Бейсенбі, 19 Қараша 2026
Әне, көрдің бе? 126 0 пікір 19 Қараша, 2026 сағат 16:06

Ғалым емес «тыңшы», бауыр емес бөтен болып шықты...

Сурет: ЖИ арқылы жасалды.

Мақсұт Нәрікбаев атындағы Қазақ гуманитарлық заң университетінің (M. Narikbayev University) бұрынғы оқытушысы, өзбекстандық ғалым Икболжон Карабоев Қазақстанда «тыңшылық жасады» деген айыппен 10 жылға бас бостандығынан айырылды, деп хабарлайды «Азаттық Азия».

«Қазақстанда өзбекстандық ғалым Икболжон Карабоев 10 жылға бас бостандығынан айырылды. Туыстарының ақпаратынша, сот 46 жастағы Карабоевты тыңшылық жасағаны үшін кінәлі деп тапқан. Іс материалдарында құпия ақпарат болғандықтан, сот отырыстары жабық режимде өтті. Ғалымның отбасы үкімнің шыққаны туралы соттан немесе ресми органдардан емес, өз дереккөздері арқылы білген», — делінген бейсенбі күні жарияланған хабарламада.

Еске сала кетейік, профессор 2026 жылғы 3 шілдеде Астанада ұсталған болатын.

«Ол Мақсұт Нәрікбаев атындағы университетте халықаралық қатынастар пәнінен сабақ берген. Карабоевқа Қазақстан Қылмыстық кодексінің 176-бабы — «Тыңшылық» бойынша айып тағылды. Бұл бапта 10 жылдан 15 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы көзделген. Қазақстан мен Өзбекстанның ресми органдары үкімге қатысты әзірге түсініктеме берген жоқ. Сондай-ақ Қазақстан билігі тергеу органдары нақты қандай әрекеттерді тыңшылық деп бағалағанын ашып айтпады. Бұған дейін туыстары ғалым ұсталғаннан кейін онымен байланыс орнату қиын болғанын хабарлаған еді. Оның үш баласына әкесімен бейнебайланыс арқылы қысқа уақыт сөйлесуге ғана рұқсат берілген. Сонымен қатар Карабоевтың туыстары мен әріптестері оның ғылыми қызметіне назар аудартты», — деп нақтылайды БАҚ.

Басылымның мәліметінше, ғалым Орталық Азиядағы өңірлік интеграция, геоэкономика және стратегиялық маңызды минералды ресурстарды зерттеумен айналысқан, ал әріптестерінің айтуынша, ол ғылыми еңбектерінде ашық дереккөздердегі ақпаратты пайдаланған.

«Ғалымның туыстары осы уақытқа дейін тергеу және сот материалдарымен танысуға, сондай-ақ үкімнің көшірмесін алуға мүмкіндік ала алмағанын алға тартады. Олардың сөзінше, сұратылған барлық ақпаратқа «өте құпия» белгісі соғылған», — делінген хабарламада.

Басылым дерегінше, отбасына айыптау нұсқасы бойынша ғалымның кімнің мүддесіне жұмыс істегені және сотқа нақты қандай дәлелдемелер ұсынылғаны да хабарланбаған.

«Бізге тергеу барысы мен нәтижелері туралы ақпарат берілмеді. Айыптауға қатысты нақты материалдар мен дәлелдерді алған жоқпыз», — деді қауіпсіздік мақсатында есімін жарияламауды өтінген профессордың туыстарының бірі.

Оның айтуынша, отбасы Қазақстан президентіне, Бас прокуратураға, Ұлттық қауіпсіздік комитетіне, омбудсмен мен құқық қорғау ұйымдарына өтініш жолдаған, «алайда мемлекеттік органдардан мазмұнды жауап алу мүмкін болмаған».

«ҰҚК басшылығы ауысқаннан кейін отбасы комитеттің жаңа басшылығына, президентке және бас прокурорға қайта жүгінді. Туыстары үкімге шағымданып, профессордың толық ақталуына қол жеткізуге ниетті. Олар тергеу және сот материалдарын ұсынуды, Карабоевты университеттегі бұрынғы қызметіне қайта орналастыруды, еңбек құқықтарын қалпына келтіруді, ықтимал заңбұзушылықтарды ресми түрде мойындауды және оның абыройын ақтауды талап етіп отыр», — деп толықтырады басылым.

Ғалымның отбасы оның әріптестерін, достарын және жұртшылықты профессордың тағдырына бейжай қарамауға және Қазақстан билігіне істі қайта қарау туралы өтініш білдіруді жалғастыруға шақырды.

«Өзбекстан мен Қазақстан сияқты екі бауырлас мемлекеттің арасында мұндай жағдай қалай орын алуы мүмкін? Біз XXI ғасырда өмір сүріп жатырмыз. Біз көршілес әрі дос елдерміз, тарихымыз ортақ, бауырластық байланыстарымыз тығыз. Францияның Бельгия азаматын тыңшылық жасады деп ұстап, соттағанын елестетуге бола ма? Біз де бауырлас халықпыз. Арамызда сенім, өзара құрмет пен әділдік болуы тиіс», — деді ғалымның туыстарының бірі.

Басылым Қазақстанның ресми органдары Карабоевқа шығарылған үкімге әзірге түсініктеме бермегенін еске салды.

«Ол — Өзбекстан азаматы. Бұл мәселеге қатысты Өзбекстан тарапының ұстанымы да белгісіз күйінде қалып отыр», — делінген материалда.

Abai.kz

0 пікір