бір уәж айтуымыз керек қой, оның үстіне ақша біздікі, беру-бермеу өз құқығымыз» дейді шімірікпестен. Сонымен бұл іс бітіп, жазған құлда жазық жоқ. «Эксимбанкке» «ауыз салдық». 900 мың доллар несие сұрадық. Олар: «Алдымен бізге экспертиза жасау үшін 145 мың доллар әкеліп беріңіздер, содан соң барып, сіздерге несие береміз» деді. Ондай ақшамыз болса сендердің алдарыңа келіп, неміз бар дейміз.
Мен қымыз үшін кімге өтінішпен шықпадым. Вице-премьер Александр Павловқа 12 ұсыныспен хат жаздым. Ол сол кездегі тиісті министрлерге (С.Мыңбаевқа, Қ.Көшербаевқа) зерттеп, ұсыныстарыңды беріңдер депті. Кезекті ауыс-түйіс басталды да, 12 ұсыныстың біріне де жауап ала алмадым.
- Сол кезде болу керек, профессор Еркін Есентаевтың «Егемен Қазақстанға» мақаласы шыққан. Оны жұрт жылы қабылдады. Жақсы жаңалық деп таныды...
- Иә, осы мақаланы оқыған сол кездегі Жезқазған облысының әкімі Қажымұрат Нағманов бізді арнайы шақырды. Аудан басшыларын түгел жинап, «Елбасы облысқа келген сапарында ғалымдардың ұзақ сақталған қымызын ішіп көріп, жоғары бағалады. Бұл үлкен байлық. Аяқ астында қалдыруға болмайды. Қолдау керек. Өңірдегі қымыз өндіру ісіне 1 миллион доллар бөлуді қарастырайық», деді. «Бәрекелді, еңбегіміз жанатын болды!» деп бөркімізді аспанға аттық. Амал қанша, қырсыққанда қымыран іриді дегеннің кері келді. Қ.Нағманов Шығыс Қазақстан облысына әкім болып ауысып кетті. Жезқазған жабылды, Қарағанды облысына қосылды. Ендігі облыс басшысы қымызға қырын қарайтын болып шықты.
- Нарық заманына ерте бейімделген жеке кәсіпкерлер қарайласпады ма?
- Біз жоғарыдағылардың ары итеріп, бері жыққанынан шаршаған соң ұлттық дүниеге сергек қарайтын азаматтарға қолқа салдық. Тіпті, кейбіреулері өздері талпыныс жасады. Мысалы, Алатау баурайының азаматы Құрман Жаңаарқа ауданына жақын Жарық стансасында өз кәсіпкерлігін қымыз өндіру бойынша бастап кеткенде, әй, бір жасап қалдық. Біз берген технология бойынша лаборатория, қымыз сақтайтын орын әзірлеп, мини зауытты іске қосты. Барып көрдік, ендігі үмітіміз өзіңде деп қайттық. Бірақ жергілікті жердегі ашкөздік оның ісін ілгері бастырмады. Кетіріп тынды. Құрман қажырлы жігіт болатын. Алған бетінен қайтпады. Хантәңірдің баурайындағы Кеген-Қарқара өңірінен ұйымдастырды. Тағы да мини зауыт жасақтады. Ашылу салтанатына қатыстық. Сәттілік тіледік. Мен сол рәсімде: «Ағайындар, осының бәрі Құрманның маңдай тер, табан ақысымен келіп отыр. Қазір жоғарыдан ақша құйылып жататын бұрынғы колхоз, совхоз жоқ. Оның үстіне бір жерде байлаулы тұрған жүздеген биені де кездестірмейсің. Әр адамнан, әр ауылдан қасықтап, шөміштеп жинайды. Жиналған қымыздың бәрі талапқа сай бола бермейтіні және бар. Осыны ескеріп, елге бір пайдам тисін деген жігітке жұмыс істеуге мүмкіндік жасаңыздар дедім. Алайда Құрманның 2 жылдан кейін ол жерден де тауы шағылып, ауылына қайтты. Бірақ көңілін жасытпай, келін екеуі әлі алға ұмтылумен келеді. Аман болса, түптің түбінде ол азамат мақсатына жетеді деген ойдамын.
Мен - қымыз, шұбатпен айналысамын дегендерге патент иесі ретінде тарлық жасамай, қамқорлық көрсетіп келе жатқан адаммын. Семейде Асқар деген жігіт осы істі әдемі бастады. Тағы да барып, ақ батамды бердім. Мен ешкімнен ештеме дәметкен емеспін. Елге керек, ұлтқа керек десе, қымыз сақтаудың технологиясын, стандартын ұсынам. Кейде осы жаңалықты ашуға үлкен еңбек сіңірген анау қияндағы ауылда жатқан азаматшаларға, Еркін Есентаев марқұмның жарына қарайласып қойыңдар деймін.
- Германияда өндірілген қымыздың дәмін татып көрдіңіз бе?
- Балам Мюнхенге сапармен барғанда әкелді. Біреудің артынан сөз айту ағаттық. Амал не, көңілімнен шықпады. Біздің елден өз атамекеніне кеткен немістер жылқы асырап, бие саууды жақсы меңгерген. Жалпы, сергек халық қой. Біздің Отанымыздан еліне барған бір азамат жылқы жинап, бие байлап, қымызмұрындық жасап, Қазақстанның бір кездері сол елде елшісі болған Ерік Асанбаевты шақырыпты. Сол шараға қатысқандар: «Қымыздары нашар, бірақ зауыты, жері, күтімі керемет» деді. Бізде жерден кенде емеспіз. Ал анандай қамқорлықта жетілдіре берсе, жақсарып кетері сөзсіз. Біз ұлттық сусыны деп көлгірсиміз. Бұл бір жағынан рас. Екінші жағынан сол қымыздың қадіріне жетіп, бабын келтіріп, баяғыдағы дәрежесіне жеткізе алмай, қор қылып жатырмыз.
- Не істеу керек? Қандай жұмысты атқарсақ, қымызды ұлттық брендке айналдырамыз?
- Өзің айттың ғой, депутаттар «Қазақтың дәстүрлі білімдері» туралы заң керек дегенін. Бұған мен де қосыламын. Иә, бізде ұлттық құндылықтарымызды шегелеп қоятын құжат жоқ. Ресейдің қол астында отырған Саха республикасы қымыз туралы заң қабылдап алған. Сол Ресейде қымыз өндіретін 80-нен аса фирма болса, тек қымызбен емдейтін 48 санаторий жұмыс істейді екен. Біз кеңес уақытында қазақтың құртын ғарышкерлерге бергенбіз. Олар қайта оралғанан кейін - бұл неткен керемет дәм деген. Сол құртыңыз да ескерусіз қалып барады. Қазақ тағамдарын ұлттық брендке айналдыру үшін арнайы қаулы, не мықты заң керек. Сөйтіп, сақтамасақ барымыздан айырылып қалуымыз мүмкін. Мен бұл туралы Парламент Мәжілісінің төрағасына (О.Мұхамеджанов) арнайы хат жібергем. Ол өткен жылы болатын. Өзінің қолына тиді ме, тимеді ме білмеймін. Әлі күнге жауап жоқ. Француздар өзінің коньягін, шампанын әлдеқашан бренд жасап алды. Ондай мысалдарды бұл арада көптеп келтіруіме болады.
- Бүгін қамданбасақ, ертең қапы қаламыз, ұлттық тағамдарымызға сәл ғана өзгеріс енгізіп, бұл біздің брендіміз деп шыға келетіндер аз болмайды дейсіз ғой.
- Әрине, о, не дегенің. Бардан адасу оңай, жоқты табу қиын. Өзгелер жоқтан өлермендікпен бар жасайды. Немістердің тірлігі оған дәлел. Біз бардың қадіріне жетпей жатырмыз. Әлем елдерінің тағамын жегенге мәзбіз. Оның әрқайсысының артында аюдай ақырып, иесі тұр. Не істеу керек деп сұрадың ғой.
- Иә.
- Ендеше, айтайын. Біріншіден, жылқы өсіруді мемлекеттік дәрежеге көтеру керек. Қазақтың байтақ даласында алалы жылқы баяғы ата-бабаларымыздың дәуірін қайталамаса да жете қабыл болып, сыңсып жатуы тиіс. Сонда қымызымыз нағыз брендке айналады. Екінші, қымыздың жақсы стандартын жасауымыз керек. Үшінші, технологиясын жетілдіруге ерекше көңіл бөлгеніміз жөн. Қазір қымыз, шұбат өндіруге, сатуға кез келген жерде шүлен үлестіргендей рұқсат беріліп жатыр. Қымыз бен шұбаттың сапасына ешкім мән бермейді. Осының кесірінен қымыздың аты болғанмен, заты күмән. Мұндай жағдайда ол қалай ұлттық брендке айналады?
Құнын түсірмей, қадірін асырамыз десек, қымыз бен шұбатқа рұқсат беруді бір жүйеге келтіруіміз керек. Кез келген жерде сата бер деуге тыйым салынып, еліміз бойынша екі-үш орында ғана рұқсат қағаз беретін мекеме болса, қане. Сатылатын қымыздың сапасын қатаң қадағалайтын сауатты лабораториялар ұйымдастырып, ол есепте тұруы керек. Әркім өзінің екі биесінің қымызын базарға, не жол бойына ала жүгірумен ұлттық бренд жасай алмаймыз. Жабайы сауда қымыздың да, шұбаттың да көсегесін көгертпейді. Сонымен қатар, жыл бойы бие сауу ісін де қолға алатын уақыт жетті. Егер лауазымды мекемелер бұл игілікті іске ден қойғандарға қаржылай қарайласып, құқықтарын қорғап жатса, ел ішінде жұмысты дөңгелетіп әкететіндер бар. Бастағысы келеді, бірақ аяғына шығара аламын ба, жолда омақаса құлаймын ба деп мықты сенімді серік ете алмайды. Алматының түбіндегі Панфилов совхозында бір кездері жыл бойы бие сауып, қымыз ашыту үрдісі болған. Кейде біз өткеннің бәріне, әй, қойшы деп қарайтынымыз бар. Жаманнан жиренгенмен, жақсысынан үйренейік. Әсіресе, ұлтқа қажет жұмысты жұмған жұдырықтай болып бірге атқарсақ, ұтылмас едік. Бұл ұрпаққа үлгі болып қалар еді. Тіпті, жаз айында құрғақ қымызды тонна-тонна етіп жинап алсақ, қыс бойы сусыннан тарықпас едік. Құрғақ қымыздың да бие сүтінен алынатынын, оның да маусымдық бал сусынымыздан бір де кем емес екеніне мен кепілдік беремін.
- Өзіңіз меңзегендей, қымыздың шөл қандырар сусын екені белгілі. Емдік қасиеті де бөлек қой.
Иә, қымыз қасиетті тағам ғой, қымызда химиялық қоспа жоқ, өзге ішіп жүрген сусындарда, ең аяғы лимонадта химиялық қоспалар жетіп артылады. Қымыздың қасиетін өткен мыңжылдықта әлемге танымал зиялылар мойындаған. 1858 жылы Самарада Николай Постников деген дәрігер қымызбен емдеу маусымын ұйымдастырғаны тарихтан мәлім. Ұлы суреткерлер Лев Толстой мен Антон Чехов келіп, сол жерден ем алыпты. Сонда олар, шіркін, қымызды жыл бойы сақтап ішсек қой, деп армандапты. Тіпті орыс ғалымдарына ұсыныстар да жасаған. Ғалымдар қымызды ұзақ сақтаудың жолын іздестірген, бірақ таппаған. Кезінде қазақ жерінде қымызбен емдейтін Бурабайда, Алматыда, Семейде, Оралда - ұзын саны 15-тей санаторий болған. Қазір олардың бір де біреуі жұмыс істемейді. Себебі, қымыз жүйелі әзірленбейді.
- Ана сүті мен бие сүті ұқсас деп едіңіз бір мақалаңызда. Осы туралы айтар уәжіңіз қандай?
- Сұрағың орынды қойылып отыр. Бие сүті мен ана сүтінің айырмашылығы аз. Мен мұны көптен бері айтып келемін. Бие сүтінен балалар тағамын жасау жөнінде бағдарлама да жасадым. Елбасына хат та жаздым. Мына Ресей жылына бие сүтінен 500 тонна тағам әзірлейді.
- Оны түбі түркі тұқымы саналатын башқұрт бауырлар жасап жатыр емес пе?
- Иә. Олардың бұл тірлігі бізге үлгі болса, қане. Жалпы, өзге жұрттардың жоқтан бар жасауға деген талпынысы мені қайран қалдырады. Осы күні балалар арасында сырқат көп деп жатады. Жас ана баласын жарытпайды дейді. Соған бие сүтінен тағам жасап берсек, жылқы тектес халықтың ұрпағы тегіне тартпай қоймас еді. Ана сүті мен сиыр сүтінің айырмашылығы өте үлкен. Биологиялық құрамына қарағанда С витамині сиыр сүтіне қарағанда, бие сүтінде әлдеқайда көп. Тұрақты түрде қымыз ішкен адамның иммунитеті артады, сирек ауырады. Екіншіден, бие сүтіндегі полиқанықпаған май қышқылдары болады. Бұл адам ағзасына өте пайдалы. Қан айналымын жақсартады. Сол секілді бие сүтінде лактоферрин атты ақуыз бар. Бұл ақуыз түйе сүтінде жоқ. Қазір Ресей ғалымдары осы ақуыздан қатерлі ісікке дәрі жасап жатыр. Әлгі ақуыздың 1 грамы 4 мың АҚШ долларына тең. Маған замандастарым: «Қымыз өндірісі қарқынды дамыса, бай адам сен боласың» дейді. Мен оларға «Лактоферриннен дәрі жасауды жүзеге асырсақ, байыр едім. Сендерге де пайдам тиер еді» деймін. Әлгі 1 грамды дәріге айналдырсаңыз, 10 мың доллар табыс әкелетіні және бар. Бұл аз десеңіз, қымыздың ұшан-теңіз пайда әкелетініне мына бір деректі айтсақ та жеткілікті. Қ.Сәтбаев атындағы Қазақ ұлттық техникалық университетінің профессоры Махаббат Түсіпбековтың есептеуінше, мұнай өндіруге жұмсалған 1 доллар 7 доллар пайда әкеледі екен. Ал біздің әдіс бойынша қымызға кеткен 1 доллар шығын 25 доллар пайда келтіреді. Жер астындағы мұнайдың бір кездері бітетіні анық. Қазақтың байтақ даласы аман тұрса, уақыт өте келе жер бетіндегі ұлттық байлықтар, ұлттық тағамдар сол мұнайдың орнын басатын болады. Ендеше, мен ұлттық құндылықтарымызды мәңгіліктің мәңгілігі дер едім.
Бие сүтінің қуаты алапат қой. Ол ем болмайтын сырқат жоқ. Туберкулез, бауыр, ішек-қарын, жүйке жүйесі, иммундық жүйе, жүрек қан-тамырлары - осылай кете береді. Бұған қоса қымыз қуаты келешекте ұлттық демографияға да дүмпу әкелер еді. Қымыз ішкен адамның жаны мен қаны арақтан, сырадан тазарады.
- Сыра еркектік гормонды азайтса, қымыз арттырады екен. Сөйте тұрып, елімізде 4 млн. 800 мың литр сыра шығарылатын көрінеді. Қымыз туралы мұндай дерек жоқ қой.
- Қазір ерлер арасында белсіздік көп деп жүр. Оған таза қымыз бен шұбат бірінші кезекте ем болатынына иманым кәміл. Қымыздың құдіреті сол емес пе, бабын келтіріп ішсең әріңді кіргізіп, ажарыңды ашып, көркің жұртты қызықтырады. Оған ата-бабаларымыздан қалған тарихи суреттерді, өткен ғасырдың басындағы айтулы тұлғалардың кескін-келбетін көз алдыңа елестетсең жетіп жатыр. Енді тағы бір үміт сәулесі жылт етті. Соған өз көмегімді бере алмасам да, сөз көмегін жасап жатырмын.
- Ол қандай үміт сәулесі?
- Айтайын, соңғы жылдары жас болса келді деп көбінде үнсіздеу жүр едім. Бірақ өзегіңді жарып шыққан соң, 60 жылдан аса өміріңді арнағаннан кейін маған керек емес десем де, қазақ үшін қажет қой деп, зерттеуімді жалғастырам ғой баяғы. Шәкірттеріме білгенімді айтамын. Осыны аяғына жеткізіңдер деймін. Сонымен тағы қанаттана бастадым. Себебі, елімізде қымыз өндіруді қолға алсақ деп талпынып жатқан мықты жігіттер көбейіп келеді. Бұл мені қуантады, жігерлендіреді, жасаңғыратады. Кеудеме үміт отын жағады. Павлодарда бір ініміз осы қымыздан сауығып кеткен соң, оның емдік қасиеті өзгелерге де тисін деп емхана салып жатыр екен. Көбінің несиеге қолдары жетпей, тұралайтыны бар.
Қазір елге белгілі заңгер, ұлт руханиятына жанашыр болып, жеке адамдарға демеушілік көрсетіп жүрген Бекет Тұрғараев деген азамат қымыз өндіруге бел шеше кірісіпті. Бүкіл жоба-жоспарын алдыма жайып салып, бұған қандай көмегіңіз бар деді. Мен ондай азаматтан немді аяймын. «Маған көк тиынның керегі жоқ. Ел үшін осыны биікке көтер. Қазақтың бренді жаса, қарағым!» деп батамды бердім. Қымыз өндіру, ұзақ сақтау технологиясын, стандартын қолына ұстаттым. Несие де алған көрінеді. Алдымен Қазығұрттың баурайын жылқыға толтырсам дейді. Бие сүтін өңдейтін зауыт салмақ ниетті. Мен көптен қымыз бен шұбатқа нанотехнологияны ендірсем деп армандап жүретін едім. Мынадан кейін соның тиімді жолдарын қарастыра бастадым. Егер бұл тәжірибеде дәйектелсе, қымыз бен шұбаттың сапасы артып, дайындау тәсілі заман талабына сай жетіліп, ұзақ сақтау мерзімі бір жыл емес, бірнеше жылға созылар еді.
- Зұлхарнай аға, жақсы істің жемісті болуына біз де тілектеспіз. Патентін қолыңызға ұстап отырған шұбат туралы да айта кетсеңіз.
- Осыдан 11 жыл бұрын Израиль елшілігі Алматыда түйе шаруашылығы туралы үлкен халықаралық конференция өткізді. Германия, Франция, Египет елдерінің өкілдері, өз мемлекетіміздің азаматтары қатысты. Түйе шұбатын сақтау әдісі туралы мен оларға баяндап бердім. Сол алқалы жиынға қатысып отырған Атырау облысының бұрынғы әкімі Серікбек Дәукеев содан кейін мені арнайы шақырды. Түйе бар жерлерді үш күн бойы армансыз аралатты. «Сіздің еңбегіңізге шетелдіктер ерекше мән беріп жатқанда, біз неге оны елеусіз қалдырамыз» деген әңгімесін айтып, мерейімді өсірді. Ақша бөлді. «Бізге жас ұрпақтың денсаулығы керек. Сондықтан облыстық бюджет есебінен өңір мектебінде білім алып жатқан оқушыларға күнде бір кесе шұбат беріп отыру керек» деп қаулы шығарды. Үш ай өтпей жатып ол басқа жұмысқа ауысты. Жақсы бастама аяқсыз қалды. Қазір түйе баққандар да, бие баққандардың қатарында қоңыртөбел тірлік кешуде. Менің осы жанайқайымның астарында не жатқанын айтар болсам, Отанымыз Дүниежүзілік сауда ұйымына бүгін болмаса да, ертең кірері анық. Сонда бізді осы қымыз, шұбат, өзге де ұлттық тағамдар әлемге танытатынына сенімім зор.
- Қымызды сақтау мен баптау жайынан да аз-кем хабардар ете кетсеңіз.
- Қашанда шыны ыдыс пайдалы. КСРО дәуірінде сұйық тағамның бәрі шыны ыдысқа құйылатын еді ғой. Қымыз шыны ыдыста бір жыл сақталса, полиэтиленде бес ай ғана тұрады. Одан асса бұзылады. Себебі, ол органикалық зат қой. Қымыз құрамындағы қышқылдар оны ерітіп, реакцияға түсе бастайды. Шұбат шыны ыдыста 5 ай, полиэтиленде 3 ай шыдайды.
Қымыз қасиетті дедім ғой. Өткен жылы орыс тілді бір басылымда Еуропаны қымызға қарық қыламыз деген сынайда мақала басылыпты. Бұл артық әңгіме. Тіпті күлкілі. Білмей айтылған сөз. Қымыз бұлақ болып ақса да, олар айтқанын орындай алмайды. Өзіміз жарымай отырғанда еуропалықтар, ал қымыздарың қайсы десе не дейміз? Қайталап еске салам, қымыз бен шұбатқа тұспал әңгіме жараспайды. Қысы-жазы бір тынбай ағатын өзен мен бұлақ сарқылып, көл ортайып бара жатқанда, қымыздың қадыр-қасиетін, қалай алынатынын білмейтіндерге қарсылығымды білдіре кетсем, ешкім бұл қалай дей қоймас. Өйткені, қымыз бен шұбат туралы менде том-том мағлұматтар, өмірлік тәжірибе бар. Оның үстіне судың тұнығын, шөптің сонысын жейтін жылқы киелі жануар. Не болса соны талғамай жұтып, ағыл-тегіл сүт бере бермейді. Ол бапты қалайды, бабын келтірсең ғана бал сүтін береді.
Қымыз сапасына келсек, көңілім алаң. Жоғарыда да айттым-ау деймін, аты қымыз, заты бөлек. Ақша деп жанталасқандар су да, сары су да, сиыр сүтін де қосады. Бие сүтінің сапасын арнайы құрал болмаса, адам танымастай етіп жіберді. Нағыз қымызды ашыту процесі жатқан бір әлем.
Сөз соңында айтарым, қымыз бен шұбат дертке мың бір дауа екенін ұмытпаған жөн. Сондықтан да қымыз бен шұбат медицинасын жаңғырту қажет. Ендігі жерде өткен кемшілігімізге салауат айта отырып, елдік істі ел болып қолға алсақ, бел шешіп, білек түріп кірісетін азаматтар көбейсе, ұлттық брендтеріміз ешкімнің қанжығасында кетпес еді. Менің бар ойлағаным осы ғана.
- Тағылым алар, ой салар, ұлттық рухты серпілтер, мазмұнды әңгімеңізге рахмет.
Әңгімелескен Сүлеймен МӘМЕТ.