Сенбі, 23 Қараша 2024
46 - сөз 4120 9 пікір 14 Сәуір, 2020 сағат 10:43

«Вирус бар ма өзі?»

Дос және таныстарымның арасында «Вирус өзі бар ма?», «Бұл Назарбаев пен Путиннің митингтерді болдырмау және билік транзитін жасау үшін қолдан жасап отырғаны ма?» немесе “Адам өлгенін көріп жүрген жоқпыз, жай сандар өсіп жатқан сияқты” дейтін түрлі ойларды естіп жүрмін. Бір сөзбен айтқанда осындай ойға ие адамдардың бейжай қарауы вирустың ары қарай таралуын қамтамасыз етіп отыр. Менің ойымша, мынадай ойлардың қалыптасуы алдымен адамның дұрыс ақпарат іздемеуінен болады. Өзіне Whatsapp немесе өзге де мессенджерлер арқылы келетін ақпараттың рас не өтірігін тексермей, сене беруі негіз болып отыр. Бір сөзбен айтқанда, білімсіздіктің кесірі.

Өкінішке орай, америкалықтардың көп бөлігі paycheck to paycheck (жалақыдан жалақыға) өмір сүретіндер. Оны ғылымда фордизм деп атайды. Көбінің қара күн үшін деп жиған қаржысы жоқ. Соңғы үш аптада 20 миллионға жуық америкалық жұмыссыздар алатын жәрдемақыға өтініш берген. Осы азаматтардың басым бөлігінің пәтер ақысынан бөлек, коммуналды қызметі (шамамен $100-200), байланыс ($25-50), сақтандыру ($200-300), көлік сақтандыруы ($100-200), үйді сақтандыру ($300-800) сынды өзге де төлемдері бар. Одан бөлек, кейбір азаматтарда ай сайын төлейтін несие карталары, ипотека, көлік немесе басқа заттардың несиелері бар.

АҚШ-тағы шағын және орта бизнестің 30 пайызы мамырдың басында қайта іске қосылмаса, банкрот болғалы тұр. Ал мамырдың басында пандемияның бітпейтіні анық. Сол үшін ФедРезерв пайыздық мөлшерлемені төмендетіп, америкалық бизнеске 2.3 триллион АҚШ доллары көлемінде несие беретінін мәлімдеді. Өздеріңізге белгілі, доллардың пайыздық мөлшерлемесі төмендегенде, несие қолжетімді болады. Бұл валютаны инфляциядан (доллардың құнсыздануы) қорғайды, бірақ дефляцияға (доллардың құнының артуы) алып келеді. Бұл онсыз да несиеге құрылған бизнестердің тағы несиеге бататынын білдіреді. Мұндай өзгерісті экономикасы диверсификацияланған елдер ғана жасай алады. Ал Қазақстан сынды елдер керісінше пайыздық көрсеткішті өсіріп тастады. Нәтижесінде, теңге де құлдырады, несие де қолжетімсіз бола түсті. Бұл АҚШ-та соңғы 100 жылда болмаған дағдарысқа алып келіп отыр. Осыны Назарбаев  пен Путин ұйымдастырды десеңіз, енді не жазарымды білмеймін.

Байқасаңыздар, Ресей мен Қытай осы жағдайды пайдаланып, түрлі елдерге гуманитарлық көмек ретінде медициналық жабдықтарды жіберіп, өз геосаяси абыройын арттыруға тырысып жатыр. Арасында, Қазақстан да мақтанғысы келіп, Хорватия сынды елдерге көмек жібергісі келгендей болды. Кезінде АҚШ екінші дүнижүзілік соғысты пайдаланып, Еуропа елдеріне қаржылай қолдау білдіру арқылы долларды халықаралық валютаға айналдырған еді.

Енді коронавирустың құрылымы мен оның жұмыс істеу механизміне тоқталайық. Өткенде Энтони Фаучи NBC тілшісіне коронавирус патогенінің жұмыс істеу механизмі әлі күнге дейін түсініксіз екенін айтты. Вирустың жасы үлкен адамдарға қауіпті болып, ал жастарға онша әсері болмайтыны анық. Бірақ жастардың арасында, кейбіреулер жұқтырғанын сезбей, жазылып шықса, тағы біреулері төсек тартып, ауырып қалатыны бар. Бір сөзбен айтқанда, вирус адам иммунитетіне жасайтын шабуыл тактикасы белгісіз.

«Мен бұл салада 50 жылдан бері жұмыс істеп келсем де, бұрын соңды коронавирустың жұғу механизмі сынды процесті әлі кездестірген емеспін. Коронавирустың әсері бір адамға өте төмен болса, дәл сондай екінші адамға өлім қаупін тудырып жатыр. Неге екенін анықтай алмай жатырмыз», деді Фаучи.

Содан кейін, вирусты өзі білмей, өзі ауырмай басқа адамдарға таратып жүргендер де бар. Сосын вирустан жазылып шыққандардың өзі сол вирусты таратушыға айналу мүмкіндігі де бар. Ол да әзірге белгісіз. Бірнеше америкалық университеттердің ғалымдарының бірігіп жасаған зерттеуіне сүйенсек, әлемде әрбір вирус жұқтырғаны анықталған адамға тағы 5-8 жұқтырғанын білмей жүрген адам тұра келеді екен. Демек, бұл коронавирусты жұқтырғандар саны бүгін анықталғандай, 1,6 миллион емес, 8-13 миллион болуы мүмкін. Басқаша айтқанда, 1,6 миллион адамда вирустың симптомдары анықталып, тест тапсырған және позитив деген жауап алған. Ал қалғанында ешқандай симптом жоқ. Сондықтан олар тест тапсырмаған әрі өзі білмей вирусты басқаларға таратып жүр. Ғалымдар вирус таралуының математикалық моделін жасау арқылы осындай шешімге келіп отыр. Толығырақ мына сілтеме арқылы оқи аласыздар:
https://www.nature.com/articles/s41586-020-2196-x

Қазіргі таңда, америкалықтар өте нашар менеджменттің кесірінен ең үлкен соққыны алып отыр. Бүкіл әлемде анықталған кейстердің дерлік үштен бір бөлігі, яғни 500 мыңға жуығы АҚШ-та тіркелген. Ал өлім саны 16 700-ге жетіп, Италияны басып озуға аз қалды. Өкінішке орай, бұл АҚШ-тағы пандемияның әлі басы. Осыдан үш апта бұрын Италияда бір тәулікте 250 адам қайтыс болғанын естіп жаңа ұстап едік. Ал АҚШ-та кешегі бір тәулікте 2000 адам өлгенін оқыдым. Бұл осыдан бір тәулік бұрынғы көрсеткіштен 50 пайызға көп. Демек өсу қарқыны өте жылдам.

Мичиган штаты пандемияға қарсы күреске еріктілерді жинап жатыр. Ол үшін сіз медицина қызметкері болуыңыз шарт емес. Қарт кісілерге азық-түлігін жеткізіп, өзге де заттарды емханаларға жеткізу сынды жұмыстарға еріктілердің көмегі қажет екен. Жоғарыдағы оймен билікті жамандап жүрген достарымды сендіру үшін осы еріктілер қатарына қосылсам да деп отырмын. Қалай қарайсыздар?

Жолдас Өрісбайдың әлеуметтік желідегі жазбасы

Abai.kz

9 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1490
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3257
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5532