Сенбі, 23 Қараша 2024
Жаңалықтар 2275 0 пікір 13 Қазан, 2011 сағат 19:35

Софы Сматаев. Жүрегі - жалын, жігері - қайрақ қазақпын!

(Дерттеспен серттесу)

(Дерттеспен серттесу)

I

– Жанымды қинап,
Қанымды өртеп,
Толғантып жетсе
Азабым,
Санамда сергіп,
Сезімді тербеп,
Кеудеме енер
Таза мұң.
Арылам сол сәт
Жүректі жыртқан
Күйік пен күйкі
Тірліктен.
Аялап сипап,
Әлдилеп құшар
Ғажабым – анам –
Қазағым!

II

– Аға, сенің қазағың –
Бола қоймас ғажабың.
Қазақ болу бүгінде –
Ең ауыры жазаның.

Еш жалғансыз мәнерлеп,
Айтса сөздің мәні еңбек.
Қазақ қандай екенін
Берем біраз дәлелдеп.

III

«Қазақ бүгін кім?» деген,
Сұрақ туса жүндеген.
Ағаны іні көре алмай,
Бірін бірі күндеген.

Күпінуден арылмай,
Мақтанды-ау дарылдай.
Ойы, миы – бос кеуек
Үрлеп қойған қарындай.

Жерге шөксін аспаны –
Ойлары тек бас қамы.
Өзіне түк жолатпас,
Көр жұтса да басқаны.

Апат жетсе көлденең,
Оған бос сөз «Ел!» деген.
Өле берсін өзге жұрт,
Өзі қалса өлмеген.

Арын сүйрер атандай,
Болу қайда жапондай.
Төндірер ед апатты
Бірін-бірі бақандай.

Тонар еді өлгенді,
Суырып ап өңменді.
Жүрер көрге таласып,
Сүйреп тастап көмгенді.

Ашып, шашып көріңді,
Қайнатады сорыңды.
Қазақ бүгін құтырды,
Меншіктеп ап қорымды.

Қан қапса да етегі
Өзгенің бәрі – бөтені.
Асқа ұмтылса, бас жатса,
Басып өтіп кетеді.

Жанса шоғы көздегі,
Өзек өртер өз демі!
Жанталаса қырқысып,
Қырып кетер өзгені.

Сақтап көңіл бұруын,
Жақтаса да руын,
Сол руға ол кейде
Құя салар бар уын.

Есе аларда епшіл ғып,
Басқа кезде тек шұлғып,
Өткізеді өкінтпей
Өтін жарған кекшілдік.

Ерегіс пен егесте,
Құлақ аспас кеңеске.
Өшікті ме досына,
Азу басар өңешке.

Қонса қолға күштілік,
Кеудесі ысып, ысқырып,
Өзін адам еткенге
Қарамайды пысқырып.

Табанға сап таптайды.
Тас төбеңнен аттайды.
Өз есегін тұлпар ғып,
Өз мешелін мақтайды.

Сындырады сағыңды.
Қызғанады бағыңды.
Жөнелтуге асығар
Жаһаннамға жаныңды.

Мәннен, нәрден жұлындық.
Қазақ – нағыз жұлынқұрт.
Билеп алған санасын
Зіркілдеген зұлымдық.

Газет ашса ол тағы да,
Шыға келер қағына.
Өздерінен басқаны
Жолатпайды маңына.

Есің шыға далақтай,
Үлгермесең мадақтай,
Данышпан бол,
Қояды ол
Есігінен қаратпай.

Қазақ осы бүгінгі
Аршып жатқан түбіңді.
Ертең құртып бітеді-ау,
Қалдырмастан түгіңді...

IV

Әй, қарақ!
Қорлауға ұлтты
Құлыңдай етіп
Қандай да қандай
Ептісің!
Өзекті өртеп,
Алынбай жүрген
Қазақтан өш пен
Кекпісің?
Алтауға бола
Алауыз шығып,
Адасып қалған
Жұртынан,
Тұқырттың сонша
Даламның мынау
Алаш деп айтар
Тектісін.

¬Өксідің тынбай
Өңешті жырта,
Ө¬тіңді шашып
Бекерге.
Сен салған таңба
Қара дақ болып
Бетінен елдің
Кетер ме?
Өзінен безіп,
Өзеуреп езіп,
Өз ерін жығып
Беретін,
Қағынан жерір
Қасіретті ездік
Қасиетсіздікке
Өтерде.
Көрмәдіктермен
Көлденең жұртты
Көлгірсіп, қарақ,
Былғама!
Оларды сақтап,
Мәпелеп, баптап
Қақпайлап жүрген
Жын ғана.
Халқынан парқын,
Ұлтынан ырқын
Айырып, жыртып,
Бөлмеген
Кешегі дана,
Еліне пана
Тұтқалар менен
Тұлға да!

Татсам да зәрін
Таңдайды қауып,
Өңешті өртер
Азаптың.
Тұрса да көкте
Төрдегі топтық
Қолқамды жұлқып
Еңіреткізген
Мазақ күн.
Аруаққа басып,
Аттандап шықса
Аспанды жерге
Құлатар,
Батырлар менен
Хас ақындардың
Ұрпағы нағыз
Қазақпын!

Түскендей көктен
Танаулап, тарпып,
Табалап, елді
Елірме!
Айналған емес
Ешқашан қазақ
Жермешел жәндік,
Жебірге.
Кеудесін керіп,
Құшағын ашқан
Дос түгіл
Келсе қасына,
Ораған өрттен,
Мерт пенен дерттен
Тарылған кезде
Кең ірге.

V

– Ой, аға-ау, қазақ қазіргі
Беріп жүр жатқа әзірді.
Төбесіне ол көтерген
Мұртты әкадай уәзірді.

Ал оған бүгін керегі:
Қазақтың соқыр, кереңі!
Қажетсіз биік арман мен
Алаштық ойдың тереңі.

Бүрсеңдей берсе ұлдарың,
Жоғалып өшсе кіл дарын,
Біледі ол мынау жалғанда
Кімді кім ұғып, тыңдарын.

Табады арын сатқанды,
Сүйетін мадақ, мақтанды.
Ағыңды қаракүйелеп,
Табады құдай атқанды.

Таниды қамсыз, мұңсызды,
Таниды мылқау, үнсізді.
Халқыңа қарсы жұмсайды,
Халқыңнан шыққан құнсызды.

Өзіңді ұрып өзіңмен,
Ағызар қанды көзіңнен.
Айырар жанды нәп-нәзік
Ұлтыңды сүйер сезімнен.

Мұртынан әне ол жүз күлді...
Шұршітке берсе тізгінді,
Арбалып қалып өксірсің,
Жоғалтып алып ізгіңді.

Шығарса ханьді ол басқарып,
Шөккендей қоршап тасқа бұлт:
Кетерсің құл боп шұбырып,
Әр, нәр мен халден аш қалып!
Орыс пен ханьға жағына,
«Ләппай!» деп жүріп бағына,
Алашты сатып пара ғып,
Қонады ол ертең тағыңа.

Аяз боп қарып күнгейді,
Қазақты түтіп жүндейді.
Түнекті ол түрмес ешқашан
Төбеңнен бассын түн мейлі.

Бежині оны қолдайды,
Өйткені ханьға ол жайлы.
«Сайла!» деп зекіп, дікілдеп,
Бұйырар бізден «Қол жай!» ды.

Осыны мұртың көздейді.
Ал қазақ түкті сезбейді.
Маңқиып қарап, мыңқ етпес
Келіге түйіп ез мейлі.

Мәңгүртке біздің бәрібір.
Өйткені ездің ары кір.
Үркектеп қалған байғұсқа
Төре біткеннің бәрі дүр.

Ойласын қайдан ертеңін,
Өрт шалса бүгін өртеңін.
Қайтеді басын ауыртып,
Таба алмай жүріп дерт емін.

Қапамен бойын құрсаған
Не істесін күйіп тұрса адам.
Жемтік боп құрыр өңеште
Жеңіліп біткен бишараң.

Қаптайды қытай,
Қаптайды!
Жер-суын елдің таптайды.
Қазақ боп туған бүлдіршін
Ханьсу боп өлең жаттайды.

«Ия!» десе әка-біріншің,
Құйылар мұнда Үрімшің!
Сен сонда, Алаш, жанардан
Жас та емес,
Сырғыр іріңсің!
Безесің Бетпақ шөліне,
Айналып сайғақ төліне.
Қадайсың көз дер тесікті
Көк соққыр Көкке еміне.

Таба алмай жанның дауасын,
Ақтабан болып ауасың.
Ұлтыңды жұтар құмыңа
Қанды жас болып жауасың.

Салмасақ құлып іргеге,
Құримыз қор боп, кірмеге.
Қамаймыз жанды шыңғыртып,
Босатпас кеуде-түрмеге.

Түрмеге жанды қамаймыз.
Тонатып арды талаймыз.
Жүректі қысқан күйікке
Зар менен шерді жамаймыз.

Үрейді бойдан тыя алмай,
Жалаймыз көтті ұялмай.
Өтеміз қаңсып өмірден
Бірлікке қанды құя алмай.

Қор болып қаусап бітеміз,
Шыққанша түте түтеміз.
... Шықпаймыз неге аттан сап,
Шыдардай нені күтеміз?

VI

Әй, қарақ! Сәл-сәл
Ентікпей бөгел.
Төңкермей жерге
Аспанды.
Көзімнен рас
Ып-ыстық жылып
Қып-қызыл қанды
Жас тамды.
Сен айтқан бұл гәп
Шынымен ертең
Тақымға басып
Кеп қалса,
Дәл сонда жұртым
Қырт мұртты емес
Таппай ма ұлттан
Қасқаңды?

Алдық па сонда
Адасып мүлде
Бәсіне балап
Мұңды арға?
Қорланса көңіл,
Алқынған жүрек
Ақылды ұғып,
Тыңдар ма?
Астамшыл тілек,
Асқынған білек
Жасқаншақ етіп
Біздерді
Сенімнің кілтін
Бергізбей мүлде
Қояр ма енді
Өзіңнен туар
Ұлдарға?

Қинама, шырақ!
Қидалап миды
Қиянға бұрып
Қиялды.
Бөгдеге беріп
Тізгінді қолдан
Бұзғызамыз ба
Ып-ыстық мынау
Ұямды?
Етектен кесіп
Жең жасап басты
Кергізіп соған
Сұқсақ біз,
Дәстүр мен
Салттан
Баз кешіп әбден
Тастармыз көміп
Күй, әнді.

Жок, қарақ! Сенбен!
Қиысып тұрған
Қисының жанға
Енбейді.
Еңсемді езіп,
Мен сенсем де,
Алашым асқақ
Сенбейді.
Өресі биік
Төресі қонар
Ұлтының алтын
Тағына,
Талтайып келіп,
Шалқайып қонар
Өзгеге өлсе
Көнбейді!

Жеңбейді Күнді
Төбемнен төніп
Тұқыртар құлдық
Түнегі.
Сөнбейді Елдің
Азаттық аңсар
Асқақ та асыл
Тілегі.
Өнбейді қастың
Өңешті үзіп,
Өкпені тілер
Өктемі,
Қасқайып шығар
Көшімді бастап
Халқымның қайсар
Түлегі!

Жанымды сипап,
Дертімді жеңіп,
Еркімді берер
Ертеңім.
Елжіреп келіп,
Ертеді жұртын
Елі үшін туған
Ерке інім!
Өзгеден емес
Өзімнен өрген
Өзегі – елдік
Өрімтал
Тияды мынау
Шенеунік дейтін
Озбыр жебірдің
Тәлкегі менен
Тентегін!..

VII

– Әй, аға, соған шұлғыр ем,
Бұрылмай тұр-ау құрғыр өң.
Омыраулап жүр ғой үйірді,
Ала ішінде бір күрең.

Жалдыңды жатса саяқтап,
Құрықтап көршің, таяқтап.
Ойына алған жобасын
Тынады-ау олар аяқтап.

Ал жұртың бітпей аяңы,
Кейпінде көнбіс баяғы.
Шәңк ете қалса бір күшік,
Қолынан түсер таяғы.

Жатырқамай жат үнін,
Базарға айдап қатынын,
Кірмелерге кіріптар,
Үйде ғана батылың.

Одан-бұдан қуылып,
Іштегі өрттің буы ұлып,
Күрсінеді оңаша
Көз жасымен жуынып.

Тірлігі оның – бір елес.
Тұтана алмай тұр егес.
Тек өксігін жұтады,
Қылғынумен құр өңеш.

«Аттан!» түгіл, үні жоқ.
Сыры да жоқ, сыны жоқ.
Жігеріне жанитын
Қылыш тұрмақ, қыны жоқ.

Айрылған соң еркінен,
Құр бықсығыш өртімен
Семіп, сөніп барады
Жұмыссыздық дертінен.

Дәм тамбаса таңдайға,
Әуелетер ән қайда.
Төрелердің тоқпағы
Сарт-сұрт тиген маңдайға.

Жұдырық боп бүрілмей,
Шала жансар,
Тірілмей.
Төрге көзін сүзеді,
Тізелері дірілдей.

Білек қоспас білекке
Үркек жүрек – жүрек пе?
Өрекпуді білмейді,
Өкпелемес құл өкпе.

Арқаласа құлдықты,
Қайтсін іздеп шындықты.
«Жұмақтағы ерсің!» дер
Жарналамалар тым мықты.

Алса мұң мен шер бөлеп,
«Көргеніңді көрме!» деп,
Жоқты бар ғып БАҚ шулар
Күндіз-түні термелеп.

Құрсау күндер мүжіген,
Қан ақса да ізінен,
Көнбістіктен басқаны
Көре алмайсың жүзінен.

Таяғы жоқ жемеген,
Мәңгүрт еді не деген!
Басты имейтін ешкімге
Қайда қалған өнегем?

Ерегісте ер мықты
Ту ғып ұстар өрлікті.
Неге кегін қумайды
Көре бермей қорлықты?

Бел жазбаса құл дене,
Шерді жұтар, мұңды еме.
Сес көрсетпей тірі өлер
Қанден құрлы пілге де.

Жатқа беріп кезегін
Өксік өртеп өзегін.
Өзгеге өтіп байлығы
Өгейси ме өз Елін?
Іздемейді Құдайын,
Кенін,
Газын,
Мұнайын.
Сатса біреу мыңқ етпес,
Көрін,
Жерін,
Күн, Айын!

Аға-ау, бүгін қазақ кім?
Әуенімен азаптың,
Пейішінен айрылған
Пәтершісі ол тозақтың!

Жетседағы іргеден
Жанды бүрген дүрбелең,
Ұйқылы-ояу көзінің
Қабағын да түрмеген.

Күн мен түнін айырмай,
Тамыры жоқ қайыңдай,
Жапырақтан жұрдайын
Қояр емес пайымдай.

Суық қаны жылынбай,
Тікен кірген жұлындай,
Қыбырлайды әзірше
Сүрінсе де жығылмай.

Ой бақпайды бұл дене,
Шіміркпестен мұңды еме.
Қойып кетіп жатады
Түнегі мол түнге де.

Түнек торын түрмейді,
Төбесінен ұр мейлі.
Ашу қайда ақыртар, –
Күшік боп та үрмейді.

Алаңдатпай әрнеге,
Құр қалтылдау – бар дәме.
Айналдырған құл тірлік
Құлақкесті пендеге.

Аға, қазақ кім бүгін?
Дөкейі ол мұңдының.
Планета БОМЖысы ол
Үзген жерден кіндігін.

Көрген күні – сор ғана,
Өз елінде қор бола.
Топырақ жоқ бір уыс
Иықтағы дорбада.

Безіп Тау мен Даладан,
Пана таппай қаладан,
Көзін сатып кірмеге,
Жан жарасын жалаған.

Қаңғып кезіп көшені,
Босқа өкпесі өшеді.
Бүгінінен жерініп,
Күйді аңсайды кешегі.

Тығырыққа тіреліп,
Қыбырлайды
Тірі өлік...
«Мерседестен» қарайды
Шенеуніктер шіреніп.

Көрсе де олар «көрмейді».
Құлаққа зар енбейді.
Тас төбеде «күні» бар
Батпайды ол.
Сөнбейді.

Тәңір берген тауаны
Көктен «нұр» боп жауады.
Менсінбейді қазағын
«Бүлдіретін» ауаны.

Еңсе түсіп, жығылып,
Түйілместен жұдырық,
«Мерседеске» тұр қазақ
Жалтаң қаға бүгіліп...

Көмілген бе сөз, үні.
Неткен берік төзімі.
Жабайы аң боп кеткен бе,
Шіміркенбес сезімі?

Іштегі өрттен дым шықпай,
Қалай жүрген тұншықпай?
Жан жалынын шашпай ма,
Миы болса шымшықтай.

«Тірәпкі» боп өзгеге,
Құл болғанша кезбеге,
Азаттық деп айқасқан
Қазақ тозақ кезде де.
Іздемеген өлсе де,
Кебіндік те кездеме.
Еңкейтпеген еңсесін
Күйді жұтып, сөзді еме!

VIII

– Әй, қарақ!
Күйкентай етіп
Заңғарда ұшар
Қанаты құрыш
Бүркітті.
Құя салдың ғой
Кеудеме зорлап
Удан да бетер
Іркітті.
Айтшы өзің
Қайсы ел,
Қандай бір зауал
Заманда,
Емдеймін деп ерді
Заһар мен зәрін
Бетіне күштеп
Бүркіпті?

Әй, қарақ, айтшы
Неңді ұттың енді
Соншама жерлеп
Сен ұлтты?
Нашар-ақ болсын,
Осал-ақ болсын
Қазағың.
Не құрып сонда,
Нең бітті?
Төпелей берсең
Төбесі тесік
Онсыз да мынау
Жұртыңды,
Алар ма тартып
Төрдегі қолдан
Тұншығып жатқан
Теңдікті.

Қорлатып қасқа,
Зарлама босқа
Еліңді күндеп,
Әй, қарақ!
Өшпеген рухты,
Сөнбеген шоқты
Таппастай шошып,
«Қайдалап?»
Жүрегі – жалын,
Жігері – қайрақ,
Жалаңаш бүгін
Жұртыңның!
Оған да Ай, Күн
Шашады көктен
Шуақ пен нұрын
Аймалап.

Қидалап қашап,
Маңдайға баспа
Өшпестей етіп
Таңбаны.
Сенсіз де жұттың
Жұртымды ілген
Босатпас тұтқыр
Қармағы.
Жағалап жүрген
Жар менен орды
Бүрсеңдеп жортып
Ұлтыңа ,
Берсеңші бағыт,
Көрсетіп жолды
Мақсатқа жетер
Алдағы.

Әй, қарақ, білсең
Шындықтың жолы
Әманда болған
Шырғалаң.
Үзілді бүгін
Кешегі әсем
Жаныңды тербер
Қырдағы ән.
Талапты тіке
Қойсаңшы батыл
Төрдегі топтың
Өзіне.
Отырмаған шығар
Өңкиіп босқа
Дәл сонда өңкей
Кіл надан?!

IV

– Ой, аға! Бойда тынып қан,
Өрлігін қазақ ұмытқан
Көрпе астында булығар,
Үркіп, қорқып ұлықтан.

Еске де алмай «негені?»
Жеміт болып жегені,
Тепкілетуге төсейді
Ойсыз, мисыз төбені.

Тірлігі құл ғып қамшылап,
Жас пен қаны тамшылап,
Мал шыдамас азапқа,
Жүр ғой біздің жан шыдап.

Жан дегенім – қазақ та,
Мал боп көнгіш азапқа.
Пейішіңді қайтсін ол,
Үйренген соң тозаққа.

Көніп қорлық кебіне,
Қол жаюмен еміне,
Айналғанын білмейді-ау
Мұрт пен қырттың жеміне.

Көк,
Жер сенсе Адамға,
Ай мен Күні аман да,
Бұл қазаққа не болған
Бас төсердей табанға?

Ес-түсі жоқ жындай боп,
Қасиеттен жұрдай боп,
Жезөкшеге бір түндік
Берілетін пұлдай боп,

Түссе бәсі саудаға,
Керексіз боп жауға да,
Түршігер ме ұлынан
Кие мекен – Тау, Дала?

Ерні жалақ, көзі ірің, –
Үлгісіндей езінің!
Қыр мен Сыры дәл бүгін.
Танымас-ау өз ұлын.

Қондырып ап төске Күн,
Дауды ұл боп шешкен үн.
Жерұйығым көрмеген
Ұлдан құлдың өскенін.

Ерден ездің туғанын,
Тілін тістеп, буғанын.
Бабасының ұмытқан
Қанмен арын жуғанын.

Уыз берген мың өлшеп,
Ұл мен құлға бір емшек.
Құл да ұл боп кететін
Қар жауғыза түнерсек.

Ұл құл болмай қояр ма,
Уыз ембей, мұң емсек.
Мұз қатырар қабақ жоқ,
Күлгін жанар – тілемсек!

Тіктей алмай иінді,
Шерден шекпен киінді.
Қайыр сұрап, таба алмас
Теңге түгіл, тиынды.

Көтермесе еңсесін,
Қалай табар ер сесін.
Бүріп түрер етегін
Есігінен енсе сұм.

Жерге таптап арыңды,
Тәлкек етер жарыңды.
Аяқ асты еткен соң
Асқақтатқан нәріңді.

Тым болмаса бүлк етпей,
Безе берсең үркектей,
Тағдыр, тақсыр тоқпағы
Тұр төбеңнен бір кетпей.

Соққылайды, соғады,
Төменгіні жоғары.
Сел боп қырып кетеді
Заңсыздықтың тоғаны.

Қайырады малдай ғып,
Таңдайына тамбай түк.
Қайдан тапсын.
Майласа
Өзге өңешті бар байлық.

Шүршіт жайлап жеріңді,
Төсек етер төріңді.
Сіңіп, құрып соларға,
Тапқызбассың көріңді.

Ханьша сөйлер атырап,
Ханьша билер жапырақ.
Көрің қайдан табылсын,
Бұйырмаса топырақ...

X

– Ол рас, шырақ!
Қамданып тұр ғой
Қаптауға көршің
Іргеден.
Оларға қажет
Біздерді шырмап
Алаөкпе етер
Дүрбелең.
Қаптап кеп жетіп,
Таптап бір кетсе
Жалақтап жүрген
Қос көршің,
Дәл сонда елің
Айнымай қалар
Өкпеңді қысқан
Түрмеден.

Жасытпайық біз,
Шошытпайық біз
Мәңгүрт деп ұлтты
«Негелеп?»
Солмайды қазақ,
Болмайды қазақ
Еріккенге ермек
Ебелек.
Тастайды сілкіп
Желкеге мінген
Жегісі менен
Кемісін.
Кигені ұлттың
Құрсаған бойды
Тас кебін емес,
Кебенек!

Қайтеміз, шырақ,
Өзгеден бұрын
Өзімізді біз илеп,
Жамандап.
Табар ма сонда
Айналып ұшып,
Қона алмай жүрген
Саған бақ?
Ұйқыдан түртіп
Оятып алып,
Қырандай ертең
Қанатын сілтер
Халқымның,
Тілейік Хақтан
Өтуін жылдам
Тығырықтан мынау
Амалдап.

Уай, шырақ! Білгін
Абылай, Қазыбек,
Махамбеті бар
Біз деген –
Ұлт едік бір кез
Аспанды тербеп,
Айқайлап теңдік
Іздеген!
Ысқырған жел мен
Селдеткен суық
Телегей теңіз
Жаңбыр боп,
Жетерін кейде
Білмей қап жүрміз
Әуезі таңсық
Күзгі әуен.

Есігін жауып,
Ашық-тесікті
Қымтап,
Бекітіп,
Асықпай соғар
Қапысын тапсақ,
Қазақпыз бір жер,
Екі ұтып!
Дүрілдеп шықсақ,
Дірілдер қасты
Қуар ек қойдай
Састырып,
Арманды көксеп,
Жетерміз әлі-ақ,
Кетерміз кекпен
Лекітіп.

Әні бар елдің,
Жаны бар шер мен
Зарыңа мүлде
Бас ұрмас.
Күйігін күймен
Қуалап қуар.
Күлкісін мұңмен
Жасырмас.
Әділет аңсап,
Әлемнің жүзін
Сипалап жуып,
Тазалап,
«Адалдық!» деуде
Адамзатпен барлық
Ғасырлас!

Намысқа қызса,
Аруаққа басып
Қондырар Жерге
Аспанды!
Табандап шықса,
Тыңдамас мүлде
Тәңіріңді де,
Басқаңды!
Шіренген кезде
Тебінгі термен
Шіритін тақым
Астында,
Қиянатқа қарсы
Қазақ деп ұққын
Қасқая шабар
Қасқаңды!

XI

– Көнді ғой құл боп жүндеуге,
Ой, аға-ау, тілсіз тұл кеуде.
Жеткізбейді ол бірақ та
Бірін-бірі күндеуге.

Жасырып елден бұйрығын,
Жерді берсе билігің.
Шыбыш құсап тосады-ақ,
Төрең ханьға құйрығын.

Құйрығыңды менсінбей,
Тақырыңды жерсінбей,
Шұрайлыңды жамбастар,
Құда болған көршіңдей.

Аш тұмсығын тік сұғып,
Шетке қуып, тықсырып,
Басып, жаншып кетеді ол
Жер астынан жік шығып.

Іздемейді сені ешкім.
Өшер мәңгі көмескің.
Бар-жоғыңды ескеріп,
«Қазақ қайда?» демес кім.

Ой бақсаңшы, той бақпай,
Миың болса оймақтай.
Құрисың ғой күні ертең,
Қасап болған ойраттай.

Тұрса да алдан тосып ар,
Қытайың ба шошынар.
Ойраттарды бауыздап,
Қырып салған осылар!

Көрге қуар өріс қып,
Керегі оған – Кеңістік,
Егін егер орнына
Молаңды да тегіс қып.

Ашу, кектен тоналып,
Жата берсең омалып,
Қазақ атың өшеді,
Жер бетінен жоғалып.

Өшіреді ол қиналмай,
Бір тал шөпті қиғандай.
Азынайды жат әуен
Тартылатын күй қалмай.

Тіктемесең иінді,
Көрден соғар үйіңді.
Мұртты әканың шүршіті
Қайтсін сенің күйіңді.

Күңіренбес күйменен
Сөнер рухың күйреген.
Кебенегің жыртылып,
Кебін болар кимеген.

Ұмыт болып нарлығың,
Жоққа айналар барлығың.
Биліктінің быт-шыт қып,
Бұза алмасаң жарлығын.

Тоқтатпаса Астана
Жер беруін басқаға.
Қазақ, өзің қимылда,
Дауылыңды баста да!

Айтсадағы кім нені,
Сақта рухты ділдегі.
Түріп айдап, қуып шық,
Басындырмай кірмені.

«Мен – Хақ!» десе ұдайы үн.
Бос сөз!
Көкте – Құдайың!
Сенің ғана меншігің –
Кенің,
Газың,
Мұнайың.

Кекті айналтсаң көшкінге,
Бәрі бітер бес күнде.
Өз Еліңе ие боп,
Бас имейсің ешкімге.

Сайрар тілің күрмелген.
Жайнар көңлің кірленген.
Суық қолдар кесілер
Сумаңдайтын іргеңнен.

Гүл өседі ізіңнен,
Нұр еседі жүзіңнен.
Өте алмайды жарамсақ
Парламентке тізіммен...

XII

Әй, қарақ баурым!
Бұрылып бетің,
Сөзің де шетін
Түзелді.
Миымды тұсап,
Иінді жаншып
Қалтыраттың біраз
Тіземді.
Біріміз сөгіп,
Біріміз өбіп,
Ала тер болып
Жатсақ та,
Осыдан артық
Перзентім дерлік
Таппаспыз басқа
Біз Елді.

Уай, қарақ!
Арзандап,
Ноль ғып
Халқыңды,
Тапа-тал түсте
Адастың.
Төпелеп ұрар
Бас көзге,
Келмеп ед сендей
Аш көзбен
Бет жыртысып
Таласқым.

Құл емес,
Елдің ұлы едім.
Елжірер ерге
Жүрегім.
Қимадым сені
Өкпеге.
Өйткені біз
Екеуміз -
Түлегіміз ғой,
Тірегіміз ғой
Алаштың!

Алаштың қамы –
Арымыз.
«Алаш!» деп ағар
Қанымыз.
Арналар соған
Әніміз.

Қазақ боп тудық,
Қазақпыз.
Тұсалмас еркі,
Азатпыз.
Шығарда бірге
Жанымыз!
Аялап соның
Арманын.
Саялап, бауын,
Орманын,
Жайнатсақ Жерді
Бәріміз.
Сәніміз.
Қайта оралып,    
Өзгеріп өсер
Тіршілік,
Құт болып құйса
Нәріміз.

Ар, нәрді елден
Аямай,
Жүрекке нұр боп
Төгіліп,
Құярмыз жанның
Жылуын.

Өшіріп мұңды
Өксіткен.
Шегелеп шердің
Шекесін
Тиярмыз зардың
Ұлуын.
Тазартып жанды,
Жаңартып,
Әлемге тігіп
Жанарды,
Табармыз ұлттың
Тілегін.
Жаңғыртып іштен
Атылған
Бір ғана деммен
Төгерміз
Іштегі дерттің
Мың уын!

Уассалам!


5-15 наурыз 2011ж.


«Абай-ақпарат»

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1490
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3257
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5543