Сенбі, 23 Қараша 2024
Жаңалықтар 4299 8 пікір 17 Сәуір, 2020 сағат 14:39

Өзбекстан жат діни ағымдармен ұлттық идеология арқылы күресті

ХХІ ғасырдағы әлемнің, оның ішінде мұсылман елдерінің жаңаруға, ғылым мен технологияларға ілесуі заман талабы болып табылады. Назар аударарлығы – діни дәстүрлерін қатаң ұстанған Сауд Арабиясы, Иран сынды елдердің өзі бүгінде ғаламдық модернизация үдерісіне қарқынды ену үстінде. Соның бір көрінісі сипатында аталған елдердің жастары бетті бүркемелеу, ұзын сақал қою секілді ескіліктің рәміздерінен алшақтауда.

Әлбетте мұнысы діни ұстанымынан қол үзуді білдірмейді, қайта оны уақыт талабына сай жаңғырту мен икемдеуге келіп саяды. Айналып келгенде дін ескілікті дәріптеу ғана емес, қайта алдыңғы буындардың рухани ғибратын заман талабына сай қорытып кәдеге жарата білуді алға тартады. Керек десеңіз осындай бірегей қабілетіне бола дін ғасырлар бойындағы өміршеңдігін сақтап, өрісін кеңейтумен келеді. Демек, өркениеттің бірізді дамуын тоқыратуға әуез, бүгін мен ертеңді өткенге ғана бағынышты етпек күштер кәдімгі өмір философиясына қарсы шығып отырғаны айтпаса да түсінікті.

Діннің жасампаз әлеуетінен көрі оның атын жамылған қауіпті идеологияның етек жаюы, әлбетте, жекелеген мемлекеттің әлсіздігін білдіреді. Әсіресе аталған жағдай материалдық құндылықтарды бірінші орынға шығарып, руханиятқа немқұрайлық танытқан елдерге тән. Және керісінше жауапкершілігін жіті ұғынған қоғам дер кезінде әрекеттеніп зор пәленің алдын алады.

Айтылғанға дәлел ретінде бүгінгі Өзбекстандағы ахуалға зер салайық. Ауғанстан мен Тәжікстандағы соғыстың жақындығына, іштегі алуан түрлі діншіл радикалдардың сесіне қарамастан неліктен көршімізде уахабшы атаулылар тойтарыс алды? Себеп оларды қатқыл түрде басып-жаншуда ғана жатқан жоқ. Мәселе діннің құдіретін дұрыс бағалап Өзбек билігі 1990-жылдардың өзінен-ақ дәстүрлі бағыттағы имам-молдаларына барынша қолдау көрсетіп жеткілікті түрде еркіндік бере алғанында. Жастарының діни тағлымын шетте емес, өз елінде алуын кешенді түрде қамтамассыз еткенінде. Осының негізінде әлгілер елдің сана-сезімі үшін күресте бүгінгі заман тілімен айтқанда бәсекелестікке қабілетті бола алды. Сонымен қатар ел ағалары ұлттық болмысты жаңғырту, қоғамды өзбектендіру тұрғысынан жалаң ұрандарға салынбай жүйелі шаруаларды тындыра алды. Яғни сенім мен наным сияқты сезімтал салада тек тыйым салумен шектелмей, балама идеология арқылы қатерлі дерттің жолын кесті.

Ендеше кеш те болса осындай игі тәжірибені Қазақ та қолға алғаны жөн. Сайып келгенде Абайды, Шәкәрімді, Мағжанды, Мәшһүр Жүсіпті оқып-білген, Қазақ тілі мен мәдениетінен сусындаған, ішкі жан-бітімі мығым боп өскен ұрпақ ешқашан келімсек ағымдардың арбауына түспейді.

Тиісінше кері ағымдардың бой көтеруіне белгілі дәрежеде Егемендік алған жылдары Қазақ тілін тежеп, ұлттық сана-сезімнің қалыптасуына мейлінше қарсыласып, елге жөн сілтей алатын зиялыларды қыспаққа алып келген ресми орталар кінәлі.

ХХІ ғасырда аңқау елге арамза молда болғандығы, рухани тұрғыдан халықтың қорғансыз қалғандығы осының кесірі болар.

Мәселенің келесі тұсы қоғамдағы әділдік пен теңдік секілді құндылықтардың құлдырауымен тікелей байланысты. Әдетте экстремизмге бірінші кезекте буыны қатпаған, ақыл-есі толыспаған жастармен қатар күнделікті өмірде әділдік таппай ашынған, әлеуметтік жағдайының ауыртпалығын көтере алмай күйзелген жандар бейім тұрады. Тәжірибе көрсетіп отырғандай, жекелеген елдерде экстремистік қозғалыстардың таралуына анағұрлым икем жерлер ол негізінен алғанда – әлеуметтік-экономикалық ахуалы мүшкіл аудандар мен елді мекендер, мәдениет пен білім ошақтарына кемтар моноқалашықтар, түрмелер, т.б. Демек мәселені түбегейлі шешу үшін азаматтардың өмірлік қажеттіліктерін өтеу, жұмыспен, тұрғын үймен, әлеуметтік баспалдақтармен қамту, әркімнің заң алдындағы теңдігін баянды ету, азаматтық хұқықтар мен бостандықтарды шектемеу, имандылыққа бет бұру сияқты шаралар қажет.

Әрине, аталған мақсатқа жету бір-екі жылдың ісі емес, әсіресе онысы жылдар, тіпті онжылдықтар бойында ескерілмей келгенін назарға алсақ. Десе де ұзақ мерзімде өркендеуді қамтамасыз ету үшін басқа жол жоқ.

Расул Жұмалының әлеуметтік желідегі жазбасы

Abai.kz

8 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1487
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3257
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5527