Ауылдағы «еріктілер» - мұғалімдер!
Қазақстан Республикасының президенті
Қасым-Жомарт Тоқаевтың назарына!
Құрметті, Қасым-Жомарт Кемелұлы!
Карантин кезінде оқушылардың сабақ оқу жүйесі оң шешімін табар емес. Білім және ғылым министрлігі ауылдар мен алыс аймақтарда әлі күнге дейін интернет жұмыс істемейтінін біле тұра, дүйім жұртты дүрліктіріп, «онлайн-сабақпен» әуреледі.
Біздің елдегі кейбір үйде теледидар мен компьютердің жоқтығы таңданарлық жағдай емес. Ал ол шаңырақтағы үш оқушы қалай сабақ оқиды? Баяғыдай көршіден көмек сұрайтын заман жоқ, үйден шығуға болмайды.
Онлайнның бос әурешілдік екеніне көзі жеткен соң, министрлік қашықтан оқытуға көшті. Ол қалай жүзеге асырылады? Оқушыға сабақ жүргізіледі, тапсырма беріледі. Дұрыс-ақ. Енді балалар үй тапсырмасын үй ауласына арнайы орнатылған жәшікке салуы керек екен. Дәл қазіргі жағдайда басты назарда оқушының «үй тапсырмасы» емес, баланың денсаулығы емес пе?!
Үй тапсырмаларын еріктілер жинау керек, жоспар бойынша. Ауыл, аудан орталықтарында еріктілер жоқ. Карантиннің қатаң режимі қайда қалды? Үйден шықпау туралы мәселе ше?
Еріктілер орнына ауыл жағдайында мұғалімдер үй тапсырмасын жинап, көшеде жүреді. Бұл бір мәселе.
Енді жәшіктерден алынған тапсырманы кім реттейді? Әр пән, әр сынып бойынша қалың қағазды жіктеп, реттеу қажет. Мұғалімдер үйде отыруы тиіс, деп хабарланды. Ал қазіргі кезде аудандық, облыстық білім бөлімдері түн ортасына дейін теледидар мен компьютер түгендеумен айналысуда. Оларға карантиннің қатысы жоқ па? Олар енді үй тапсырмасын «сорттауға» кіріспей ме деген қорқыныш бар.
Әр сабақтың тапсырмасын пән бойынша мұғалімдердің үйіне жеткізу керек! Үй тапсырмасын тасу үшін әкімшіліктен көлік қарастырылып, бұл міндет еріктілерге емес, мұғалімдерге жүктеліп жатыр. Білім жүйесі жұмысын тоқтатпапты делік, министрлік мұндай жолмен қандай сапа көрсеткішін көздеп отыр?
Коронавирусқа шалдыққан науқастардың саны бүгінгі күні 550-ден асты. Алыс-жақын аймақтарды да қамтыды. Басты назарда карантин режимі емес пе?! Қысы қатты аймақтарда көп жағдайда апталап сабақ тоқтайды. Бүгінде олар білім көшінен қалған жоқ қой?! Бұрында колхоздың жоспары бойынша мектеп оқушылары айлап қырманға, егістік, сақпан, картоп жинау сияқты жұмыстарға жегілетін. Сол дәуірдің шетін өзіміз де көрдік. Екі ай мектепке бармасақ та, сабақты үлгеріп оқыдық.
Ол кездегі білім жүйесі оқушыларды үлгертті. IV тоқсан - қайталау тоқсаны. ҰБТ тапсыратын оқушыларға сабақ оқу жағдайы толық жасалсын. Түсінемін. Ал үдеп келе жатқан індетті ысырып қойып, көшеде көпшіліктің үй тапсырмасын тасуы ақылға қонбайды.
Құрметті, Қасым-Жомарт Кемелұлы!
Әр сөзіңізде халықтың денсаулығы маңызды екенін қайталап айтып, әр азаматтың үйден шықпауы үшін тиісті тапсырмалар бердіңіз. Карантин талаптары өз деңгейінде орындалуы үшін елімізде барлық жағдай жүргізіліп жатыр. Балалар мен білім бөлімінің мамандары, мұғалімдердің денсаулығы үшін тиісті шаралар атқарылуына ықпал етуіңізді сұраймыз.
Ләйлә Ноғайбекқызы,
Нұр-Сұлтан қаласы.
Abai.kz