Жексенбі, 24 Қараша 2024
4105 15 пікір 15 Сәуір, 2020 сағат 13:36

Abai.kz - 11 жыл

Бүгін 15 сәуір. Бұл күн біз үшін несімен құнды? Дәл осы күні, 1909 жылы Тұрағұл Құнанбаев, Кәкітай Ысқақұлы және Әлихан Бөкейхан Петербордағы мұсылман баспасынан қазақтың ой-санасына сілкініс жасаған Ұлы Абайдың тұңғыш өлеңдер жинағын басып шығарды.

Ал 2009 жылы қазақ ақпарат кеңістігіне Abai.kz порталы қосылды. 2009 жылдың 15 сәуірінде алғаш жарық көрісімен-ақ портал қазақ ақпаратына тың серпін әкелгенін оқырман қауым жақсы біледі. Abai.kz ақпараттық порталы ұлттық баспасөз айдынында алар орны бар басылым. Бұл өз-өзімізді мақтаудан туған сөз емес, «Абай» пікіршілерінің бағасы. Содан бері 11 жыл өтті. Қазір баспасөзде интернет басылымдар негізгі орынға шықты. Сайт, порталдар да өте көп. Бірақ оқырман үшін «Абай» порталының орны бөлек деп білеміз. Ол 11 жыл бұрынғы алған бетінен танған жоқ.

Abai.kz еліміздегі азаматтық қоғам өкілдерінің, саясаткерлердің, зиялылардың, мәдениет пен өнер қайраткерлерінің, Үкіметтегі жауапты тұлғалар мен Парламент депутаттарының және әр аймақ-облыстың зиялы азаматтарының ойын білдіретін мінбері болып отыр. Сондай-ақ, порталдың пікір алаңы авторлардан бөлек, оқырмандарға да өз ойын ашық айтуға мүмкіндік береді.

Abai.kz ақпараттық порталының биыл ақпан айындағы қаралымы 1 миллион 279 мың болды. Ал ай сайынғы тұрақты қаралым – 1 миллионнан асады. Сайтта бір күнде 20-40 мың адам отырады. Бұл сандар он жылдан аса тұрақты түрде ұлттық бағытта жұмыс істеудің жемісі деп білеміз.

Нұргелді Әбдіғаниұлы.

«Abai.kz» және Қазақ көші

15 сәуір – «Abai.kz» сайтының туған күні.

Бұл күн – мен үшін ғана емес, осы сайттың жалпы авторлары мен оқырмандары үшін көңілді мереке.

Өз басым әр жылы аталған датаны көтеріңкі көңіл күймен, қуана-қуана қарсы алам, жылы лебізімді де аямай айтып келем.

2011 жылдың күз айы болатын. Үстімде қара костюм-шалбар, мойынымда қызыл күрең галусток, көзімде қара көзәйнек, қолымда барсетка...  Алматыдағы Ахмет Байтұрсынұлы даңғылы бойына орналасқан «Никольский» базарының қарсы бетімен Қарасай батыр көшесіне қарай өзгеше бір қуанышты көңіл күймен құлдап келе жатқам, алдымнан Дәурен Қуат пен Сәкен Сыбанбай жолыға  кетті. Алматыға келгеніме он жылдан асқанымен, бұл екі ініммен соншалықты қоян-қолтық араласып, сырласып кетпегем. Дегенмен, екеуімен де сырттай өте жақсы таныспын, жазғандарын үтір-нүктесіне дейін қалдырмай оқып жүретінмін. Кездесе қалсақ, салқын ғана амандасып өте шығатынбыз.  Бірақ, осы жолы қауқылдасып, тым жылы ұшырастық. Ыстық ықыласқа толы бастама алдымен  Дәурен інім жағаынан болды. «Бұл қайсы депутат екен десем, өзіміздің Әукең екен ғой...» деп, көтеріңкі дауыспен әзілдей келіп, қол алысып, құшақтасып тұрып есендесті. Жағдай, жаңалық сұрасқан соң, Дәурен бірден әңгімеге көшіп:

– Ауке, былай. Сіз интернет дегенді білесіз бе? – деп сұрады.

Соның алдында ғана Тұманбай аға «Ауыт, осы интернет деген не?» деп сұрап, соған жауап бере алмай қалғаным бар еді. Дәуренге соны айтып, білмейтінімді жеткіздім.

Сол-ақ екен, Дәукем түсіндіре бастады:

– Ауке,  қазір интернет деген шықты. Сіз оқып жүрген анау гәзет-жұрналыңыздың бәрі соған көшіп жатыр. Біз қазір «Abai.kz» деген сайт аштық. Былайша, қазақша айтқанда интернет гәзет деуге болады. Егер, сіз маған мақала немесе өлең жіберсеңіз, мен оны сол сайтқа екі-ақ минутта шығарып берем. Ал, оны жұрт АҚШ-та отырып та ашып оқи береді. Ана Қытайдағылар да бірден пайдалана алады...

Сөйтіп, Дәукең қағаз-қаламын алып, әлгі сайттың атын, электронды почтасын жазып, қолыма ұстатты.

Көші-қон саясатының қожырап, құжаттанудың кедергісі көбейіп, көштің бір саябырлай бастаған тұсы еді – бұл.

Іздегенге сұраған деген – осы. Жігіттермен «Жақсы!» десіп, сыпайы қоштасып, жолымызға түстік.

Үйге келген соң, Гүлбаянмен ақылдасып, дереу интернет қою туралы шешім қабылдадық. Гүлекең интернетке судай екен, ақырындап маған да үйрете бастады...

Содан не керек, сол 2011 жылдың 23 қыркүйегінде менің Тұңғыш президенттің көші-қон қорын құру туралы Елбасының атына жазған «Құйылсын көшің...» деген тұңғыш «Ашық хатым» тұңғыш рет «Abai.kz» сайтында жарық көрді.

Міне, содан бері он жылға жуықтапты, Қазақ көшінің тақырыбы «Abai.kz» порталының бас бетінен бір күн де түскен емес. Түсірмедік. Себебі, Ұлт Көшбасшысы Нұрсұлтан Назарбаев ерте жолға қойған бұл саясаттың жолы бірден даңғыл бола қойған жоқ, тоқтатқысы келетін ішкі-сыртқы күштер көп болды. Ал, оны оң бағытқа бұру, жоғын түгендеу – ердің ерінің ғана қолынан шаруа екені анық.

Соған сай, мен жазып шыдасам, «Abai.kz» басып шыдады. Ащы кеткен тұстарымыз да аз емес. Ондай да жоғарғы жақтан телефондар келіп, Дәурен мен оның жігіттерінің мазасын алған күндер де болды-ау. Кейін келе, біз де қуласып, оның да айласын тауып алдық. Мен мақаланы аптаның аяғына қарай дайындап, жұма күні жіберем. Дәукеңдер сол жұма күні түстен кейін сайтқа іледі де телефондарын сөндіріп тастайды. Мақаламыз «Abai.kz»-тің бетінде сенбі, жексенбі, тіпті дүйсенбі, кейде сәрсенбі күндерге дейін тұрады, Кейде, сол дүйсенбі мен сейсенбінің бірінде сайт ашылмай қалады. «Хакер» деген жалдамалы қарақшылардың шабуылына ұшырайды...

Сол «Құйылсын көшің...» атты «Ашық хаттан» бастап есептесем, дәл бүгінге дейін 279 мақала жазыппын.

Міне, «Abai.kz»-тің туған күніне арнап, 280-естелігімді жазып отырмын. Соның тоқсан пайызы көші-қон, шеттегі қандастарымыздың тағдырына қатысты. Және осы жазбаларымның тоқсан бес пайызы «Abai.kz» сайтында жарық көрді. Сол мақалалардың басын қосып, «Көш, Көшке кім өш?!», «Заң түзелді, қандасым, сен де түзел!» атты екі кітап шығардым. Алла қаласа, жақында «Оралман емес, қандассың!» деген үшінші кітабым жарық көрмек.

Сондағы басты мақсатым – Қазақ көшінің мәселесін мемлекеттік саясаттың өзекті түйіндерінің бір ретінде күнтәртіптен түсірмеу және оған атқарушы биліктің назарын аударту.

Әділеттілік үшін айта кетуім керек, көші-қон саясатына мен келгенге дейін де бұл тақырыпта жазатын белсенді азаматтар аз болған жоқ. Арысы қазақтың аса көрнекті жазушысы Қабдеш Жұмаділовтен басталып, Айтан Нүсіпхан мен Әлімғазы Дәулентқандарға жалғасқан. Ал, берісі Жақсылық Сәмитұлы, Зардыхан Қинаят, Сағат Заханқызы, Тұрсынхан Зәкен, Нәбижан Мұхаметқан, Досан Баймолда, Қайрат Бодаухан, Рақым Айып, Қуандық Шамақай, Алмас Ахметбек, Дүкен Мәсімхан, Жәди Шәкен, Абай Мауқара, Есенгүл Кәпқызы... болып, маған жетті. Аталған-аталмаған азаматтардың қай-қайсысы болсын, қазақ көшінің қалыптасуы мен дамуына зор еңбек сіңірді. Ең бастысы, 1997 жылы сол кездегі депутат Әкім Ысқақтың жетекшілігімен «Халықтың көші-қоны туралы» заңы тұңғыш рет қазақ тілінде қабылданды.

Өкінішке орай, бұл кезеңде жең ұшынан жалғасқан жемқорлықтың да аз болмағанын баса айта кеткен жөн шығар.

Сонымен бірге, көшіп келген қандастарымыздың саяси мәдениеті де біртіндеп қалыптасып келеді. Шетте жүріп, әбден басылып қалған рухын көтеріп, етек-жеңін жинап, жүріс-тұрысын түзеп алды.

Әсіресе, Қытайдағы байырғы ұлттарды жаныштауға бағытталған фашистік әрекеттерге  байланысты соңғы жылдардағы саяси оқиғалар олардың сана-сезіміне зор сілкініс әкелді. Оның ішінде Қытайда тұратын қазақтарды шырт ұйқыдан сілкіп оятты.

Қытайдағы қазақ мәселесін көтеру, шешу жолындағы ағайындар арасында болған айтыстар мен тартыстар ақ пен қараны айқындап, ұлттық, әлемдік деңгейдегі қайраткерлердің шығуына мүмкіндік тудырды.

Мұндай ұқсамаған көзқарастардың екі немесе одан да көп жікке бөлінуі– ұлт санасының өсуіне, ұстанымының орнығуына айтарлықтай түрткі болды.

Қалталы азаматтар бұрын аспа-төк тойлар, мән-мағанасыз нәзір-құзырлар өткізумен, атақ шығарумен айналысса, қазір олардың дені саясатқа, саяси карьера  назар аудара бастады.

Ауылдың участковыйына шағымданудан жасқанатын жерлестеріміз  партиялар мен министрліктерге, тіпті АҚШ Президенті Доналд Трампқа, БҰҰ-ға, «Amnesty International», «Human Rights Watch» сынды халқаралық адам құқығын қорғайтын беделді ұйымдарға дейін емін-еркін арыздана алатын және әлемдік медияларға көсіліп сұхбат беретін деңгейге жетті...

Құдайға тәубе, бүгінгі таңда қандастарымыз жабылған жала мен жағылған күйеден тазарды, жемқорлықтан ада болды және қауіп-қатерден сейілді. Уақыт талабына сай, қатысты заңнамаларға бірнеше мәрте түбегейлі өзгертулер мен толықтырулар енгізілді. Соңғы бес-алты жылдың көлемінде заң шығарушы органмен тікелей жұмыс істеп, басы-қасында өзіміз болып келеміз. Біраз өң өзгерістердің барлыққа келуіне ықпал еттік. Тұңғыш президенттің көші-қон қорын құру жайлы тұңғыш көтерген арманымыз орындалып, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың тікелей пәрменімен «Отандастар» қоры құрылып, Нұртай Әбіқаев ағамыздың жетекшілігімен жемісті еңбек атқарып жатыр. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев президент болып тұрған кезінде әр жылы жылдың соңына еліміздегі жетекші телеарна журналисттеріне сұхбат беріп, жыл бойы ең көп талқы тудырған өте өзекті мәселелерге жауап беруші еді ғой. Соңғы жылдары Көші-қон тақырыбы Елбасының сол сұбатында екі мәрте көтерілді.

Қысқасы, алыстағы ағайынды Отанына оралтуға бағытталған Қазақ көші   бұл күнде ешкімнің тісі батпайтын ұлттық саясатқа айналды.

Міне, «Рухани жаңғыру» деп, осыны айт!

Сенесіз бе, соның бәрі санаулы – бір-екі ғана азаматтың жетекшілігімен, ықпалымен болған шаруа!

«Abai.kz» ақпарат таратушы ғана емес, Үкімет деңгейіндегі мәселе шешетін алаңға айналды. Қазір көші-қон бастаған қазақтың бар түйткілді мәселесі осынау порталдың бетінде шешіліп, ұлт ұпайы түгенделіп келеді.

Егер, мен көтерген мәселелердің дені үкімет деңгейінде шешіліп, оң нәтижесі көріліліп жатса, ол – «Төртінші билік» деген мәртебелі атқа ие осы «Abai.kz» бастаған БАҚ-қа сүйенгендігімнің арқасы дер едім.

Сөйтіп, «Abai.kz» – қазақ интернет басылымының алғашқы қарлығашы, бүгінде тұлға портал.

«Abai.kz» туралы сөз болғанда, оның негізін қалаушы, көрнекті жазушы һәм журналист, қоғам қайраткері Дәурен Қуат пен Айдос Сарымға  соқпай кете алмайсың. Бір сөзбен айтсақ, бұл күнде «Abai.kz» пен Дәурен Қуат егіз ұғымға айналды.

«Abai.kz»-тің ұстанымы – Абай тағылымы!

Абай «Толық адам» концепциясын ұсынса,  «Abai.kz» төрт қыбыласы түгел ұлттық мемлекет құруға еңбек етуді басты нысана етіп алған!!

Сол бағытта жұмыс атқаруды бастаған Дәурен Қуат пен Айдос Сарым бұл күнде белгілі қоғам қайраткерлері болып жұрт құрметіне бөленуде. оларға ілесіп, Қанат Әбілқайыр мен Нұргелді Әбдіғанидың өзі қайраткер болып жетілген жоқ па?..

Өз басым 25 жасымда мектеп директоры болдым. Ауылыма мектеп салдырдым. Соңғы 25 жылдың көлемінде қоғамдық-сайси жұмыстан тым тысқары қалғам жоқ. Әсіресе, шеттегі қандастарымызды елге оралтуға, құжаттандыруға және әлеуметтік жеңілдіктерден игіліктендіруге арналған заңнамалар мен нормативтік құжаттарды жетілдіре түсуге барымды салдым. Заңдарға өзгеріс енгізу дегенніңіз – мемлекттік саясатқа ықпал ету деген сөз. Саясаткер бір күнде аспаннан салбырап түсе қалмайды, тұлға бір күнде жерден тесіп шыға келмейді. Ұлтыңа деген шексіз махаббат басыңды тау мен тасқа ұрғыза жүріп сені жетілдіреді. Біреуден жиренсең, екінші біреуден үйренесің. Өмір бойы сүрінбей бір бағытта ұлтқа қызмет ету – әркімнің қолынан келе беретін шаруа емес. Мен адамның сөзінен гөрі, ісіне көбірек сүйінем. Өзіме де сол талапты қоя білем. Менің өміріме ықпал еткен, жолымды ашып отырған аға-інілерім аз емес. Осы орайда, солардың ішінен бес үлкен тұлғаның атын ерекше ілтипатпен атап өткім келеді.

Оның біріншісі, қазақтың аса талантты киноактеры Мүтәліп Әбдірахманұлы, екіншісі аса көрнекті ақын Тұманбай Молдағалиев, үшіншісі Алаштың соңғы тұяғы Хасен Оралтай, төртіншісі бауырлас қырғыз елінің Ұлттық лидері Өмүрбек Текебаев, бесіншісі жас та болса, осы Дәурен Қауат інім.

Ал, күрес алаңым – «Abai.kz» болғанын ел жақсы біледі.

«Abai.kz»-тің асар асуы, алар биігі әлі алда деп сенем!

Жолы мәңгі ашық болсын!!

Әлемнің әр шалғайында тарыдай шашырап жүрген барлық қазақтың басын қасиетті Қазақстанда қосуды Алла нәсіп етсін!!!

Ауыт Мұқибек

«Abai.kz» және Жер дауы

Дос Көшім: «Олар балалары мен немерелері үшін қорқады» | DalaNews

«Abai.kz» сайты өмірге келген күннен бастап, саяси-қоғамдық алаңда қазақ ұлтының құндылықтарын үзбей насихаттап, қорғап келе жатқан бірден бір басылым. Әсіресе, сайттың 2016 жылғы жер дауындағы жасаған жұмысын, өз басым  - саяси-қоғамдық ағарту бағытындағы үлкен ерлік деп бағалар едім.

Редакция тек қана Жер дауына байланысты жүріп жатқан іс-әрекеттерді көрсететін шынайы ақпаратттарды берумен шектелген жоқ (ол кезеңде бұған да батылдық қажет еді), өздері де үгітші, насихатшының рөлін атқарды. Сол уақытта қазақтың Жерге деген көзқарасын қалыптастыру үшін  «Абайдың» сайтында сан түрлі бағыттағы мақалалар, пікірлер жарық көрді. Ұлттың тарихи тұлғаларының жерге байланысты біздің ғасырымызға дейін айтқан дуалы сөздерінен бастап («Асан қайғының жер туралы айтқандары»), мұсылман дініндегі жерге көзқарасқа дейінгі («Жер туралы бір хадистің мәні») пікірлерді біз осы сайттың парақшаларынан таптық.

«Абай» сайтының тағы бір ерекшелігі, артықшылығы – жерге байланысты алыпқашпа, өсек, өтіріктерді ашып, нақты ақпарат беруінде дер едім. Әлі есімде, жерге байланысты тағы бір қаңқу (мойындауымыз керек, сол уақытта жерге байланысты сан түрлі  қаңқу сөздер өте көп тарады) Мұхтар Тайжанға сөз беріліп, («Әңгіме өтірік болып шықты»)өтірік пен шындықтың арасын ашып, ақиқатты анықтау жұмысы да жүргізілді. Бұл жұмыс – салиқалы талдау мен нақты деректерді оқырманның алдына тарту – әлі күнге дейін «абайлықтардың» жұмысының басты шарты болып келеді. Кеше ғана жарияланған «Мараторий мерзімі біткен соң жер тағдыры не болмақ?» деген деректі де, дәлелді мақала да - соның дәлелі.

Менің қоғамға арналған пікір-ойларымның немесе сарапшылық көзқарасымның тоқсан пайызы осы сайтта жарық көріпті. Оның ішінде Жер дауына байланысты, Жер комиссиясының жұмысына қатысты мақалалар да бар. Сондықтан сайттың редакторларының жұмыс тәсілін, олардың тәуелсіз баспасөздің өкілі ретіндегі ұстанымын бір адамдай білемін деп ойлаймын.  Осы уақытқа дейін редакция тарапынан «былай қылсаңыз қайтеді...» деген жымысқы сөзді естімеппін.

Мерекелеріңіз құтты болсын, Азаматтар!

Дос Көшім

«Abai.kz» және «Қазақстандық ұлт» Доктринасы

2010-2011 жж. елдің ішкі саясатындағы елеулі оқиға - ол Ақорда мен Халықтар Ассамблеясы дайындаған (осы уақытқа дейін қайсысының істегені жарияланған жоқ) «Доктрина...» деген ресми бағдарламаның пайда болып, елді дүрліктіруі еді. Бұл бағдарламаның «ерекшелігі» онда, елге қажетті ешқандай маңызды ұстанымның болмауы, қарапайым тілмен айтқанда сол кезге дейін болып келген көптеген сандырақтың бірі еді.

«Доктринаның...» негізгі ерекшелігі, осы бағдарлама бойынша бұл елде «Қазақ деген халық жоқ екен?!». Себебі, сол кезде біздің «данышпан саясаткерлер Қазақстан АҚШ болады» дегенге еліктеп, мемлекеттік жүйені өзгертуді мақсат етіп жүрген еді.

«Доктринаның...» қоғамға талқылауға шығарған жобасы бойынша ҚР 130-дан астам халық тұрады яғни біздің шыбын пілмен бірдей болғандықтан, оны «Қазақстан халқы деп атаймыз» деген саяси қойыртпақ еді.

Бұл бағдарламаға қарсы көптеген аймақтардың халқы қарсы шықты. Оның ішінде Алматы облысы, Талғар ауданының 400-ден астам отбасындағы әйелдердің аштық жариялаймыз дегені қоғамға қатты әсер етті.

Мұхтар Шаханов бастаған белсенділер дайындаған «Доктринаның...» жаңа нұсқасының 80% «Түркі өркениеті негізіндегі қазақ идеясы» монографиясынан (2007ж.) яғни Қазақ идеясына негізделген ұлттық идеологиядан тұрды. Бұл күресте «Abai.kz» сайты, «Дат», «Жас алаш» газеттері т.б. басылыдар белсенділік танытты.

«Доктринаның...» осы екі нұсқасын талқылап, шешім қабылдауға Ақорда, Парламент, қоғамдық ұйымдар (Шаханов, Сәрсенбай, Әкім...), АНК, казактың атамандары т.б. қатысты. Ол жерде ресми «Доктринадағы...» ұстанымдар сыналып, екі жақты жұмыс тобы құрылды. Бұл отырыстағы есте қалған бір жай, - ол казактар атаманының, «Мен, елдің атын Қазақ республикасы деп атауды сұраймын» дегені еді.

Ол «Доктрина...» құрдымға кеткенмен, әлі күнге 1992 ж. БҰҰ «Қазақстан ұлттық мемлекет» дегеніндегі, осы мемлекетті құрушы Қазақ халқының статусы әлі күнге ресми жарияланған жоқ.

«Қазақстан Альянсы» республикалық Қауымдастығы 2019 жылы осы мәселені шешуді Президенттің алдына талап етіп қойды. Оны алдымен шешкен саяси күш, билікке келетіні аксиома!

Жанұлақ Әкім

«Abai.kz» және қандастар

Омарәлі Әділбекұлы: "Халықтың көз жасымен бизнес жасауға болмайды"

«Abai.kz» дүниеге келгеннен бастап, қазақ қоғамының «көзі һәм құлағы» бола білді. Әсіресе соңғы он жылда, қазақ қоғамының күрделі мәселесіне айналған жер, тіл, көші-қон, Алаш Орда, латынға көшу тақырыптары портал бетінде дамыл-дамыл көтерілді. Сонысымен еліміздегі қазақ тілді саяси, қоғамдық сайттардың көшбасшысына айналды.

Көші-қон мәселесінде «Жебеу» РҚБ портал ұжымының қалтқысыз қолдауына ие болдық. 2017 жылы қазан айында Тараз қаласынан ықтияр хат алған 250 адам коррупцияның құрбаны ретінде бастарына елден қудалану қаупі төнгенде, «Abai.kz» сайты Республика көлемінде қоғамдық пікір қалыптастырып, оларды қорғап қалды.

2017 жылы ақпан айында бар мүлкін сатып, баласын жетектеп, атамекенге ат басын бұрған жесір ана Гүлжан Мәуітханқызының 50 000 долларын Майқапшағай шекарасының кеденшілері болмашы сылтаумен тәркілеп алғанда, Оғыз Доған қазақ тілі үшін «Air-Astana»-мен соттасқанда, Сайрагүл Сауытбайқызының сотында «Abai.kz» бүкіл қоғамдық пікірдің көшбасшысы болды.

«Жебеу» бірлестігі 2015 жылы қоғамдық ұйым ретінде қандастар атынан, ұлт көшбасшысының жалғасты президент сайлауына қатысуын қолдаған баспасөз мәслихатын, 2016 жылы көші-қон заңының толықтырылған нұсқасы Парламентке талқыға түскенде екі анықтаманы (көші-қон парағынан шығу, соттылығы туралы) алып тастауды талап еткен баспасөз мәслихатын, 2017 жылы 26 желтоқсанда «Болашаққа бағдар: Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында үш тарихи кітаптың тұсаукесер баспасөз мәслихатын «Abai.kz» порталымен бірлесіп өткіздік. 2019 жылы Қытай ШҰАР-ғы ауыр саяси жағдайға байланысты көптеген қандастарымыздың паспорт, көші-қон билеті, ықтияр хатының мерзімі өтіп кетіп азаматтық ала алмай қиналып қоғамдық, әлеуметтік мәселеге айнала бастағанда «Abai.kz» порталымен бірлесіп ел үкіметіне, парламентіне үңдеу жарияладық. Тәуелсіздіктің үшінші он жылдығында он бірге толып мерейтойын тойлап жатқан «Abai.kz» ұжымына мықты денсаулық, үлкен шығармашылық табыс тілейміз.

Омарәлі Әділбекұлы.

«Abai.kz» пікіршілер мінбері

Er Kokshe: 2019-04-17

«Пікірлердің арқасында сайт көтерілді, сайттың арқасында комментариилер көтерілді».

Секен: 2019-04-17

«Құрметті сайт ұжымы, сенің ғана емес, бәріміздің де тойымыз құтты болсын! Мұнда сені мақтаушылар көп, даттаушылар аз - түсінікті. Батылсың, әлі де батылдана түс! Ақиқатты айтудан артық ұстаным жоқ. Сенің өзге сайттардан артықшылығың - шындықты жақтайтының, қолдайтының және, 1-кезекте айтарым: пікір білдірушілерге жолың ашық, әртүрлі әңгімеден сескенбейсің. Өзге сайттар бізден қашқақтады. Пікір жазуымызды жұмбақтап қойды. Кейбірі тіпті араб әрпіне көшіп алды, ағылшыншаның алдына түсіп алғысы келді ме, демеуші партия солай етуге бұйрық берді ме, өздері біледі. Оларға еліктей көрме, қадірлі Абай порталы! (Аттары аталған сайттарды қызметтік этикаға «өзгелер» дедік. Оған түсіністікпен қарарсыздар-ред.)

Қарапайым қазақ: 2019-04-15

«Кейде бұл Abai.kz атамыздан коментарилар жоғалған кездер болды. Дегенмен бетке ұстар қазақтың тәуелсіз бір еркін ауасы бар жер осы Abai.kz.  Осында кірсең бір демократияның самалы есіп бір жасап қаламыз».

Аспан: 2019-04-15

«Abai.kz порталын бірінші ашып қараймын, іздеймін, ашылмаса бір қымбатымды жоғалтқандай сезінемін. Тақырыпқа байланысты пікірге қатысушылардың пікірі, ақыл ойынды дамытады. Портал қазақтың ақылшысы, хабаршысы, сүйеніші. Жетістіктермен кем кетігімізді жалтақтамай жазады. Тақырыпшы, пікірші, ақылшы аға, інілерімізге, апа-қарындастарымызға рахмет!»

Мұрат Қойшыбайұлы: 2019-04-16

«Қадірменді Abai.kz порталының қызметкерлері! Мерейтойларыңызбен құттықтаймын. Елімізде демократиялық үрдістерді тереңдетуде, жастарды отансүйгіштік руқта тәрбилеуде, ана тілімізді құрметтеп, мәртебесін арттыруда, халқымыздың іс жүзінде рухани жаңғыруында атқарылатын жұмыстар ұшан теңіз деп ойлаймын. Тілек ретінде сұрайтыным жарияланған мақалаларға бүркеншік атпен пікір жазуды тоқтату керек деп ойлаймын. Бұл жауапкершілікті төмендетіп, кейбір «сыншылардың» мүлде сауатсыз жазып, ойына келгенің көки беруіне қолайлы».

Көкжендет: 2019-04-16

«Жаратушы нәсіп етіп, қолыма смартфон тигізіп интернетке кіретін шама бергелі осы сайтқа кіріп-шығып жүрген қара домадақтың біріміз... Ұлтымызға кайырлы еңбектеріңіз өркендей берсін..».

Үнсіз қазақ: 2019-04-16

«Abai.kz Мерейтойларыңмен! Оңды солын танып қалған, отау бұзатын он жасқа келіп жатыр екенсіңдер. Қыз-жігіттердің өткір-өткір сындары шыққанда «Па, шіркін!» деп таңдай қағып, сүйсінетін жалғызымыз да, сосын біздің жұмсақ диванда жатып алып, «батырланып» жазған тентек пікірлерімізді қағып тастағанда «қарғайтын жалмауызымыз» да Өздеріңсіңдер! «Көш жүре түзеледі» деген атамыз қазақ. Тек қана алға! Баяғыда орыстар революция жасағанда олардың «Искра» [Ұшқын] деген газеті болған. Солардың ұраны «Ұшқыннан жалын лаулайды» болатын. Қазақстанның «Ұшқыны» сендер болыңдар!»

Руза: 2019-04-15

«Құтты болсын! Ұлтым, мемлекетім деген өр, рухты жастар! Аймақтағы тілдік мәселелерге назар аудартып, керек болса бір менің өзіме қанша қорған болдыңыздар! Оқырмандарыңыз көбейгеннің үстіне көбейе берсін!»

Anti – colorados: 2019-04-15

«Ошшым, 10 жасар жасөспірім (abai.kz) 30 жастағы орда бұзарлармен (билік) 10 жылдан бері күресіп келеді. Жеңіс тілеймін! Портал журналистері (Нұргелді, Куаныш, Нұрбике, т.б.) қаламдарың ұштала берсін, шабытыңыз шарықтай берсін!»

Шамиль: 2019-04-15

«Abai.kz ақпараттық порталы жұмыс бастаған 2009 жылдан бері байланысып келемін. Талай толғағы піскен қоғамымыздағы өзекті мәселелерді көтеріп, халықтың, әсіресе, ұлтымыздың жанашыры бола білді. Мұнда Дәурен Қуаттың сіңірген еңбегі ұшан-теңіз екенін көпшілік оқырман өте жақсы біледі... Abai.kz ақпараттық порталының 10 жылдық мерейжасы құтты болсын! Алдағы уақытта да осы бағытынан айнымай, интернет сайт ақпарат порталдарының көшбасшысы бола берсін!»

Abai.kz

15 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1491
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3257
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5555