Думан АНАШ. «Коммунарка» – қазақ қайраткерлері жерленген құпия қабірстан
немесе Т.Рысқұлов, С.Қожанов, Н.Төреқұловтар жерленген орын анықталды
Қазақ мемлекеттік тарихында есімі ерекше аталатын Тұрар Рысқұловтың жерленген жері табылды. Бұған дейін беймәлім болып келген бейітті «Тұрар Рысқұлов» деректі фильмінің түсіру тобы тауып отыр. Мәдениет министрлігінің тапсырысы бойынша, «Қазақфильм» киностудиясы түсіріп жатқан фильмнің режиссері - Еркін Рақышев.
Жалпы, Тұрардың атылуына Сталин, Ворошилов, Каганович, Молотов сынды төрт адамның бірдей қол қойғанын ескерсек, оның кеңестік азулы һәм аяусыз саяси-әкімшілік билігінің негізгі нысанасына айналған айтулы қайраткер екенін бағамдайсыз.
«Тұрар Рысқұлов» деректі фильмінде 150-ден аса құжаттар пайдаланылған. Мәселен, бұған дейін біздің қолымызда Тұрар Рысқұловтың әйгілі «Түрксіб» темір жол құрылысы аяқталар шақта митингіде сөйлеген бейнетаспасы ғана бар болатын. Ал, фильмді түсіру тобы Т.Рысқұловтың 1920 жылы Бакудегі съезде, сондай-ақ, XII съезде сөйлеген кезіндегі бейнесі бар, барлығы 5 таспасын тауып отыр.
немесе Т.Рысқұлов, С.Қожанов, Н.Төреқұловтар жерленген орын анықталды
Қазақ мемлекеттік тарихында есімі ерекше аталатын Тұрар Рысқұловтың жерленген жері табылды. Бұған дейін беймәлім болып келген бейітті «Тұрар Рысқұлов» деректі фильмінің түсіру тобы тауып отыр. Мәдениет министрлігінің тапсырысы бойынша, «Қазақфильм» киностудиясы түсіріп жатқан фильмнің режиссері - Еркін Рақышев.
Жалпы, Тұрардың атылуына Сталин, Ворошилов, Каганович, Молотов сынды төрт адамның бірдей қол қойғанын ескерсек, оның кеңестік азулы һәм аяусыз саяси-әкімшілік билігінің негізгі нысанасына айналған айтулы қайраткер екенін бағамдайсыз.
«Тұрар Рысқұлов» деректі фильмінде 150-ден аса құжаттар пайдаланылған. Мәселен, бұған дейін біздің қолымызда Тұрар Рысқұловтың әйгілі «Түрксіб» темір жол құрылысы аяқталар шақта митингіде сөйлеген бейнетаспасы ғана бар болатын. Ал, фильмді түсіру тобы Т.Рысқұловтың 1920 жылы Бакудегі съезде, сондай-ақ, XII съезде сөйлеген кезіндегі бейнесі бар, барлығы 5 таспасын тауып отыр.
Т.Рысқұловтың 200-ден аса еңбектері бар. Оның көбі әлі қолға түспеген, зерттелмеген. Жуырда «Киргизстан» (Қазақстан туралы) атты кітабына жазған қолжазбасы АҚШ-тан табылды. Алайда, мұхиттың арғы бетіндегі қолжазбаны қайтаруға үлкен қаржы сұрауы мүмкін... Ұзақ жыл (1926 - 1937) РКФСР Халық комиссарлар кеңесі төрағасының орынбасары болып істеген оның көптеген еңбектері мақсатты түрде жойылып жіберілгеннен кейін белгісіз күйінде қалуда.
Тұрардың тағдыры - ұлт тағдырымен астасып жатқан өзгеше трагедияға толы ғұмыр. Сондықтан да, ұлы суреткер Мұхтар Әуезов Тұрардың өз аузынан есіткен әңгімесін әдебиеттің шоқтығы биік шығармасына («Қараш-қараш оқиғасы») айналдырды.
Тұрарды тұтқынға алғаннан кейін сталиндік режім оның отбасына да ойран салды. Әйелін «Алжирге» 9 жылға айдауға жіберді. Ұлы Ескендір Беломорканалда айдауда жүріп, 20 жасында ауырып, қайтыс болды. Мая, Сәуле атты қыздарын балалар үйіне өткізді. Рида атты қызы түрмеде дүниеге келді. Кеңестік-тоталитарлық жүйе 3 жасында оны да балалар үйіне жіберді. Ол тек 6 жасында ғана тілі шығып, сөйлеген екен...
Қазіргі уақытта Мәскеуде Т.Рысқұловтың Маядан туған Виктор атты немересі бар. Ал, Сәуле Тұрарқызы Алматыда тұрады.
Міне, Верныйда (Алматыда) әкесімен бірге абақтыда отырып, күреске толы өмір бастаған Тұрар тұлғасы террорлық табанға тапталса да, уақыт ағзам жылдар өткен сайын оны биіктете бермек. Ұлтқа, елге істеген қызметі үшін. Қайраткердің беймәлім бейітінің ашылуы да соның бір қыры. Айта кетейік, фильмнің түсіру тобы Т.Рысқұловпен бірге Сұлтанбек Қожановтың және Нәзір Төреқұловтың бір қорымда жерленгенін анықтаған. Біз осы орайда сүбелі олжамен оралған «Тұрар Рысқұлов» деректі фильмінің режиссері Еркін Рақышевпен және Тұрар өмірін арқау еткен «Қызыл жебе» романымен қазақ әдебиетінің көрнекті тұлғасына айналған Шер-ағаңмен, Шерхан Мұртазамен әңгімелескен болатынбыз.
Еркін РАҚЫШЕВ, «Тұрар Рысқұлов» деректі фильмінің режиссері:
«Коммунарка» зиратында 6 жарым мың адам жерленген
- Фильмді түсіру барысында біз Тараз, Шымкент, Түркістан, Ташкент, Мәскеу сынды біраз қалаларды араладық. «Қазақфильм» басшысы Ермек Аманшаев бізге фильм түсіруді жүктегенде, оның жалаң, үстірт болмауын, тың деректер болуы қажеттілігін тапсырған болатын. Сондықтан, фильмді түсіру барысында біраз ізденістер жасадық. Алдымен, Тұрар Рысқұловтың жерленген жерін табу керек болды. Өздеріңіз білесіздер, 1938 жылдан бері жетпіс жылдан аса уақыт болса да, оның қайда жерленгені табылмай келе жатқан болатын. Бұл туралы «Бутова» полигонында жерленген, 1943 жылы қайтыс болды деген сияқты түрлі болжамдар болды. Біз Т.Рысқұлов зиратын түрлі жолдар арқылы іздедік. Әлихан Бөкейханұлы, Тұрардың ұлы Ескендір жерленген Дон зиратына да хабарластық. Алайда, одан нәтиже болмады. Сонан соң Ресейдің Федералды қауіпсіздік басқармасы арқылы «Коммунарка» спецобъектісіне хабарластық. Бұл нысан 1999 жылға дейін жабық қабірстан болған екен. Көп жылдар бойы бұл орын НКВД-ның құпия нысаны ретінде «Лоза» атын жамылғанымен белгілі.1937 жылы 28-наурызда НКВД-ның бастығы Ягода ұсталып, атылады. Ягоданы өзінің саяжайына жерлейді. Яғни, бұл қабірстан алғашында Ягоданың саяжайы болған. Ягоданы жерлегеннен бастап бұл НКВД қызметкерлерін жерлейтін қабірстанға айналды. Негізінен, НКВД адамдары мен шет елде барлауда жұмыс істейтін адамдарды жерлейтін құпия орын болады. 1938 жылдан бастап мұнда өкімет адамдары да жерлене бастайды. Деректерге қарағанда, «Коммунарка» спецобъектісінде 6 жарым мың адам жерленген екен. Соның ішінде 4 жарым мың адам анықталып, олар жәйлі «Коммунарка» спецобъектісінде жерленгендер» деген кітап шыққан. Ал, екі мың адам ешқайда жарияланбаған. Неге? Себебі, бұл адамдар жәйлі толық мағлұмат жоқ. Қазір бұл туралы мағлұмат іздестірілу үстінде. Осы мағлұматы жоқ 2 мың адамның ішінен іздестіру барысында біз Тұрар Рысқұловты, Сұлтанбек Қожановты, Нәзір Төреқұловты таптық. Олар «Коммунарка» қабірстанында жерленген екен. Бұл - бұрын Мәскеу облысы, Ленин ауданының территориясында орын тепкен, қазір Колтушское шоссесінің 24-шақырымында деп аталады. Ең жақын метростансасы -«Теплый Стан».
Қазір «Коммунарка» зиратханасының аумағында шіркеу орналасқан. Шіркеуде «Мемориал» халықаралық тарихи-ағарту қайырымдылық және құқық қорғау қоғамдық қоры бар. Олар репрессия тақырыбын зерттейді. Біз «Мемориал» қоғамдық қорының қызметкерлеріне хабарластық. Олар 2 мың адамның есімі жазылған толық тізімді көрсетпейді. Тек аты-жөнін атап тапсырыс берсеңіз, тауып береді. Бұл қордың бізде мекен-жайы мен телефондары бар. Күмән туса, хабарласуларыңызға болады.
Тұрар Рысқұловтың 1938 жылы 8-ақпанда сотталып, 10-ақпанда атылғаны белгілі. Сұлтанбек Қожанов екеуі бір күнде атылған.
Аталған қабірстанға репрессия құрбандары жаппай жерленген. Аумағы 3-4 футбол алаңындай. Сондықтан, мұнда жеке тұлғаларға қойылған белгі жоқ. Олар қабірстанға үлкен бір ескерткіш қоюды жоспарлап отыр. Бірақ, қай уақытта қойылатыны белгісіз. Алайда, бірқатар мемориалдар бар. Мәселен, Моңғолия үкіметі өзінің бір күнде атылған 35 министріне арнап белгі қойған. Оларды Сталин өзіне шақырып алған да, бір күнде көздерін жойып жіберген. Ішінде Моңғолия үкіметінің басшысы да бар. Сондықтан, Рысқұлов, Қожанов, Төреқұлов жерленген бұл қабірстанға Қазақстан билігі де бір ескерткіш қоюы тиіс деп ойлаймын.
Деректі фильм жыл соңына дейін шығады. Біз бұл фильмді түсіру үшін 3 ай бойы еңбектендік. Мәскеудің өзіне үш мәрте бардық.
Біздің «Мемориал» қоғамдық ұйымына сенбеске әддіміз жоқ. Өйткені, біріншіден, мұнда әскери трибуналдың үкімімен атылғандар жерленген. Сондай-ақ, Рысқұловпен бірге атылған 12 адамның осында жерленгенін білдік.
Шерхан МҰРТАЗА, Қазақстанның Халық жазушысы:
Тұрар Рысқұловтың жерленген жерін 30 жыл іздедім
- Көптеген архивтерді ақтару барысында оңтүстік өңірді де ұмытпай, Шымкент қаласының мұрағаттарын қарадым. Өйткені, бұл аймақ - Тұрар Рысқұловтың туған жері. Қазір біз «Түлкібас» деп атап жүрміз ғой. Негізінде, Түрік қағанатының батыс бөлігі қазіргі Түлкібас ауданының аумағында болған. Кейін мұны соған байланысты «Түлкібас» атап, солай жазылып кетті. «Түрік» деген сөз ол кезде бізге жат естілетін болуы керек. Әйтпесе, о жерде ешқандай түлкі де, оның белгісі де жоқ. Бұл аумақ VII ғасырда Түрік қағанатының батыс бөлігі болған. Оның орталығы Түлкібаста орын тепкен. Бұған Жамбыл облысының аумағы да енген. Кейін Мыңбұлақ аталған жер Жамбыл облысындағы қазіргі Жуалы ауданында. Қырқыншы жылдарға дейін Жуалы мен Түлкібас бірге қаралатын. Кейін Жуалы Жамбылға өтті, Мыңбұлақ Оңтүстік Қазақстан облысына қарады.
Біз Тұрар Рысқұловты «Бутова» деген селода жерленген деп еститінбіз. Ол жерге қызы Сәуле де іздеп барған болатын. Алайда, онда толып жатқан зират бар. Ешқайсысының басында жазуы да, белгісі де жоқ. Сәуленің елден алып барған бір уыс топырағы бар екен. Қазақтың топырағы. Сәуле, амал жоқ, топырақты әлгі зираттың барлығына шашып қайтқан еді.
Ал, бүгін Тұрар Рысқұловтың қайда жерленгені анықталып отыр. Оның зираты «Бутовада» емес, Ішкі істер комиссары болған Ягоданың үлкен саяжайында жерленген болып шықты. Ягода да сотталып, 1937 жылы атылып кеткен. Оны саяжайда жерлегеннен кейін үлкен заң қызметкерлерін, биліктегі адамдарды жерлейтін орынға айналып кеткен ғой. Үкіметтің үлкен дәрежедегі қызметкері болғандықтан, Рысқұловты да сонда жерлеген. Бірақ, олардың басында белгі жоқ. Мен мұны Еркін бауырым түсірген фильмнен көрдім. Жатқан дала. Айнала ағаштың ортасындағы алаңқайда зират бар. Бірақ, жермен-жексен болып, өсімдік қаулап кеткен. Қай жерде не бар екені белгісіз. Бірақ, тізімі жазылған қағазы бар.
1960 жылы «Социалистік Қазақстан» газетінде Рахман Байжарасов деген кісінің «Тұрар Рысқұлов» деген үлкен мақаласы жарияланды. Сол кезден бастап мен Рысқұловты зерттеуге, соның ізіне түстім. Оған жаңағы мақаламен бірге суреті де себеп болған еді. Тұрардың суретін мен ретушкадан сұрап алғанмын. Бертінге дейін бұл сурет менде сақталды. Кейін бір суретші көшіріп аламын деп сұрап алып, сол күйі бермей кетті. Бірақ, көшірмесі бар.
Мен Тұрар Рысқұловтың жерленген жерін 30 жыл іздедім. Көп уақытым архивтерде өтті. Ташкентте, Таразда, Орынборда, Мәскеуде архивтерде отырдым. Ол кезде бұл тақырып жабық күйінде еді. Оның зираты тұрмақ, есімін атауға тыйым салынған кездер болды. Сондай қиын кезеңдер өтті. Делоны береді. Керек жерін көшіресің. Бәрін көшіріп алу мүмкін емес. Кетерде жазбаңның бәрін алып қалады. Ертеңінде қайтып келесің. Өзіңе береді. Бірақ, көп жері қырқылған болады. Қайшымен қырқып алып қалғаны көрініп тұрады. Мен мұрағаттарда отырғаннан кейін менің дәптерлерімді, қолжазбаларымды алып қоятын. Кейбір тұстарын қиып тастайтын. Өйткені, көп нәрсені жазуға шектеу бар еді. Қазір барлығын ашық айта бересің. Бәрі ашылып, зерттеліп жатыр. Ал, менің жұмыс істеген уақытымда бұған мүмкіндік болмады.
- Шераға, Тұрекең жатқан жерге өзіңіз барып қайтар ма едіңіз?
- Ұсыныстар бар. Егер денсаулық мүмкіндік берсе, барып қайтамын.
Әрине, қазіргі кезде сталиндік репрессия құрбандарының ішінде тиісті деңгейде зерттеліп жатқандары да, әлі де белгісіз қалып келе жатқаны да баршылық. Бірсыпырасы жарияланып жатыр. Біртіндеп ашылатын шығар. Заман қандай болатынын кім біледі?!
- Мұстафа Шоқай өзінің бір мақаласында Тұрар Рысқұлов туралы айта келіп, оған өзінің көңілі толмайтынын білдіреді. Сіз көптеген мұрағаттарда отырдыңыз, осы екі тұлға арасындағы қарым-қатынас туралы қандай деректерді ұшыраттыңыз?
- Мұстафа Шоқайдың көп уақыты Францияда өтті. 1923 жылы Тұрар Рысқұлов Түркістан аймағын басқарып тұрған кезінде 33-34 баланы Германияға оқуға апарады. Сөйтіп, сол жерде оған Мұстафа Шоқаймен кездесуге мүмкіндік туады. Мұстафа Франциядан келеді. Екі тұлғаның Германиядағы кездесуінде не туралы сөйлескенін, қалай сөйлескенін ешкім білмейді. Бірақ, кездескені рас. Ал, Мұстафа Шоқай кітабында не деп жазды, неге оның пікірі өзгеше болды? Оның өз себебі бар. Тұрар әлі Кеңес Одағының қызметкері және жауапты қызметкері. Халком кеңесі төрағасының орынбасары, өзі коммунистік партияның мүшесі. Осылай болғанда оның Алаш орда партиясының қайраткерлерімен ашық әңгімеде болуы мүмкін бе, жоқ па?!
- Мұстафа Шоқай Тұрарды кеңестік тыңшылардан басын арашалап алу үшін әдейі сынға алды дейсіз ғой?
- Иә. Алды. Кезінде татар халқынан Сұлтан Ғалиев дейтін қайраткер шықты. Ол Сталин Ұлт істері халық комиссары болып тұрған кезінде орынбасары болды. Міне, бұл кезде Тұрар да осы қызметте еді. Сол уақытта екеуінің арасы өте жақын болды. Пікірлес болды, бірлесіп қимыл жасады. Ал, Алаш қайраткерлерімен ашық әңгімеге баруға мүмкіндік болмады.
- Тұрар Рысқұловтың Моңғолияда қызмет еткенін білеміз. Моңғолиядағы мұрағаттарда қандай құжаттар болуы мүмкін?
- Ол Моңғолия партиясының жарғысын жазуға көмектесті. Конституциясын жазуға да жәрдем берді. Ол кезде Моңғолия әлі де Кеңес Одағының саясатымен жүре қойған жоқ болатын. Соның өзінде Тұрар Рысқұлов Коминтерннің атынан өкіл ретінде барып, жұмыс істеді. Әрине, моңғол қоғамында оның қарсыластары да көп болды. Кеңес өкіметінің шет елмен байланысы жөніндегі өкілі Чичеринмен бірге еңбек етті.
Тұрар Рысқұлов - шын мәнінде халықтың адамы. Халықтың жоғын жоқтады. Өйткені, халық миллиондап қырылып жатты. Әсіресе, қазақ деген халық 1932-1933 жылдары қатты қырылды. Соның жоғын жоқтап, Саяси бюроға үш рет хат жазған адам - Тұрар. Мінеки, ол миллиондардың жоғын жоқтады. Ақыры, сол миллиондардың кебін киіп, өзі де кетті.
Кейбір деректерде Тұрар Рысқұлов 1943 жылы қайтыс болды. Өйткені, сол жылы оны Қостанай даласына айдауға жіберген деп айтады. Қыстыгүні қарлы боранда қар астында қалып, қайтыс болған деген дерек бар. Бұл жаңағы деректерге мүлде қарама-қайшы. Мұны қайтеміз?
Міне, халықтың осындай ұлы тұлғасын қорлаған заманға не айтасың? Қазір шындықтың беті ашыла бастады. Бүгінгі әңгіме соның куәсі. Бұған дейін құр долбар болатын. Енді нақты айғақтар табылып жатыр.
- Тұрар Рысқұлов Мәскеуде қызметте болды. Ал, Әлихан Бөкейхановты сол кезеңде Мәскеуде үй қамақта ұстады. Смағұл Сәдуақасов қайтыс болып, крематорийге өртеген кезінде жиналған қазақ зиялыларының ішінде Әлекең де, Тұрар да болады. Рысқұловтың Бөкейханұлымен Мәскеудегі қарым-қатынасы туралы не айтар едіңіз?
- Оны құлақпен естіп, көзбен көріп жүрген мен жоқпын. Бірақ, Смағұл Сәдуақасов Ә. Бөкейханұлының күйеу баласы болатын. Әлекеңнің Елизавета деген қызы болған. Смағұл Лизаның күйеуі еді. Ол Ростов-на-Дону деген жерде айдауда жүрген. Сол жақта жүргенінде белгісіз аурумен ауырып, қайтыс болған. Қайтыс болған соң Смағұлды Мәскеудегі крематорийге алып келіп, өртейді. Сол кезде Әлихан Бөкейханұлы қайын атасы ретінде келген ғой. Халкомкеңес төрағасының орынбасары Тұрар Рысқұлов және Жоғары кеңестің қызметкері Нығмет Нұрмақов екеуі Әлиханды екі қолтығынан қолтықтап, крематорийден сүйемелдеп алып шыққан. Осындай дерек бар. Арғы жағын білмеймін.
- Сіз «Қызыл жебе» романын жаздыңыз. Романның жазылған уақыты басқа, заманы басқа. Сіз мейлінше Рысқұлов тұлғасын алып шығуға тырыстыңыз. Бірақ, бүгінгі уақытпен, қазіргі көзқараспен аталған туынды қайта қарауды қажет етеді деп ойлайсыз ба?
- Жоқ. Мен барынша ашық жазуға тырыстым. Шындықты жазуға тырыстым. Романға алып-қосар дүние жоқ. Өйткені, мүмкіндігім келгенше құжатты деректерге сүйене отырып жаздым. Әрине, бастан-аяқ деректі шығарма деп айта алмаймын. Бірақ, өмірде болған дүниені дерекпен ұштастыра отырып, өзімнің пайымдауымша жаздым. Сондықтан, роман жүз пайыз шындық немесе көркем шығарма деп айта алмаймын. Барлығы аралас, барлығы қамтылады. Негізінен, романда документ басым ба деп ойлаймын.
«Алматы Ақшамы», №123, 20-қазан, 2011 жыл