Алматыға кеше ауысқан вице-министрден вирус анықталды
Кеше Алматының Денсаулық сақтау басқармасының басшысы ауысқан. Бұрынғы басшы Тілеухан Әбілдаев доғарысқа (отставка) кеткен соң, оның орнына экс-вице-министр Камалжан Надыров тағайындалған.
Кеше ғана қызмет ауыстырған бұрынғы вице-министрден коронавирус анықталды. Бұл туралы ҚР Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов әлеуметтік желідегі ресми парақшасында жазды.
«Кеше Үкімет қаулысымен Камалжан Талғатұлы Надыров басқа жұмысқа ауысуына байланысты Денсаулық сақтау вице-министрі қызметінен босатылды.
Алматы қаласында коронавирустық инфекция кеңінен тарап, жағдай қиындаған соң Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының қазіргі басшысы Тілеухан Шілдебайұлы Әбілдаев отставкаға кету туралы өтініш білдірген болатын. Қаладағы команданы күшейту мақсатында басқарма басшысы лауазымына К.Т. Надыровты тағайындау жоспарланған еді.
Алайда, кеше кешкісін К.Т. Надыровқа коронавирустық инфекция жұқтырған деген диагноз қойылды, қазір ол емделу үшін ауруханаға жатты.
Әріптесім Камалжан Талғатұлының тез сауығып кетуіне тілектеспін және қолдау білдіремін!
Осы жағдайға байланысты Алматы қаласы әкімінің келісімімен Т.Ш. Әбілдаевтың отставкаға кету туралы өтініші тоқтатылды», - деп жазды министр.
Сонымен кеше ғана тағайындалған вице-миниистр өз жұмысына кірісіп үлгермеген. Сөйтіп,өз еркімен доғарысқа кету туралы өтініш жазған Әбілдаев әзірше қызметінде қалатын болды.
Ал коронавирус анықталған вице-министр өткен аптада өңірлерге инспекциялық тексеріс жасап қайтқан екен. Атап айтқанда, Надыров өткен аптада Қарағанды, Алматы, Жамбыл облыстарына және Алматы қаласына барған. Ол аралаған медициналық мекемелердің барлығы карантиндік нысандар болған.
Abai.kz