Сенбі, 23 Қараша 2024
Әдебиет 3830 3 пікір 22 Сәуір, 2020 сағат 12:44

Оқылмаған кітап – жетім

Осыдан 10-15 жыл бұрын-ау шамасы… ол кезде Мемлекеттік сыйлықты әлі ала қоймаған, бірақ дәмесі зор бір ағамыздың үйінде болдым. Қонаққа шақырып жүрген, астан-дәмнен үлкен емеспіз, бардым. Ағам жаны қалмай жалбақтап күтіп алды. «Дастарханға дейін менің кабинетімде отыра тұрайық» деп, жазу бөлмесіне жетелеп кірді. Оп-ппо-о, бұндай да болады екен! Кең, кең болғанда егде тартқан кісілер есігінен төріне ентігіп әзер жетердей кең бөлме. Бөлме ішіне мүлгіген тыныштық ұйып қалыпты. Қабырға толы кітап, сөрелер сықысып тұр. «Сендер болмасаңдар, – деді ағам сөре толы кітаптарды қолымен нұсқап, – біз бұның бірін оқыған жоқпыз». «Бәрін оқыған жоқпыз» немесе «қайсыбірін оқи алмай келеміз» демеді. Белінен бір-ақ тартып, «бірін» деді. Сонда мен таңқалып, «оқымайтын жазушы да болады екен-ау» деп, іш тартқам. Қазір де көріп, сезіп жүрміз. Кітап оқуға құлқы кем жазармандар бола береді екен. Әңгімең жараспайды. Оқуды өзгеден «озықтығым» деп білетіндер де бар. Келсін-келмесін, қиыссын-қиыспасын, әр жерде оқығанын тықпалап отырады. Ондайлармен де әңгімең аса жараса бермейді. Қазақтың әлгі «оқу соққан», «оқу өтіп кеткен» дейтіндері – солар.

Ұстазымыз Үмбетбай Уайдин ақсақалдың екпіні қатты, бет қаратпайтын сұмдық «оқымыстыларды» келеке қылған керемет әңгімесі бар. Қыз-жігіттердің жиынында әлдебіреу композиторлар мен ақындардың есім-сойын сапырылыстырып, қыртып отырады. Арасында айналасына тәкаппарлана қарап, «ананы оқыдыңдар ма?», «мынаны оқыдыңдар ма?», «білесіңдер ме соны?» деп дігір салып қояды. Әп-әдемі көңілді кешке жиылған жұрт әбден ығыр болғанда сол жерде отырған қушыкеш жігіт (әңгіме автордың атынан баяндалады) өзінің 40 жылдан бергі фамлилиясын буынға бөліп, «ал сіз Тау-Бал-динді де оқыған шығарсыз?» дегенде анау «а как же?» деп жауап қайырып, күлкіге қалады. Сол сияқты «оқыдым» деп қырып-жойып жүргендер де жетеді бізде.

«Қазақ әдебиеті» наурыз айындағы сандарының бірінде халықаралық онлайн-конференция жасап, оған шетелден бірнеше ақын-жазушы, әдебиетші-сыншылар қатысты. Сол конференцияда британдық әдебиетші Саймон Холлинг Сворт Маркестің «Жүз жылдық жалғыздығын», жалпы Маркес шығармашылығымен таныстығының аздығын айтып салды. Оған, әрине, өтірікті соғып жіберуге болатын еді. Бірақ ол шынын айтты, енді оқимын деп «уәде» де берді. Ал біз болсақ… «О, Мәркес пе, Мәркесіңнің басынан бақайшағына дейін шағамын» деп шыға келер едік. Бұл мүмкін емес. Бір жазушының шығармашылығын тануға толық бет бұрмасаңыз – басынан түсіп бақайшағына жету қиынның қиыны. Мен өзім Әуезовты тұтас оқып таустым деп ешқашан айтпас едім. Кекілбаевты, Мағауинді игеріп біткем жоқ. Төлен аға – оқыған сайын тарлан шығып отыратын сүйікті жазушым. Сайын аға Үшқоңырдың ұшар басында отыр, мен сайында жүрмін… осылай кете береді.

Тегінде оқымау – мін емес, оқуға талпынбау – мін. Ал ақын-жазушы үшін – ұят. «Оқымау мін емес» деп отырған себебіміз: кейбір кітап қолыңа тимей жүреді немесе оған жөндеп көңіл бөлмейсің. Оның үстіне, оқырман кітапты емес, кітап оқырманды таңдайды. Біреудің «ойбай, сұмдық!» деген шығармасы сенің оң жамбасыңа келмейді. Тұсаулы ат сияқты кібіртіктеп қағаз бетінде «жүре алмайсың». Егер солай екен, ендеше өзіңді қинама, қолыңа басқа кітап ал. Жақсы кітап оқылуы керек. Оқылмаған кітап – жетім.
Нобель сыйлығының лауреаты, перулік жазушы Варгас Льоса бір сұхбатында: «Әдебиет адамзат алдында тұрған күрделі мәселелердің шешімін тауып береді дегенге сенбеймін. Бірақ кітап адам баласына сол мәселелерді сезінуге, пайымдауға көмектеседі» дейді. Келісемін. Біздің қазір ойсыз, мұңсыз, ешнәрсенің байыбына бармай парықсыз өмір сүріп кеткеніміздің бір түйіні, бәлкім осында жатқан шығар: қазақ кітап оқымайтын ұлтқа айналдық. Сондықтан мен Жазушылар одағы басқармасының төрағасы Ұлықбек Есдәулеттен қабылдап алған челленджді жалпы халыққа арнап, кітап оқуға үндеген Президент Тоқаевтың бастамасына қол соғамын. Кітап оқу, кітап оқуды насихаттау карантинмен шектеліп қалмауы керек деп ойлаймын.

Қазақ ақындарының ішінде көп оқитын ойшылы, білімдары, білімі мен білігі мойындалған ақын Байбота Қошым-Ноғай ағамнан қабылдап алған эстафетаны мен жалпы оқырманға (соның ішінде қолы тиіп жатса, үн қатар деген үмітпен), әйгілі жазушы Дулат Исабековке, ақын Мейірхан Ақдәулетовке, философ-публицист Әбдірашит Бәкірұлына, жазушы досым Сәкен Сыбанбайға жолдаймын.

Дәурен Қуат,

жазушы, «Қазақ әдебиеті» газетінің Бас редакторы.

Abai.kz

3 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1472
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3248
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5439