«42 500 теңгені қайтарудың қажеті жоқ»
Әлеуметтік көмек алуға өтініш беру кезінде қателіктерге жол берген азаматтардың ешқайсысы қылмыстық жауапкершілікке тартылмайды. Бұл туралы ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Біржан Нұрымбетов Орталық коммуникациялар қызметіндегі брифингте мәлімдеді.
Министрдің айтуынша, қазіргі кезде 3 690 мың адамға жалпы сомасы 157 млрд.теңгеге 42 500 теңге көлемінде әлеуметтік көмек тағайындалған.
- «Өкінішке орай, соңғы күндері әлеуметтік желілерде, қоғамда «42 500 теңге алғаны үшін қылмыстық тұрғыда жазалайды екен« деген әңгіме көп таралды. Біз бәрін қарап шықтық. 5 сәуірден бастап заңгерлеріміз осы мәселеге қатысты пікірлерін айта бастаған. Оның ішінде ерекше таралғаны сол күні Закон.кз порталында орыс тілінде Данияр Нұрланұлы мен Руслан Қожахмет есімді заңгер-адвокаттардың Қылмыстық кодекстің алаяқтыққа қатысты баптарын талдап, соны 42 500 теңге төлеміне қатыстырып жазған мақаласы болды», - деді ол.
Аталған мақалада ол азаматтар «министр Нұрымбетовтің ешкімді жаппай тексермейміз деген сөзін жұмыс берушілер пайдаланып, жалған мәліметтер беруі мүмкін» дегенге келтірген.
«Осыған байланысты, құрметті қазақстандықтар, ағайындар! Бірде-бір адам 42 500 теңге алғаны үшін, тіпті жіберген қателігі үшін қылмыстық жазаға тартылмайды. Оған негіз жоқ. Осыған нүкте қояйық. Ешкім жауапкершілікке тартылмайды. Оны ана талқылап жатқан заңгерлер де біледі. Біз ешкімді тексермейміз. Себебі бұл - әлеуметтік төлем. Бұл - әлеуметке бағытталған төлем»,- деді министр.
Біржан Нұрымбетов халықтың басым бөлігінің табысы аз, жалақы мөлшері төмен, зейнетақы, жәрдемақы көп емес екендігін баса айтты.
«Сондықтан көпшілік осы төлемді алғысы келеді. Өткен брифингіде де айтқанмын, біз ешкімді жаппай тексеріп жатпаймыз. Жеке тұлғаларды, ресми не бейресми болсын жұмыс істеп жүргендерді үйлерді аралап, тексермейміз. Ештеңеге уайымдамаңыздар. Сізерге төленді ме? Алыңыздар, жаратыңыздар. Тексеру болса да бізді тексереді»,- деді Еңбек министр.
Сондай-ақ, министр жеке тұлғаларға әлеуметтік төлемді қайтарудың қажеті жоған атап өтті.
«42 500 теңге әлеуметтік төлемі проактивті түрде тағайындалғандар еш нәрсені уайымдамау керек. Оны қайтарудың да қажеті жоқ. Бүкіл жеке тұлғалар, ешқайсыңыз қайтармаңыздар, уайымдамаңыздар. Тексеру де болмайды. Тексеру болған күннің өзінде ешкім сіздердің жұмысыңыздың болғанын не болмағанын дәлелдей алмайды. Сондықтан оны қайтарудың қажеті жоқ», - деді министр.
Abai.kz