Сенбі, 23 Қараша 2024
Жаңалықтар 3805 0 пікір 20 Қазан, 2011 сағат 11:23

Ақырып теңдік сұраған

XIX ғасырдағы зұлым империяның отарлау саясатының елдегі залым істеріне қарсы күрестің әйгілі қолбасшылары Исатай мен Махамбет бастаған көтеріліске екі ғасырға жуық уақыт өтсе де қайран ерлердің қадірлі есімдері жалғасқан жұртының жадында әспеттеп сақталумен келеді. Ол ерлік тек ерлік емес еді, ол - анығында, халық алдында тұтас болу, елдің ері болу, арқа сүйер азаматы болу парызын жанкештілікпен өтеудің ерліктері еді. Сөйткен батырларды есте сақтау мақсатында атқарылған игілікті істер, сірә, аз емес секілді. Соның өзінде орны олқы анық бір нәрсе бар, ол - Исатай батырдың қаза болып, жерленген жері белгілі бола тұрса да, қазақы ұғымда - лайығымен «басы қарайтылмауы», жалпы ұғымда көрнекті белгі қойылмауы. Соңғы кездері мәселенің осы жағы «Ана тілі» газетінде және басқа бірқатар бұқаралық ақпарат құралдарында әңгімелене бастады. Әдетте, әркім де білгенін, естігенін айтуға ерікті. Бірақ мәселе - кімнің не айтқанында емес, түптеп келгенде, шындығы солардың қайсысы екендігінде. «Осымен байланысты ақиқаты - осы» деп нүкте қояйын деуден емес, мүмкіндігімше зерттеу, талдау, сұрастыру арқылы, осыдан он жыл бұрын облыстық «Ақтөбе» газетінде жарияланған «Ақырып теңдік сұраған» деп аталған материалыма назар аудартқым келді. «Ана тілі» газеті - оқырманға Исатай Тайманұлының батырлығы, тағдыры туралы тұшымды дүниелер ұсынып келе жатқан басылым.

XIX ғасырдағы зұлым империяның отарлау саясатының елдегі залым істеріне қарсы күрестің әйгілі қолбасшылары Исатай мен Махамбет бастаған көтеріліске екі ғасырға жуық уақыт өтсе де қайран ерлердің қадірлі есімдері жалғасқан жұртының жадында әспеттеп сақталумен келеді. Ол ерлік тек ерлік емес еді, ол - анығында, халық алдында тұтас болу, елдің ері болу, арқа сүйер азаматы болу парызын жанкештілікпен өтеудің ерліктері еді. Сөйткен батырларды есте сақтау мақсатында атқарылған игілікті істер, сірә, аз емес секілді. Соның өзінде орны олқы анық бір нәрсе бар, ол - Исатай батырдың қаза болып, жерленген жері белгілі бола тұрса да, қазақы ұғымда - лайығымен «басы қарайтылмауы», жалпы ұғымда көрнекті белгі қойылмауы. Соңғы кездері мәселенің осы жағы «Ана тілі» газетінде және басқа бірқатар бұқаралық ақпарат құралдарында әңгімелене бастады. Әдетте, әркім де білгенін, естігенін айтуға ерікті. Бірақ мәселе - кімнің не айтқанында емес, түптеп келгенде, шындығы солардың қайсысы екендігінде. «Осымен байланысты ақиқаты - осы» деп нүкте қояйын деуден емес, мүмкіндігімше зерттеу, талдау, сұрастыру арқылы, осыдан он жыл бұрын облыстық «Ақтөбе» газетінде жарияланған «Ақырып теңдік сұраған» деп аталған материалыма назар аудартқым келді. «Ана тілі» газеті - оқырманға Исатай Тайманұлының батырлығы, тағдыры туралы тұшымды дүниелер ұсынып келе жатқан басылым. Осыған орай аталған мақаламды осы газетке ықшамдап жарияланғанды құп көрдім. Материал, салыстырмалы түрде - ескі, бірақ ол - тарих, ал тарихта көне де, жаңа да жоқ. Тек өткен уақыт қана болады. Бұл тұрғыдан алғанда аталған материал деректері ескіруге жатпаса керек. Осында есімдері аталғандар осы облыста еңбек етіп, өмір сүруде.
Қазақ тарихындағы ұлт азаттығы жолындағы ең әйгілі көтерілістердің бірі - Исатай мен Махамбет бастаған қозғалыстың соңғы шайқасы 1838 жылы 12 шілде күні қазіргі Ақтөбе облысының Қобда ауданы өңірінде өткені ресми құжаттардан белгілі. Бірақ жылдар бойы әртүрлі езгілерден есеңгіреп қалған жұртымыздың көп уақыт бойы оның бүге-шігесін еске түсірумен көп шаруасы болмай, ол қасиетті күрес тек тарихи, онда да коммунистік көзқарас қырымен баяндалып, негізгі мәні мен мұраттары ашылмай келді.
Исатайдың қабірін іздеу алғаш Ойыл ауданынан бастау алған-ды. Сонда 1966 жылдың жаз айында осы ауданға Алматыдан қазақтың тұңғыш антрополог-ғалымы, әйгілі Михаил Герасимовтың шәкірті Ноэль Жұмабайұлы Шаяхметов келген. Жасы отыздың шамасына не жетіп, не жетпеген адам екен. Соншалықты сыпайы, биязы, жылы сөйлейді. Ол бізге, ғалымдығы өз алдына, қазақтың кеңес тұсындағы тарихында ел басқаруда елеулі із қалдырған ірі мемлекет қайраткері, 1942-1954 жылдар арасында республика Компартиясы Орталық Комитетінің бірінші хатшысы болған Жұмабай Шаяхметовтың баласы екендігімен де қызықты көрінген. Сонау Алматыдан «мынау жер түбі» дейтіндей батыстағы Ойылға келу мақсаты - Исатайдың мүрдесін тауып, оның бас сүйегі бойынша герасимовтық әдіспен келбетін жасау екен.
Ғалым аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы Байсалбай Жолмырзаев­пен кездесіп, бюродан «Іске сәт» деген қолдауды естігеннен кейін нысаналы жерге жетуге асыққан.
Антропологтың жинаған мәліметі бойынша, Исатайдың мүрдесі ауданның Қобдамен шекаралас Батпақты өзенінің Қиылға құяр тұсы болуға керек еді.
Бірақ мүрде нысаналы жерден табылмай, ғалым содан Алматысына оралған. Жүзі жылы, мінезі биязы болғанымен жанары оқыс ұшқын шашып қалатын Ноэль кеткенде кейін қалай да таппай қоймайтын ынтамен оралуды ойлап кеткен екен. Содан араға он жылдай уақыт салып, Қиыл өзенінің тамағына таяу жерге қайта келген.
Бұл жерде мына бір мәселенің басын ашып алу керек. Исатай бастаған көтеріліс туралы әдебиеттер мен жазбаларда, сондай-ақ ауызекі әңгімелердің бәрінде де батырдың басы кесілгені туралы айтылады. Патша үкіметі болса, Исатайдың басы үшін 500 сом бәйге жариялағаны ресми құжаттардан белгілі. Меніңше, тарихшы А.Рязановтың 1926 жылы жарық көрген «Восстание Исатая Тайманова» деген кітабы нақты ресми құжаттарға негізделгендіктен зерттеулеріне сеніммен қарауға керек сияқты. Ол кітабында полковник Гекенің хабарлама қағаздарында Исатайдың соңғы шайқасы мен қазасы туралы мәліметтердің толық екендігін айта келіп, былай баяндайды: «Соңғы ұрыста Исатай ат үстінде жүріп жауларына садақ оғын жаудырып, өзіне ұмтылған урядник Богатыревтің атын екі жерден жаралады. Сол кезде казак Зеленин батырға винтовкадан екі рет оқ атқанымен, тимей кетті. Содан оның үшінші оғы батырдың атын құлатты. ....Батыр бұған қарамай, жауларымен жаяу қылыштаса жүріп, тағы бір казакты жаралады. Оның сауыты және екі пистолеті болатын. Алайда күш тең болмағандықтан жақын келген бір казак қапысын тауып, найза салды. Урядник Богатырев қылышымен сол арада басын кесті. Батыр қансырап құлап бара жатқанда қазақ жігіттері оның қолдарынан ұстай беріп еді, бірақ казактар олжаны өздерінен шығарғысы келмеді. Богатырев винтовкасын оның кеудесіне тақап тұрып тағы атты.
Осы бес адам орыс үкіметі батыр­дың басына тағайындалғын 500 сом сыйлықты бөліп алды...»
Осы сөйлемдердің қисыны мен үш нүктелерден байқалғандай, батырдың басын кесіп алғандығы шүбә келтірмейді.
Бұл - ресми құжаттардағы баяндаулар. Ал ел аузындағы бір әңгімеде, атап айтқанда, осыдан үш-төрт жыл бұрын өмірден өткен қария Сұлтанов Түркпен (мен де ол кісінің жазбасы сақтаулы - И.А.) былай дейді: «Ешкіқырған (шайқас өткен жерге жақын - И.А.) соғысында Исатайдың аты орға құлап, басын біреу кесіп алып қашқан да, екінші біреу сүйегін ала қашқан екен. Сонда Әбілен атайдың (Әбілен-Исатайдың батырларының бірі, Шернияз ақынның әкесі Жарылғаспен бірге туған адам-И.А.) әйелі айқай салып: «Қарасақал, Әбілен, Құдайберген (үшеуі де ағайынды адамдар-И.А.), қайдасыңдар» - деп, астындағы қаралааяқ айғырға қамшы басқанда(осы ержүрек әйелдің есімі табылар ма еді?!) Әбілен де солай қарай жүйткиді. Әбілен әлгілерге жақындағанда казактар сескеніп, сүйегін тастай қашқан..»
Мұндағы қисын батырдың денесі қалып, басы кеткендігін білдіреді. Бұларды Ноэль, әрине, білмейді емес, сонда тым болмаса мүрдесін көріп, анығына жетейін дегені шығар, қазуға тағы келді.
Мен бұл материалда көтерілістің сол соңғы шайқасы қазіргі Қобда ауданының Шейітсай деген жазығында қалай басталып, қалай аяқталғандығын баяндамаймын. Ол жоғарыда айтылған А.Ф.Рязановтың зерттеу еңбегінде, тарихшы Исатай Кенжалиевтің кітабында, сондай-ақ әр жылдары бірқатар бұқаралық ақпарат құралдарында біршама баяндалған. Зерттеушілерге бұларды жан-жақты сөз етуге көтерілістің мән-жайын баяндайтын деректердің Ресейдің Орынбор, Петербург қалаларындағы мұрағаттарындағы ресми құжаттарда сақтаулы екендігі де көмектессе керек. Бұл реттегі құжаттардың молдығы оқиғаның барысын әлде де аша түсу үшін іздестіру жұмыстарын аталған қалаларда одан әрі жалғастыра беруді қажет ететін де секілді.
Мен егер жаңылмасам, ғалымның 1966 жылы Ойылға келуінде де, кейін 1975 жылы Қобда ауданына келуінде де үкімет немесе республиканың ғылыми мекемесі тарапынан оған ешқандай материалдық, тіптен моральдық жәрдем болған жоқ. Сол себепті Ойылда да, Қобда да қабірді қазумен жоғарыда айтылғандай, ерікті аз ғана «архелогтар» айналысты. Сөйтіп, Исатайдың мүрдесі жатқан жер 1975 жылы қазіргі Қобда ауданындағы Шейітсай деген жерден табылған. Ғалым батырдың басын таппаса да, денесін анықтап, дегеніне жетті. Жоқтан бар жасаумен тең осы оқиға елде ерлікке тең бір жаңалық ретінде қабылдануы керек еді. Алайда билік оған назар аудармағандықтан бұл елеулі іс тек әлгіндей аздаған еріктілердің ғана мүдделері секілденіп, тез ұмытылды. Ел Ноэльді де ұмытқан сияқты. Ғалым қазір Мәскеу қаласында бір бөлмелі пәтерде тұратын көрінеді.
...Ойыл ауданымен шекаралас Исатай ауданы дербес әкімшілік ретінде 1976 жылы Қобда ауданы құрамынан бөлініп шықты. Ауданның бұлай аталуы осы жерден батыр мүрдесінің табылуы себепті сол кездегі облыстық партия комитетінің хатшысы, қазір зейнеткер, ел азаматы Кеңес Нокиннің ұсынысы бойынша бекітілген. Сол кезде аудандық партия комитетінің алғашқы бірінші хатшыларының бірі Мақсот Керейұлы Балғынов Исатай есімін есте қалдырудың мүмкін болған шараларын қолға алды. Қабірдің басына орнату үшін темір материалдан шағын қоршау жасатып, қайдан, қалай әкелдіргенін білмеймін, бір үлкен көлемді тасқа батырдың және сол шайқаста өзімен бірге қаза болған баласы Құспанның есімдерін қашап жаздырған. Бірақ ол да көп ұзамай басқа ауданға қызметке ауыстырылып, бұл реттегі оның басқа да көп ойлары жүзеге аспай қалды. Ол өзі елдің құрылымдық та, саяси да жүйелерінде, әсіресе кадрмен байланысты өзгерістер жиілеп, тұрақсыздық орын алған әрі-сәрі кезең еді.
Мен Шейітсайға осы оқиға өткен­нен кейін 12 жылдан соң 1988 жылы барғанмын. Ол кезде сайдың ұрыс жасалған жоғары жазықтығында биіктігі құмырсқаның илеуіндей ғана сансыз ұсақ төмпешіктер - азаттық жолында шейіт болған бабалардың бейіттері көз ұшына дейін тізбектеліп жатты. Исатайдың сүйегі жатқан жер сол жалпақ тізбектің сай жақ шетінде екен. Маған «осы еді» деп көрсеткен мұның өзгелерден ерекшелігі - барлық басқа төмпешіктердің бәрі де жермен деңгейлес тегістелуге қараған да, ал мынау кейін қазылғанын аңғартып, жас топырақ түрінде үйінді болып жатты. Үстінде батыр мен баласы Құспанның есімдері жазылған қарапайымдау әлгі темір қоршау қойылған. Жоғарыда айтылған көлемді ескерткіш тас «бұл елсіз жерде ешкімнің көзіне түспейді» деп кейін кеңшар орталығы - Новонадеждинка мекеніне таяу Ақтөбе-Орал көтерме жолының жиегіне апарылған. Сосын оны кеңшар директоры Халидолла Сағындықов орталық мекенге жеткізген...
Исатайдың соңғы шайқасы өткен мына Қиыл өзені де жергілікті болмаса, басқа көлемді карталарда кездесе бермейді. Бұл жерде карта түгілі, осы маңайдан сәл әріректегілер де біле бермейтін Суықбұлақ пен Ақбұлақ, кішкене Қарағанды өзені Қиылмен салалас, қапталдас ағып жатыр. Уақыт бәрін де өзгертеді - шайқас заманында, яғни бұдан бір жарым ғасыр бұрын Суықбұлақ пен Ақбұлақ қосылып ағып, өткел бермейтін өзендер болған деседі. Кейбір кейінгі мәліметтерде Ақбұлақты бүгін тек жай ағып жатқан бұлақ ретінде қарап, Исатайдың ұрыс майданын бұған қимай, қомсынып, әріректегі Орынбордың Ақбұлағы деу де бар.
Мен жоғарыда айтқанымдай, Шейіт­сайға 1988 жылы келген журналистік іс-сапарымда көтерілістің соңғы шайқасы туралы жаза алмадым. Себебі менің жазатыным да оқулықтардан, әдебиеттерден бұрыннан белгілі жайды қайталау ғана болып шығар еді. Ал жаңа пікір айту үшін оқиғаның мән-жайын байыппен зерделеп ғылымға, нақтылыққа, өткеннің шынайы болмысын ашатындай тарихи ережелерге сүйену қажет-ті.
Сонымен батырдың сүйегі табылды, қарапайым болса да темір қоршау жасалып, ескерткіш тас қойылды делік. Ол 1978 жыл болатын. Шейітсай ол уақытта Исатай ауданына қарасты «Қиыл» кеңшарының жері еді. Кейін кеңшар әлдебір себептермен көрші Қобда ауданының қарамағына берілді. Осыдан кейін-ақ Шейітсай оқиғасын әйгілеу жөнінде жақсы басталған бұрынғы бірсыпыра істер енді ол ауданда жоқтаушысы жоқтықтан бірте-бірте ұмытыла берді. Егер Исатай аудандық партия комитетінің бірінші хатшылығына 1985 жылы Ерсайын Әжібаев келмегенде бұл күнде батыр жатқан жерден мүлдем көз жазып қалуымыз әбден мүмкін еді. Шейітсай бұл кезде көрші Қобда ауданына қарағанмен туған жұртының мәдениеті мен өнеріне, тарихына, салт-дәстүріне қашан да сергектігімен танымал Ерсайын Ысқақұлы әйгілі ұлт-азаттық көтерілістің атақты көсемі жатқан жерді бір сәт есінен шығарған жоқ. Сөйтіп, ол іргелес Қобда аудандық партия комитетінің сол кездегі бірінші хатшысы И.Луценкоға жолығып, (Шейітсай ол кезде Қобда ауданына қараған. И.А.) осыған назар аударуды өтінгенде марқұм И.Луценко оған ықылас таныта қоймаған. Содан Ерекең өз ауданындағы партия, кеңес қызметтеріндегі жауапты адамдарды ертіп, Шейітсайды көруге келеді. Шайқас өткен алаптағы төмпешіктер тегістелуге де таяп қалған. Ал Исатайдың қабірі қайда? Сөйтсе, сол сансыз төмпешіктердің сай жақ шетінде екен. Ерекең біреулерден естіген әлгі темір қоршау тұр. Оған Исатай мен оның баласы Құспанның есімдері жазылған. Өзге аудан, өзге территория және оның елеулі саяси мәні болғандықтан ол кезде өз бетіңмен киіп-жарып іс қылу да оңай емес. Сөйтіп жүргенде 1988 жыл келіп, сәтін салып Ерсайын Әжібаев Қобда аудандық партия комитетінің бірінші хатшылығына ауыстырылғанда алғашқы қызметін нақ сол Шейітсайдың мәселесінен бастады деуге болады. Ол кезде Облыстық партия комитетінің идеологиялық хатшысы Юрий Котунов болатын. Исатай батырдың сүйегі Ақтөбе өңірінде, осымен байланысты облыс тарапынан ескерткіштік лайықты шаралар жасау қажеттігін айтып, бұл мәселені облыстық партия комитетінің бірінші хатшысы Ю.Трофимовке жеткізу керектігі жөнінде Ерекеңнің ұсыныстарын ол самарқау тыңдап: «Қайдан білейін, соншалықты назар аударарлықтай қаншалықты өзекті мәселе екенін ...Юрий Николаевич те қолдай қояр ма екен, айтып көрермін» деп аса ықылас танытпаған. Юрий Трофимов та қазақтың елдік істеріне ынтасы көп кісі емес еді, әлгі ұсыныстарға онша мән бермей «дабыра қылмай, жан-жаққа әйгілемей-ақ, мүмкін, жеңілдеу бірдеңелер жасауға болар» деген көрінеді. Сол сол-ақ екен, әйтеуір облыстың бірінші басшысының аузынан «рұқсат» реті шыққасын бойын ұлттық намыс билеген Ерекең «көтеріліске - 150 жыл» деген себеп тауып, Қиылдың бойында облыстың өздеріне көршілес аудандарының өкілдері қатысуымен Алматы қаласынан, Атырау, Батыс Қазақстан облыстарынан қонақтар шақырып, байрақты мереке өткізді. Той қарсаңында бұрынғы ескерткіш материалдар сол кезде Ақтөбе қалалық партия комитетінің бірінші хатшысы Сержан Жаманқұловтың қаладағы тұрмыстық металл өңдеу зауытын әдейі қосып, тікелей көмек беруімен қайта жасал­ды. Ерсайын зауыттың сол кездегі директоры Вальтерге де шеберлерін Шейіт­сайға әдейі жібергені үшін дән риза. Сай бойында, елсіз далада қызмет еткен ондаған адамдарға үздіксіз тұрмыстық жағдай туғызуды Халидолла Сағындықов өз мойнына алды. Исатайға ескерткіш мүсін, әрине, жергілікті жағдайда және аз уақыттың ішінде жасалғандықтан монументттік өнердің жоғары талаптарына жауап бере алмауы мүмкін. Ол алайда жекелеген азаматтардың елдік рух пен жігерлерін бейнелеуге деген құштарлығын білдіруімен қадірлі. Бұл той кейін облыста екі бірдей Есетті, ақын Әубәкір Кердеріні, Қарағұл, Қайдауыл, Сәңкібай батырларды, Мырзағұл, Әйтеке билерді еске алу тойларының басы болғандығымен де қымбат еді.
Осыдан кейін, көп ұзамай атырау­лықтар қобдалықтарды көріп, өздерінде облыстық дәрежедегі үлкен той өткізді, Алматы қаласында Исатай бастаған көтеріліске арналған республикалық ғылыми-тәжірибелік конференция ұйымдастырылды. Ерсайын Әжібаев осының екеуіне де құрметті қонақ ретінде шақырылып,тойда да, конференцияда да оның батырдың есімін есте қалдыру жөніндегі қажырлы қызметтеріне жоғары баға берілді.
Енді Исатайдың сүйегі қалай табылғандығы жөнінде айталық. Бүгінде бұл жағдайды толық білетіндерді табу қиын дедік. Өйткені сол 1988 жылдың өзінде қазба жұмысын кімдер жүргізгенін білетіндер тым аз болатын. Мен сұрастыра жүріп, сол кезде Қобда аудандық газетінде қызмет ететін Мәскеу Шүкіранов дейтін азаматқа жолықтым. Ол өзі тарихи деректерге құлағы түрік адам екен, мені ықыласпен тыңдап, айтқанын айтып, айтылмағанын қағазға түсіріп берді. Ол қағаз да менде сақтаулы. Мәкеңнің мәліметтері бойынша, сол кезде «Қиыл» кеңшарына біріккен бұрынғы ұсақ ұжымшарлар шаруашылығына қосылып жіберілген. Бірақ туған жер, атақонысын қимай «Құдайдың салғанын көрерміз» деп жаңа орындарға бармай қалып қойғандар да болған, олар кейін далада қалмай, әуелі «Жайсаң» кеңшарының, сосын тың көтерген тұста оның алтыншы бригадасының құрамына кіреді. Солардың бірі - Құбаш Мұқанов дейтін жасамыс адам Ақыраб ауылының пошта тасымалшысы болған. Қиыл бойын ерте уақыттардан бері қазақтың кете руының, оның ішінде, намазғұл деп аталатын тарауының ұрпақтары мекен еткен. Исатай қолының соңғы шайқасы, міне, осы Қиыл алабында өткендіктен ұрыс туралы естеліктер осындағы ұрпақтар жадында сақталып, жалғасқан. Сол Құбекеңнің Мәскеуге айтқан әңгімесінде оқиғаның мән-жайы ресми мәліметтердегі баяндаулардан ауытқымайтындығымен шындығына шүбә келтірмейді. Батырдың сүйегі баласымен бірге Шейітсайдың қай жерінде екенін айтып, көрсеткен - осы адам. Қазаға ұшырағандардың жерленген жерін, оның жас кезінде атасы жетектеп әкеліп, әдейі көрсеткен. Ол уақыттың адамдарында бүгінгідей жүйткіген уақыттай әлденеге қамығып, аптыққан алаңғасарлығы болмағанға ұқсайды. Мүмкін, жаппай жазу-сызудың жоқтығынан да шығар, әйтеуір аталарымыз әйгілі оқиғаларды есте сақтау жөнінен көңілі ояу, көкірегі ашық, құймақұлақ келген секілді. Әйтпесе бала Құбаштың әке Мұқанның әкесінен естіп, көргені есте сақталмас еді. Ноэль Жұмабайұлы іздегенін осы әңгіме мен осы деректің негізінде тапқан. Бірақ құжаттар мен әңгімелерде айтылғандай, қайран ердің денесі бар да, басы жоқ болып шықты.
Бұл жайды енді Қобда өңірінде, қазір Ақыраб елді мекенінде тұратын азамат сол Мәскеу Шүкіранов қана айта алады. Мүмкін, Қиылдың бойында Құбаш ақсақалдың балалары болуы керек, солар әке әңгімесін білетін де шығар. Тағы да қайталауға тура келеді, осы аталған адамдардың бәрі де келесі жылы қазақ ұлтының абыройына қарай әлемдік мән беріп, атап өтілетін айтулы оқиғаға байланысты бұқаралық ақпарат құралдарына көрген-білгендерін, зерделеп түйгендерін оқырманды қызықтыра баяндаса, көте­ріліс тарихында жаңа беттер қосар еді.

«Ақырып теңдік сұраған» деп аталған материалда негізгі дереккөзі ретінде Қобда ауданының тұрғыны, жергілікті өлкетанушы Мәскеу Шүкірановтың есімі аталады. Жақында облыстық «Ақтөбе» газеті (8 қыркүйек, 2001 жыл) сол Шүкірановтың бұрынғы айтқандарымен үндесетін «Батырдың қабірі - Шейітсайда» деген материалын жариялады.

Редакциядан: Еліміз тәуелсіздік алғалы жоғымызды түгендеп, барымыздың бағасын біле бастадық. Талай тарихи тұлғаларымыздың басын қарайтып, еңселі ескерткіштер орнаттық. Жәңгір хан мен Махамбет Өтемісұлына сәулетті кесене орнатылса, бертін келе Атырау қаласында сол кездегі облыс әкімі Иманғали Тасмағамбетовтің бас­тамасымен әрі қолға алуымен Махамбет пен Исатайдың ат үстіндегі мүсіні бой көтерген еді. Таяуда Ресейдің Астрахань облысында ұлтжанды азаматтардың ұйытқы болуымен Бөкей ханның кесенесі ашылғаны жайлы қуанышты хабар жетті. Иә, бірі Исатаймен замандас, бірі үзеңгілес дос болған тарихи тұлғалардың назардан тыс қалғаны жоқ. Алайда осы ретте «Исатай - басшы, мен - қосшы» деп жырлаған ақын әрі батыр Махамбеттей батырдың майдандасы, ұлт-азаттық көтерілістің қолбасшысы болған Исатай батырдың зиратына әлі күнге кесене орнатылмай, атаусыз қалып бара жатқаны көңілге қаяу түсіреді. Исатайдың әкесі Тайман мен Бөкей ханның айырылыспас дос болғанын да бүгінге жеткен тарихи құнды деректер айғақтайды. Қала берді, батырдың хан ордасын қоршап ала тұра шаппауын осы ата антын бұзбауымен де бағалауға болар. Ер есімі ел есінде қалуы тиіс. Ол үшін келер ұрпақ батыр бабасының еңселі ескерткішіне қарап, рухтанып, болашаққа батыл қадам басуы керек. Бүгінде Атырау облысының әкімі Бергей Рысқалиев пен Ақтөбедегі Исатай атындағы қордың жоспарында батырдың басын қарайтып, еңселі ескерткіш қою секілді игі істі қолға алу да бар. Ендеше Исатай батырдың сәулетті ескерткішінің жанында тарих жайлы сыр шертуге жазсын деп тілейік.

Идош АСҚАР
Ақтөбе

http://anatili.kz/?p=7611#more-7611

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1475
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3249
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5458